Accessibility links

Жезөкшелік жайлы жасырын видео түсірген блогерлер дауға қалды


Тәжік блогерлері түсірген видеодан алынған скриншот.
Тәжік блогерлері түсірген видеодан алынған скриншот.

Тәжікстан астанасы Душанбедегі жезөкшелік жайлы жасырын видео түсірген блогерлер дауға қалды. Билік оларды "азаматтардың жеке өміріне қол сұқты" деп айыптап отыр.

Даулы видеоның авторлары шағын фильмде Душанбеде "жезөкшелерді" жалдамақ болған екі клиент ретінде көрінеді.

Екі ер адам "жыныстық қызмет ұсынған" бірнеше әйелді жеке-жеке көлігіне отырғызып алып, олардан "қызмет түрлері" жайлы және сол үшін қанша ақша алатыны жайлы сұрайды.

Көлік ішіне жасырылған камераға жазылған әрбір "сұхбатта" блогерлер тақырып ауанын біртіндеп өзгертіп отырады. Әуелі олардан отбасылық жағдайын сұрап, олардың не үшін "тәнін саудалап жүргенін" білмек болады.

Жасырын камерадан хабарсыз әйелдер көлікке мініп, жүргізуші жанындағы алдыңғы орынға отырып, бағасын келісе бастайды.

Видеода әйелдердің бет-жүзі "эмодзимен" жасырылған, бірақ дауыстары өзгертілмеген. "Сұхбат берген" әйелдердің барлығы кедейлік себебінен "жезөкшелікпен" айналысуға мәжбүр болғанын, балаларын асырау үшін амалсыз осы іске бардым деген.

Бір әйел бауырының қарызын өтеу үшін тән саудасына барғанын және жиендерінің "жаман жолға түскенін" қаламайтынын айтқан.

Әрбір "сұхбаттан" соң блогерлер оларға ақша беріп, "тым болмағанда бір түн жезөкшелікпен айналыспай", тура "үйлеріне қайтуға" кеңес береді.

Әйелдер бұған таңғалып, әуел баста сенбейді. Бірақ сәлден соң ақшаны алып, бала-шағасына оралуға уәде береді.

"ТӘНІН САУДАЛАҒАНДАРДЫ" ТАРАТУ ҮШІН АҚША БЕРУ КЕРЕК"

Видео соңында блогерлер камераға сөйлеп, тәжік ер азаматтары мен билік өкілдерін "тән саудасына жол бермеуді", адамшылық көрсетіп, әйелдерді ақшамен қамтамасыз ету керектігін айтады. "Сол кезде олар отбасыларына оралады" деп айтқан.

Жасалған күні көрсетілмеген душанбелік төрт блогердің видеосы бастапқыда 24 мың жазылушысы бар Youtube-тағы арналардың бірінде жарияланды. Арнадан алынып тасталған видео кейінірек интернетте шілденің 19-ы күні қайта жарияланды. Youtube-тағы түрлі арналарда жылдам таралған видеоны мыңдаған адам көрген.

Видео Youtube-та жариялана сала көп кешікпей тәжік полициясы да оған назар аударды. Полиция дерегінше, Рустам Ашуров, Юсуфжон Давлатмурод, Шахриор Жалилов және Бехруз Мажидион азаматтардың "жеке өміріне қол сұқты" деп айыпталған.

Оларға ресми түрде "азаматтардың жеке өмірі туралы ақпаратты заңсыз жинады және таратты" деген айып тағылды және алдағы уақытта соты өтпек.

Егер блогерлер сотталса, оларға ең көп дегенде 2500 АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынуы мүмкін немесе 12 айға дейін қоғамдық жұмысқа жегілуі мүмкін.

"Полиция бізге камераға жасырын түсірілген алты әйелдің шағым түсіргенін айтты" деді Ашуров Азат Еуропа/Азаттық тілшісіне шілденің 29-ы күні.

Тәжік блогері Рустам Ашуров.
Тәжік блогері Рустам Ашуров.

Шағым түсірушілер блогерлерді "жасырын істерін әшкере қылды" деп айыптаған, соның салдарынан кейбірі жақындарымен байланысын үзген.

Ал блогерлер өздерінің кінәсіз екенін айтып отыр. Олар тек Душанбедегі "шынайы өмірді" көрсеткіміз келді деген.

Ашуровтың айтуынша, блогерлер "жыныстық қызмет көрсететін" әйелдердің қиын тағдырына көптің назарын аударғысы келген, олар жайлы қоғам пікірін өзгертуге тырысқан.

Тәжікстанда ресми түрде жезөкшелікке тыйым салынған және қылмыс ретінде есептеледі, онымен айналысқандарға айыппұл салынады. Қайталап жасаса, 15 күнге дейін қамалуы мүмкін.

Басым бөлігі ислам дінін ұстанатын 9,2 миллион халқы бар Тәжікстанда "тәнін саудалаған" адамдарды қоғам үнемі жазғырып, табалайды.

Ашуровтың айтуынша, блогерлер қоғамдағы өте даулы, қарама-қайшы мәселені қозғап отырғанын білген, бірақ бұл осылайша сотпен аяқталады деп күтпеген.

"Біз видеоның тез таралатынын білдік... тіпті полицияда тергелетінімізді де алдын ала болжай алдық, бірақ осыншалықты деңгейде қылмыстық іске тап боламыз деп ойлаған жоқпыз" дейді Ашуров.

Өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып отырған блогерлер адвокат жалдамайтынын да айтып отыр.

"Адвокат жалдауға ақшамыз жоқ. Не болса да, сот үкімін күтеміз, басқа амал жоқ" деді Ашуров.

Тәжікстан үкіметін тәуелсіз баспасөз, саяси қарсыластары мен сыншыларын қудалайды деп жиі сынайды.

2019 жылғы әлемдік баспасөз бостандығы рейтингісінде "Шекарасыз тілшілер" ұйымы Тәжікстанды 180 елдің арасында 161-орынға (неғұрлым көп болған сайын, соғұрлым нашар) қойған.

Билік сонымен бірге елде Facebook, Youtube сияқты әлеуметтік желілерге кіруді шектейді.

(Азат Еуропа/Азаттық сайтында шыққан мақала аударылып басылды).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG