Accessibility links

Ескі мүшелері көп жаңа үкімет өзгеріс әкеле ме?


Президент Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеп отыр. Астана. 9 ақпан, 2018 жыл. Баспасөз орталығының мониторынан түсірілген сурет.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеп отыр. Астана. 9 ақпан, 2018 жыл. Баспасөз орталығының мониторынан түсірілген сурет.

Қазақстанда іске кіріскен жаңа министрлер кабинетінде осының алдында тараған үкімет құрамында болғандар көп. Жаңарған басшылар әлеуметтік және білім салаларына жаңа леп әкеледі деп үміттенетіндер де, саяси реформасыз еш өзгеріс болмайды деп санайтындар да бар.

КАБИНЕТКЕ ҚАЙТА ОРАЛҒАНДАР МЕН ЖАҢАДАН КЕЛГЕНДЕР

Ақпанның 26-і күні жаңадан тағайындалған премьер-министр Асқар Мамин басқаратын үкімет Астанада алғашқы отырысын өткізді. Онда үкімет құрамына жаңадан енген министрлер ант берді.

Жаңа үкіметтің құрамын дүйсенбіде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жарлығымен бекіткен. Оның құрамында содан төрт күн бұрын Назарбаев сынға алып, "қызметтен кетуі тиіс" деп мәлімдегеннен кейін тараған экс-премьер Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметтің мүшесі болғандармен бірге араға уақыт салып министрлер кабинетіне қайта оралғандар және жаңадан енгендер бар.

Үкіметтің кеткені мен келгені әлеуметтік желіде талқыланған негізгі тақырыптардың біріне айналды. Үкіметтің тарағанына қуанғандар "соңғы кездері әлеуметтік жағдайға байланысты мәселенің көбейгеніне премьер-министр Бақытжан Сағынтаев үкіметінің әлсіздігі себеп болды" деп санайды.

Енді біреулер "үкіметтегі ауыс-түйіс елдегі жағдайға айтарлықтай әсер етпейді, "қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен қосынды өзгермейді" деген пікірде. 14 министрліктен тұратын жаңа үкіметте премьер-министр мен оның орынбасарларынан өзге тек төрт министр өзгергенін көргенде мұндай пікірлер тағы да қайталанды.

Күні кешеге дейін Ақтөбе облысының әкімі болған Бердібек Сапарбаевтың еңбек және әлеуметтік қорғау министрі қызметіне екінші рет тағайындалғаны көпшілік назарын аударды. 1990 жылдан бері жоғарғы биліктің төңірегінде жүрген Сапарбаев бұған дейін министр, облыс әкімі болған, премьер-министрдің орынбасары қызметін де атқарған. 2007-2009 жылдар арасында еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болып істеген.

Бердібек Сапарбаевтың тағайындалуына байланысты әлеуметтік желіде түрлі пікірлер айтылды. Әлеуметтік желі қолданушы Халима Тәжіқұл жаңа министрді "Декреттік ақшаны көбейткен алғашқы министр" деп сипаттайды.

- 2007 жылы заң қабылданды, 2008 жылы үшінші балама декретке шығып 530 мың теңге алғам. Ойлаңызшы, 2008 жылы жарты миллион теңге төледі ғой! Сосын оның орнына келген апайлар декреттік ақшаны есептеу жүйесін өзгертіп жіберді де, декреттің ақшасы да, демография да мандымады, - деп жазады ол.

Соңғы үш аптада Қазақстанда көп балалы аналардың наразылығы күшейген. Олар биліктен әлеуметтік жағдайды жақсартып, баспана мәселесін шешуді талап еткен. Аналар наразылығы 4 ақпанда бір отбасының бес баласы опат болған Астанадағы өрттен кейін басталған.

Аналардың билікке талабы:

Билікке наразы көп балалы аналар
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:47 0:00

Әлеуметтік желі қолданушы Марат Байділдаұлы білім және ғылым министрі қызметіне тағайындалған Күләш Шәмшидинованы "орнын тапқан министр" деп бағалайды.

- Білім министрлігін көбіне мұғалімдік мамандықтан алыс адамдар басқарып лағып кетіп еді. Ерлан Сағадиевтің білім саласындағы былықтарын түзету үшін де көп күш-жігер қажет екені анық. Бұрын мектепте тікелей істеп көрген адам ғана мектеп пен мұғалім жайын біледі. Күләш Ноғатайқызы қазақ мектебін де, қазақ білімін де көтереді деп сенеміз, - деп жазады ол.

Білім саласында жекеменшік мектеп ісін дамытумен таныла бастаған Аятжан Ахметжанұлы да Шәмшидинованың тағайындалуын құптайды. Бірақ ол жаңа министрдің бұл қызметте ұзақ отырарына күмән келтіреді.

- Таяуда 61 жасқа толады. Заң бойынша, келесі жылы президент сайлауы өткен соң үкімет қайта жасақталады. Сондықтан он бесінші министр бұл орында ұзақ отырады деп айта алмаймын. Сағадиевке дейінгі 13 министр секілді ең ұзағанда бір жарым жылдан соң зейнетке кетеді, - деп болжайды ол.

Күләш Шәмшидинова 2007-2009 жылдары білім және ғылым министрінің орынбасары қызметін атқарған.

Бұрын жоғары оқу орнында сабақ берген журналист Нұрлыбек Саматұлы "Шәмшидинованың министр болғанынан гөрі жұрт білім саласындағы бастамаларына қоғамда жиі сын айтылған Ерлан Сағадиевтің бұл қызметтен кеткеніне қуанып жатыр" деп сипаттайды.

Жаңадан тағайындалған ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2000 жылдардың бас кезінен түрлі министрліктерде қызмет еткен. 2008 жылы қаржы министрінің орынбасары, 2017 жылдан ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметіне тағайындалған Роман Скляр бұған дейін министрдің бірінші орынбасары болып істеген. Оның алдында әр жылдары инвестиция және даму вице-министрі, ұлттық экономика министрінің орынбасары, "Қазақстан темір жолы" компаниясы басшысының орынбасары болды. Алтыншы шақырылымдағы парламент мәжілісіне "Нұр Отан" партиясынан депутат болып сайланған.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров 2014-2016 жылдары ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары болып көрген. Ол - Асқар Мамин кабинетіне парламент мәжілісінен келген әзірге жалғыз министр.

Азаттық сауалнамасы. Жаңа үкіметтен не күтесіз?

Жаңа үкіметтен не күтесіз?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:40 0:00

"ӨЗГЕРІС БОЛУЫ ҮШІН САЯСИ РЕФОРМА ҚАЖЕТ"

Құқық қорғаушы Сергей Дуванов үкіметтегі ауыс-түйістер жайлы Facebook парақшасында "қазақстандықтардың президент Нұрсұлтан Назарбаев елді әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан алып шығатын әлдебір мифтік тұлға тағайындайды деп үш күн бойы күткенін" жазыпты.

- Ондай мифтік тұлғаны президент қайдан алады деп ешкім ойлаған жоқ. Президенттің колодасындағылардың бәрі бұрыннан сапырылысып жүргендер. "Патша жақсы, уәзірлері жаман" дегенге әлі күнге сенетініне қайран қаламын. Мәселе үкіметте емес, оны тағайындаған адамға байланысты екенін халық түсінгенше осылай жалғаса береді, - дейді ол.

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев үкімет өз міндетін атқара алмағанын Қазақстан президенті тарихта бірінші рет мойындады деп санайды.

- Үкімет мүшелерін кім тағайындайтынын білеміз. Сондықтан жауапкершілік президенттің өзіне де тиесілі. Жаңа кабинет мүшелерінің бәрі бұрыннан үкімет айналасында жүргендер. Ауыл шаруашылығы, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, білім және ғылым министрлігі – ең ауыр салалар. Саяси салмағы бар Бердібек Сапарбаевты еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне тағайындағаны әлі күнге жалғасып жатқан көп балалы әйелдер наразылығының салдары болар. Күләш Шәмшидинова білім саласындағы кейбір теріс реформаларды жөнге салады деп үміттенемін, - дейді ол.

Қазбек Бейсебаев "үкімет президент тапсырмасын орындаушы ғана, оған дербестік, жауапкершілік беру керек" деп есептейді.

- Бақытжан Сағынтаевта қарамағындағы министрді қызметінен алу құзыреті де болған жоқ. Асқар Мамин бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовтің сыныптасы екені де біраз жайтты аңғартады. Үкімет шын мәнінде дербес билік тармағы болмай үлкен өзгеріс болады деп ойламаймын. Ол үшін саяси реформа керек, - дейді ол.

Өткен аптада Назарбаев "экономиканың сапалы өсіміне қажетті ынталандыру жасамады және халықпен жұмыс істей алмады" деп үкімет жұмысын сынағаннан кейін Бақытжан Сағынтаев басқарған министрлер кабинеті тараған болатын. Сағынтаев Қазақстан үкіметін 2016 жылдың қыркүйегінен бері басқарып келген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG