Accessibility links

Түрмеден шыққандарға «үйсіздер орталығына» баруды ұсынады


Сотталып шыққандарға арналған бейімдеу орталығы. Өскемен.
Сотталып шыққандарға арналған бейімдеу орталығы. Өскемен.

Өскемен қаласында бұрынғы тұтқындарға арналған бейімдеу орталығының жағдайы шешілмей тұр. Табиғатты қорғау аймағында орналасқан орталық ғимараты сот шешімімен бұзылуы тиіс.

Белсенділер бұрынғы тұтқындарға көмек көрсететін Өскемен қаласындағы орталықты сақтап қалудан әлі үміттенеді. Answer қоғамдық ұйымы төрайымы Елена Растокина орталықты сақтап қалуды сұрап жолдаған өтінішіне ел президенті әкімшілігінен жауап алғанын айтады. Оған «хатыңыз бас прокуратураның қарауына жолданды» деп хабарлаған.

Ұйым адвокаты Виктор Дактың айтуынша, бас прокуратура қарсылық білдірсе, істің беталысы өзгеруі мүмкін. Маусымның басында Answer ұйымы сотқа жүгініп, Ертіс су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау бассейндік инспекциясының жоспардан тыс тексеру нәтижелерінің күшін жойдыруға тырысқан, бірақ бұл әрекетінен ештеңе шықпаған.

Өскеменнің мамандандырылған әкімшілік сотының орталық ғимаратын бұзу туралы шешімі былтыр күзде шыққан. Answer ұйымы қызметкерлері қазір сот шешіміне қарсы шағымданып, ресми дерек бойынша, жыл сайын 9-11 мың адам түрмеден босайтын Қазақстан үшін бұл орталықтың маңызды екенін дәлелдеуге тырыспақ. Қазақстанда бұрынғы тұтқындарға арналған мемлекеттік бейімдеу орталығы екі қалада - Павлодар мен Шымкентте ғана бар.

«БАРАР ЖЕРІ ЖОҚ»

Answer ұйымының бейімдеу орталығы қызметкері Евгений Матунов «телефон соғып жатқан бұрынғы тұтқындарға не деп жауап берерімді білмеймін» дейді.

Бейімдеу орталығы жұмыс істеген 5 ай ішінде 41 адамға пана болған.

- Бүгін үш адам хабарласты: түстен кейін - екі адам, ертең - бір адам түрмеден босайды. Үшеуінің де баратын жері жоқ. Біреуі - балалар үйінде тәрбиеленген. Ал ұзақ жылға сотталған екеуінің әке-шешесі олар түрмеде отырғанда қайтыс болған, ал пәтерлері әлдекімдерге сатылып кеткен. Бірақ олар енді мұнда келе алмайды. Бүкіл соттан жеңілдік, енді жиһазды әкетіп, көшіп жатырмыз. Бәрінен бұрын түрмеден шыққан адамдар қиналатын болды. Енді оларға қаладан 30 шақырым жерде орналасқан кенттегі үйсіз-күйсіз жандарға арналған орталыққа барудан басқа амал жоқ, - дейді Евгений Матунов Азаттық тілшісіне.

Евгений Матуновтың өзі де бұрынғы тұтқын. Ол төрт жыл бұрын түрмеден шығып, қалада тіркеле алмай қиналған кезде Answer қоғамдық ұйымы қызметкерлері жұмысқа алғанын айтады. Кейін Евгений түрмелерді аралап, тұтқындарға түрмеден босаған соң уақытша баспана беріп, құжаттарын қалпына келтіруге, жұмыс іздеуге көмектесетін Answer ұйымынан көмек сұрауға болатынын түсіндірумен айналысқан.

Оның айтуынша, биыл бейімдеу орталығы бақша салып, тауық, қоян ұстайтын жеке қосалқы шаруашылық ашқан. Евгений Матунов «орталықтың уақытша тұрғындары картоп отырғызып, қызанақ пен қияр еккен еді, бірақ биылғы өнімді жинай алмайтын түріміз бар» дейді.

- Біз бұл істі бұрынғы тұтқындар бос жүрмей, бақшадағы көкөністерді суарып, шөбін жұлып, еңбектенсін деген мақсатпен ұйымдастырып едік, - дейді Евгений Матунов.

«БІР МЕКЕМЕНІҢ РҰҚСАТЫН ЕКІНШІСІ ШЕКТЕДІ»

Түрмеден босаған жандарға арналған Өскемен қаласындағы бейімдеу орталығының ғимараты Жапония елшілігі бөлген грантқа салынған. Өз қаржысы жоқ Answer ұйымы грантқа күн көреді. Ұйым төрайымы Елена Растокинаның айтуынша, жұмыс істеген бес ай ішінде орталықты 41 адам паналаған.

Бірақ орталықты Ертіс бассейндік инспекциясы ашылған бойда жоспардан тыс тексеріп, ғимарат табиғатты қорғау аймағында салынған деген ұйғарым шығарған.

Answer қоғамдық ұйымы төрайымы Елена Растокина.
Answer қоғамдық ұйымы төрайымы Елена Растокина.

- Сатып алған кезде берген құжаттарда бұл жердің табиғатты қорғау аймағында орналасқаны көрсетілмеген. Бір мемлекеттік орган («Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны) меншік құқығы құжаттарын шектеусіз және арнайы режимсіз деп көрсетіп берді. Ал екінші мемлекеттік орган (Ертіс су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау бассейндік инспекциясы) заң бұзылғанын анықтап, аталған жер телімінде шаруашылық жүргізу шектелген деген құжат берді, - дейді Елена Растокина.

Ол «егер кезінде мемлекеттік мекемелер берген құжаттарда жер телімі су қорғау аймағында орналасқан деп көрсетілсе, орталықтың құрылысын бастамас едік қой» дейді. Белсендінің айтуынша, орталық құрылысы кезінде су қорғау белдеуінен 20 метр қашықтықта шектеулі шаруашылық жүргізу талабы орындалған.

Құрылыс аяқталғаннан кейін Answer ұйымы ғимаратты заңдастырмақ болған. Бірақ әуелі оның жобасын жасатып, бекітуге, кейін пайдалануға өткізуге артық ақша болмаған.

Ертіс бассейндік инспекциясы өкілінің мәлімдеуінше, бейімдеу орталығы жоспардан тыс «Дружба» бау-бақша қоғамы шағымына сәйкес тексерілген.

Өскемен қаласы мамандандырылған әкімшілік соты қаулысында «Тексеру барысында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 03.07.2007 ж. №163 қаулысына сәйкес, бұл жер телімі шектеулі пайдалану режимі белгіленген су қорғау белдеуінде орналасқаны анықталды. Бірақ Answer қоғамдық қоры бұл қаулыны да, Су кодексінің 125 бабы талаптарын да бұзып, ғимарат салған әрі құрылысты рұқсат алмай бастаған. «Ертіс су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау бассейндік инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесі Answer қоғамдық қорының кейін жолдаған өтінішіне келісім бермеген» деп жазылған.

Белсенді Елена Растокина бұл орталық - Шығыс Қазақстан облысындағы түрмеден босаған жандарды бейімдеуге арналған жалғыз орын екенін айтады. Орталық - «2014 жылдың ең үздік әлеуметтік жобасы» облыстық және республикалық конкурстарының жеңімпазы.

- Түрмеден енді ғана босаған әрі қалтасында 60 теңгеден артық ақша жоқ жан қайда барып, кімді паналайды? Пәтер жалдай алмайды, жұмысы жоқ. Біздің орталық – мұндай жанды алғашқы екі апта бойы паналатып, қоғамға бейімдейтін орын еді. Мұнда алты айға дейін тұруға болады. Оларға гуманитарлық, психологиялық, медициналық қолдау көрсетіп, тіркеуге тұрып, жұмыс табуға көмектесеміз. Біздің орталықта болған уақыт ішінде олар қоғамнан өз орнын табуға, түрмеге қайта түспеудің барлық амалын жасауға тырысады, - дейді Answer ұйымы төрайымы Елена Растокина Азаттық тілшісіне.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG