Сайлау күні жұмыс таңғы сағат жетіде басталды: сайлау учаскелеріне барып дауыс берушілер мен бақылаушылардың пікірін алу керек болатын, тәуелсіз Қазақстанды 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев қатыспайтын алғашқы сайлау процесін сипаттау қажет еді.
Алматылық учаскелердің біріндегі ахуал әуелі жайбарақат болып көрінді: алакөлеңке бөлмелер, аз-аздап келе бастаған дауыс берушілер, ала-шапқыннан ада комиссия мүшелері. Төбе көрсеткен бақылаушылардың бірі, Қазақстанның коммунистік халық партиясының жас һәм екпінді өкілі Азаттық тілшісін көре салып кенеттен интернеттің "зиянды тәуелділікке" ұшыратытын кесел екені туралы әңгіме бастап кетті. Залдың екінші басына жайғастым. Бюллетендерін ұстап жәшіктерге асықпай аяңдай басып келіп-кетіп жатқан электораттың сирек мүшелерін фотоға түсіре бастадым.
Ұлттық кітапханадағы учаскеде белгілі қазақ әншісі Роза Рымбаеваның дауыс беріп жатқан сәтін суретке түсірудің реті келді. Бюллетенін жәшікке тастаған соң әнші өзін қоршай қалған журналистермен біраз сөлйесті. Менің Қазақстан жастары елдегі саяси ахуал туралы сыни пікір айта бастағаны туралы не ойлайтынын жайлы сұрағыма ол:
- Сын деген жалпы дұрыс деп ойлаймын. Халықтың үнін есту керек. Бұл сын дұрыс па, негізі бар ма, саналы түрде айтылған ба, соны міндетті түрде тексеру керек. Себепсіз сын болмайды ғой. Демек қандай да бір тұста кемшілік бар деген сөз. Қазір ашық айтуға мүкіндік көбірек деп ойлаймын. Әр азамат, әрбір жас адам наразылығын Интернет, телевидение мен баспасөз арқылы жеткізе алады. Келіспейтін тұсымызды ашық түрде айтып сала алатынымызға қуанам, - деп жауап берді.
Осы учаскеге цирктен піл әкеледі екен деген біртүрлі сыбыс тараған. Мұның рас-өтірігі анықталмады. "Астана" алаңында (бұрынғы аты - "Ескі алаң") рұқсат етілмеген митинг өтеді деген және бір сөз шықты. Сайлау алдында әлеуметтік желілерде наразы адамдарды осы орынға жиналуға шақырып жатқандар байқалған. Алаңды полиция мен жай киімді түрі сұсты адамдар қоршап тұрды. Жол жиегінде төбесінде шамы бар көліктер, полицияның эвакуаторлары мен микроавтобустар тізіліп тұрды. Қазақстанда әдетте митингіге шыққандарды осындай көлікке тиеп әкетеді.
"Астана" алаңында Vласть басылымының тілшісі, әріптесім Данияр Молдабековті ұшыраттым. Орындыққа отырып, шүйіркелесе кеттік. Полиция киімін кигендердің қарасы қалыңдай түсті. Көше қиылыстарына топтасып алып, жан-жақтарын жіті шолып тұрды. Бізге де бірнеше рет келіп, құжаттарымызды тексерді.
Фотоаппаратымды шығарып полицейлер қаптаған алаңды суретке түсіре бастадым. Бір уақытта Данияр екеумізге майор шенді полиция офицері таяп келді. Не себепті фотоаппаратымды оған қарата ұстап тұрғанымды сұрады.
- Журналиспіз, сіз болсаңыз, жұмыстасыз. Суретке түсіруге хақымыз бар, - дедім.
Майор құжатымызды сұрады.
- Журналиспіз дедік қой. Құжаттарымызды үшінші рет тексеріп жатырсыздар. Сіз де жұмыс істеп жүрсіз, біз де жұмыс істеп жүрміз, - деді Данияр ренжіңкірей құжатын беріп жатып.
- Мені YouTube-қа шығармасаңдар болды, - деген майор кете барды.
Данияр екеуміз көшенің арғы бетіне шықтық. Полицейлер абыр-сабыр болып қалғандай көрінді. Көп ұзамай адам қамайтын көлікке бір әйелді алып келіп, құжаттарын тексерді. Сәлден соң әлгі әйел митингіге шығатын ойы жоқ екені, жай өтіп бара жатқанын айтты.
Бес минуттан соң полицейлер қолына қара пакет ұстаған ер адамды дедектете алып келді. Әлгі адам қатты наразы болып, жай жүргінші екенін айтса да, оны микроавтобусқа кіргізіп жіберді. Сәлден кейін автобус есігі бір ашыла қалғанда ер адам сыртқа тұра қашты. Полицейлер оның артынан қуа жөнелуге ықылассыз болды.
Полиция қызметкерлері көліктерге жаңадан адамдарды әкеле бастады. Қарсы шыққандарды ішке күштеп кіргізіп жатты. Екі әйелді сүйрелей жөнелгендерінде сол маңдағы адамдар араша түсіп, біреуі сытылып үлгерді.
Алаңдағы халықтың қарасы көбейе бастады. Сол кезде полицейлерге көкшіл формалы арнайы жасақ (СОБР) қосылды. Жиналғандар: "Масқара!","Бостандық!", "Полиция халықпен бірге!" деп ұрандады. Олардың ең белсенділерін полиция шетінен әкетіп жатты.
Ұсталғандардың кейбірі ашына айғайлап, сыртқа ұмтылды. Өзім куә болған мамырдың 1-і күнгі митингімен салыстырғанда полиция наразылық танытуға келгендерге қарсы әлдеқайда зор күш қолданып бақты.
- Сендерге не керек? "Екінші Желтоқсан" керек пе? – деп айқайлады қалпақ киген егде тартқан ер адам. Ол "полиция жарақаттады" деп қан жуған саусағын көрсетті.
Екінші дүниежүзілік соғыс қаһармандары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ескерткішінің түбінде және бір топ жиналды. Көбі Қазақстанның кішкентай жалаушаларын бұлғап тұрды. Полиция мен арнайы жасақ енді осыларға бұрылды. Наразылар бір-бірінің қолынан ұстап, тапжылмай жерге жайғасуға тырысты. Бірақ күштік құрылым өкілдері олардың да шебін бұзып, бір-бірлеп жұлып әкетті. Кейбірінің аяғынан тарта сүйреп бара жатты.
Бұл процесті суретке түсіріп, әрі ойша репортажға айналдыра басаған менің өзімді де күтпеген жерден әлдебіреу оқиға ортасынан сыртқа жұлқылай шығарды. Үш арнайы жасақ сарбазы қамау көлігіне сүйрелей жөнелді. "Жіберіңіздер, журналиспін" деген сөзімді шыбын құрлы көрмеді. Араша түскен басқа әріптестерімді де елең етпеді. Әп-сәтте көлік ішінде отырдым.
- Мұндай қалай түстіңіздер? - деп сұрадым қамалғандардан.
- Ұстап әкетті. Бейбіт митингіге шығып, заңсыз сайлауға наразылық танытпақ болғанбыз. Бейбіт тұрғанбыз! - десті іштегілер.
- Плакат ұстап па едіңіздер?
- Жоқ, жалау ғана. Сайлауға бойкот жариялап тұрғанбыз. Жай отырғандарымыз да болды. Заңсыз түрде сыртқа шығарып әкетті. Полиция бізді қолдайды деп ойлағанбыз.
- Бұған дейін митинг немесе демонстрацияға шығып көріп пе едіңіздер?
- Жоқ, бәріміз бірінші рет шығып тұрмыз!
15 минуттан соң полиция көлігі төңіректі азан-қазан қыла бізді Бостандық ауданының полиция бөліміне алып келді. Есік алдында тұрған ондаған адам қамауға түскендерді қол шапалақтап қарсы алды.
Кіреберісте қалта телефоным мен фотоаппаратымды тапсыруды сұрады. Журналист екенімді, заңсыз ұсталғанымды айтып-ақ жатырмын. "Ана жақта анықтайды" деді полицейлер ішке қарай нұсқап.
Ғимараттың ішіне адам лық толы екен. Бізді топ-топқа бөліп, бірнеше тергеушіге жіберді. Мені қосқанда үш адам Меруерт есімді тергеушіге түстік. Фамилиясын жаттап үлгеру мүмкін болмады.
Хаттама толтырылған соң қысқаша жауаптау басталды.
- "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының (сот тыйым салған оппозициялық ұйым - ред.) Қазақстан территориясында экстремистік ұйым ретінде танылғанын білесіз бе?
- ҚДТ-ға мүшесіз бе? Қозғалыс мүшелерінен әлдекімді танисыз ба? VPN қолданасыз ба? Қайсысын?
Бұл сұрақтарға ешбір партияға мүше емес, ҚДТ-дан ешкімді танымайтын журналист екенімді айтып жауап бердім.
- Бұл сұрақтарды қоюға міндетті екенімді түсінесіз ғой? - деді аға лейтенант.
Бір жарым сағаттан соң хаттама толтырылып, куәлік көшірмелері алынып, жеке бас мәліметі полиция базасына түскен соң кабинетке кірген ер адам фамилиямды атап:
- Боссыз, сыртқа шықсын деп жатыр, - деді.
Есік аузында тұрған полицей:
- Журналист екеніңізді неге бірден айтпадыңыз? Осы жерде-ақ тұрдым ғой. Маған келіп, қызметіңіз бен БАҚ-тың атауын айту керек еді. Бірден босатар едік, - деді.
- Дәл сізге келу керек екенін қайдан білем? Заңсыз ұсталған журналист екенімді айғайлап айттым ғой, - дедім.
- Кешірім өтінем, - деді полицей.
Бөлімшеден жалғыз өзім шығып кете бардым.
Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сәйкес Алматы мен Нұр-Сұлтанда маусымның 9-ында "500-ге тарта адам" ұсталған. Бұл репортаж жарияланып жатқанда қамалғандардың әкімшілік сотқа тартыла бастағандары туралы мәлімет тарады. Орталық сайлау комиссиясы дауыс берушілердің 77,4 пайызы саяси таңдау жасағанын айтты.
ПІКІРЛЕР