Accessibility links

Рахат Әлиевтің бұрынғы камераластары және Вена соты


Рахат Әлиевтің Қазақстанның Австриядағы елшісі болып жүргендегі суреті.
Рахат Әлиевтің Қазақстанның Австриядағы елшісі болып жүргендегі суреті.

Вена прокуратурасы Рахат Әлиевтің бұрынғы камераластарын ақтау жөніндегі жергілікті сот шешіміне қарсы шағым түсірмек. Қаза боларының алдында Әлиев оларды «қорқытып-үркітті және бопсалады» деп айыптаған.

Венаның жер соты «Рахат Әлиевті бопсалау» ісіне қатысты айыпталған екі сотталушыны тамыздың 4-і күні ақтап шығарған. Прокуратура шағымына байланысты үкім әлі күшіне енбеген.

Вена жер сотының баспасөз хатшысы Кристина Зальцборн Азаттыққа «Прокуратураның жазбаша апелляция беруге төрт аптасы бар. Содан кейін түпкілікті шешім шығару үшін іс жоғарғы сотқа жіберіледі» деп хабарлады.

Венадағы Йозефштадт тергеу абақтысында қамауда отырған кезде 52 жастағы Рахат Әлиев екі камераласын «қорқытып-үркітті және ақша бопсалады» деп айыптаған. Бұл іс бойынша сот сәуірде Әлиевтен жауап алуы тиіс болған, бірақ ақпанның 24-і күні оның өлі денесі жалғыз кісілік камерадан табылған.

Прокуратураның жазбаша апелляция беруге төрт аптасы бар. Содан кейін түпкілікті шешім шығару үшін іс жоғарғы сотқа жіберіледі.

Кристина Зальцборн.

Рахат Әлиевтің адвокаты Клаус Айнедтердің айтуынша, куәлер жоқ болғандықтан, сот бопсалау ісі бойынша айыпталушыларды ақтау туралы шешім қабылдаған.

- Бас куәгер Рахат Әлиевтің өзі қаза болды, енді оның арызы ғана бар. Камераластарының оны қорқытқанын растайтын аудио-видео жазбалар да, өзге куәгерлер де жоқ, - дейді адвокат Айнедтер Азаттыққа.

Азаттықтың сұрақтарына жауап берген айыпталушылардың бірінің адвокаты Николаус Раст «клиентім бұл іске қатысты ақпарат беруге рұқсат етпеді» дейді.

Рахат Әлиевтің бұрынғы екі камераласының аты-жөні айтылмайды. Венаның жер соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндай шешім қауіпсіздік мақсатында қабылданған.

Австрия баспасөзі сот отырысынан жариялаған мақалаларында екі сотталушының бірінің жасы 41-де, екіншісі 20 жаста екенін және екеуі ауыр қылмысы үшін сотталғанын хабарлаған.

Сотталушылар Рахат Әлиевтің «қорқытып-үркітті және бопсалады» деген айыпты теріске шығарған. АПА ақпараттық агенттігі дерегінше, 41 жастағы камераласы « Ағылшын тілін білмеймін, ал Әлиев немісше әрең сөйлейтін. Онымен сөйлесе алмасам, оны қалай қорқытып-үркітемін» деген уәж айтқан.

Рахат Әлиевтің болжамынша, бопсалаушылар оған «душта жуынып жатқан кезде өлтіріп, мұны өз-өзіне қол салды деп көрсетеміз» деп ақша төлеуін талап еткен. Рахат Әлиевтің өлі денесі бір кісілік камераның санитарлық торабында табылған. Австрия билігі ресми түрде «Әлиев өз-өзіне қол салған» деп хабарлаған. Оның адвокаттары өз-өзіне қол салу болжамымен келіспейді. Клаус Айнедтер «клиентімді қорқытып-үркіту әрекеті болған» деп мәлімдейді.

Оның қандай тұтқын екенін түрмедегілердің бәрі білетін. Көбі танысып, сөйлесуге әрекеттенген. Оған ешкімге сенбе деп ескерткенмін.

Клаус Айнедтер.

- Ол мұндай жағдайлар болғанын жиі айтатын. Оның қандай тұтқын екенін түрмедегілердің бәрі білетін. Көбі танысып, сөйлесуге әрекеттенген. Оған ешкімге сенбе деп ескерткенмін, - дейді адвокат Айнедтер Азаттыққа.

Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі және президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев 2014 жылдың маусымынан бастап Вена түрмесінде алдын ала қамауда отырған.

2014 жылдың аяғында Австрияда оған Алматыдағы «Нұрбанктің» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті қастандықпен өлтіруге қатысы бар деген айып тағылған. 2007 жылы Қазақстан билігі екеуінің өлімінеРахат Әлиевті айыптаған. Әлиев «президент Назарбаевтың сынағаным үшін қолдан жасалған әрі саяси астары бар» деп бұл айыпты теріске шығарған.

Биыл шілдеде Вена соты екі банкирдің өліміне қатысы жоқ деп тауып, «Нұрбанк» ісі бойынша тағы екі сотталушы – ҰҚК-нің бұрынғы офицерлері Әлнұр Мұсаев пен Вадим Кошлякты қамаудан босатқан.

XS
SM
MD
LG