Accessibility links

Сырым Шалабаевтың ісі


БТА Банкінің бұрынғы басшысы, қуғындағы оппозиционер Мұхтар Әблязовтің балдызы Сырым Шалабаев.
БТА Банкінің бұрынғы басшысы, қуғындағы оппозиционер Мұхтар Әблязовтің балдызы Сырым Шалабаев.

Құқық қорғаушылар Литваны бұрынғы банкир әрі қуғындағы оппозиционер Мұхтар Әблязовтің туысы Сырым Шалабаевты Қазақстанға бермеуге шақырады.

Литва астанасында жалдаған пәтерде Қазақстаннан келген әке-шешесімен кездескен кезде қамауға алынған Сырым Шалабаевқа Қазақстанға экстрадициялау қаупі төнген. Шалабаев – Париж түрмесінде экстрадиция күтіп отырған қазақстандық оппозиционер Мұхтар Әблязовтің туысы. Ол - Әбляовтың еліне кісенделген күйі оралу қаупі төнген жақын адамдарының бірі.

Польшадағы «Ашық диалог» құқық қорғау ұйымы жариялаған есебінде «Қазақстан билігі қуғындағы бұрынғы банкир әрі оппозиционер Мұхтар Әблязовтің туысы Сырым Шалабаевты саяси астармен қудалап отыр» деп мәлімдеп, оны экстрадиция мәселесі қаралатын мерзімге дейін қамауға алған Литва билігін Қазақстанға бермеуге және қамаудан босатуға шақырған. Бұдан бөлек ұйым президенті Людмила Козловска, Украинадағы азаматтық еркіндік орталығы президенті Александра Матвийчук және Қазақстандағы адам құқығы бюросы жетекшісі Евгений Жовтис бірлескен мәлімдеме жасап, Сырым Шалабаевқа араша түскен.

БОСҚЫН МӘРТЕБЕСІ ОРНЫНА ҚАМАУҒА АЛУ

Сырым Шалабаев – қазір Франция түрмесінде Ресейге экстрадициялауды күтіп отырған БТА Банкінің бұрынғы басшысы, қуғындағы оппозиционер Мұхтар Әблязовтің балдызы. 2003 жылдан бері Қазақстаннан тыс жақта тұратын Шалабаев Лондон сотының қамауға алу туралы үкімі шыққан соң қашып, саяси баспана іздеп Литваға келген. Оның әйелі Айгүл мен 18 жастағы қызы Жанна (Ұлыбритания азаматтары) қазір Вильнюс қаласында тұрады. Сырым Шалабаев шілденің 28-і күні Литвада Интерпол желісі арқылы ұсталған. Шілдеде Вильнюс соты оны үш айға қамауға санкция берген. Туыстары Азаттыққа Сырым Шалабаевты қамау мерзімі ұзартылғанын, бірақ қанша уақытқа екенін білмейтінін айтады.

Мұхтар Әблязовті сотқа күзетпен әкеле жатыр. Франция, Лион, 17 қазан 2014 жыл.
Мұхтар Әблязовті сотқа күзетпен әкеле жатыр. Франция, Лион, 17 қазан 2014 жыл.

Тамыз айында оны беруді сұрап Литваға өтініш жолдаған Қазақстан прокуратурасы қазанда әлгі өтінішіне қосымша тағы құжат жіберген. Туыстары Шалабаевты экстрадициялауға қатысты соттың қашан өтетінін әлі білмейді. Оны қылмыстық айыптармен экстрадициялауды екі мемлекет - Қазақстан мен Украина қатар талап етіп отыр.

Қазақстан билігі Сырым Шалабаевты «БТА Банктің ірі көлемде мүлкін жымқырып, талан-таражға салды әрі заңсыз жолмен алынған ақшаны заңдастырды» деп айыптайды. Қазақстан бас прокуратурасының мәлімдеуінше, Шалабаев бұл қылмыстарды Мұхтар Әблязов басқарған ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында жасаған.

Биыл мамырда Сырым Шалабаев отбасымен бірге Литвада болған. Алты ай бұрын Литва үкіметі Әблязовтің нағашысы Қуаныш Нұрғазинге баспана мен елде ұзақ мерзім тұру құқығын берген. Мамырдың 18-і күні саяси баспана сұраған Шалабаевқа Литвада үш күннен кейін шетел азаматы куәлігі мен баспана беру мәселесі шешілгенге дейін уақытша қорғау шарты берілген. Сырым Шалабаевты аз уақытқа сыртқа шығуға рұқсат ететін босқындар лагеріне орналастырған. Ол биыл шілдеде жүздесу үшін Қазақстаннан арнайы келген әке-шешесімен Литвада кездескен. Олар Шалабаевтың әйелі мен қызының Вильнюсте жалға алған пәтеріне келген. Туыстары «шын мәнінде бұл қақпан құрылған пәтер болып шықты» дейді.

Жалға алған пәтерде әке-шешесімен бірге болған Сырым Шалабаевты Литва арнайы қызметі Интерпол бұйрығы бойынша шілденің 28-і күні тұтқындаған.

Ертеректе Лондон жоғарғы соты Сырым Шалабаевты сотты құрметтемегені үшін 18 айға қамау жазасына кескен, бірақ ол қашып кеткен. Оның туыстары Азаттыққа «бұл эпизодқа қатысты комментарий беруге әзірше дайын емеспіз» дейді.

ЭКСТРАДИЦИЯЛАУҒА ҚАТЫСТЫ СӘТСІЗ ӘРЕКЕТТЕР

Сырым Шалабаев Литвадан саяси баспана беруді және экстрадициялаудан қорғауды сұрайды. Құқық қорғаушылар Қазақстанда оны Әблязов ісі бойынша қудалайды деп санайды.

«Ашық диалог» баяндамасында «Киев Шалабаевты Қазақстан мүддесі үшін тергеуі немесе Қазақстан билігіне беруі мүмкін, сондықтан оны Украинаға да экстрадициялауға жол беруге болмайды. Қазақстан билігі украиналық тергеушілерге Әблязов пен Шалабаев ісі бойынша айыптау мәтіндерін, тергеу кезінде қойылатын сұрақтарды әзірлеп қойғанын әрі кімге халықаралық іздеу жариялап, тергеуден қандай «нәтиже» шығару керектігі жөнінде нұсқаулар беріп қойғанын Еуропада жарияланған құжаттар растаған» деп жазылған. Қазақстан мен Украина билігі бұл мәлімдемелерді жоққа шығарады.

Польша, Украина және Қазақстан құқық қорғау ұйымы жетекшілерінің мәлімдеуінше, Шалабаевты қылмыстық қудалау – Қазақстан билігінің Әблязовтің туыстарын қудалауға арналған ауқымды науқанының бір бөлігі.

Мұхтар Әблязовтің әйелі Алма Шалабаева мен қызы Алуа.
Мұхтар Әблязовтің әйелі Алма Шалабаева мен қызы Алуа.

«2013 жылдың мамырында Қазақстан жалған хабар тарату арқылы Италиядан Алма Шалабаева мен оның алты жасар қызы Алуа Әблязованы Қазақстанға заңсыз депортациялатып, мұның соңы Италиядағы үкімет дағдарысына ұласқан. Құқық қорғау ұйымдары, ББҰ және Еуропарламент араласқаннан кейін ғана 2013 жылдың желтоқсанында екеуін Италияға қайтарудың сәті түсіп, босқын мәртебесі берілді» дейді олар.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, ертеректе АҚШ және Еуропа Одағының бірнеше елі Мұхтар Әблязовтің кейбір серіктері мен туыстарын Қазақстан, Ресей немесе Украинаға экстрадициялаудан бас тартып, оларға баспана берген. Мысалы, Ұлыбритания мен Чехия Сырым Шалабаевтың қатысы бар қылмыстық іс бойынша айыпталған Игорь Кононко мен Татьяна Параскевичті Украинаға экстрадициялаудан бас тартқан.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG