Accessibility links

Қазақстан футзалдан ӘЧ-ге жолдама алды


Қазақстанның футзал командаларының бірі бапкер Какауға құрмет көрсетіп жатыр. Тбилиси, 28 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстанның футзал командаларының бірі бапкер Какауға құрмет көрсетіп жатыр. Тбилиси, 28 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Футзалдан Қазақстан құрама командасы Колумбияда биыл өтетін әлем чемпионатына (ӘЧ) жолдама алды. Команда ӘЧ-ге екінші рет барады.

Әлем чемпионаты қыркүйектің 10-ы мен қазанның 2-сі күндері аралығында Колумбияда өтеді. Жарысқа әлемнің 24 ұлттық құрамасы қатысады.

Қазақстан футзал командасы сәуірдің 12-сі күні Алматыда өткен іріктеу жарысының шешуші кезеңінде Польша құрамасын 7:0 деген ірі есеппен жеңді. Наурыздың 23-і күні Польшадағы алғашқы матч 1:1 есебімен аяқталған болатын.

Матчтың екінші минутында Қазақстан құрамасының қақпашысы Игитаның алыстан тепкен добы Польша қақпасына еніп, есеп ашылды. Араға үш минут салып, құрама капитаны Серік Жаманқұлов қарсыластарының қорғанысындағы қателікті пайдаланып, есепті еселеді. Ал жетінші минутта Қазақстан құрамасындағы бразилиялық Дуглас есепті 3:0-ге жеткізді. Мұнан соң Серік Жаманқұлов, Дуглас екінші голдарын салды.

1-тайм 5:0 есебімен аяқталды. 2-таймда қазақстандықтар сапынан Лео мен Арнольд Кнауд бір-бір голдан салды.

БАС БАПКЕРДІҢ ТЕБІРЕНІСІ

Матчтан кейін Қазақстан құрамасын жаттықтыратын бразилиялық маман Какау көзіне жас алып, құрама ойыншыларына алғыс айтты.

Футзалдан Қазақстан және Босния-Герцеговина матчы. Алматы, 22 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Футзалдан Қазақстан және Босния-Герцеговина матчы. Алматы, 22 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

​- Барлық ойыншыларымыз ақша үшін емес Қазақстан үшін ойнайтынын дәлелдеді. Көп адамдар біз қолданатын тактиканы сынап, осы тактиканы құрған мені “ақымақ” деген. Бірақ мен құрған тактика дұрыс екенін бүгінгі ойын дәлелдеді. Колумбияда кездескенше, - деді Какау.

Какау Қазақстан құрамасының әлем чемпионатына дейін, тамыз айында Таиландта жаттығатынын айтты. Таиландта Қазақстан құрамасы жергілікті және Украина командаларымен жолдастық кездесу өткізбек. Ал әлем чемпионаты алдында Бразилияға барып, жаттығудың екінші кезеңінде Өзбекстан құрамасымен жолдастық матч ойнайды.

Қазақстан футзал командасында ойнайтын Игита, Лео және Дуглас Бразилиядан келген. Олар 2014 және 2015 жылдары Қазақстан азаматтығын алды.

Қазақстан құрама командасы әлем чемпионатына 16 жылдан кейін екінші рет барады. Алғаш 2000 жылы Гватемалада өткен әлем кубогына қатысқан. Ол жолы Қазақстан топтық кезеңде Бразилия (1:12), Португалия (2:6) және Гватемаладан (5:6) жеңіліп, жарысты ерте аяқтаған еді. Сол жолы Қазақстан ӘЧ-ге Азия құрлығындағы іріктеу жарыстары арқылы өткен болатын.

Ал биыл Қазақстан құрамасы Сербияда өткен Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысып, қола медаль иеленді. Олар 3-орынға таласқан кездесуде Сербия құрамасын жеңген еді.

Қазақстан футзал құрамасы Еуропа футбол одақтары қауымдастығына (УЕФА) 2002 жылы ауысқан.

XS
SM
MD
LG