Accessibility links

"Шындықты қаламайды". Сауалнама мен экзитпол өткізуді неге шектеді?


2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген парламент мәжілісі мен жергілікті депутаттар сайлауы жайлы жарнама ілінген жерден өтіп жатқан адамдар. Нұр-Сұлтан, 30 желтоқсан 2020 жыл.
2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген парламент мәжілісі мен жергілікті депутаттар сайлауы жайлы жарнама ілінген жерден өтіп жатқан адамдар. Нұр-Сұлтан, 30 желтоқсан 2020 жыл.

10 қаңтарда Қазақстанда парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс пен аймақтағы өкілдік органдар – мәслихаттар сайлауы өтеді. Алайда қоғамның осы саяси науқан жайлы көңіл-күйін объективті түрде анықтау қиын дейді кей сарапшылар. Заңға сәйкес, сайлауға қатысты сауалнаманы Орталық сайлау комиссиясы рұқсат берген ұйымдар жүргізе алады. Азаматтық қоғам өкілдері мұны "шектеудің кезекті түрі" деп санайды. Ел ішінде үкіметке жақын зерттеу ұйымдары "билікке ыңғайлы" сауалнама жасап, "қоғамдық пікірді дайындап жатыр" деген пікір бар.

САУАЛНАМА ЖҮРГІЗЕНІ ҮШІН АЙЫППҰЛ

24 желтоқсанда Талдықорған қаласының әкімшілік соты жергілікті тұрғын Қайрат Әбдірахмановты 15 айлық есептік көрсеткіш (41 670 теңге) мөлшерінде айппұл төлеуге міндеттеді. Әбдірахманов 19 қараша күні "Вконтакте" әлеуметтік желісіндегі парақшасында "Алдағы парламент және мәслихат сайлауы әділ өтетініне сенесіз бе?" деген сұрақ қойып, қолданушылар арасында сауалнама жүргізген. Арада бір ай өткенде, 20 желтоқсанда, блогерді прокуратура шақырып, әлгі әрекетімен "Сайлау туралы" заңды бұзғанын ескерткен. Іле-шала сотқа шағым түсіп, сот блогерге айыппұл салды.

Ал астаналық блогерлер Нәсима Қорғанбекова мен Махамбет Әбжанға билік орындары айыппұл салмаса да, дәл сондай ескерту жасаған.

Telegram әлеуметтік желісіндегі Abzhan News деп аталатын арнаның авторы Махамбет Әбжан 4 қарашада оқырмандарына "Бұрмалау болмаса, сайлауда кім жеңеді деп ойлайсыз?" деген сауал тастаған. Бір айдан кейін Әбжанды прокуратура шақырып, ескерткен.

Белсенді Махамбет Әбжан сот ғимаратында тұр. Нұр-Сұлтан, 6 наурыз 2020 жыл.
Белсенді Махамбет Әбжан сот ғимаратында тұр. Нұр-Сұлтан, 6 наурыз 2020 жыл.

– Нұр-Сұлтанның Байқоңыр аудандық прокуратурасы сайлау заңы бойынша жеке тұлғаның сайлауға қатысты сауалнама жүргізе алмайтынын, сауалнаманы тек заңды тұлға жасайтынын ескертті. Ертең сайлауда бұрмалау болса, халықтың шынайы пікірін білгісі келетін блогерлер заңнан қорқып, ешқандай сауалнама жүргізбейді, мұны халық шындықты білмеуі үшін [билік] жасап отыр деп ойлаймын, – дейді Әбжан.

Q-Adam азаматтық бастамалар қорының жеткешісі Нәсима Қорғанбекова өзге бір ұйымның алдағы сайлау туралы жүргізген сауалнамасының нәтижесін беріп, мұның қаншалық заңды екені жайлы пост жазған.

– 12 қарашада жазылған жазбама байланысты 21 желтоқсанда хабарласып, прокуратураға шақырып, ескерту жасады. Меніңше, билік сайлауға белсенділер мен құқық қорғаушылардың мейлінше аз араласқанын қалап, осындай шектеулер қойып отырған сыңайлы, – дейді белсенді.

Сайлау туралы сауалнамадан соң блогерлерді прокуратура шақырды

Сайлау туралы сауалнамадан соң блогерлерді прокуратура шақырды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:22 0:00

"БОЛМАШЫ СЫЛТАУМЕН ТІРКЕМЕЙ ТАСТАДЫ"

Қазір сайлау қарсаңында сауалнама жүргізуге ресми рұқсат алған жеті ұйым ғана бар. Олар – "Қогамдык пікір" ұйымы, "Демократия институты" ғылыми-зерттеу қауымдастығы, "Нұр Отан" партиясы, "Еуразиялық интеграция институты", "ШҚО анализ және болжау институты", "Астана зерттеу" және "Құқық" қоғамдық қорлары.

20 жылға жуық әлеуметтік зерттеумен айналысып келе жатқан, оның ішінде 2015 жылы президент және 2016 жылы – парламент сайлауы кездерінде сауалнама және экзитпол жүргізген "Сандж" орталығы бұл тізімге кірмей қалды. Оның жетекшісі Жанар Жандосованың сөзінше, Орталық сайлау комиссиясы болмашы нәрсені сылтауратып, оларды тіркеуден бас тартқан.

"Сандж" зерттеу орталығының директоры Жанар Жандосова.
"Сандж" зерттеу орталығының директоры Жанар Жандосова.

– "Қызметкерлердің еңбек кітапшасын бермедіңдер" деген ақылға қонымсыз сылтаумен рұқсат бермеді. Меніңше, мұның түпкілікті себебі – балама пікір болғанын қаламайды. Билік тек сайлауға қатысты емес, жалпы басқа салаларда да қоғамнан теріс айналып барады, – дейді Жандосова.

Оның айтуынша, "қоғам көзқарасын білу, ресми үгіт-насихат пен өзге де оқиғалардың сайлаушылар пікіріне ықпалын анықтау, дауыстардың бұрмаланған-бұрмаланбағанына көз жеткізу үшін" тәуелсіз экзитполдың болғаны маңызды. Жандосованың пікірінше, сайлау әділ өтсе, экзитпол мен ресми қорытынды нәтижелері бір-біріне жақын болады.

Мұның алдында Орталық сайлау комиссиясы "Стратегия" әлеуметтік-саяси зерттеу орталығына да электоралдық зерттеу жүргізуге тыйым салды. Бұл жөнінде орталық директоры Гүлмира Илеуова Facebook-тегі парақшасында жазды. Илеуованың айтуынша, ОСК 2001 жылдан бері жұмыс істеп, 2 экзитпол өткізген ұйымға электрон поштамен жауап берген. Құзырлы органнан келген хатта "Стратегия" қоры "кемі бес жыл қоғамдық пікірді зерттеумен айналысып жүргенін дәлелдейтін құжаттардың және қоғамдық пікірді зерттеу саласында кемі бес жыл тәжірибесі бар мамандар құжаттарының көшірмелерін тіркемеген".

"Стратегия" қоғамдық ұйымының жетекшісі Гүлмира Илеуова.
"Стратегия" қоғамдық ұйымының жетекшісі Гүлмира Илеуова.

Илеуованың айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы сауалнама және экзитпол жүргізу үшін тек "ескерту" жіберуді талап етеді және нақты құжаттар тізімін келтірмейді, сондықтан олар "өздері қажет деп тапқан құжат тізімін жіберген". "Ескерту жіберу" мен "рұқсат алудың" арасындағы айырмашылық не?" деп сұрақ қойған Илеуова сайлау кезінде сауалнама жүргізетіндердің барлығына "күдікпен" қарайтынын айтып, олардың объективті зерттеу жүргізетініне күмән келтіреді.

Сауалнама жүргізуге рұқсаты бар "Құқық" қоғамдық қорының директоры Ольга Рыль Орталық сайлау комиссиясында тіркелу қиын дегенмен келіспейді.

– 15 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Жұмысымыз көп, бірақ барлығын жария етіп жатпаймыз. 15 жылдан бері тек өз қаражатымызға жұмыс істеп келеміз, республика бойынша 17 бөлімшемізді де өз күшімізбен аштық. ОСК-на ешқандай қатысымыз жоқ. Біз өтініш түсірдік, ескерту айтылды, оны түзеп, өтінішімізді қайта жібердік. Сондықтан жекелеген ұйымдар құжаттарын дұрыс берсе, ешқандай мәселе туындамас еді, – дейді ол.

"БИЛІК ЖЫЛ САЙЫН ЗАҢҒА ӨЗІНЕ ЫҢҒАЙЛЫ ӨЗГЕРІС ЕНГІЗІП КЕЛЕДІ"

Қазақстанда "Сайлау туралы" заң 1995 жылы қабылданған. Оған 2018 жылы енгізілген өзгеріс бойынша, "Қоғамдық пікірге сауал салуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса беріп, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы". Бұл туралы заңның 28-бабында жазылған.

"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қорының заңгері Тамара Симахина елдегі заңдар халықаралық адам құқықтары нормаларына сай емесін мойындайды, дегенмен оның талаптарын бұзбастан қоғамдық пікірді білу мүмкіндігі бар дейді ол.

"Әділ сөз" қорының заңгері Тамара Симахина.
"Әділ сөз" қорының заңгері Тамара Симахина.

– Әлеуметтік сауалнаманы жүргізу үшін белгілі бір деңгейде білім болуы қажет. Сондықтан бұл іспен кез-келген адамның айналысқаны дұрыс емес. Ал блогерлер "әлеуметтік сауалнама жүргіздік" деп аттандамай-ақ, "белгілі бір топтың пікірін білдік" десе де болады. Яғни өздеріне ресми тұрғыда айып тағуға жол бермеу керек. Әлеуметтік сауалнаманың құқықтық салдары бар. Ол – сайлау нәтижесіне қарсылық білдіруге негіз болатын құжат, – дейді заңгер.

Өзге сарапшылар заңның бұл нормасы – сайлаудың мейлінше жабық өтуін қамтамасыз ететін кезекті шектеудің бірі деп біледі. "Халықаралық құқықтық бастама" ұйымының сарапшысы Амангелді Шорманбаевтың сөзінше, билік заңға жыл сайын өзіне ыңғайлы өзгеріс енгізіп келеді.

Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев.
Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев.

– Сайлау өткен сайын қоғам өзін көрсетеді, билік осал жерін біліп, іле-шала оны әшкере етуге мүмкіндік бермейтін шектеу ойлап табады. Бақылаушылардың жұмысын шектеу, сайлауға тәуелсіз кандидаттың қатыса алмауы, жекелеген азаматтар белгілі бір партияға үгіт жүргізгісі келсе, партиядан рұқсат алуы керек деген сынды шарттар – осыған мысал, – дейді құқық қорғаушысы.

Бұл пікірмен Liberty қорының жетекшісі Ғалым Ағелеуов те келіседі. Оның сөзінше, билік мұндай өзгеріс енгізу арқылы тек өз мүддесін көздейді.

Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов.
Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов.

– Билік өз беделін сақтап қалғысы келеді, сондықтан олар заңды қайта-қайта өзгертіп, өзінің және билеуші элитаның мүдделерін көбірек қорғайтын нормативтік актілерді қабылдай береді. Сондықтан барлық саяси процесс осы басқарушы элитаның ыңғайына қарай жасалады. Соның кесірінен азаматтық қоғам құқықтары мен бостандықтарынан айырыла береді. Бұрын экзитпол, сауалнама сияқты зерттеулерді қалаған адам сайлау кезінде де, басқа кезде де істей алатын, қазір оларды барған сайын шектеп жатыр, – дейді Ағелеуов.

Оның айтуынша, билік "деградацияға ұшыраған жүйені көрсететін айнаға ашық қараудан, қоғам қажетіне қаншалық сай еместігін сезінуден ұялады".

"ҚОҒАМДЫҚ ПІКІРДІ ДАЙЫНДАУ"

4 қаңтарда Astana TV телеарнасы "Астана зерттеу" қоғамдық қорының сауалнама қорытындыларын жариялады. Телеарнаның хабарлауынша, 25-30 желтоқсан аралығында бетпе-бет сұхбат түрінде жүргізілген сауалнамаға 6800 адам қатысқан.

Сауалнама нәтижесі бойынша, тұрғындардың 88 пайыздайы 10 қаңтарда сайлау өтетінінен хабардар, ал 67 пайызға жуығы сайлауда дауыс беруді жоспарлап отыр. Бұған қоса телеарна сауалнамаға қатысқандардың сайлауға түсіп жатқан қай партияға бүйрегі бұратынын сұрап, оның нәтижесін көрсеткен.

Осы жаңалықтың скриншотын жариялаған "Адал" партиясының атынан мәжіліс депутаттығынан үміткер Мақсат Толықбай бұл сауалнаманың объективтілігіне күмән келтіреді. "Сайлаушылардың шектік 7 пайыз дауысын "Нұр-Отаннан" басқа бірде-бір партия жинай алмапты ғой. Халықтың көзін үйрете берейін деген бе?" деп сауал тастайды ол. Постқа комментарий жазған желі қолданушылардың көпшілігі бұл сауалнаманың шынайылығына сенбейді.

Бұдан бір айдай бұрын. 9 желтоқсанда, "Қоғамдық пікір" зерттеу институты сайлауға қатысты және бір сауалнама қорытындысын жариялады. Оның нәтижесі де осыған ұқсас шыққан еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG