Accessibility links

Harlem Shake биі ҚазҰУ-ге жетті


Айсұлу Ішпекбаева, ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенті (оң жақта).
Айсұлу Ішпекбаева, ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенті (оң жақта).

Harlem Shake биін билеп, видеосын әлеуметтік желілерге таратқан журналистика факультетінің студенттері клипті жасағаны үшін де, оған Like басқаны үшін де ескерту алды.

Әлеуметтік желілер арқылы жастар арасында танымал болған осы биді билеп, видеосын таратқан Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) студенттері де оқу орны басшылығының назарына ілінді. Олар деканаттан «жатақханадан шығасыңдар» деген ескерту алғандарын да айтады.

«БАҚЫТ СЫЗДЫҚОВА ДА БИЛЕП ЖҮР»

ҚазҰУ студенттері биінің Кiwi.kz атты қазақстандық видеопорталға 29 наурыз күні салынған бейнежазбасын жеті мыңнан астам адам көрген.

Видеоны түсіруге қатысқан студенттердің бірі Жандос Тастанның айтуынша, ол мұны «тек көңіл көтеру мақсатында» жасаған.

– Қазіргі кездегі жастарды интернетсіз елестету мүмкін емес. Әлем бойынша Harlem Shake түсіріліп жатқандықтан таңдануға негіз де жоқ. Түсірілімге қатысқан жастар бұл бидің не екенін біледі. Бізден басқа универлер (университеттер – ред.) де түсірген болатын, солармен жарыс ретінде түсірдік. Әзірге Алматыда біздікі үздік шыққан сияқты, – деді ол.

Жандос Тастан (сол жақта), Мұрат Жұмамұрат, ҚазҰУ журналистика факультетінің 2-курс студенттері.
Жандос Тастан (сол жақта), Мұрат Жұмамұрат, ҚазҰУ журналистика факультетінің 2-курс студенттері.

Жастар осы биге байланысты өздеріне «үлкендердің сын көзімен қарауы да орынды» екенін, оған ренжімейтіндерін айтады.

– Ол кісілердікі – советтік менталитет. Сол себепті де жат қылық болып көрінетін шығар. Сондықтан бізді шақырып алып ұрысқаны – орынды. Бұл биді билегенде тұрған ештеңе жоқ. Қаншама телешоу бағдарламаларында, тіпті билік басындағы Бақыт Сыздықова да билеп жүр. Заман өзгереді, заман талабына сай адам да өзгереді, – деді Жандос Тастан Азаттық тілшісіне.

«LIKE БАСҚАНЫҢ – БИДІ НАСИХАТТАҒАНЫҢ»

Harlem Shake билеушілердің видеосын түсіруге қатысқан студенттердің бірі Рашид Ілиясов «21-ғасырда өмір сүріп жатқандықтан жастар әлемінен қалғылары келмейтінін – сондықтан осы биді билеп, видео түсіргендерін» айтты.

– Үлкендердің неге ұрысатынын түсінбеймін, өздері де жас болды емес пе?! Ал бұл видеоны ата-аналарымыз көрмей-ақ қойса екен деймін. Біз тек әзіл-оспақ ретінде түсірдік қой. Ал «анти Harlem Shake» түсіріп жатқандарға айтарым жоқ, әркім қалағанын жасайды, – деді студент.

Журналистика факультеті студенттерінің айтуынша, факультет деканаты видео түсірген жастарды ғана емес, әлеуметтік желіде сол видеоға «Like» («Ұнайды») белгісін басқан студенттерді де шақыртып, ескерту жасаған..

– Like басқандарды шақырып, түсініктеме алды. Мен барған кезде 11 студент болдық. «Like басу арқылы осы биді насихаттап отырсыңдар» деп ескерту жасады. Олар тек достарымыз болғандықтан Like баса салдық. Ал ол үшін жатақханадан шығарамыз дегендері – ақылға қонымсыз, – деді видеоға Like басқан студенттердің бірі Айсұлу Ішпекбаева.

«МЕН ҚАРСЫМЫН, СТУДЕНТТЕРДІҢ ӨЗДЕРІ ҚАРСЫ»

Журналистика факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары Алмагүл Құрманбаева бұл видеоға байланысты студенттерге «ешқандай жаза қолданбайтындарын» айтты.

– Harlem Shake – мән-мағына, стилі жоқ анти мәдени би. Ана видеоны қарасаңыздар, билеп жүргендер ішіп, шегіп алған адамдар сияқты қимылдар жасайды. Мұны көрген ауылдағы ата-ана не ойлайды?! Үрей туғызатын би. Жастар артын ойламаған. Мен қарсымын, мен емес – біздегі оқып жатқан студенттердің өзі қарсы, – деді ол.

Деканның орынбасары «ол балаларды қуғындап жатпағандарын», «ескертіп, тәрбиелік жағын түсіндіріп жатқандарын» айтты.
Студент қыздар тәрбие сағаттарында ұлттық нақыштағы биге негіздеп, «анти Harlem Shake» деген видео түсіріп жатыр.

– Дау-дамай болып жатқан жоқ. Ешқандай жаза қолданып жатқан жоқпыз. Бізде қазір американизация заманы болып жатқандықтан балалар әр түрлі ағымға еріп кетіп жатыр. Like басқандарды шақырған жоқпыз. Тек өзіміздің студенттерімізге, ескерту жасадық. Кішкентай тентектікті іштен басып тастау керек, – деді журналистика факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары Алмагүл Құрманбаева Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, студент қыздар тәрбие сағаттарында ұлттық нақыштағы биге негіздеп, «анти Harlem Shake» деген видео түсіріп жатыр.

Бұдан бұрын Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің екі студенті Harlem Shake биін билеп, видеосын әлеуметтік желіге таратқандары үшін оқудан шығып қала жаздаған еді.
Кішкентай тентектікті іштен басып тастау керек.
Алмагүл Құрманбаева, ҚазҰУ журфагының декан орынбасары

Harlem Shake ("Гарлем Шейк") алғаш рет 1980 жылдары Нью-Йорктің Гарлем ауданында пайда болған би. Бұл би биылғы ақпан айында австралиялық жасөспірімдер 31 секундтық бидің бейнеролигі ретінде жаңа формада интернетке жариялаған соң дүниеге кең тарап кетті. Египет пен Тунис сияқты елдерде жастар Harlem Shake биін саяси қарсылық көрсетудің жаңа тәсілі ретінде қолданып жүр.

Қазақстан сияқты пост-советтік елдерде орта және жоғары оқу орындарында оқытушылар мен басқарушылар білім беру ісі мен "тәрбие жұмыстарын" совет заманынан бері қатар жүргізіп келеді. Кәмелетке толған азаматтар болса да, студенттердің жеке өмірі, сенім бостандығы мен шығармашылық еркіндігіне "моральдық тазалық" тұрғысынан қарау, саяси идеологиямен сәйкестендіруге тырысу әрекеті, әсіресе, мемлекеттік оқу орындарында ерекше байқалады. Ал жастардың ой-пікір еркіндігіне, мәдени және шығармашылық әралуандыққа ұмтылуын "американизация" деп сипаттау совет заманынан бері жалғасып келе жатқан үрдіс.
XS
SM
MD
LG