Accessibility links

Назарбаев орденінің иегері Марченко Ұлттық банкке теңгені емес, экономиканы құтқару үшін оралды


"Несие қарызы 5 жылға кейін шегерілсін" деген талаппен шерушілер ұшырған шар.Алматы, 28 қараша, 2008 жыл.
"Несие қарызы 5 жылға кейін шегерілсін" деген талаппен шерушілер ұшырған шар.Алматы, 28 қараша, 2008 жыл.

Қазақстанның Ұлттық банкін қайта басқаруға келген Григорий Марченкоға Батыс бұқаралық ақпарат құралдары «дағдарыс шынықтырған қаржыгер», «реформатор», «либералды экономист»деген сипаттамалар беріп жатыр. Бір ай бұрын Марченко "Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Назарбаев" орденімен наградталған болатын.

Қазақстанның қаржы секторына ғана емес, бүкіл экономикасына соққы әкелген әлемдік дағдарыс кезінде Ұлттық банктің басшылығына Григорий Марченконың қайта оралуын Батыс баспасөзі маңызды оқиға деп санайды.

«Дағдарыс шынықтырған қаржыгер». Британдық іскер басылым Financial Times Марченконы осылай атайды. Жарияланымда тағайындаудың «үкімет несие дағдарысымен күресіп, мұнай бағасы күрт төмендеп» жатқан кезеңде жүзеге асқаны айтылады. Марченко осыдан он жыл бұрынғы қаржы дағдарысы кезінде басқарған орталық банктің басшылығына қайта оралды.

«АҚШ-та 2007 жылдың тамызында несие дағдарысы басталғаннан кейін Қазақстан төлем қабілетінің жеткіліксіздігінен зардап шекті, — деп жазады британдық басылым. — Ол кезде 45 миллиард доллардан асатын сыртқы қарыздардан титықтап, мұнай кірістерімен жабылып отырған тұтынушылық дүрбелеңді қаржыландыруға атсалысқан банктер мүлдем ақшасыз қалған».

Экономикалық құлдырауға әкелген мұнай бағасының төмендеуінен жағдай тереңдей түсті. Көмірсутек пен басқа да экспорттық тауарлардың бағасы таяудағы екі жылда төмен деңгейде қалды, — деп жорамалдайды осы аптада жалпы ұлттық өнімнің өсуі 2008 жылғы 3,1 пайызға қарағанда 2 пайызға дейін азаяды, — деп мәлімдеген Қазақстанның экономика министрлігі.
Visor Capital инвестициялық банкінің жетекшісі Майкл Картер Қазақстанның орталық банкі "нарықта танымал сенімді қолға берілді" деп есептейді.

Financial Times кейбір маңызды сәттерге баса назар аударады. Біріншіден, «Назарбаевтың бұрынғы кеңесшісі Марченко президенттің, «Халық банкінің» акция пакеттері тиесілі отбасы мүшелерінің сенімін пайдаланады». Екіншіден, өзінің ашықтығымен белгілі «Марченко мемлекеттік қызметкер ретінде үкіметтің қазақстандық банктердің акция пакеттерін иелену жоспарын ашық сынай алмайды». Үшіншіден, Марченконың тағайындалуы үкіметтің теңгенің девальвациясына дайындалып жатқандығының дабылы болу мүмкін».

Тақырыпты жалғастырған Reuters агенттігі Марченко есімі 1999 жылғы кенеттен болған теңге девальвациясынан кейінгі банк саласын реттеудегі реформалар кешені мен қаржы секторының өсуімен байланысты дейді. Қаржы саясатындағы алдағы болуы мүмкін өзгерістерге қатысты сарапшылар Марченконың қайта оралуын «теңге үшін пессимистік дабыл» ретінде бағалайды.

Теңгеге қысымның күшеюі соңғы айлардағы қазақстандық өндірушілердің экспорттық ұстанымындағы бәсекеге қабілеттілікті төмендеткен Ресей рублінің девальвациясымен байланысты. «Енді Қазақстанның орталық банкі де Ресейдің орталық банкінен кейін теңгенің құнсыздануын тездетуге тырысады деп күтуге болады», — деді RBS компаниясының сарапшысы Тимоти Эш.

Теңгенің девальвациясы туралы әңгіме Ұлттық банк теңгенің долларға шаққандағы бағамын 120 дан 121-ге көтерген соңғы аптада күшейіп кетті. Бірақ сарапшылар валюта курсын төмендету банктер мен оның тұтынушыларының төлем қабілетіне теріс әсер етеді дейді. «Жалпы сыртқы қарызы 40 миллиард долларды құрайтын қазақстандық банктер биыл 11 миллиард шетел қарызын төлеуге тиіс болса, 2010 жылы 7 миллиард доллар төлеуі керек», — дейді Reuters.

Агенттік либералды экономист ретінде танымал Марченконың Назарбаев тобының басқа да ықпалды тұлғаларының ұстанымына қарсы өз пікірін жиі қорғап қалғанын айтады. Осының кесірінен ол бірнеше рет қызметімен қош айтысқан: «1997 жылы ол қор нарығын дамыту саясатына қатысты қайшылықтың кесірінен Құнды қағаздар жөніндегі комиссия төрағалығынан кетіп, екі жыл бойы Deutsche Bank-те жұмыс істеді. 2004 жылы премьер-министрдің орынбасары болып үкіметке келгеніне үш-ақ ай өткеннен кейін кабинеттің экономикалық саясатының кейбір жағдайларымен келіспейтіндігін мәлімдеп, кетіп қалған.

Марченконың Қайрат Келімбетовтің сынына іліккені де Reuters тілшісінің назарынан тыс қалмапты. Қайрат Келімбетов қазір экономиканы сақтап қалуға бағытталған 21 миллиард долларды билеп отырған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқарады.
Renaissance Capital компаниясының банк сарапшысы Милена Иванова-Вентурини Dow Jones агенттігіне берген түсініктемесінде Марченконың «қиын жағдайда әрекет ету тәжірибесі барын» баса көрсетеді. Ол қаржыгердің 1999 жылдың көктемінде қазақстандық валютаның девалвациясына әкелген 1998 жылғы Ресейдегі күйреуден кейін, өзінің алдына қойылған міндетті атқарып шыққанын еске алады.

«Марченконың 1999 жылғы девальвациядан кейінгі Қазақстанның Ұлттық банкін басқарған кездегі тәжірибесі үкіметтің осыған ұқсас жағдайда тағы да оның білімі мен тәжірибесін пайдалануға қайтадан үміт артуына себеп болды», — дейді Иванова-Вентурини. Оның айтуынша, Марченконың елдегі актив мөлшері жөнінен үшінші «Халық банкінен» кетуі банктің таяудағы болашағына теріс ықпалын тигізуі мүмкін, бірақ «ұзақ мерзімді жоспарда Қазақстанның экономикасы мен банк секторының тұрақтылығы мұның өтемі болу тиіс».
XS
SM
MD
LG