Accessibility links

Өтпеген "митинг" үшін қамауға алып, полицияға шақыртты


Болмаған "митинг" үшін жазалау
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:03 0:00

Болмаған "митинг" үшін жазалау

Астана соты әлі өтпеген митинг үшін екі белсендіні "бейбіт жиын, шеру өткізу және ұйымдастыру" туралы заң талабын бұзды деп танып, әкімшілік қамауға алды. Тағы үш белсендіні полицияға шақыртқан. Белсенділер осыдан бір апта бұрын "жер мәселесі" туралы қарсылық акциясын өткізуге биліктен рұқсат сұрап өтініш берген.

Астанада мамырдың 21-і күні "жер мәселесі" туралы митинг өткізуге осыдан бір апта бұрын жергілікті биліктен рұқсат сұрап өтініш берген белсенділер Іңкәр Тиштыбаева және Әбдуәлі Тағай мамырдың 18-і күні қалалық әкімдікке өтініштеріне жауап алуға барды.

Қала әкімдігінің қоғамдық даму басқармасының жетекшісі оларға берген жазбаша жауапта "бейбіт жиынды өткізуге арналған арнайы жерлер бар, соған байланысты өтініштері қанағаттандырылмайтыны" айтылған.

Астана қаласы әкімдігінің өкілі (ортада) мамырдың 21-і күні "жер мәселесі" жайлы митинг өткізуді сұраған өтінішті қанағаттандырмайтыны туралы биліктің жауабын белсенділер Іңкәр Тиштыбаева (оң жақта) мен Әбдуәлі Тағайға тапсырып тұр. Астана, 18 мамыр 2018 жыл.
Астана қаласы әкімдігінің өкілі (ортада) мамырдың 21-і күні "жер мәселесі" жайлы митинг өткізуді сұраған өтінішті қанағаттандырмайтыны туралы биліктің жауабын белсенділер Іңкәр Тиштыбаева (оң жақта) мен Әбдуәлі Тағайға тапсырып тұр. Астана, 18 мамыр 2018 жыл.

Бұдан кейін бұл екі азаматты жергілікті полиция түсіндірме жұмыстарын жүргізуге шақырғаны белгілі болды.

Мамырдың 10-ы күні астаналық белсенділер Мақсат Ілиясұлы, Іңкәр Тиштыбаева, Раушан Торбаев және Әбдуәлі Тағай мамырдың 21-і күні "жер мәселесі" туралы бейбіт митинг өткізу туралы қала әкімдігіне өтініш берген еді.

Мамырдың 17-сі кешке Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты "жер туралы бейбіт митинг өткізу" туралы өтініш берген белсенділердің бірі Мақсат Ілиясұлын әкімшілік кодекстің "бейбiт жиналыстарды, митингiлерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасын бұзу" бабы бойынша кінәлі деп танып, бес күнге қамауға шешім шығарған. Оған қоса, астаналық тағы бір белсенді Раушан Қалмомынұлын да әлгі бап бойынша бес тәулікке қамаған.

Мақсат Ілиясұлының сотқа дейінгі сөзі (Facebook желісіндегі видеотрансляция, 17 мамыр 2018 жыл):

Мамырдың 17-і күні ол екеуінің сотына қатысқан Қайырлы Омарды жұма күні таңертең үйінен полиция алып кеткен. Түстен кейін ол Азаттық тілшісіне:

- Олар хаттамаға қол қойыңыз деді. Маған Facebook желісінде жарияланған постымды "айғақ" ретінде көрсетеді. Кеше уақытша қамау изоляторының алдында тікелей трансляция беріп, сол кезде "митинг өткізуге арыз берілді, өзімнің азаматтық ұстанымым бар, іштей ол митингіге дайындалып отырмын. Әлі жауап жоқ" деп айтқам. Ол жерде тек өз пікірімді ғана айттым. Елді-жерді қорғау керек деп. Бірақ ешкімді шақырған жоқпын. Соны полицияда айттым, - деп хабарлады.

Бейсенбі күні Қайырлы Омарға көшеде жолығып, тергеушіге баруы қажет екенін хабарлаған жай киімдегі екі адам белсендіге ішкі істер органы Telegram мессенджеріндегі чатқа қатысушы әлдекімдердің "әлеуметтік араздық қоздыру және жағымсыз материал таратумен жария түрде айналысқанын" тергеп жатқаны туралы қағаз көрсеткен. Әлгі қағазда "ҚДТ чаты" туралы жазылған. "ҚДТ" – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қатты сынап жүрген экс-банкир, шетелде тұратын Мұхтар Әблязов құрған, биыл наурызда Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының қысқартылған атауы. Қайырлы Омар "ҚДТ"-ға ешқандай қатысы жоғын айтады.

Қайырлы Омардың Facebook-парағындағы видеотрансляция (17 мамыр 2018 жыл):

Ұсталғанға дейін Мақсат Ілиясұлы Facebook әлеуметтік желісіндегі парағына мамырдың 21-і күні Астанада "Жеріміздің шетелдіктерге сатылуына, жалға берілуіне қарсымыз!" деген тақырыппен шеру өткізу жоспарланып отырғаны туралы бірнеше пост жариялаған. Ол өзі басқаратын "Алаш жолы" қоғамдық бірлестігі (өткен жылы жазда тіркеліп, күзде сот шешімімен тіркеу күші жойылған) 2016 жылғы көктемде Қазақстанда болған жаппай митингілердің билікке қойған ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді шетелдіктерге сатпау және ұзақ мерзімге жалға бермеу туралы талабының орындалмағанына наразы екенін жазған.

Сәуірдің 19-ы күні Қазақстан парламенті мақұлдаған жер қатынастарын реттеу туралы заң жобасын билік 2016 жылғы "жер шерулерінен" кейін құрылған арнайы комиссияның ұзаққа созылған жұмысының жемісі ретінде көрсетуге тырысқан. Бірақ кей белсенділер мақұлданған заң жобасында 2016 жылы наразылық шерулеріне түрткі болған және кейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жарлығымен вето қойған даулы нормалар сол күйі қалғанына назар аударған.

Оқи отырыңыз: Жерге қатысты заңда толқу талабы орындалды ма?

Белсенділер Мақсат Ілиясұлы, Іңкәр Тиштыбаева, Раушан Торбаев пен Әбдуәлі Тағай бұған дейін мамырдың 10-ы күні Астанада "Саяси тұтқындарға бостандық берілсін!" және "Азаптау тоқтатылсын!" деген талаптармен өткен рұқсат етілмеген наразылық акциясы өткеннен кейін әкімшілік жауапқа тартылған болатын. Сол күні мұндай наразылық шерулері Қазақстанның Алматы, Орал, Семей, Шымкент сынды өзге қалаларында да өткен. Акцияларға шыққан ондаған адамды билік ұстап, кейбірін әкімшілік қамауға алған, кейбіріне айыппұл салған. Сол жолы Тиштыбаева мен Тағайға сот айыппұл кесіп, Қалмомынұлы бес тәулікке, Омар – үш тәулікке қамалған болатын.

Видео: Полиция наразыларды қалай ұстады? (10 мамыр 2018 жыл)

Полиция наразыларды қалай ұстады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:49 0:00

Бұған дейін соңғы рет ортақ мәселе арқау болған мұндай жаппай наразылық акциялары Қазақстанның бірнеше аймағында 2016 жылы көктемде қоғамда үкіметтің жер реформасына қарсылық туған кезде өткен болатын.

Видео: Полиция ондаған адамды ұстады (21 мамыр 2016 жыл)

Полиция ондаған адамды ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:26 0:00

XS
SM
MD
LG