Accessibility links

Мизинов хакерлік шабуылдарды тоқтатуды талап етсе, Мәсімов мәселені "саясиландырмауды" сұрайды


«Zonakz.net» бас редакторы Юрий Мизинов,(солдан оңға қарай) орынбасары - Ғимран Ерғалиев, "Әділ сөз"- Тамара Калеева (ортада). Алматы, 3 наурыз, 2009 жыл.
«Zonakz.net» бас редакторы Юрий Мизинов,(солдан оңға қарай) орынбасары - Ғимран Ерғалиев, "Әділ сөз"- Тамара Калеева (ортада). Алматы, 3 наурыз, 2009 жыл.

«Zonakz.net» интернет басылымы екі аптадан бері DDos шабуылына бірнеше мәрте ұшырады. Қазақстанның Ақпараттандыру және байланыс агенттігі бұл DDoS шабуылдарына қатысымыз жоқ десе, премьер-министр мәселені саясаттандырмауды сұрады.

Бүгін Алматыда "Әділ сөз" қоры мен «Zonakz.net» өкілдері шабуылдардың соңғы кездері сайт бетінде жарияланған мақалаларға байланысты болуы мүмкін деген ойларын алға тартып, мәлімдеме жасады.

«Zonakz.net» интернет басылымына қасақана жасалған DDos шабуылдарының кесірінен қазіргі таңда сайтқа кіру мүмкін емес, - дейді интернет басылымның бас редакторы Юрий Мизинов. Басылым басшылығы бұның қайдан немесе не үшін жасалынып жатқандығынан хабарсыз екендігін жеткізді. Алайда, бұл шабуылдар соңғы кездері сайт бетінде жарияланған мақалаларға байланысты болуы мүмкін деген ойларын да жасырмады.

Соған байланысты интернет басылымның басшысы Юрий Мизинов Қазақстан премьер - министрі Кәрім Мәсімовқа арнайы хат жазған. Ол хатта Мизинов мырза «орын алып отырған интернет шабуылдарға сіздің қатысыңыз бар ма?» деген сұрақ қойыпты.

Distributed Denial Of Service Attack қысқартып айтқанда, DDoS-шабуылы дегеніміз сайтқа қарсы бір мезгілде әр тараптан мың –миллиондаған хаттардың жіберілуі. Аталмыш компьютерлік қылмыстың ерекшелігі, қаскүнемдер компьютер жүйесіне қаржы немесе ақпарат ұрлау үшін енбейді. Оның мақсаты – шабуыл жасалған веб-торапты істен шығару.

DdoS шабуылдың жасалғаны турасында алғашқы ақпарат 1996 жылы тараған болатын. Ал 1999 жылы Amazon, Yahoo, CNN веб-серверлер істен шыққан кезде, шабуылдың бұл түрінің қауіптілі турасында ашық айтыла бастады.
Жүйелі түрде DDoS-шабуылы былайша жүргізіледі. Шабуыл жасалатын серверге әлемнің түкпір - түкпірінен шексіз өте көп мөлшерде жалған сұранымдар бір мезгілде жіберіледі. Нәтижесінде сервер өзінің бар қорын осы сұранымдарға жауап беруге кетіреді де, қарапайым пайдаланушыларға қызмет ете алмай қалады. Барлық қорынан айрылған сервер өз жұмысын мүлдем тоқтатады.

«Zonakz.net» интернет басылымының бас редакторы Юрий Мизинов DDos шабуылының басталған уақыты мен сол кездегі сайтта жарияланған материалдарды саралағандығын айтады.

- DDos шабуылдары басталмас бұрын, біздің сайтта «Азат» партиясының бүгінгі үкіметтің отставкаға кетуін талап еткен митингісіне қатысты материалдар көп болды. Митингтің алдында және кейін дүйсенбі, сейсенбі екі күн қатарынан DDos шабуылы жүргізілді. Алайда, сәрсенбіде сайт жұмысын қайта бастағанда басылым беттерінде үкіметті сынаған түрлі пікірталастар орын алды. Содан кейін біздің сайтқа кіру мүмкін болмай қалды. Осыған орай, бұл шабуылдардың артында кімдер тұр дегенде ойымызға «мүмкін үкімет және Кәрім Мәсімов» деген жауап бірден келді, – дейді Юрий Мизинов.

Алайда, ол премьер - министрге қандай да бір айып тағудан аулақпын дейді ол.


Естеріңізде болса ақпан айының 13-інде «Zonakz.net» интернет басылымы DDos шабуылына ұшырап, уақытша жабылып қалған болатын. Одан кейін ақпанның 18-інен бері сайтқа кіру мүмкін болмай қалды. Басылым редакторының орынбасары Ғимран Ерғалиевтың сөзіне қарағанда, бұл шабуылдар өз пайдасын ойлаған хакерлердің ісі емес көрінеді.

- Әдетте сайттарға шабуыл жасап немесе мүлдем жұмысын тоқтатуға әрекеттенген хакерлер, өз ісін тек әріптестерінің алдында мақтану үшін, өзінің біліктілігін паш ету үшін жасайды. Және ол ұзаққа созылмайды. Ал біздің сайтқа жасалып жатқан шабуылға бүгін міне 10-күннен асып отыр. DDos шабуылын жүзеге асыратын хакерлердің бір сағаттық қызметі 1000 АҚШ доллар тұрады екен. 10 күн бойы біреулер «еріккеннен DDos шабуылын жасап отыр» дегенге сену мүмкін емес. Менің ойымша бұның артында мүдделі топ тұр, – дейді Ғимран Ерғалиев.

Бүгінгі таңда терроризм – адамзаттың басына төнген ең үлкен проблема болып тұр. Виртуалды қауымдастықтың бұл жерде шынайы өмірден еш айырмашылығы болмай қалды. «Zonakz.net» интернет басылымының бас редакторы бұл DDos шабуылын нағыз жабайылық деп есептейді.

- Сайт жұмысын тоқтатудың қаншалықты ақылға сыймайтындығын бір ғана мысалмен келтірейін. Мәселен, жол ережесін бұзған жүргізушіні полиция қызметкері тоқтатты делік. Ешқандай түсінік берместен ол көліктің дөңгелегін тесіп тастайды. Сондағы полиция қызметкерінің әрекеті сізді қаншалықты ызаландыратын болса, менің де бүгінгі сезімім тура сондай. Осындай шабуылдар кесірінен сайттың барлық техникалық құралдары істен шығып қалады, бұл дегеніңіз барып тұрған - вандализм,-деп атап көрсетті Мизинов.

Осылай деген интернет басылым басшылығы бұл істі құқық қорғау органдары тез арада қолға алып, шара қолдануы керек деп есептейді. Алайда, біз хабарласқан қалалық Ішкі істер департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері өздерінің мұндай шабуылдармен кездеспегендігін айтқан еді. Ал Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттіктің техникалық қамсыздандыру орталығының директоры Асхат Оразбектің сөзіне қарағанда, Қазақстанда мұндай шабуылдарды жүзеге асыра алатын адам әлі жоқ көрінеді.

Дей тұрғанмен, агенттік өкілі бұл шабуылдар кибер қылмыстар санатынан болғандықтан, бұл істерді тексеру құқық қорғау органдарының мойнына жүктелуі тиіс екендігін айтады.

Ал «Zonakz.net» интернет басылымының бас редакторы Юрий Мизиновтың Қазақстан премьер - министрі Кәрім Мәсімов блогына жолдаған ашық хатына сейсенбінің кешінде жауап пайда болды. Онда премьер-министр "Мәселені саясиландырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Мен тиісті мамандарға бұл мәселемен айналысуға тапсырма бердім" деп жазған.

Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің жетекшіс Қуанышбек Есекеев осы 3 наурыз күні Астанада былай деп мәлімдеді:
-Бұл жерде мемлекеттік органдарың ешқандай қатысы жоқ. Қазақстандық сайттарға сырттан тосқауыл қойылуда. DDoS шабуылдары елдің ішінен жасалмайтындығы анық, ол сырттан болып отырса керек.
Соңғы екі күнде «Zonakz.net» интернет басылымына DDoS шабуылы жасалған жоқ.
XS
SM
MD
LG