Accessibility links

Бір өзі 2100 адамды атқан жендет


Ресейде Сталин заманындағы жендеттер туралы деректерге қол жеткізу мүмкін емес. Ал Украинада қауіпсіздік қызметінің (УҚҚ) мұрағаттары ашық, зерттеушілер совет қауіпсіздік қызметінің бұрын құпия болған жүздеген мың құжатын зерттеп жатыр.

Бұған дейін "Киімге қан тигізбеңдер" атты мақалада қуғын-сүргін кезінде Киевте мыңдаған адамды өз қолымен атқан Иван Нагорныйдың (1902-1941) тағдыры туралы баяндаған едік. Петербургтік зерттеуші Константин Богуславский тағы бір мемлекеттік қауіпсіздік қызметі офицері, Днепропетровскідегі тұтқындарды аяусыз қырып-жойған Наум Турбовскийдің жеке ісін зерттеп жатыр.

ӨЗ ҚОЛЫМЕН 2100 АДАМДЫ АТҚАН

1937 жылы жазылған аттестациялық парақта Турбовскийге былайша сипаттама берілген: "Өз жұмысын жақсы біледі. УНКВД ішкі түрмесіне қамалғандарды күзету мен оқшаулауды, тұтқындарды тергеуге әкелу ісін ойдағыдай ұйымдастырды, осылайша тергеудің сәтті өтуіне ықпал жасады. Турбовский жолдас халық жаулары мен астыртын әскери-фашистік іс-қимылға қатысушыларды, тыңшылар мен диверсанттарды қатаң жазалау бойынша қыруар шаруа атқарып, үкімдерді орындауға үлес қосты. Жеке өзі 2100 астам үкімді орындады".

Наум Цалевич Турбовский 1896 жылы Киев губерниясының Ходорков шағын ауылында туған. Хедердің (еврей мектебі) үш сыныбын бітірген. Азық-түлік дүкенінде жұмыс істеген. 1918 жылдан бастап Қызыл армия құрамына кіріп, Деникин мен Махноға қарсы соғысқан, бірнеше рет тұтқынға түсіп, қашып құтылған.

1920 жылдан бастап қауіпсіздік қызметі органына кірген. 1936 жылдан бастап 1938 жылдың шілдесіне дейін Днепропетровск УГБ түрмесінде әуелі комендант, кейінірек басшы болады. Ол "ең қатаң үкімдерді" өзі атқарған. Адамдарды жаппай қырғаны үшін Қызыл жұлдыз орденін алған.

Турбовский үлкен әулеттен шыққан. Әкесі Цаль Турбовский 1918 жылы қайтыс болды, анасын ақ поляктар (ақтарды қолдаған поляктар – белополяк) 1920 жылы өлтірген. Туған бауырлары Мендель, Нахим және Моисей революцияға дейін АҚШ-қа қоныс аударған.

Қарындасы Маня да 1920 жылы сол жаққа кетеді. Тағы бір қарындасы 1941 жылы Киевте қалады, оны Бабий Ярда немістер атып тастайды.

Константин Богуславский Азаттық радиосына Турбовскийге қатысты жүргізген зерттеуі туралы айтып берді.

Азаттық: - Днепропетровскідегі НКВД қызметі туралы қандай мәліметтер бар? Тұтқынға түскендер, өлтірілгендер мен оларды қамауға алуға бұйрық берген басшылар мен орындаушылардың саны туралы нақты дерек бар ма? Үлкен террорды кім ұйымдастырды? Ежовты тұтқындаған соң елеулі кадрлық өзгерістер болды ма?

Константин Богуславский: - Үлкен террор кезінде репрессияға ұшырап, атылған және сотталғандар саны бойынша Днепропетровск Киев және Сталин облыстарынан кейін үшінші орында тұр. 1937 жылы қаңтардың 1-інен 1938 жылы шілденің 1-іне дейінгі НКВД анықтамасы бойынша, Днепропетровск облысында органдар мен мемлекеттік қауіпсіздік ісі бойынша 20 216 адам сотталды, оның 13 573-ін ату жазасына бұйырған. Үлкен террор 1938 жылдың қараша айының ортасына дейін жалғасқандықтан бұл дерек тағы өзгеруі мүмкін.

1937 жылғы шілденің 30-ындағы 00447 НКВД СССР (кулак операциясы) жедел бұйрығы бойынша нарком Ежовтың бұйрығымен Днепропетровск облысында УНКВД басшысы Ефим Кривец, партия обкомының бірінші хатшысы Натан Марголин мен прокурор Макар Цвиктан құралған "үштік" құрылды. Кейін үшеуін де атып тастады, Кривецті - 1940 жылы, Марголин - 1938 жылы, Цвик 1939 жылы атылды.

Днепропетровск "үштігіне" лимит берілді, атуға 1000 адам, лагерге айдауға 2000 адам дайындау керек болды. Алайда Днепропетровск УНКВД өтінішімен бұл көрсеткіш бірнеше рет көбейген. 1937 жылдың соңына дейін облысқа қосымша лимит беріледі, 2600 адам ату жазасына кесіліп, 3500 адам "екінші санат" бойынша сотталады.

00447 бұйрығымен қатар Орталықтан түскен бұйрыққа сай облыстық УНКВД поляктар, немістер, румындар және өзге топтарға қарсы ұлттық операциялар жүргізілді. Осыдан соң ату жазасына кесілгендер саны қатты көбейді. Тергеу кезінде совет заңы әбден бұрмаланды, оған қоса тұтқындарды азаптады.

Азаттық: - Турбовский Днепропетровскідегі НКВД-ның негізгі жендеті болды деп айтуға бола ма? Бір өзі 2100 адамды атқанын білеміз, бірақ анықтама берілген соң да жазалау жалғасты ғой?

Константин Богуславский: - Наум Турбовскийдің 2100 адамды атқаны туралы анықтама 1937 жылы желтоқсанның 7-сі күні берілген. 1937 жылы Днепропетровск облысы бойынша 7162 адам ату жазасына кесілген. 1937 жылдың соңында үкімі шыққандар 1938 жылы атылды, ал желтоқсанның 7-сінен бастап жыл соңына дейін Турбовскийдің үш аптадан астам уақыты болды. Днепропетровск облысында атылғандардың кем дегенде жартысы оның қолынан ажал құшты деп ойлаймын.

Қауіпсіздік қызметі басқармасының түрме басшысы және үкім орындаушы ретінде ол 1938 жылдың 11 шілдесіне дейін жұмыс істеді, бұдан соң Киевтегі УССР НКВД-сына жаңа қызметке ауысты. Ол жерде комиссариаттың шаруашылық бөлімі меңгерушісі болды. Днепропетровскідегі тағы бір тұрақты үкімді "орындаушы" - старшина Липовой болды. 1937 жылдың 7-желтоқсанынан кейін Турбовскийдің қолы қойылған ату жазасы туралы көп актіні көрдім, бірақ оларды санамадым – бірнеше томды құрайды.

Азаттық: - Турбовскийдің қызметінде бұдан бөлек тағы қандай есте қаларлық жайттар бар?

Константин Богуславский: - Қызметіне қарасақ, оның адал әрі ұқыпты чекист болғанын көреміз. Берген бұйрықты орындаған, жіберген жағына барған. Құжаттарда оның жауапты, бірақ бастама жасауға келгенде сараңдау, ой-өрісі тар адам екені айтылады. Тапсырма орындаушы адам. Солай бола тұра мемлекеттік қауіпсіздік қызметі подполковнигі шеніне көтерілді, ордендер мен медальдар алды. Соғыстан соң Турбовскийдің әйелі Наталья да МГБ (мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі) қызметкері болды, корреспонденцияны бақылау бөлімінде істеді. Турбовскийдің қаза тапқан уақытын анықтай алмадым.

Азаттық: - Оның өмірбаянында "қауіпті" деректер бар - жақын туыстары шетелге көшіп кеткен. Сол үшін ақ басы кетуі мүмкін еді. Оның аман қалғанына таң қалмайсыз ба?

Константин Богуславский: - Кез келген НКВД қызметкері сияқты Турбовскийді де бірнеше рет арнайы тексерген. Оның шетелдегі туыстары мен өзінің азамат соғысы кезінде тұтқынға түсу жайын да тексерген. Ол барлық тексерістен аман шығады, АҚШ-қа кеткен туыстарымен еш байланыс жасамайтыны, олар туралы білмейтіні расталады.

Азаттық: - Нагорный туралы мақаладан соң "Ресей мен Украина арасындағы жағдай ушығып тұрған кезде украин жендеттері туралы несіне жаздыңдар?" деген тәрізді айыптау хаттар келді. Осы әңгімеден соң да "еврей жендеті туралы неге сөз қозғадыңдар" деген сияқты әңгіме болатынын білеміз. Ондай сыншыларға не айтасыз?

Наума Турбовскийдің жеке ісі
Наума Турбовскийдің жеке ісі
  • Константин Богуславский: - Біз өзімізге өмірбаяны қызықты, жеке ісі табылған НКВД қызметкерлері туралы айтамыз. Наум Турбовкийдің ісін Украина қауіпсіздік қызметі мұрағатынан Харковь тарихшысы Вадим Золотарёв тапты. Украиналық жендеттердің ұлттық құрамына келсек, негізгі орындаушылар украин Нагорный мен орыс Шашков, Днепропетровск бойынша еврей Турбовский мен украин Липовой, Харьковта украин Зеленый мен Куприй. Одессада орыс Иванов пен Лелеткин. Уманьда еврей Абрамович, Донецкіде украин Дерновой, еврей Аксельрод және Киестен келген орыс Шашков. Житомирде украин Тимошенко, Белая Церковьте орыс Воробьёв, Винницада еврей Бельский.

"ХАЛЫҚ ЖАУЫ" ДЕГЕНДЕРДІ ЕҢ ЖАҚСЫ АДАМ САНАЙМЫН"

Запорожье облысының Бердянск қаласында тұратын тарихшы Владимир Карпенко өзінің арғы атасы Карп Замрийді Наум Турбовский атқан деп ойлайды. "Үштіктің" үкімі 1937 жылы қарашаның 22-сі күні Днепропетровскіде орындалады.

1879 жылы туған Карп Ерофеевич Замрий ұжымдастыруға дейін ауқатты шаруа болған. Оның шаруашылығында 9 жылқы, 5 сиыры жел диірмені, май шайқағышы мен омартасы болған, маусым сайын жұмысшыларды жалдаған. 1931 жылы Карп Замрийді "кулак" ретінде мүлкін тәркіледі, өзін Сібірге жер аудармақ болғандықтан Малая Белозерка ауылынан қашып кетті.

1937 жылы оралып, "Коммунар" колхозына кірді, омарташы болып істеді. Қылмыстық іс материалына қарағанда, ол елдегі болып жатқан жағдайды жақсы түсінген. Репрессияны Карп Ерофеевич "Коммунистер бір-бірін құрта бастады, бар бәлені Сталин бастап отыр. Сталин "халық жауы" дегендерді мен ең жақсы адамдар санаймын" деп сипаттаған.

Карп Замрийдің ісіне қатысты құжаттардың бірі
Карп Замрийдің ісіне қатысты құжаттардың бірі

1937 жылы қарашаның 2-сі күні оны тұтқынға алып, колхозшылар арасында "контрреволюциялық арандату жұмыстарын жүргізді" деген айыппен тұтқындалған.

Жансыздар оның "Совет билігі колхозшыларға еш жақсылық әкелмеді, олар күні-түні бейнеттеніп жұмыс істейді, ақысына ештеңе алмайды. Коммунистер колхозшылар есебінен күн көреді" деген сөзін жеткізеді. Іс материалынан алынған тағы бір пікірінде "Жаңа конституция үшін Сталинге рақмет, тынысымыз кеңейіп қалды, таңдау жасау мүмкіндігін пайдаланып, өз адамдарымызды таңдау керек" депті.

Желтоқсан айындағы жоғарғы кеңестің баламасыз сайлауына Карп Замрий жете алмады, қарашаның 15-і күні "үштік" оны өлім жазасына кесті. "Әрине оны "статистиканы толтыру үшін" атты ("халық жауларын" ату туралы лимит белгіленді), жақсы шаруа болатын, жерді жақсы көретін, ара өсіретін" дейді Запорожье мұрағатынан атасының ісін тапқан Владимир Карпенко. Ол туыстарының тағдыры туралы былай баяндайды.

Карп Замрийдің ісіне қатысты құжаттардың бірі
Карп Замрийдің ісіне қатысты құжаттардың бірі

"Атамды тұтқынға алғанмен оның отбасы репрессияға ұшырамапты, соғыс пен 1946 жылғы аштықты көрді. Оның үлкен қызы, менің әжем Лидия Карповна 1899 жылы туған, 1932 жылы отбасымен бірге Голодомор кезінде Украинадан Ставропольге қашып шыққан, 1937 жылы сол жақта оның күйеуі репрессияға ұшырайды. Соғыс біткен соң үйіне оралады. Әжем екі дүниежүзілік соғысты, Азамат соғысын және үш Голодоморды (1921–1922, 1932–1933 және 1946) басынан кешірді, Үлкен террорды көрді. Сол кезде оның әкесі Карп Замрийді атып тастады, солтүстік лагерде күйеуі Стефан Карпенко қаза тапты. Әжем бала кезімде коммунистік террор туралы, аштық, шіркеулерді қирату туралы (ақырын сыбырлап) айтатын, күйеуін қамауға алған соң қалай аман қалғанын баяндайтын" деді Карпенко.

"СТАЛИНДІК РЕЖИМДІ АҚТАУ ӨТЕ ҚАУІПТІ"

Карпенконың айтуынша, туыстары Карп Замрийді ақтау үшін күрескен, бірақ Хрущев кезінде оны ақтай алмаған. 1959 жылы прокуратура Замрийдің жесірінің өтінішін қабылдамай тастаған. Оған 1937 жылы күйеуі туралы жазылған құжаттар негіз болған.

Карп Замрийдің 1937 жылы атылғанын жанұясы көп жылдан соң бір-ақ білді, оған дейін ресми анықтамада 1941 жылы қазанда ауырып қайтыс болды делінген. 30 жылдан соң ғана, қайта құру кезінде Карп Замрий ақталды.

"Репрессияны НКВД басшылары, атқарушылар жасады деген пікір жиі естіледі. Ақтау құжаттарында халыққа қарсы жасаған қылмысы үшін Сталин мен ол басқарған компартияны жауапты етіп көрсетпейді" дейді Владимир Карпенко.

Карп Замрийдің ісіне қатысты құжаттардың бірі
Карп Замрийдің ісіне қатысты құжаттардың бірі

XXI ғасырда Украинаның қауіпсіздік қызметі репрессияға ұшырағандар ісін облыстық мұрағатқа берді, сол материалдар бойынша "Тарих ақтап алғандар" атты бірнеше томдық кітап жарық көрді. Сол кітаптың бірінен Владимир Карпенко атасының аты-жөнін табады, кейін датасын салыстыра қарай отырып, оны атқан адамның аты-жөнін де анықтайды.

"Ресейде сталиндік режимді ақтау үрдісі байқалады, бұл азаматтар үшін де, қасындағы елдер үшін де өте қауіпті. Сталинизм құрбандары туралы естелікті жоюға тырысады... Әрине, Никита Петров, Константин Богуславский сияқты зерттеп жүрген адамдар бар, бірақ "менеджер эффектісін" мадақтайтын мемлекеттік саясатпен күресу қиын. Украинада жағдай керісінше, мұрағатқа кіре аласыз, мақалалар жариялауға болады, декоммунизация" дейді Владимир Карпенко.

"Коммунарка" полигонында атылғандардың суреті
"Коммунарка" полигонында атылғандардың суреті

ТІЗІМ ТУРАЛЫ ТАЛҚЫ

Қазанның 27-сі күні Мәскеу маңында, баяғыда атыс полигоны болған "Коммунарка" аумағында 1937 жылдан бастап полигонда өлген 6609 адамның аты бар "Еске алу қабырғасы" ашылды. "Еске алу қабырғасы" ашылған соң тізімде НКВД басшысы, репрессияға қатысқан, 1937 жылы ұсталып, кейін атылған Генрих Ягода мен өзге де репрессияны ұйымдастырушылардың аты болды.

Бұдан соң "Коммунаркада" "Еске алу қабырғасын" жасауға қатысқан "Мемориал" құқық қорғау орталығы мен ГУЛАГ тарихы музейін сынаушылар табылды. Днепропетровскідегі Үлкен террорды ұйымдастырушылар да Ежовты қамауға алған соң репрессияға ұшырады.

Репрессияға ұшыраған чекистердің есімі құрбандармен бір тізімде болуға тиіс пе?

- Бұл расымен де күрделі тақырып. "Коммунарка" - советтік элитаның атыс полигоны, ол жерге СССР Жоғарғы соты әскери коллегиясы шешімімен атылғандарды жерлеген. Обком хатшылары, партия қайраткерлері, чекистер, әскерилер, зауыт директорлары, олардың отбасы мүшелері, т.б. бар. "Мемориал" қоғамы, ОПШ (орыс православ шіркеуі), атылғандардың кейбір туыстарымен кездескен соң опат болғандардың жалпы тізімін жасау туралы шешім қабылдады. "Мемориал" ол жердің мола екенін, онда жерленгендердің тізімі бұлтара алмайтын факт екенін атап айтады. Иә, ол жерде өзгелермен қатар Ягода, Заковский сияқты жендеттер де жатыр. Кейбіреулер жендеттердің есімін мүлдем жазбайық дейді. Басқалары жендеттерді бөлек, құрбандарды бөлек жазып, "жақсы мен жаманды" ажыратып көрсетейік дейді. Бұл тақырып көпшілікті толғандандырады, енді мен өзіме қоятын келесі сауалдарға олардың да жауап бергенін қалар едім. Атылғандарды кім және қандай негізде "жақсы мен жаман" деп ажырата алады? Қандай критерий бойынша? Атқаны үшін бе, әлде үкімге қол қойғаны үшін бе? Ал егер атуға негіз болған тергеу хаттамасына ғана қол қойған болса ше? Ештеңеге қол қоймай, тек шағым тасыған болса ше? Өсек те тасымаса, бірақ қоғамдық қудалау кезінде газеттегі мәлімдемеге қолын қойса ше? Олар қай жерде жатуы тиіс? "Коммунаркада" 1938 жылы атылған Антонов-Овсеенко жатыр. Ол НКВД қызметкері болмаған. 1956 жылы оны ақтады. Бірақ тарихқа терең үңілсек, Антонов-Овсеенконың 20-жылдардағы шаруалар көтерілісін басып- жаншыған қатыгез адам болғанына көзіміз жетеді, Тамбов облысында шаруаларды тұтқынға алып, әйелдер мен қарттарды ауыл тұрғындарының көзінше атқан, анасы мен балаларын концлагерге қамаған. Антонов-Овсеенко жақсылардың ортасында жерленуі керек пе, әлде жамандардың арасында ма? Құрбандар арасында оның фамилиясы болсын ба, әлде болмасын ба? Демек, "Коммунаркада" жерленген әр адамды талқыға салу қажет. Оның не мәні бар? - дейді Константин Богуславский.

(Азаттықтың Орыс қызметінің мақаласы)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG