Accessibility links

«Халал» маркалы өнімнің сапасына күмән бар


Халал белгісі бар гамбургер. (Көрнекі сурет)
Халал белгісі бар гамбургер. (Көрнекі сурет)

«Әлемде мұсылмандар саны артқан сайын шариғат шарттарын ұстанатын өндірістер де дамып жатыр. Ислам институттары мен халал тағамдардан басталған өнеркәсіптер қазір косметика, фармацевтика, туризм мен киім өндірісі сияқты көптеген салада қарқынды дамып келеді» дейді Economist Intelligence Unit (EIU) зерттеу тобы.

Дүниежүзіндегі халал индустрияның даму барысын зерттеген EIU (Лондон) экономикалық сараптама тобы Кувейт қаржы орталығымен бірігіп, әлемде халал бизнесін жүргізіп отырған 400-ге жуық кәсіпкермен сауалнама жүргізген. Кәсіпкерлердің жартысынан көбі халал өнімдерге сұраныс жылдан-жылға көбейіп, бұл өндірістен түскен табыстары артып отырғанын айтқан.

Зерттеуге қатысқандардың 81 пайызы «тұтынушылар үшін өнімдердің «халал тағам» деген брэнді – маңызды» деп жауап берген.

Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, халал заттарға сұраныс көп мемлекеттер – араб елдері. Екінші орында – Солтүстік Африка, үшінші орында Оңтүстік Азия тұр. EIU зерттеу тобы халал өнімдерді тұтынушылар мұсылмандар көп тұратын Солтүстік Америка мен Батыс Еуропада да ұлғайғанын айтады.

«ХАЛАЛДАН» БІРЕУЛЕР ПАЙДА ТАУЫП ЖАТЫР»

Қазақстанда да соңғы жылдары халал өнімдеріне сұраныс күшейген сайын халал тағамдарын өндіретін компаниялар да көбейген. Қазір бұл салада 500-дей
Халал тағамдар көрмесіне қойылған шұжықтар. Алматы, 2 қараша 2010 жыл.
Халал тағамдар көрмесіне қойылған шұжықтар. Алматы, 2 қараша 2010 жыл.
кәсіпорын жұмыс істейді. 2004 жылдан бері елдегі халал тауарлар өндірісін бақылауға алып, рұқсат құжат беріп отыратын Халал талаптары бойынша техникалық сараптау комиссиясы құрылған.

Блогер Тимур Бектұрдың пікірінше, «елде халалға сұраныс жоғары, бірақ халал брэндін пайдаланып кетіп жатқандар да бар».

– Менің білуімше, шариғат шарттары халал комитеті ұсынған белгідегі өнімдерде сақталады. Алайда жұрттың сұранысына орай сыртына «халал» деп жаза салған тауарлар арқылы да базбіреулер пайда тауып жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Маңғыстауда «Халал ма? Халал колбаса бар ма? Халалдығын анықтайтын мөрі бар ма?» деген сұрақтар әлі күнге дейін «Марста адамдар тұра ма?» дегенмен тең. Тіпті «Мен сонда харам дүние сатып тұрмын ба?» деп, доңыз етінен жасалған шұжығы үшін ренжіп қалатындар бар, – дейді блогер Тимур Бектұр.

Оның ойынша, «шариғат талаптары туралы әлі түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек – себебі халықтың көбі халал мен харамды ажырата алмай жатыр».

«ШАРИҒАТ ЗАҢЫН САҚТАҒАНЫ ШАМАЛЫ»

Ал «бие сүтінен халал косметика жасайтынын» айтқан кәсіпкер Айтуған Мұқашевтың пікірінше, Қазақстан халқы соңғы бес-алты жылда халалдың не екенін біліп қалды, көбі сенімдерінен шыққан халал компанияның тауарларын алады.

– Халалға сұраныс болғаннан кейін халалдың атын жамылып жатқан компаниялардың бар екені рас. Халал деген адамдардың бір-біріне сенімін көрсетіп
Халал өнімдер көрмесінде Құран оқып отырған бойжеткен. Мәскеу, 7 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Халал өнімдер көрмесінде Құран оқып отырған бойжеткен. Мәскеу, 7 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
отыр. Мысалы, өндірістің қаншалықты талапқа сай істеп жатқанын халық ендігі ажырата алатын деңгейге жетті. Қазір жұрт біледі қай мекеменің заты халал, қайсысы күмәнді екенін. Содан кейін бір-біріне айтып, «мына мұсылман жігіттің жасап жатқандары – таза халал» деп, өзара кеңесіп жатады. Халал өндіріске мемлекет те, діни басқарма да араласып кете алмай, тек халықтың өзара сенімі халалға сұранысты арттырып отыр, – дейді кәсіпкер Айтуған Мұқашев.

Әлеуметтік желідегі белсенді Төлеген Жетпісбаевтың ойынша, «Қазақстан Орталық Азия ішінде халал өнімдерін танытуда алға шықты».

– Өзім бірден сапалы тауардың «Халал» деген жазуы барын таңдаймын. Бірақ халал тағамдарын өндіруде шариғат шарттарын сақтап отырғаны шамалы. Олардың ойынша «шошқа өнімдері қосылмаса болды» дейтін сияқты. Бірақ бизнес жағынан қазақстандықтар халал өнімдерін жарнамалау мен өндіруден Орта Азияда алға шықты, – дейді Төлеген Жетпісбаев.

«Халал» брэнді Қазақстанда кең тараған. Қазір «халал мейрамхана», «халал той», «халал тамада» деген тіркестер жиі айтылады.
XS
SM
MD
LG