Accessibility links

Желіде бөліскен үзіндінің сараптамасы сотқа себеп болды


Cот ісімен танысып отырған адам. (Көрнекі сурет).
Cот ісімен танысып отырған адам. (Көрнекі сурет).

Алматы облысының Қарасай аудандық сотында «діни араздық қоздыру», «терроризмді насихаттау» бабымен айыпталған Ералтай Абайдың соты жүріп жатыр. Оның әлеуметтік желіде жариялап, кейін ескертуден соң жойған постынан сараптама «терроризмді насихаттау белгісін» тапқан.

Тергеу орындарының мәліметі бойынша, Алматы облысы Қарасай ауданының 36 жастағы тұрғыны әлеуметтік желі арқылы «діни араздық тудырып, терроризмді насихаттаған». Ералтай Абайдың адвокаты Ғалым Нұрпейісов оның айыбын мойындататын істе еш айғақтың жоқтығын айтады. Осы мәселеге қатысты қараша айынан бері Алматы облысы Қарасай аудандық сотында іс қаралып жатыр.

Ералтай Абай - Моңғолияда дүние келген. Оның ата -анасы 1992 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Адвокат Ғалым Нұрпейісов Абайдың дайындық курсында оқып, орысша үйренгенін, кейін Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетін бітіргенін айтады. Оның сөзінше, Ералтай Абай университетке дейін аз уақыт Алматыдағы медреседе діни білім алған. Ал намаз оқуды жоғары оқу орнын тәмамадаған соң 2012 жылдары бастаған. Оның алты баласы бар.

БҰРЫНҒЫ ПОСТ – ҚАЗІРГІ СОТ

Алматы облысының Қарасай аудандық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті Ералтай Абайды тамыз айында қамауға алған. Оның адвокаты Ғалым Нұрпейісовтың Азаттыққа айтуынша, оған Ералтай Абайдың «Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі парақшасына діни әдебиеттерден алынған үзіндіні қайтара жариялауы себеп болған. Сондай репост жасалған әдебиеттің бірі - «Ад-Дурар ас- Сания» пәтуалар жинағының үзінділері болып шыққан.

Ғалым Нұрпейісов өзінің қорғауындағы Ералтай Абайдың «Ад-Дурар ас- Сания» кітабынан алған үзіндіні Құран сүресі деп ойлап өзінің парақшасына кейін оқып, танысу мақсатында жариялағанын айтады. Оның сөзінше, Ералтай Абай техникалық жоғары білім бола тұрса да, алдыңғы жұмысынан қысқарып қалған соң жиһаз құрастырушы болып отбасын асырап келген.

Ол бұған қоса тергеу органының Ералтай Абайға оның «Вконтактедегі» парақшасына 29 наурызда Taymullah Al-Hadrami аккаунтынан көшіріп жариялаған Құранның Эльмир Кулиев аударған сүресінде де терроризмді насихаттау белгісі бар де айып таққанын, бірақ кейін сараптама жүргізілгеннен кейін оны істен алып тастағанын айтады.

- Ералтай Абайдан ҰҚК (ұлттық қауіпсіздік комитеті) қызметкері 2017 жылы көктемде жариялаған «Ад-Дурар ас- Сания» кітабынан үзіндінің терроризмді насихаттайтынын айтып, оны алып тастауды талап еткен. Ералтай сол үзіндіні дереу парақшасынан алып тастаған. Ал Ералтайдың жарияланымдарын скриншоттап алған ҰҚК енді оны қылмыстық жауапқа тартып отыр,- дейді Ғалым Нұрпейісов.

Айыпталушы 2015 жылы «Вконтакте» желісіне «Абай Ералтай» аккаунтымен бір тіркелген. Адвокаттың айтуынша, ҰҚК бұл аккаунттың «түрлі діни қауымдастықтарға, соның ішінде экстремистік материалдар жарияланатын қауымдастықтарға» тіркелгенін ескерткен соң Ералтай Абай оны жауып тастаған. Соңынан ол 2016 жылы «Вконтакте» әлеуметтік желісіне «Абу Джихад» деген аккаунтпен қайта тіркелген.

Ералтай Абайдың "Абу Джихад" атымен ашты делінген "ВКонтакте" желісіндегі аккаунт. Скрин-шот.
Ералтай Абайдың "Абу Джихад" атымен ашты делінген "ВКонтакте" желісіндегі аккаунт. Скрин-шот.

Айыптауға себеп болған әдебиеттің бірі «Ад-Дурар ас-Сания» кітабының үзіндісі де осы парақшада жарияланған.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов Ералтай Абайдың ҰҚК ескертулерінің бәрін орындағанын, интернеттегі жой деген жазбалардың бәрін жойғанын айтады. Сондықтан оны тұтқындауға, оған қылмыстық іс қозғауға мүлде негіз жоқ деп санайды.

- Сот процессінде ҰҚК өкілі «біз алдын ала ескерттік, бірақ ол жиһадқа шақырып, терроризмді насихаттауды жалғастырды» дегенді көлденең тартады. Ералтай болса, жедел уәкілдің ауызша ескертуінен соң сәуір айында посттарын жойып тастаған. Ал оны тамызда тұтқындайды. Логика қайда?- дейді адвокат.

Ғалым Нұрпейісов бұған қоса іс материалдарында бір де бір жазбаша ескертудің болмағанын айтады.

- Егер ескерту жасалса, неге әкімшілік кодекстің 453-бабы бойынша сот қаулысымен оған айыппұл салмаған? Егер ол айыппұлдан соң да әрі қарай әлеуметтік желіде әрекетін жалғастырса, онда «әдейі қылмыстық әрекетін жалғастырғанына» көзіміз жетер еді, -дейді адвокат.

Ғалым Нұрпейісовтің мәлімдеуінше, сот процессі барысында прокурор «айыпталушының туған інісі IT маманы болғандықтан ол қамауға алынған соң ағасының аккаунтына кіріп, оның репосттарын бұрынғы мерзіммен алып тастауы мүмкін» екенін айтқан.

САРАПТАМА

ҰҚК-нің Алматы облысы бойынша департаментінің тергеушісі аға лейтенант С.Махатов айыптау актісінде Ералтай Абайдың исламға 2012 жылы ден қойып, өз бетінше интернет арқылы діни әдебиетпен танысқанын жазған.

Тергеуші С. Махатов Ералтай Абайды айыптаудың тағы бір дәлелі ретінде ол 29 наурызда жариялаған «Ад -Дурар ас- Сания» кітабынан үзіндіні атаған.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов Ералтай Абайдың парақшасына сараптама жасаған маманның пікірімен келіспейді.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов.
Адвокат Ғалым Нұрпейісов.

- Мен екі рет арнайы теолог маманның қатысуымен комплексті сараптама жасауды өтіндім. Бірақ Ералтай Абай саясаттанушы сараптамасының негізінде айыпталып отыр,- дейді Ғалым Нұрпейісов.

«Сарапшының 5 қыркүйекте жасаған сараптамасына сәйкес бұл мәтін діни араздықты қоздырады және онда терроризмді насихаттау белгілері бар. Осылайша Ералтай Абай бұқаралық ақпарат құралдарын мен телекоммуникация жүйесін пайдаланып, қылмыстық кодекстің 174- бабының 1- тармағымен сараланатын діни араздық қоздыруға бағытталған қылмыс жасаған. Бұған қоса ол қылмыстық кодекстің 256 - бабының 2- тармағында қарастырылған терроризмді насихаттау қылмысын да жасаған» деп көрсетілген айыптау актісінде.

Сарапшы Гүлнар Мұхатаева Ералтай Абайдың «Вконтактедегі» парақшасында жарияланған «Ад-Дурар ас-Сания» кітабынан үзіндіні қарулы жиһадқа шақыратын радикалды идеологияны ұстанады деп сипаттаған. Сарапшының тергеу орынына ұсынған ресми пікірінше, «бұл кітап ваххабизмнің классикалық пәтуалары болып табылады және бүгінде ультрарадикалды ұйымдар, соның ішінде «Ислам мемлекеті» ұйымы да осыны ұстанады».

МАМАНДАР ПІКІРІ

Ералтай Абай репост жасаған әдебиеттің Қазақстанда тыйым салынған-салынбағанын анықтау үшін Азаттық тілшісі Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне хабарласқан. Минситрлікке қарасты дін істері комитетінің басқарма бастығы Балғабек Мырзаев «Ад -Дурар ас-Сания» кітабын Қазақстанда тиым салынған әдебиеттер тізімінен таба алмады.

- Мен қазір базадан көріп тұрғаным жоқ, - деді ол Азаттық тілшісі хабарласқан сәтте.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкері Медет Құрмашұлы да бұл кітаптың басқарма тізімінен өтпегенін айтты.

174-бапты құқық қорғау органдарының қолындағы шоқпары деуге болады. Интернеттегі хабар алмасулар үшін он жылға дейін абақтыға қамауы мүмкін.

- Бізге әдетте авторлар хабарласып, өздерінің кітабын, аудармасын ұсынады. Біз оны қарап не рұқсат береміз, не бермейміз. Бұл кітап сараптамадан өтпеген, оны оқымай-ақ қоюыңызға болады,- деді ол.

Ал Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің терроризмге қарсы білім беруді жетілдіру орталығының маманы Серік Тәжібаев бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартты.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис соңғы он жылда постсоветтік елдерде адамдарды қылмыстық кодекстің 174-бабы (діни араздық қоздырды) және 256-бабы бойынша (бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникациялар желілері арқылы терроризмді жария түрде насихаттау) соттау трендке айналғанын айтады. Оның пайымдауынша, сөз бостандығы жоқ немесе шектелген елдерде құрал ретінде қоғамға қауіп төндірмесе де адамдарды жазалауды қолданады.

Евгений Жовтис сарапшының пікірін негізге алып адамды айыптауды немесе оған үкім шығаруды ең абсурдты шешім деп санайды. Құқық қорғаушы шетелдік соттар тәжірибесінде сарапшыны сот процесіне оның уәжін айыптың дәлелі ретінде қабылдау үшін емес, судьяға контексті түсіндіру үшін шақырылатынын айтады.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

- 174-бапты құқық қорғау органдарының қолындағы шоқпары деуге болады. Интернеттегі хабар алмасулар үшін он жылға дейін абақтыға қамауы мүмкін. Сот процестерінің көбі жабық өтеді, онда не айтылғанын білмейсің. Сотқа қатысатын сарапшының талдауына мүлдем сүйенуге болмайды. Оның мәтінге жасаған талдауының адам тағдырын шешуге мүлде қатысы болмауы тиіс,- деп санайды ол.

Евгений Жовтистің ойынша, өкінішке орай Қазақстанда, Ресейде сарапшы пікірін қолданып сот үкімін шығару да қалыпты жағдайға айналған.

- Араздық қоздыру мен терроризмді насихаттау баптарымен айып тағылғанда адам әрекетінің ниеті мүлде сараланбайды. Тек тапсырыспен берілген сараптама роль ойнайды, - дейді Евгений Жовтис Азаттық тілшісіне.

Бұдан алдын ҰҚК тағы бір алматылық Шухрат Кибировты 28 қарашада «Вконтакте» әлеуметтік желісінде араб тілінде нашид (діни ән) «тыңдағаны» үшін 6 жыл 8 айға соттаған болатын. Оған да «терроризмді насихаттады», «діни араздық қоздырды» деген айып таққан.

XS
SM
MD
LG