Accessibility links

Мүгедек жандарға жол жүру билетінің орнына бір реттік өтемақы ұсынды


Қалалық жолаушылар автобусы. Көрнекі сурет
Қалалық жолаушылар автобусы. Көрнекі сурет

Теміртауда мүмкіндігі шектеулі азаматтар биліктен қала автобустарында тегін жүруге мүмкіндік беруді бірнеше рет сұрады. Ал билік "екі мерекеде ақшалай өтемақы берейік, жолақыны сонымен төлеңдер" деп жауап берген. Кейбір азаматтар биліктің шешімімен келіспей отыр.

БЕЛСЕНДІ МҮГЕДЕКТЕР ТЕГІН ЖҮРУДІ АРМАНДАЙДЫ

Екінші топтағы мүгедек, бірінші сыныпта оқитын қызы бар Валентина Суглобова күніне он рет, кейде одан да көп автобуспен жүреді. Жас әйел равматоидтық полиатритке шалдыққан, қосымша сырқаттары да жетерлік. Сырқатына қарамастан Валентина белсенді өмір салтын ұстанады, бірақ жүруге қиналатыны көрініп тұр. Сондықтан автобуспен жүруге тырысады.

Валентина қыркүйек айында шенеуніктердің мүгедектер арасында сауалнама жүргізгенін, жергілікті әкімдікте жақында өткен жиында тегін жол жүру билеті орнына бір реттік ақшалай өтемақы беру туралы шешім қабылданғанын кеш білген.

Валентина Суглубова мүгедектерге қалалық автобустарда тегін жүруіне мүмкіндік берілуі тиіс деп санайды
Валентина Суглубова мүгедектерге қалалық автобустарда тегін жүруіне мүмкіндік берілуі тиіс деп санайды

- Бір күнде жолға мың теңгеден артық ақша кетеді, кейде тіпті мың жарым теңге жұмсаймын, қажетті жерге жету үшін бірнеше автобусқа отыру керек болады. Бір аялдама жүретін жерге де автобусқа отырамын, себебі жаяу жүру маған қиынға соғады. Аяғым ісіп кетеді, әзер қозғаламын. Ал инватаксиды қолдануға рұқсатым жоқ. Сондықтан жол жүру билетін алып, қала автобустарында тегін жүрсем өте жақсы көмек болар еді, - деді Валентина Суглобова Азаттық тілшісіне.

Екінші топтағы мүгедек 54 жастағы Валентина Колотилина дисциркуляторлық энцефалопатия дертіне шалдыққан, яғни, ми қан тамырларында қан айналымы бұзылған. Әйелдің айтуынша, ми қан тамырлары ғана емес, омыртқасы да ауырады.

Соған қарамастан Валентина Колотилина көп қозғалады. Биліктің жол жүру билеті емес, бір реттік өтемақы беру шешімі туралы ол таныс мүгедектерден естіген. Әйелдің айтуынша, мүгедектік үшін берілетін азғантай жәрдемақыға ақша да артық етпейді, бірақ күн сайын көп жүретін белсенді мүгедектерге тегін билет дұрыс болады.

Жолаушылар автобусы. Көрнекі сурет
Жолаушылар автобусы. Көрнекі сурет

- Үшінші және екінші топтағы мүгедектігі бар белсенді адамдар дәрігерлерге жиі баруы керек. Көп анализ тапсырып, дәріханаларға барады; балаларын мектеп пен секцияларға апарады, күнкөріске қажетті ақша табуы керек, сондықтан тегін жүруге мүмкіндік беретін жол жүру билетіне мұқтаж. Ал аз қозғалып, автобусты сирек қолданатындарға ақшалай өтемақы алған тиімді. Осылай бөлсе жақсы болар еді. Мысалы, маған күн сайын бір жаққа бару керек, кейде үнемдеп жаяу жүремін, - деді Азаттық тілшісіне Валентина Колотилина.

Жол жүру билеті 48 мың теңге тұрады, оны қалада тек бір автотасымалдаушыдан алуға болады. Демек, жыл бойы белгілі бір маршруттармен жүру мүмкіндігі бар. Көлікті жиі қолданатын мүгедектердің мәселесі онымен шешілмейді. Сондықтан көбі биліктен тегін жүруге жағдай жасауды сұрайды.

БИЛІК ҰСЫНЫСЫ

Жақында Теміртау билігі есеп берді: әкімдікте қала әкімі мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесті. Жиынға мүгедектерге қала көлігінде тегін жүру мүмкіндігін беру мәселесінің бірнеше рет қозғалуы себеп болған. Сол үшін арнайы жұмыс тобы құрылған.

Билік өкілдері мүгедектерді тегін жол жүру билетімен қамтамасыз ете алмайтынын айтқан. Себебі, бірінші және екінші топтағы мүгедектер мен 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға қоғамдық көліктің барлық түріне жеңілдік беру "Қазақстан Республикасының азаматтардың жекелеген санаттарына жеңілдіктер беру мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы бойынша күшін жойған.

"Мүмкіндігі шектеулі адамдардың мәселесін шешудің жалғыз жолы – бір реттік ақшалай өтемақы беру, сол ақшаны қалалық көліктерге төлесін" дейді.

Әкімдік ақпараты бойынша, Теміртау қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі "биыл 25-27 қыркүйек аралығында қаладағы қоғамдық көлікте жүруге жеңілдік беру әдісін анықтау үшін 189 мүмкіндігі шектеулі адам арасында сауалнама жүргізген". Жүргізілген талдау мүгедектердің жартысынан көбі "бір реттік өтемақы алуды құптайтынын, көбіне таксимен жүретіндерін" көрсеткен.

Сауалнама нәтижесі бойынша респонденттердің 31 пайызы ғана тегін жол жүру билетін алғысы келген. Теміртауда 6,5 мың мүгедек тұрады, олардың бір жарым мыңға жуығының тірек-қозғалыс аппаратына зақым келген. Олар арба, балдақ, таяқпен қозғалады. Шенеуніктердің айтуынша, "мүгедектердің жоғарыда айтылған категориясы қоғамдық көлікті пайдалана алмайды".

- Жұмыс тобындағы депутаттармен сөйлестік, заңгерлер мен қаржылық бөлім бізбен бірге жұмыс істеді. Басқа қалалардағы тәжірибені Теміртауда қолдана алмайсың, қалалық көлікте жүруге әлеуметтік көмек көрсету қарастырылмаған. 2019 жылға арнап қалалық бюджеттен жол жүруге жеңілдік ретінде Наурыз мейрамында барлық санаттағы мүгедектерге бір реттік 30 мың теңге беру бекітілді. Бұл 195 миллион теңге. Оған қоса әрқайсына жыл сайынғы материалды көмек ретінде Конституция күніне бес мыңнан төленеді. Осылайша барлығы 35 мың теңге төленеді, оны қалағанынша жол ақысын төлеуге жұмсаса болады, - деді Азаттыққа депутат Алексей Ломакин.

Қала билігі мәлімдеген ақпарат бойынша, әлеуметтік көмек мөлшері – 30 мың теңгені Қарағанды облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасымен бекітіліп, келісілген.

Қарай отырыңыз: Мүгедек жандар құқығы шектеліп жүр ме?

"ИНВАТАКСИ БӘРІНЕ ЖЕТПЕЙДІ"

Теміртау қаласы әкімдігінің хабарлауынша, мүгедектердің өтінішіне орай биыл қарашада инватакси қызметі бойынша қосымша әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру басталады. Екі қосымша көлік ақырын қозғалатын 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларды; аяғы кесілген екінші топтағы мүгедектерді; арбамен қозғалатын екінші топ мүгедектерін тасиды.

Бірақ инватакси қызметін мүгедектердің бәрі бірдей және үнемі қолдана алмайды. Инватакси қолданушылардың арнайы санаты бар, олар баратын нысандар тізімі бар және көлікке белгілі бір уақытта тапсырыс беруі керек.

Қазіргі кезде инватакси көмекшімен жүретін бірінші топ мүгедектері мен мүгедек арбасымен жүретін екінші топ мүгедектеріне қызмет көрсетеді. Ресми ақпарат бойынша 2018 жылдың тоғыз айында Теміртауда инватакси қызметін 1030 мүгедек қолданған (бір айда шамамен 110 адам). 13 миллион 400 мың теңгенің сомасына 5,5 мыңға жуық тапсырыс орындалған.

Таяқ ұстаған ер адам көшеде кетіп барады. Көрнекі сурет
Таяқ ұстаған ер адам көшеде кетіп барады. Көрнекі сурет

Бұрын жеңілдікті (қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру) барлық топтағы мүгедектер мен өзге де санаттағы адамдар қолдана алатын. 2015 жылы Теміртау билігі "бюджет тапшылығы" деп қоғамдық көлікте тегін жүру жеңілдігін алып тастаған.

Жеңілдіктен айрылған мүгедектер биліктің шешімін "антиәлеуметтік" деп атап, мәселе етіп көтерді. Теміртауда автобуспен жүру құны 70 теңге. Қазақстанның кейбір қалаларында мүгедектер әлі де автобуспен тегін жүреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG