Accessibility links

Студенттер Тоқаевты қолдауға "мәжбүрлі түрде келген"


Кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау форумы. Нұр-Сұлтан, 7 маусым 2019 жыл.
Кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау форумы. Нұр-Сұлтан, 7 маусым 2019 жыл.

Маусымның 7-сі күні Нұр-Сұлтанда "Нұр Отан" партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаевты жақтаушылар форумы өтті. Шараға Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Форумға жүздеген студент қатысты. Кейбір студенттер форумға мәжбүрлі түрде келгенін айтады. Бірақ "Нұр Отан" мен университет оқытушылары мұны жоққа шығарады. Партияның мәлімдеуінше, форумға мыңдаған студент "өз еркімен келген".

Билік партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев жақтастарының форумына дайындық ерте басталды. Күндізгі үшке жоспарланған жиынға студенттер үш сағат бұрын жетті. Оларды форум өтетін "Сарыарқа" спорт кешеніне ондаған автобус әкелді.

Азаттық тілшісімен сөйлескен студенттердің бірі "университет жіберді, міндетті түрде келсін деп айтты" деді. Кейбір студенттерді "форум үшін емтиханнан босатқан".

Тағы бір студент "бізді мәжбүрледі" десе, енді бірін "мәжбүрлемеген, бірақ форумға баруды тапсырған".

"Бір форум өтеді деді. Қайда келгенімізді білмейміз" деп қысқа қайырды форумға келген студенттің бірі.

"Қос президентпен (студент Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты айтады – ред.) бірге жақтаушылар форумы өтеді деді. Біздің білетініміз осы ғана. Біз нақты тақырып, ештеңе білмейміз" деді енді бір студент.

Студенттер Тоқаев форумына "еріксіз келгендерін" айтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:12 0:00

Ал өздерін университет оқытушысымыз деп таныстырғандар "студенттерді жиынға келуге ешкім мәжбүрлемеді" дейді.

"Біздің студенттеріміз өз еркімен келіп жатыр. Ондай сұрақ қойған мүлде дұрыс емес" деді оқытушылардың бірі. Тағы бірі "Мәжбүрлеу жоқ. Бәрі еркімен келіп жатыр" деп қысқа ғана жауап берді.

Ұйымдастырушылар спорт кешенінің ішіне кірген студенттерге "Тоқаеv" деген жазуы бар жейде мен бас киім таратты. Форум басталғанға дейін ұйымдастырушылар студенттерге "Алға, Қазақстан!" және "Жаса, "Нұр-Отан!" деген ұрандар айтқызып, дайындады.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев форумға келген сәт. Нұр-Сұлтан, 7 маусым 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев форумға келген сәт. Нұр-Сұлтан, 7 маусым 2019 жыл.

"Нұр Отан" партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Сапаров мыңдаған студенттің шараға өз еріктерімен келгенін айтады.

- Біз ешкімді мәжбүрлей алмаймыз. Форумға келу - әрбір қатысушының өз шешімі. Бұл жерде студенттер ғана емес, кандидатымыздың сайлауалды науқанына белсенді қатысқан еңбек ұжымдары да бар. Ондай фактілер (студенттерді мәжбүрлеу – ред.) болса, бірге қарайық. Бірақ ондай факт жоқ. Біз ешкімді мәжбүрлемегенбіз. Бәрі өз еркімен келген. Мында (спорт кешенінде – ред.) қазір бес-алты мыңдай студент, төрт мыңдай белсенділеріміз бар. Бәрі өз еркімен келді. Кім жұмысынан бос, кім келгісі келді, солар келді. Әлдекімді мәжбүрлеуге конституциялық құқығымыз жоқ, - деді партия өкілі.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы маусымның 9-ы күні өтеді. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткелі отыр.

Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:

  • Жамбыл Ахметбеков - "Қазақстан комунистік халық партиясы",
  • Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы,
  • Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы,
  • Төлеутай Рахымбеков - "Ауыл" партиясы,
  • Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы,
  • Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы,
  • Сәді-Бек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы.

Мамырдың 11-і күні елде сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңі басталған. Үгіт жүргізу жұмыстары маусымның 8-і күні сағат 00:00-де аяқталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG