Шаңырақ оқиғасына қатысты іс бойынша 2006 жылы шілденің 14-інде 15 жылға сотталған 39 жастағы Ерғанат Тараншиев өткен жылы түрмедегі мерзімінің үштен өкісін өтеді, енді мерзімінен бұрын шартты түрде босауға өтініш беруге құқығы бар. Ол сот белгілеген материалдық шығынды да өтеді, соған қарамастан мерзімінен бұрын босауға өтініш бере алмайды. Азаттыққа Ерғанаттың әпкесі Шолпан Әбдібақастың айтуынша, оның себебі — бірнеше адамға ортақ етіп кесілген қаржылай талап өтелмеген.
«Шаңырақ ісі» бойынша сотталған басқа екі адамның да туыстары осындай мәселе бар екенін айтады: 41 жастағы Құрманғазы Өтегенов пен 34 жастағы Рүстем Тұяқов 16 және 14 жылға сотталған болатын. 18 жылға бас бостандығынан айрылған 64 жастағы диссидент Арон Атабектің туыстары мүлде басқа жағдайды айтады, олар Атабекті қамаудың «саяси астары бар» дейді.
2007 жылдың қазанында Алматы соты 2006 жылы шілденің 14-і күні Шаңырақ ауылындағы жаппай тәртіпсіздік пен 24 жастағы полиция қызметкері Әсет Бейсеновтің қазасы бойынша үкім шығарды. Сот Арон Едігеевті (Атабек – әдеби бүркеншек аты) тәртіпсіздікті ұйымдастырды деп айыптап, 18 жылға соттады. Тәртіпсіздік пен полиция қызметкерінің қазасына қатысы бар деген айыппен Құрманғазы Өтегенов (16 жыл), Ерғанат Тараншиев (15 жыл) және Рүстем Тұяқов (14 жыл) сотталды.
Сотталушылар саны 25 адам болған. Олардың бірін сот ақтады. Екі адам (әйел) шартты түрде бір жылға сотталды. 18 адам бас бостандығынан үш жылға шартты түрде айырылды. Шаңырақтың өзінде осы уақытта көп нәрсе өзгерді, жергілікті тұрғындар мен полицияның қақтығысынан соң Алматы қаласының билігі заңсыз салынды деген үйлерді бұзып тастаудан бас тартып, құрылыстың көбін заңдастырды. «Шаңырақ ісі» бойынша сотталған төрт адам әлі түрмеде жатыр.
ЕРҒАНАТ ТАРАНШИЕВ
«Шаңырақ ісі» бойынша сотталған Ерғанат Тараншиевтің әпкесі Шолпан Әбдібақас Тараз қаласындағы қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеп жатқан бауырымен сәуірдің 30-ы күні қысқа кездесуде екі сағат (әйнектен телефон арқылы) сөйлескенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, Ерғанаттың сырт келбеті жаман емес, дәнекерлеуші мамандығын игеріпті – қазір оның екі дипломы бар: токарь және дәнекерлеуші (токарь дипломын өткен жылы алған). Туыстары ертелі-кеш оның тезірек бостандыққа шығуын ойлайды.
Өткен жылдың күзінде Ерғанат Тараншиев пен оның туыстары мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға өтініш беру үшін не қажет екенін анықтаған еді. Басқа талаптармен бірге екі бөліктен тұратын талапты да өтеуі керек екен, біреуі өзінікі, біреуі ортақ түрде өтейтін шығын. Жеке өзіне қойылған талап бойынша 36 мың теңге шамасында мемлекеттік баж салығын төлеуі керек. Тараншиев ішкі істер департаменті мен төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке келтірген мүліктік шығынның бір бөлігін өтеу үшін ортақ кесілген төлемнің шамамен 45 мың теңгесін өтеуі керек. «Нәтижесінде ол 80 мыңнан астам ақша беруі керек» деген Шолпан Әбдібақас туысқандарының сол суманы жинағанын, оның бәрін жеке-жеке төлегенін, әрбір шағымданушының (заңды тұлғаның) мекенжайына жолдағандарын айтады.
«Бірақ осыдан соң да Тараншиевтің шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға өтініш бере алмайтыны белгілі болды, себебі ортақ сома әлі төленбеген» дейді әпкесі. Ол үшін ортақ етіп кесілген өтемнің сомасын «Шаңырақ ісі» бойынша сотталған басқа адамдар да төлеуі керек. Шолпан Әбдібақастың айтуынша, шартты түрде сотталған және жаза мерзімі әлдеқашан аяқталғандар «өз үлесін төлегісі келмейді».
«Шаңырақ сотына» қаза тапқан 24 жастағы полиция қызметкері Әсет Бейсеновтің туыстары жапа шегуші тарап ретінде қатысты. Ерғанат Тараншиевтің әпкесі «Шаңырақ ісі» бойынша сотталғандардың туыстары бұрынғыдай Бейсеновтің ата-анасына өтініш айтуға қауіптенетінін айтты, себебі олар бұрын (әсіресе, сот процесі кезінде) Шаңырақ ісіне қатысушыларды мүлдем кешірмейтінін мәлімдеген болатын.
Шаңырақ тұрғындары ұстап алған полиция қызметкері Әсет Бейсеновтің бензин құйылған денесіне кімнің сіріңке тұтатқанын ешкім білмейді. Оқиғаға қатысушылардың біразы жас полиция офицерін тұтқынға алған кезде Шаңырақ тұрғындары полиция қызметкерлерін ауылдан шығару үшін ғана үстіне бензин құйып, байлаған еді дейді. Бірақ өрт шығып, офицер қатты күйіп, аяғында ауруханада қайтыс болған.
МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН БОСАУ МӘСЕЛЕСІ
Семейдегі қатаң режимдегі колонияда 14 жыл мерзімін өтеп жатқан «Шаңырақ ісі» бойынша ең жас сотталушы 34 жастағы Рүстем Тұяқов 2015 жылдың соңына дейін мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға қажетті мерзімді (үштен екісі) өтеді. Бірақ оның әпкесі Гүлзира Тұяқованың айтуынша, бір миллион 600 мың теңге болатын ортақ талапты өтемегені үшін ол мерзімінен бұрын шыға алмай отыр. Ол 80 мың теңге төлеуге міндетті (талаптың мемлекеттік баж салығы да сонда кіреді). Әпкесінің айтуынша Рүстем Тұяқов ол соманы өзі өтемек.
- Ол жақында түрмеде жұмысқа тұрды, ай сайын 15 мың теңге бөліп отыр, - деген Гүлзира Тұяқова бауырының «Шаңырақ ісіне» қатысы бар басқа адамдардың өз үлестерін төлемегеніне ашулы екенін айтты, «солардың кесірінен іс тоқтап тұр».
«Шаңырақ ісі» бойынша сотталған үшінші адам – 41 жасар Құрманғазы Өтегенов 16 жылға бас бостандығынан айрылды. Ол жазасын Павлодар облысының қатаң режимді түрмесінде өтеп жатыр, биыл наурызда мерзімінің үштен екісін өтеді. Әйелі онымен ажырасып, отбасы тарап кеткен.
Азаттық тілшісі Құрманғазы Өтегеновтің досына хабарласты. Өтегенов оған түрмедегі таксофоннан жиі қоңырау шалып тұрады. Аты-жөнін атамауды сұраған ер адамның айтуынша, Құрманғазы одан құқық қорғаушы Евгений Жовтис пен бұрынғы оппозициялық саясаткерлер Болат Әбілов пен Асылбек Қожахметовтердің телефон нөмірін сұраған. Өтегеновтің талаптарды төлегені немесе төлемегені жайлы досы ештеңе білмейді.
«ШАҢЫРАҚ ІСІ» ЖӘНЕ САЯСАТ
«Шаңырақ ісі» бойынша сотталған төртеудің үшеуі мерзімінен бұрын шартты түрде босатылуды қаласа, төртіншісі және ең үлкені 64 жастағы ақын әрі диссидент Арон Атабек басқаша ойлайды. Ол қазір Павлодардағы тергеу изоляторында 18 жылдық мерзімін өтеп жатыр. Ол мерзімінен бұрын шартты түрде босатылуды қаламайды, себебі өзін айыпты санамайды. Бұл жайында Азаттық тілшісімен Facebook арқылы сөйлескен Павлодар облысының Қоғамдық бақылау комиссиясы (ҚБК) төрайымы Наталья Ковлягина хабарлады.
Ковлягинаның айтуынша, Арон Атабекке ҚБК өкілдері кейінгі үш жыл ішінде жиі келіп тұрады.
«Көңіл-күйі жақсы, бірақ қатты қартайған. Мерзімінен бұрын шартты түрде шығуды қаламайды, мемлекет басшысы аман тұрғанда түрмеде отырамын дейді. Осы кезге дейін айтқан шағымдарының бәрі қанағаттандырылды. Соңғы өтініші Қарағанды қаласынан осы мекемеге келгенде бірге әкелген қолжазбасына қатысты еді, оны осы жылдар бойы өзіне бермей қойған болатын. Мекеме біздің ұсынысымызды ескерді, сол күні қолжазбасын алды» деп жазды Азаттыққа Наталья Ковлягина.
Арон Атабектің өзі 2009 жылы Азаттыққа берген сұхбатындағы пікірінен айнымағанын айтты, сол кезде ол «Менің талабым – құқығымды толық қалпына келтіру. Рақымшылыққа келіспеймін және оны сұрамаймын. Ешқандай қылмыс жасағаным жоқ. Оны биліктің өзі жасады» деген болатын.
2006 жылдың шілдесінен бастап тұтқында отырған ақын әрі диссидент Арон Атабек 2010 жылы Freedom to Create халықаралық сыйақысымен «Тұтқындағы қаламгер» (Imprisoned аrtist) номинациясы бойынша марапатталды. Оның мерзімі 2024 жылы аяқталады. Осыған дейін – қосымша жаза ретінде – оны екі мәрте Қостанай облысының Арқалық қаласындағы түрмеге ауыстырды, онда өмір бойы сотталғандар камерасында отырды.
Туыстарының айтуынша, түрме билігі солайша Арон Атабекті азапты жағдайда ұстаған, бірақ сағын сындыра алмаған. Қазақстандық құқық қорғаушы ұйымдардың бірқатары Арон Атабекті саяси тұтқын санайды.
Арон Атабектен айырмасы, сотталушы Ерғанат Тараншиевтің әпкесі Шолпан Әбдібақас «Шаңырақ ісін» саясиландыруға бейім емес. Бірақ ол Азаттыққа бауырын түрмеден шығару үшін ортақ соманы тұтас төлеумен қатар, биліктің рақымды саясаты керек екенін айтады. Ол билік рақымшылық танытуы керек деп санайды, себебі 2006 жылы шілденің 14-інде күреске шыққандардың ісі дұрыс болып шықты. Осыдан соң Алматыда жаңа әкімшілік аудан пайда болды (Алатау ауданы), ал салған үйлерін билік бұзып тастаған Шаңырақ тұрғындары қазір көп қабатты үйде тұрып жатыр.
«Шаңырақ ісі» бойынша сотталғандардың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мәселесі жайлы Азаттыққа Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросы директоры Евгений Жовтис пікір білдірді. Сотталушылардың туыстары ұйымнан мерзімінен бұрын шартты түрде босау мәселесін шешуге көмек сұраған.
Жовтистің түсіндіруінше, заң бойынша ортақ соманы міндетті түрде төлеу қажет емес, жапа шегуші тараптың міндетті келісімі де керек емес. «Барлығы биліктің саяси еркі мен қалауына байланысты» дейді құқық қорғаушы. Әйтпесе түрме билігі кез келген уақытта тұтқындарға саяси астары бар тәртіптік жаза тағайындауы мүмкін, одан тек жарты жылдан соң құтыла алады, тек содан кейін ғана мерзімінен бұрын босатылуға өтініш бере алады.
Әпкесінің айтуынша, 39 жастағы Ерғанат Тараншиевтің өмірінің ең жемісті кезеңі болуы тиіс 11 жылы түрмеде өтті, қашан шығатыны әлі белгісіз. Ол қамауда отырғанда туыстары да орны толмас қайғы шекті: ата-анасы кенже ұлдарын күтіп қартайды, ауыр науқасқа шалдықты.
Билік өкілдері Шаңырақ тұрғындарын жерді өздігінен басып алып, заңсыз үй салды деп айыптайды. Олар «Шаңырақ ісінің» саяси астар бар екенін мойындамайды, сотталушылардың әрекетін қылмыстық іс-қимыл деп қарастырады.