Accessibility links

"Назарбаев Тоқаевтың ойын оқып отырады"


Қасым-Жомарт Тоқаев ант берген сәт. 20 наурыз 2019 жыл.
Қасым-Жомарт Тоқаев ант берген сәт. 20 наурыз 2019 жыл.

20 наурызда ант қабылдап, президенттікке кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаттағы салмағы қандай болады? Сарапшылар пікірі.

Қасым-Жомарт Тоқаев – қазақ жазушысы Кемел Тоқаевтың ұлы, Совет одағындағы беделді оқу орындарының бірі болған Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған.

Оқуын аяқтай сала, 22 жасында Сингапурдегі Совет одағы елшілігіне жұмысқа аттанды. Кейін дипломатиялық карьерасы сәтті жалғасып, екі жыл БҰҰ бас хатшысының орынбасары қызметін атқарды.

65 жастағы Тоқаевтың жеке өмірі туралы ашық ақпарат аз. Әйелі – Надежда Токаева Давыдовна. Жалғыз ұлдары – Тимур Тоқаев 34 жаста. Бес жыл бұрын қазақстандық басылымдар Тимур Тоқаев тең құрылтайшы болған «Аби Петролеум Кэпитал» компаниясы 2012 жылы бір миллиард теңге пайда тапқанын жазған.

Осыған дейін сенатты басқарып келген Қасым-Жомарт Тоқаев 20 наурызда ант беріп, президент қызметіне кірісті. Ант бере сала ол Астана қаласының атын Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен атауды ұсынды. Облыс орталықтарындағы негізгі көшелерге Назарбаевтың атын беруді тапсырды. Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын берді. Сенаттағы орнына Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваны ұсынды. Сенат депутаттары Тоқаевтың ұсынысын бірауыздан қолдап, Дариға Назарбаева парламенттегі жоғарғы палатаның төрайымы болды.

Тоқаевтың Назарбаевқа "Халық қаһарманы" атағын берген сәт. 20 наурыз 2019 жыл.
Тоқаевтың Назарбаевқа "Халық қаһарманы" атағын берген сәт. 20 наурыз 2019 жыл.

20 наурыз күні ел Конституциясына өзгеріс енгізілді. Парламент отырысында Астана қаласын «Нұрсұлтан» деп атау туралы заң жобасын қабылдады. Оған дейін ел Конституциясына өзгеріс енгізіліп (Заңгерлер Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзінде Астана атауын өзгертуге бастама көтеру құқығы жоқ екенін айтты – ред.), конституциялық кеңес те бұл ұсынысқа оң бағасын берді.

Сол күні Петропавл, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Өскемен, Павлодар, Атырауда Назарбаев көшелері пайда болды.

Сарапшылардың сөзінше, 20 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаевтың «президенттік міндеті айқындалған» және ол енді «Назарбаевтың сенімді нөкері болады».

«ТОҚАЕВ ҚОЖАЙЫННЫҢ АЙТҚАНЫНАН ШЫҚПАЙДЫ»

Журналист және құқық қорғаушы, Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро өкілі Сергей Дувановтың жазуынша, «билік ауысты, енді өзгеріс болады» деп қуануға әлі ерте.

«Жаңа президент жұмысын неден бастады? Астана атын Нұрсұлтан деп өзгертуден бастады. Бұл екінші президенттің жұмысын, алдағы мақсатын көрсетті. Екінші президент – алғашқы президенттің шекпенінен шыққан, тәрбиесін көрген адам. Демек, ол қожайынның айтқанынан шықпайды» деп жазды Дуванов Facebook парақшасында.

Мәжіліс депутаты Ахмед Мурадовтың сөзінше, Астана атауын «Нұрсұлтан» деп өзгертуге Тоқаевтың «қатысы жоқ». Депутаттың ойынша, бұл – пісіп-жетілген ұсыныс.

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро жетекшісі Евгений Жовтистің ойынша, Тоқаевты Назарбаев кланы басып тастады: үстінде – Назарбаев, астында – сенат спикері болған Дариға Назарбаева.

- Дегенмен, Тоқаев бірінші қадамынан-ақ Назарбаев сияқты өзін жарнамалайтын көрсетті. Батысқа гендерлік теңсіздік тұрғысынан мұсылман елінде биліктегі екінші адамның әйел болғаны ұнайтыны анық. Бұл – Тоқаев үшін халықаралық пиар, - дейді Жовтис.

Сарапшының пайымдауынша, Тоқаев құрылымдық күштердің басшыларының да қоршауында отыр.

- Назарбаев Тоқаевтың айналасына ҰҚК адамдарын қойды. Ол – ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов пен қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың ғана емес, ол – он жыл ҰҚК жұмыс істеп, бас прокуратураға барған Ғизат Нұрдәулетов. Назарбаев Мәсімов пен Ермекбаевқа генерал шендерін беріп, өзіне жақындатып алды. Сондықтан Назарбаев Тоқаевтың не істегенін біліп, тіпті ойын оқып отырады, - дейді Жовтис.

«Ар.Рух.Хақ» қоғамдық құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина Назарбаев президенттіктен кеткенін кейін елде демократиялық өзгерістер болар деп үміттенген. Бірақ Тоқаевтың ант берген шарасынан кейін «бұл үміті сөнген».

- Тоқаев ешқандай демократиялық өзгерістерге қадам жасамайтынын түсіндім. Саяси себептермен түрмеге қамалған Мұхтар Жәкішев, Арон Атабек, Макс Боқаев және басқаралды түрмеден босатпайды. Серікжан Біләшті қудалауды тоқтатпайды, - дейді ол.

Төреғожина 2000 жылдары Қазақстан премьер-министрі болып тұрғанда Тоқаев сол кезде құрылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» оппозициялық қозғалысын «киндер-сюрприз» деп атағанын еске алды.

Қазақстан билігі 2018 жылы наурызда ҚДТ қозғалысын экстремистік ұйым деп таныған еді.

«ҚАЗАННЫҢ ИЕСІ КІМ?»

Саясаттанушы Досым Сәтпаев «Қазақстанның көпвекторлы саясаты сол күйі қалады. Қазақстан АҚШ, Ресей, Қытаймен қарым-қатынасын жалғастыра береді» дейді.

Мәжіліс депутаты Владислав Косаревтың пайымдауынша, Тоқаев сыртқы саясатта Ресеймен қарым-қатынасты дамыта түседі. Депутат "Қытаймен де экономикалық қарым-қатынасты нығайтып, сол жақтан инвестиция тарту керек" деп санайды.

- Бірақ бұл қымбатқа түседі, - деді депутат.

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, «Назарбаев Тоқаевқа жан-жағынан күштік құрылымдармен мығымдалған билікті қалдырды. Жаңа президент Назарбаевтың қарамағында болады және оған бағынады».

Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюро директоры Евгений Жовтис «биліктің екі тармағы – президент пен Қауіпсіздік кеңес төрағасы арасында тартыс бола ма?» деген сауалға:

- Мұндай сценарий болуы мүмкін емес, себебі Тоқаев Назарбаевқа адал. Оған қоса, «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды». Ал Назарбаев қазанды басқарып отыр, - деп жауап берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ант берген сәт. 20 наурыз 2019 жыл.
Қасым-Жомарт Тоқаев ант берген сәт. 20 наурыз 2019 жыл.

Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялаған. Ол мәлімдемесінде сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан.

Билік басына совет заманында көтерілген Назарбаев әуелі экономиканы дамыту саясатын ұстанатынын жиі мәлімдеген, бірақ халықаралық және жергілікті құқық қорғау ұйымдары оны қоғамды демократияландыруды тежеді, отбасы мүшелерін мемлекет қызметі мен ірі бизнес саласына орнықтырды деп сынап келген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG