Accessibility links

Суы азайып, балығы сиреген Балқаш. Көлдің бүгінгі күйі қандай?


Балқаш көлі. Дроннан түсірілген кадр. 29 мамыр, 2024 жыл.
Балқаш көлі. Дроннан түсірілген кадр. 29 мамыр, 2024 жыл.

Балқаштың айналасында тұратын ауыл халқы кейінгі бірнеше жылдан бері көл суы тартылып, балығы сиреп кеткенін байқаған. Бір кездері көл түбінде жатқан тастар қазір жағалауға айналыпты. Балқаш көлі Қытайдан бастау алатын Іле өзенінің суына тәуелді. Бірақ Қазақстан мен Қытай әлі күнге дейін осы өзен суын бөлісу бойынша келісім жасаспаған. Экологтар "Қытайдан келетін су азая берсе, көлге үлкен қатер төнбек" дейді.

Балқаш көлі. Суы азайып, балығы сиреген айдын қандай күйде?
please wait

No media source currently available

0:00 0:15:20 0:00

"БАЛҚАШТА БАЛЫҚ АЗАЙДЫ"

Тасарал – Балқаш көлі маңындағы шағын ауылдардың бірі. Мұнда 500-дей тұрғын бар. Әкімшілік жағынан Қарағанды облысы Ақтоғай ауданына қарайды. Балқаш қаласынан шамамен 100 шақырым жерде жатыр.

Өткен ғасырдың 30-жылдары Балқаш маңында балықшы ауылдары құрыла бастаған шақта пайда болған. Ауылдың негізгі күнкөрісі – балық пен шұбат.

"Бұл жерде балық ұстамасаң, күн көре алмайсың. Сондықтан әрбір үйде бір-бір балықшыдан бар" дейді ауыл тұрғыны, балықшы Бауыржан Әлтаев.

Біз барған шақ уылдырық шашатын мезгілмен тұспа-тұс келгендіктен балықшыларды көл жағасынан емес, қора құйып, асарға қатысып жатқан жерінен кездестірдік. Уылдырық шашатын мезгіл шамамен бір жарым айға созылады. Бұл кезде балық аулауға, жағаға қайық шығаруға тыйым салынады. Мұндай тыйымның мақсаты – балықтардың көбеюіне жағдай жасап, түрлерінің азаймауына септесу. Ереже бұзғандар әкімшілік жазаға тартылады.

− Біз уылдырық шашатын мезгілді қора құю үшін, үй салу үшін, түрлі шаруаларымызды бітіріп алу үшін пайдаланамыз. Маусымның ортасында тыйым мерзімі аяқталады. Сол кезде балыққа шығамыз, − дейді қора құйып жатқан балықшылар.

Балқаш көлі маңындағы Тасарал ауылындағы асар. Уылдырық шашу мезгілінде балықшылар осылай қора құйып, шаруаларын бітіруге тырысады. Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы Тасарал ауылы. 29 мамыр 2024 жыл.
Балқаш көлі маңындағы Тасарал ауылындағы асар. Уылдырық шашу мезгілінде балықшылар осылай қора құйып, шаруаларын бітіруге тырысады. Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы Тасарал ауылы. 29 мамыр 2024 жыл.

− Балықтан тапқан нәпақаларыңыз күнкөріске жете ме? − деген сұраққа:

− Жетсе де сол, жетпесе де сол. Жетпесе кредит аламыз, − деп жауап берді қора кірпішін қалап жатқан тұрғын Елдос Қасенұлы. Оның сөзінше, қазір қамыс-қабақ азайып, балық тіршілік ететін мекен азайғандықтан балық та сиреген.

− Кейінгі кезде балық қатты азайып кетті. Бұрын жағалауға жақын жерден аулаушы едік. Қазір енді балық аулау үшін жағадан кәдімгідей алыстайсың, − дейді жергілікті тұрғын Бауыржан Әлтаев.

Оның қайығы ауласында қаңтарулы күйде тұр.

− Бұл қайық мықты, жапондікі. Ар жағында тұрған мотоциклді қыс кезінде мұз жұқалау кезде пайдаланамыз. Ал мұз қатайған соң "Уазикке" көшеміз, − дейді моторлы қайығын көрсеткен тұрғын.

Қазір балық аулайтын жер телімдері жеке меншікке өтіп, балықшыларға лицензияны солар береді. Ондай құжат екінің біріне беріліп жатыр, ал негізгі күнкөрісі балыққа тәуелді емес адамдар көлдің жағдайына жүрдім-бардым қарайды, ауларын тастап кетеді дейді Тасарал тұрғындары.

− Ал біздің ауыл таза балыққа қарап отырған ауыл ғой. Ата-бабамыздан келе жатқан тіршілік. Осыған қарап отырмыз. Басқа да қосымша жұмыс істейтіндер бар. Олар ауларын құрады, аулары қалып қалады. Жинамай тастайды. Ал бізде ондай жоқ. Біз осыған қарап отырғандықтан көлдің маңайын тазалаймыз. Көлде ау қалдырмауға тырысамыз, − дейді Бақытжан Айдынбайұлы.

Балқаш көлі.
Балқаш көлі.

Тұрғындардың сөзінше, тағы бір мәселе – пластмассадан жасалған қытайлық кішкентай тордың пайда болуы. Оған кішкентай балықтар да түсіп, бұл балық қорының азаюына әсер етіп жатыр.

Халықаралық MCKinsey компаниясы жүргізген зерттеу қорытындысы бойынша, Балқашты сақтау үшін шұғыл шара қолданылмаса, 2030 жылға қарай көл 2 млрд текше метр суынан айрылуы мүмкін. Бұл − көлмен күн көріп отырған халыққа ғана емес, судағы өсімдік пен жануарға үлкен қатер. Көлден қазірдің өзінде-ақ кейбір балық түрі жойылған.

− Мысалы, Аралдың майшабағы, қызыл балығы мүлде құрып кетті. Олар 1950-60 жылдары Аралдан әкеп жіберілген. Қазір ол жоғалып кетті. Ал енді жалпы Балқаш айдынында жергілікті балықтың төрт-ақ түрі болған. Оның өзі жойылып кетті. Өйткені, 30-жылдардан бастап Балқашқа жаңа балықтар жіберіле бастады. Сол жаңа келген балықтар Балқаштың жергілікті балық түрлерін толық жойып жіберген. Шармайдың екі түрі болған. Алабұға дейді, салпыерін дейді. Осы төрт балық Балқашта қазір жоқ. Бәленше мың жыл бұрын осы жерде өмір сүрген балықтар жоқ. Әсіресе көксерке деген – жыртқыш балық. Тіпті өзінің баласын да жеп қояды. Солар осы жергілікті балықтарды, төрт балық түрін жойды. Қазір Балқаш айдынында 26 түрлі үлкенді-кішілі балық тіршілік етеді. Ең үлкені жайын, көксерке, сазан, алабұға, табан балық. Осыларды өндірістік деңгейде аулап, саудаға шығарады, − дейді өлкетанушы Дәулет Қожақов.

АЭС-КЕ КӨЗҚАРАС ҚАНДАЙ?

Тасарал тұрғындары Балқаш көлінің тартылуы – табиғи құбылыс дегенге сенгісі келеді. Олар "көл 50 жыл сайын бір тартылып, бір молаяды" дегенді бұрынғы кезде ауыл ақсақалдарынан жиі естіп өскен.

− Су мына жерге дейін келген, көрдіңіз бе? Мынаның бәрі судың астында жататын тастар ғой. Қазір барлығы шығып жатыр. Көліміздің деңгейі 1,5 метр түсіп кетті ме деп ойлаймын.... Мен енді 60-қа келіп қалдым ғой. 80-жылдары осындай болды. Қайтып тұрған көл. Содан 2000 жылдардың басында көл қайтадан толды. Бірақ бұрынғы қалпына келген жоқ. Осы 2020 жылға дейін көтерілді. Төрт жыл болды. қайтып бара жатыр. Бұл табиғи құбылыс па деп ойлаймын. Осы төрт жылда қатты түсіп кетті. Біз жақта аса қатты білінбейді. Біз жақ – терең жағы. Ана шығыс жағының суы саяз. Қамыс көп өсетін жер жағалау тегіс болып келеді. Ал ол жақта жоқ дегенде көл екі-үш километрге кетіп қалды-ау, менің ойымша, − дейді Бауыржан Әлтаев.

Тасарал тұрғыны, балықшы Бауыржан Әлтаевтың сөзінше, осы жерде бұрын су болған. Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Тасарал ауылы. 29 мамыр, 2024 жыл.
Тасарал тұрғыны, балықшы Бауыржан Әлтаевтың сөзінше, осы жерде бұрын су болған. Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Тасарал ауылы. 29 мамыр, 2024 жыл.

Дегенмен көлге антропогендік фактордың әсері барған сайын күшейіп барады, ал оның салдары қалай болатыны белгісіз деп санайтындар да бар.

Тұрғындармен сөйлескен кезде көбі атом электр станциясы құрылысына қарсы екенін бірінші кезекте жеткізуге тырысты.

− Енді экология былғанады. Су құриды. Ішінде тіршілік бар қаншама. Бәрі қырылып қалады қандай да бір апат болса. Балқаш құрыса, қалай өмір сүреміз? − дейді балықшы Елдос Қасенұлы.

− Бізге [АЭС-тің] зияны жоқ деп айтады ғой. Осыдан шамамен 150 шақырым жерде Мыңарал деген жер бар. Ол да балық аулайтын жер. Ол жақта қазір балық жоқ болып кеткен. Ол жерде цемент зауытын ашты. Жерді қазады. Жарылыс жасайды. Балықтар сол вибрациядан кейін қашып кетті деп айтады. Әсер етеді ғой көлге. Ондағылар кейде осы жаққа келіп балық аулайды, өздерінде балық жоқ, − дейді Бауыржан Әлтаев.

Қазақстан билігі Балқаш көлі маңына атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам сынынан соң АЭС салу мәселесі бойынша түпкілікті шешім референдум арқылы қабылданатынын айтқан. Ресми Астана "АЭС Қазақстанды энергетика дағдарысынан құтқарады" десе, экологтар "суы онсыз да тартылып жатқан Балқашқа атом станциясын салу қауіпті" дейді.

"БҮГІН ШҰҒЫЛ ШАРА ҚОЛДАНБАСА, ЕРТЕҢ КЕШ БОЛУЫ МҮМКІН

Ғалымдардың сөзінше, Балқаш суының көлемі туралы алғашқы цифрлар 1896 жылдан бастап тіркелген. Содан бері көл бірде асып-тасып, бірде құрғаған. Қазір Балқаш деңгейі Балтық деңгейімен есептегенде 341 метр белгіде тұр. Бұл − минимал меже. Одан әрі түссе, көл апатқа ұшырайды. 1930 жылдары көл қазіргі межеден де төмен түскен екен. Ол кезде көлдің суы ауыл шаруашылығы және өзге де салаларға пайдаланылмаған, бірақ сонда да түсіп кеткен, ізінше қайта көтерілген.

Дегенмен қазір антропогендік фактордың қоршаған ортаға әсері қатты біліне бастағаннан кейін көлдің тағдырына алаңдаушылар көп.

30-31 мамырда Балқаш қаласында өткен су форумындағы презентациядан үзінді. 30 мамыр, 2024 жыл.
30-31 мамырда Балқаш қаласында өткен су форумындағы презентациядан үзінді. 30 мамыр, 2024 жыл.

Балқаш көлінің шамамен 80 пайыз суы Іле өзенінен келеді. Іле Қытайдан бастау алады. Сондықтан көлдің тағдыры Қытайдан келетін суға тікелей тәуелді. Бірақ Қытаймен су бөлінісі бойынша келісім 20 жылдан астам уақыт бойы талқыланғанмен, әзірге жасалған жоқ.

30-31 мамыр күндері Балқаш қаласында өткен су форумында Қытаймен су бөлінісінде "Қазақстан өз мүддесін қорғай алмай отыр" деген пікір айтылды.

− Жыл сайын 5-6 текше километр су ала алмай келеміз. 30 жыл бойы. Егер есептесек, он жыл бойы бізге үш Қапшағайдың суы келмеген. Бұл орасан шығын. Сондықтан сөзден іске көшу керек, − деді заңгер Абай Еркебұланов.

Іле арқылы Қытайдан жыл сайын 12-14 млрд текшеметр су келуі керек. Су мамандарының сөзінше, бұл көлем азды-көпті келіп жатыр. Алайда кейінгі кезде Қытайдың Шыңжаң аймағында ауыл шаруашылығы алқаптары ұлғайғаны жайлы дерек бар. Халықаралық БАҚ-тың жазуынша, 1995-2015 жылғы мәлімет бойынша Шыңжаңда ауылшаруашылық алқаптары 30 пайызға ұлғайған. Бұл су бөлінісі жағдайын қиындата түспек.

− Қытайда су шаруашылығы министрлігі − үкімет ішіндегі үкімет. Оларда су шаруашылығы министрлігінің ішінде 30 ғылыми-зерттеу институты бар. Әрқайсысы өз жерін зерттеп, бәрін қадалағап отыр... Бізде ондай институтымыз біреу-ақ, оның өзінде де шалажансар. Ештеңе істей алмайды, ештеңе білмейді, − дейді ол.

Анар Тілеулесованың сөзінше, Қытаймен келіссөз бойынша жұмыстарға жүйелілік жетіспейді. Келіссөзге қатысатын комиссия құрамы жиі ауысады.

Балқаш-Алакөл бассейндік инспекцияның мүшесі Анар Тілеулесова. Балқаш қаласы, 30 мамыр, 2024 жыл.
Балқаш-Алакөл бассейндік инспекцияның мүшесі Анар Тілеулесова. Балқаш қаласы, 30 мамыр, 2024 жыл.

– Осы комиссия жылда айырбасталады. Ал Қытайдың комиссиясы тұрақты. Бір адамдарды баяғыда қойып қойған, ол енді өліп қалмаса, соның ішінде жүреді. Ол күн тәртібін, жағдайды бәрін біледі. Ал біз жылда айырбастаймыз. Бізде жылда министр айырбасталады, оның орынбасары айырбасталады, оның мүшелері айырбасталады. Жылда түрлі-түрлі адамдар. Ол не болады? Бізді құртатын сол. "Өй, Қытай бүйтіп жатыр, сүйтіп жатыр" дейміз. Біз әуелі өзімізді жөндеп алайық та. Нақты бір адамды комиссияның басшысы қылу керек, ауыстырмау керек. Одан кейін комиссия мүшелері сушылар болуы керек. Сантехник, гинеколог емес. Бізде сондайлар болды, − деді Балқаш-Алакөл бассейні кеңесінің мүшесі Анар Тілеулесова.

Қазақстанның су ресурстары министрлігі "Балқаш көлі тартылып жатыр" дегенді жоққа шығарады. "Көл деңгейі қауіпті саналатын межеден кейінгі жиырма жылда түскен емес" дейді су ресурстары вице-министр Болат Бекнияз. Оның сөзінше, министрлік Балқашқа міндетті мөлшердегі суды жіберу үшін жұмыс істеп жатыр. Вице-министр "Қытаймен су бөлісу мәселесі бойынша Қазақстанда нақты жұмыс жоқ" деген сынға жауап қатты.

− Қытайда ешбір мемлекетпен келісім болмаған. Тек қана осы Қазақстанмен сондай келісім жайлы жұмыс істелініп жатыр. Бірақ қазір нақты айта алмаймын. Өйткені келісім әлі соңына дейін жасалған жоқ. Оның алдында бірнеше жыл ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Өйткені біздің трансшекаралық 25 өзеніміз бар. Соның бәрін, гидрологиялық цифрлардың бәрін білуіміз керек. Соның бәрін зерттеуді жасап шықтық. Енді осы келісімшартқа тікелей шығып отырмыз, − деді Қазақстан су ресурстары вице-министрі Болат Бекнияз.

Бұрынғы су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев трансшекаралық өзендер бойынша Қазақстанға келуі керек су көлемі анықталды, ендігі мәселе сол үлесті сақтап қалу керек деп есептейді.

− Мен анықтап кеткен су үлестеріне иелік жасайтын адам болмай тұр. Ми керек. Сауат керек. Қытайлармен сөйлесу үшін, өзбектермен, орыстармен сөйлесу үшін бірдеңені білу керек қой... Мемлекеттің негізі − жер мен су. Мұнай да емес, алтын, күміс те емес. Осыны сақтасақ, келешегіміз ашық, жарқын болады. Осыдан айырылсақ ел болмаймыз, – деді Нариман Қыпшақбаев.

Бұрынғы су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев. Балқаш қаласы, 30 мамыр, 2024 жыл.
Бұрынғы су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев. Балқаш қаласы, 30 мамыр, 2024 жыл.

Су форумы кезінде Балқаш көлі төңірегіндегі түрлі мәселелер айтылды. Көлді сақтап қалу үшін "Балқаш көлі туралы" арнайы заң, Балқаш көлін сақтап қалу жөніндегі іс-қимыл жоспары, Қытаймен келісімді қарастыру қажеттігі айтылды.

Заңгерлердің сөзінше, трансшекаралық өзен суын бөлісу бойынша көрші елдерді екі жаққа да тиімді келісімшарттарға көндірудің нарықтық-құқықтық механизмдері бар. Сондай механизмдердің бірі − жауапкершілікті сақтандыру. Айталық, Қазақстан жыл сайын трансшекаралық өзендер арқылы тиісті су көлемін ала алмай, шығын көрсе, шығын көлемін сақтандыру компаниясынан өндіріп алады. Ал сақтандыру компаниясы өз кезегінде Қытай немесе Ресейден халықаралық арбитраж арқылы құн сұрайды. Заңгерлердің пікірінше, бұл "өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмауға мүмкіндік беретін" тетік.

Форум кезінде бұған қоса, Қытаймен су ресурсын тиімді пайдалану бойынша әріптестік орнату маңызы, бұл салада ортақ жоспар және ортақ орган құру қажеттігі айтылды. Себебі Қазақстан Балқаштың құрғауына жол берсе, бұл Қытайға да жақсы емес. "Сондықтан көлді сақтауға екі ел де мүдделі болуы керек" деді су мамандары.

Соңғы рет су форумы елде 2000 жылдардың басында өткен. Араға 20 жылдан астам уақыт салып, енді ғана өтіп отыр. Шара кезінде Балқаш-Алакөл бассейнінде өрттің жиілегені, бұталар оталып, қамыс сирегені, өсімдік пен жануарлар әлемі жұтаң тартып бара жатқаны, онымен күресті тиімді ету мәселесі айтылды.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG