Accessibility links

«Деструктивті контент» интернетті шектеуге сылтау ма?


Қазақстандағы интернетті шектеу туралы Аңса Мұстафаның карикатурасы.
Қазақстандағы интернетті шектеу туралы Аңса Мұстафаның карикатурасы.

Қазақстанда жыл сайын «деструктивті контентке ие» деген желеумен ондаған сайт жабылады. Құқық қорғаушылар бұл терминнің жиі қолданыла бастағанына қауіптене қарайды.

Соңғы жылдары Қазақстан билігі «деструктивті интернет сайттарды жабу» туралы мәлімдемелерін жиілетті. Мамырдың 13-і күні Астанада мәдениет пен діндердің халықаралық орталығының директоры Ертас Мұратбеков елде «соңғы бір жылда 55 деструктивті сайттың жабылғаны» туралы хабарлады. Әуелі «теріс діни ағымдардың» вебсайттарына қатысты қолданылған бұл тіркес соңғы уақытта қазақстандық жалпы интернет кеңістігіндегі ресурстарға да қарата айтылып жүр.

«Деструктивті контент» дегеніміз не?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:27 0:00
Жүктеп алу

ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы бойынша төраға кеңесшісі Андрей Рихтер «деструктивті контент» ұғымына анықтама беруге қиналады. Оның сөзінше, бұл – халықаралық құқыққа қайшы ұғым.

«БҰЛЫҢҒЫР ТІРКЕС»

- Оған анықтама бере алмаймын, бірақ не туралы екенін шамалай алам. Бұл жерде әңгіме «бірнәрсені бүлдіретін» контент жайында болуы мүмкін. Бірақ оның нені бүлдіретінін білмеймін. Заңдық тұрғыдан алғанда мүлдем бұлыңғыр тіркес және оның артында кез келген нәрсе тұруы мүмкін, - дейді Андрей Рихтер.

Андрей Рихтер (оң жақта). Алматы, 16 қазан 2008 жыл.
Андрей Рихтер (оң жақта). Алматы, 16 қазан 2008 жыл.

Ол қазақстандық сарапшылар жиі айтатын «пікір еркіндігі» мен «деструктивті контентпен күрес» арасында баланс сақтау» туралы идеяға сақтықпен қарайды.

- «Баланс» сөзін тым кең қолдануға сақ болыңдар дер едім. Себебі халықаралық құқықта, келісімдерде бір адам құқығы мен екінші бір адам құқығы арасындағы баланс туралы ғана бар. Адамның құқығына келгенде оған басқа бір мүдделерді қарсы қоюға болмайды. Айталық, пікір еркіндігі мен ұлтық қауіпсіздікті қорғау арасында баланс сақтау туралы айту жөнсіз. Бұл тұрғыда мотивтер болуы мүмкін, бірақ баланс туралы айтпас бұрын ең әуелі сол мотивтерді көру керек, - дейді Андрей Рихтер.

Мәжіліс депутаты Михаил Чирковтің пікірінше, кез келген «деструктивті контент» бір нәрсені бүлдіруді мақсат тұтады. Чирков – өткен аптада Алматыда өткен InternetCA-2016 форумында «қазақстандықтардың әлеуметтік желілерді көптеп қолдануы ішкі жағдайға кері әсер етуі мүмкін» деп қауіптенгендердің бірі.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

- Бізде жақында сайлаушылармен, еңбек ұжымдарымен жоспарлы кездесу болып өтті. Осындай кездесулердің бірінде маған бір кісі келіп, ата-аналардың чатта не талқылайтыны туралы айтты. Ол: «Чатымызда кенеттен жер реформасы туралы ақпарат пайда болды, мазмұны шамамен мынадай: «егер сізге балаларымыздың болашағы қымбат болса, Қытайға жер бермейміз». Қалайша? Нені? Не себепті? Түсініксіз. Мұны «деструктивті элемент» деп атауға болады, - деген еді Михаил Чирков жиында.

«РЕЖИМГЕ ҚАРСЫ ШЫҒУШЫНЫҢ БӘРІ ДЕСТРУКТИВТІ»

Қазақстанның интернет қауымдастығының президенті Шавкат Сабыровтың айтуынша, «деструктивті контент» деген ұғым Қазақстан заңнамасында кездеспейді. Сабыровтың болжауынша, бас прокуратура бұл термин арқылы Қазақстан заңына қайшы контентті, яғни, терроризм, экстремизм мен әлеуметтік араздықты қоздыратын заңға қайшы материалдарды меңзеуі мүмкін.

Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуовтің пікірінше, халықаралық құқық саласында «деструктивті контент» ұғымының адам құқықтарына еш қатысы жоқ. Ағелеуовке Қазақстанда бұл ұғым арқылы билік азаматтық құқықтарды шектеуге ұмтылатындай болып көрінеді.

Қоғамдық белсенді Ғалым Ағелеуов. Алматы, 6 қазан 2014 жыл
Қоғамдық белсенді Ғалым Ағелеуов. Алматы, 6 қазан 2014 жыл

- Біздегі биліктің ұғымында «деструктивті контент» - бұл билікті сынаған немесе азаматтық қоғамның белсенділігін тудыру үшін ұсыныс жасаған ресурстар. Олар үшін қазіргі режимге қарсы шығушылардың барлығы «деструктивті» болып саналады, - дейді Ғалым Ағелеуов.

Құқыққорғаушының ойынша, билік бұл терминді экстремизм мен терроризм қаупінен сақтанудан гөрі азаматтық қоғам мен белсенділікті теріс сипаттау үшін жиі қолданады.

Ал Шавкат Сабыров Қазақстанда «деструктивті контент» ұғымынан саяси астар көретін құқық қорғаушылардың позициясымен келіспейді. Оның айтуынша, елде кез келген сайт сот шешіміне сәйкес жабылады және тек ара-тұра саяси-ақпараттық сайттардың кілттенуі сияқты «түсініксіз жайттар» кездесіп тұрады.

- Ал мұны («деструктивті контент» ұғымын – ред.) [билікте] біреу қолдана ма, қолданбай ма - білмеймін. Бізде кей кезде қандай да бір себептермен ресурстардың жабылуы сияқты түсініксіз жағдайлар болып тұрады. Сосын біраз уақыттан соң қайта ашылды. Биыл осындай жағдай екі рет кездесті: ratel.kz және zonakz.net сайттарында, - дейді Шавкат Сабыров Азаттық тілшісіне.

Интернет клубта Facebook желісін қарап отырған адам. Алматы, 2 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Интернет клубта Facebook желісін қарап отырған адам. Алматы, 2 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

2015 жылғы күзден бастап саяси-қоғамдық мазмұнды мақалалар жариялайтын ratel.kz және zonakz.net сайттары бірнеше ай бойы бұғатталып қалған еді. Азаттық сұрау салған кезде инвестициялар және даму министрлігі 2016 жылы қаңтардың 1-інен бастап «интернеттегі заңға қайшы материалдар сот шешімінсіз бұғатталып жатқанын» хабарлаған.

Министрліктің мәліметі бойынша, «Байланыс туралы» заңға былтыр енгізілген өзгерістер Қазақстан заңдарына қайшы келетін интернет материалдарын сот шешімінсіз бұғаттауға рұқсат етеді. «Байланыс туралы» заңның 41-бабының 1-тармағы бойынша, бас прокурор немесе оның орынбасарының нұсқауымен интернеттегі заңға қайшы ақпараттарға не ресурстарға уақытша шектеу қойылады. Дәл осындай құзырет инвестициялар және даму министрлігіне де берілген. Бас прокуратурадан не осы министрліктен бұйрық алған байланыс операторлары не мемлекеттік техникалық қызмет түрлері ондай материалдарға шектеу қоюы тиіс.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда kz доменінде тіркелген 123 968 сайт бар.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG