Accessibility links

"Халықпен жұмыс дұрыс жүрмей тұр"


Қазақстан ауыл шаруашылығы министрінің бұрынғы орынбасары Арман Евниев. (Сурет ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтынан алынды).
Қазақстан ауыл шаруашылығы министрінің бұрынғы орынбасары Арман Евниев. (Сурет ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтынан алынды).

Ақпанның 21-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті отставкаға жіберген. Сол күні кешкісін ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев Facebook желісі арқылы мемлекеттік қызметтен кететінін жариялады. Министр орынбасарының қызметтен кету туралы арыз жазуына не себеп болды?

Арман Евниев Facebook желісіндегі жазбасында "бар күшін салып жұмыс істесе де, нәтиже шығара алмағанын, үкімет жұмысына әрбір жоғары мемлекеттік қызметкер, соның ішінде өзі де жауапты екенін" айтқан. Оның сөзінше, үкіметтің мемлекеттік басқару тәсілін өзгертіп, жаңа заманға бейімдеуі тиіс "Жобалық менеджмент" бағдарламасы іске аспаған.

"Салық төлеушілердің ақшасы мен күшімді, уақытымды бітпейтін отырыстарға, мәжілістер мен дөңгелек үстелдерге, хаттар мен баяндамаларға жұмсауды тоқтатып, жұмыстан кетіп, басқа істермен айналысайын" деген ол жазбасында.

Осыған орай Азаттық тілшісі Асылхан Мамашұлы Арман Евниевке хабарласып, мән-жайды тарқатып айтуды сұраған еді.

Азаттық: - Мемлекеттік қызметтен кететініңіз жайлы үкімет отставкасынан кейін мәлімдедіңіз. Бұрын неге айтпадыңыз?

Бәрі қағазбен, құжатпен шұғылданады. Ал нәтиже екінші кезекте тұрады. Осы жүйені өзгертуге қанша рет талпынып көрдім, бірақ болмады.

Арман Евниев: - Шынымды айтсам, ауыл шаруашылығы министрлігіне қайта келгеніме қаңтардың 16-сы күні бір жыл болды. Осы бір жылда қызметтен босату туралы кем дегенде үш рет арыз бердім. Әуелі осы қызметке келгенде мемлекеттік басқаруға "Жобалық менеджмент" әдістемесін енгізуді көздеген болатынмын. Министр қолдады, қажетті құжаттарды бекітті. Бірақ [министр] үкіметте, парламентте, "Нұр Отанда", тағы басқа жерлердегі өтетін бүкіл жиналыстар, отырыстар, мәжілістерге бірінші вице-министрді жібереді. Таңнан кешке дейін жиында жүремін. "Жобалық менеджментті" жүзеге асыруға уақыт жоқ. Сондықтан "мені бірінші вице-министр қызметінен босатыңыз, осы жобамен тікелей айналысайын" дедім. Министр келіспей, "уақыт тауып істе" деді. Бірақ бүкіл жүйе дұрыс істемей тұрғанда басқа нәтиже күту қиын. Біздің министрлікте де солай. Бәрі қағазбен, құжатпен шұғылданады. Ал нәтиже екінші кезекте тұрады. Осы жүйені өзгертуге қанша рет талпынып көрдім, бірақ болмады. Бізде бүкіл жиналыстардың форматы есеп беру ретінде өтеді. Қаншама қызметкер соған уақытын жұмсайды. Оны ұйымдастырудың өзіне қаржы кетеді. Меніңше, бұл форматты өзгерту керек.

Азаттық: -"Жобалық менеджмент" деген не?

Арман Евниев: -"Жобалық менеджменттің" бірнеше қағидасы бар. Қысқаша айтқанда, кез келген бағдарламаның мақсаты жалпылама емес, нақты болу тиіс. Қазір бізде бағдарлама көп, бірақ жауап беретін нақты адам жоқ. Әртүрлі министрліктерге жүктеледі, олар әртүрлі шара өткізген болады. Ал нәтижеде ешкімнің шаруасы жоқ. Өйткені оған жауапкершілік қарастырылмаған. Олай болмауы керек. Бағдарламаға нақты жауап беретін жоғары лауазымды қызметкер көрсетілсін, ол соны орындаймын, орындамасам қызметімнен кетемін деп қол қойсын. Екіншіден, бағдарлама күнделікті жұмыстан көрінсін. Үлкен жобалар басталғанда кем дегенде апта сайын нақты мониторинг жүргізіліп, не істелгені, не істелмегені айтылуы тиіс. Ал қазір бағдарлама қабылданғанымен, ол жылына бір рет есеп бергенде ғана еске түседі.

Азаттық: -Бұл бастама неге жүзеге аспады?

Арман Евниев: - Үкіметте ешкім тыңдамады, мән бермеді. Жаздым да, айттым да, назар аудармады.

Азаттық: - Сіз "жүйе" туралы айттыңыз. Саяси жүйені меңзедіңіз бе, әлде тек үкіметті айттыңыз ба?

Арман Евниев: - Менеджментті айтып отырмын. Менеджмент – басқару, істі жүргізу тәсілі. Оны дұрыс пайдалана білу керек. Халықпен ашық әңгімеге барып, жанды жұмыс жүруі керек. Өкінішке қарай, олай болмай тұр.

Азаттық: - "Үкіметте қағазбастылық көп" деп те сынадыңыз?

Арман Евниев: - Қағазбастылық үкіметтің өзінен басталады. Мәселен, біз еңбек өнімділігін бес жылда екі жарым есе көтеруіміз керек. Біз оның жаңа тәсіл бойынша нақты индикаторларын көрсетіп, әр вице-министр мен әкімнің орынбасарларына бөліп бердік. Оны орындау үшін қандай шара керек екенін ол өзі шешуі тиіс. Ал қазіргі қалыптасқан жағдайда оның бәрін үкімет бекітеді. Әлгі іске жауап беретін қызметкер нақты іспен шұғылдану орнына, үкіметке хат жазумен шұғылданады. Президент осы заманға сай қаншама талап қойып жатыр. Оны ескі жұмыс тәсілімен орындау мүмкін емес. Ескіше жұмыс істеп, жаңа нәтиже күтуге болмайды.

Азаттық: - Жаңа үкімет жұмыс тәсілін өзгерте алады деп ойлайсыз ба?

Арман Евниев: - Бұрынғы жұмыс тәсілінен бас тартса, өзгеруге болады. Оған көп қаржы керек емес.

Азаттық: - Сіз бұрын да ауыл шаруашылығы министрлігінен кетіп, қайта оралдыңыз. Осы жолы да қайтып келуіңіз мүмкін бе?

Арман Евниев: - Қызметтен кететінім жайлы арызды бүгін (22 ақпан – ред.) бердім, әлі үкімет шешімі қабылданған жоқ. Ал мемлекеттік қызметтегі басқару тәсілін өзгерту туралы идеяны жүзеге асыруға сырттан да көмектесе аламын.

Арман Евниевтің Facebook желісіндегі жазбасына қатысты ауыл шаруашылығы министрлігі ешқандай пікір білдірген жоқ. Ақпанның 21-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел үкіметін отставкаға жіберген. Назарбаев отставка туралы жарлыққа қол қоймас бұрын арнайы мәлімдеме жасап, Бақытжан Сағынтаев басқарған үкімет жұмысын сынаған.

Назарбаев мәлімдемесінде: "Көптеген заңдар мен үкіметтің шешімдері қабылданса да, экономикада оң өзгеріс болмады, мақсаттар орындалмады. Ішкі жалпы өнім тек шикізат есебінен өсіп жатыр. Үкімет пен ұлттық банк экономиканың өсуіне жағдай жасай алмады. Мемлекеттік бағдарламалар орындалғанымен негізгі бағыттар бойынша нақты нәтижеге қол жетпеді. Жұмыс орындары аз құрылып жатыр. Әсіресе, ауылдарда жұмыс орындары аз. Шағын және орта бизнес өскен жоқ. Шағын және орта бизнесті дамыту әкімдер мен министрлердің негізгі міндеті болған еді" деген.

Назарбаев "әлеуметтік, инфраструктура және денсаулық, білім саласын дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар қабылданғанымен, жүйелі жұмыс жасалмағанын" айтқан.

Қазақстан президенті халықтың табысы өспегенін, азық-түлікке кететін шығынның көбейгенін айта келе: "Бұл үкіметтің, министрлер мен әкімдердің халықпен жұмыс істей алмайтынын, халықтың мәселесін тыңдай алмайтынын көрсетеді. Менің ойымша, үкімет отставкаға кетуі керек. Жаңа үкімет халықтың жағдайын көтеріп, экономиканы дамытуы үшін нақты қадамдар жасауы тиіс" деді.

Қазақстан президентінің пайымдауынша, Сағынтаев үкіметі бюджет қаржысын дұрыс пайдаланбаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG