Accessibility links

"ҚДТ-ны қолдаған" қазақстандық белсенді Қырғызстанда ұсталды


Мұратбек Тұңғышбаев.
Мұратбек Тұңғышбаев.

Бішкекте Қырғызстанның арнайы қызмет өкілдері қазақстандық белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты ұстаған. Туыстары мен адвокатының айтуынша, оған заңмен тыйым салынған “Қазақстанның демократиялық таңдау” қозғалысын қолдады деген айып тағылған.

Қазақстандық белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты Қырғызстанның арнайы қызмет өкілдері мамырдың 10-ы күні Бішкекте тұрып жатқан жерінде ұстаған. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің туыстары мен адвокаты айтты.

Ал мамырдың 11-і күні Бішкектің Первомай аудандық сотында Мұратбек Тұңғышбаевты қамаудың заңдылығы және қамау мерзімін ұзартуға қатысты сот өткен. Судья белсендіні екі айға қамау туралы шешім шығарған. Туыстарының айтуынша, "сот жабық өткендіктен отырысқа ешкімді кіргізбеген. Тек адвокат пен прокурор қатысқан".

ТІНТУ ЖӘНЕ ТӘРКІЛЕУ

Белсендінің әйелі Мерей Қалиеваның айтуынша, Қырғызстанның құқық қорғау орган өкілдері кешкісін танысы мен Мұратбек тұрып жатқан үйде тінту жасап, флеш карта, SIM-карта, ақша және басқа да заттарын тәркілеген. Ал Мұратбек Тұңғышбаевтың өзін қамауға алған. Сол күні Тұңғышбаев көзіне операция жасатқан.

Тінту жасау туралы сот қаулысында Мұратбек Тұңғышбаевтың үстінен Алматы қалалық ішкі істер департаменті Қазақстан Қылмыстық кодексінің 266-бабы 1-бөлімі (“экстремистік ұйымды қаржыландырды”) және 405-бабы, 1-бөлімі (“экстремистік ұйымның әрекеттерін ұйымдастыру және қатысу”) бойынша қылмыстық іс қозғағаны баяндалған.

Қаулыда Мұратбек Тұңғышбаев және тағы бір Қазақстан азаматының “Facebook және Telegram желілерінде М.Әблязов басқаруындағы ұйымдасқан топтың мақсатына сай ақпараттық сипатта қызмет көрсеткені” айтылған.

Сот қаулысында: “олар “ДВК-активист” тобының жұмысына белсенді түрде қатысып, жақтастар табумен айналысқан. Желі қолданушыларының радикализациялануын құптаған. “Қазақстанның демократиялық таңдауы” экстремистік қозғалысын қолдап, өткір және нәзік тақырыптардың талқылануын жүйелі түрде қоздырып отырған” деп жазылған.

Сот қаулысындағы дерек бойынша, бұл азаматтарға мамыр айының басында іздеу жарияланып, сот оларды қамауға рұқсат еткен.

“МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КЕРЕК”

Адвокат Шарабидин Тоқтасыновтың айтуынша, қазіргі кезде Мұратбек Тұңғышбаев Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында отыр. Мамырдың 10-ы күні көзіне операция жасатқандықтан оған медициналық көмек керек.

- Ол Бішкекте сол көзіне операция жасатыпты. Бішкекте Исманкулов деген клиника бар. Мұратбек "күн сайын укол алып, дәрі ішуім керек" дейді. Егер екі апта ішінде ешқандай дәрі-дәрмек қабылдай алмаса, онда көзі көрмей қалуы мүмкін. Оған дәрігерлер көру қабілетінің инфаркты деген диагноз қойған. Мұратбек Тұңғышбаев қазір тергеу изоляторында денсаулығына байланысты анықтама алып жатыр. Оны медициналық бөлімге ауыстыруға болады, - дейді Шарабидин Тоқтасынов Азаттық тілшісіне.

Адвокаттың айтуынша, Қырғызстан Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялауы мүмкін.

- Минск конвенциясына сәйкес Қазақстан тарабы Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің 40 күн ішінде жауап беріп, азаматын елге әкелетін адам жіберуі тиіс. Әзірге Қазақстан Қырғызстан тарабына хабарласты ма белгісіз, - дейді ол.

Азаттық тілшісі Мұратбек Тұңғышбаевқа байланысты Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Алматы қалалық ішкі істер департаментіне ресми сауал жолдады. Әзірге жауап түскен жоқ.

Белсендінің әйелі Мерей Қалиеваның айтуынша, Мұратбек Тұңғышбаев Бішкекте екі жылдан бері тұрып жатқан. Кәмелетке толмаған үш баласы бар. Ең үлкен баласының жасы – сегізде.

Күйеуім өзіне қатысты іс қозғалғанын, өзіне іздеу жарияланғанын білген жоқ. Бұған дейін ешкім ешқандай ескерту бермеген.

- Күйеуім өзіне қатысты іс қозғалғанын, өзіне іздеу жарияланғанын білген жоқ. Бұған дейін ешкім ешқандай ескерту бермеген. Ол ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Ешкіммен байланысы жоқ,- дейді ол Азаттық тілшісіне.

Мамырдың 10-ы күні Мұратбек Тұңғышбаев Facebook-тағы парақшасынан тікелей эфир таратқан. Видеода өздерін “полицияданмыз” деп таныстырған әлдекімдердің есікті тартқылап, ішке кірмек болғанын көруге болады.

Биыл наурызда Қазақстан Бас прокуратурасы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған, тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп таныған. Осыдан кейін Қазақстанда "экстремистік ұйым жұмысын қолдады" деп ондаған адамның үстінен іс қозғалған.

Оқи отырыңыз: "ҚДТ-ны Facebook-та қолдаған" студент істі болды

Алматы соты 2017 жылы 7 маусымда БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовті сырттай 20 жылға соттаған. Сот Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша "қылмыстық қоғамдастық құру, оған басшылық жасау", "сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету", "БТА банк қаржысын жымқыру және оның ізін жасыру", "банк қаржысын заңсыз пайдалану" және "өкілеттіктерін теріс пайдалану" баптары бойынша айыптаған. Әблязов бұл айыптардың барлығын жоққа шығарады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG