Accessibility links

 
Маусымнан бастап карантин қалай өзгереді? 700 сөзбен түсіндіреміз

Маусымнан бастап карантин қалай өзгереді? 700 сөзбен түсіндіреміз


Нұр-Сұлтан қаласының шетіндегі блокпостарды алу сәті. 31 мамыр 2020 жыл (Сурет Нұр-Сұлтан қаласы әкімдіктің ресми сайтынан алынды).
Нұр-Сұлтан қаласының шетіндегі блокпостарды алу сәті. 31 мамыр 2020 жыл (Сурет Нұр-Сұлтан қаласы әкімдіктің ресми сайтынан алынды).

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар өсіп жатса да, билік біраз аймақта 1 маусымнан бастап блокпостарды алып, карантин шарттарын жеңілдетті. Елдегі кейбір облыстарда шектеулер қалай өзгереді?

*

Алматы қаласы мен Алматы облысын бөліп тұрған блокпостар алынды. Қала әкімдігінің мәліметінше, 1 маусымнан бастап Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалы жұмысын бастады. Кассалар 9.00-24.00 арасында ашық. Қалалық автобустар бұрынғы режимде жұмысқа оралады (06.00-23.00 арасында). Жолаушылар маска киюге міндетті. Ірі базарлар, СПА-орталықтар, монша-сауна ашылды. Сұлулық салондары қалыпты жұмыс режиміне көшті. 31 мамырдан бастап діни орындар ашылды. Бірақ жұма намазы, сенбі-жексенбідегі шіркеудегі жиындар өтпейді. Шағын діни жоралғылар ғана жасалмақ.

Нұр-Сұлтан қаласында да блокпостар алынды. Қала шетіне қатынайтын автобустар жұмысын бастады. Қоғамдық көлік 06.00-22.00 арасында жүреді. Жолаушыларға маска кимесе, автобусқа кіруге тыйым салынады. Жүргізушілер автобус салонын 50 пайыз ғана толтыруы тиіс. Билетті карта, СМС я QR-код арқылы төлеу керек.

Шымкент қаласында теміржол, тамақтану орындары, сауна, монша, СПА-салон, фитнес-центр, гипермаркет ашылды. Тамақтану орындарында 50 адамнан көп жиналуға болмайды және кешкі 9-да жабылуы тиіс. Той, туған күн кеші, құдалық, ас беруге тыйым салынған. Тойханалар, кинотеатрлар жабық қала береді. Спорт жарыстары мен мәдени шараларды көрерменсіз өткізуге рұқсат. 2 маусымнан бастап автовокзалдар ашылмақ. Балабақшаларда шағын топтар жұмысын бастады, бірақ ата-аналар балаларын балабақшаға беру үшін жұмыс орнынан анықтама әкелуі тиіс.

Алматы облысында да блокпостар алынып, қоғамдық көліктер жұмысы қалыпты жағдайға келді. Той, еске алу жиындарына тыйым салынады. Театр, кинотеатрлар, интернет клубтар, кальян орталықтары, караоке, бильярд, компьютер орталықтары әлі жабық болады. ХҚКО, банктер, теміржол, автовозкал жұмысын бастады. Қоғамдық көлікте маска тағу міндет. Ал ғимарат ішінде 2 метр арақашықтық сақтау керек. Тамақтану орындары ашылып, 50 адам қабылдауға болады. Бірақ үлкен жиын-той өткізуге тыйым салынады. Санаторийлер де жұмысын бастайды. Балабақшалар, мектепке дейінгі орталықтар, спорт орталықтары, фитнес ашылды. Облыс ішіндегі қозғалысқа рұқсат етілді.

Алматы облысы мен Алматы қаласы арасындағы блокпост. 2020 жылдың мамыры.
Алматы облысы мен Алматы қаласы арасындағы блокпост. 2020 жылдың мамыры.

Атырау облысында, әкімдіктің мәлімдеуінше, кафе, мейрамхана, спорт орталықтары, фитнес, балабақша, сауна, жеке кабиналары бар моншалар, білім беру орталықтары ашылды. Сауда орталықтары да жұмысын бастады, бірақ ішіндегі кинотеатрлар, фуд-корт, ойын алаңдары жабық қала береді.

Ақтөбе облысында базар жұмыстары, көлік саймандарын сататын орындар, сауда орталықтары 17.00-ге дейін жұмыс істейді. Спорт орталықтары 30 адам қабылдап, кешкі 6-ға дейін жұмыс істей алады. Балабақшалардағы кезекші топтар да кешкі 6-ға дейін ашық. Тамақтану орындары 50 адамға дейін қабылдайды. Парктер мен скверлер ашылды.

Қарағанды облысында діни орындар 30 адамға дейінгі жиындарды өткізе бастайды. Облыс ішінде жолаушы тасымалы қалпына келді. Сауда орындары ашылды. Қонақ үй, хостелдер, бизнес орталықтар, сұлулық салондары, балабақшалардағы кезекші топтар жұмысын бастады. Теміртау мен Бұқар Жырау ауданы Ботақара елдімекенінде сауда орталығының, базардың, бизнес орталықтарының ішіндегі тамақтану орындары жабық болады. Тек жеке орналасқан тамақтану орындары 30 адамға дейін қонақ қабылдайды.

БҚО бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сай, 1 маусымнан бастап ресторан, бар, кафе, асхана, сауна, монша жұмысқа кірісті. Тамақтану орындары 10.00-22.00 арасында ашық болады және 30 адам ғана қабылдайды. Сауда орталықтары таңғы 10-нан кешкі 8-ге дейін ашық. Бірақ ішіндегі кинотеатр, фуд-корт, ойын алаңдары жабық болады.

Маңғыстау облысында таңғы 6-дан кешкі 11-ге дейін жүруге рұқсат. Спорт залдарды, фитнес орталықтары, СПА, монша жұмыс істеуге рұқсат берілді. Бірақ ғимарат іші тек 30 пайыз толуы керек. Қоғамдық тамақтану орындары 50 адам қабылдап, 23.00-ге дейін жұмыс істеуге болады. Тойханалар жабық қала бермек. Жағажайлар мен демалыс орындары ашылады. Сауда орталықтары таңғы 9.00-22.00 арасында ашық болады, бірақ кинотеатр, мұз айдын, ойын алаңдары жабық болмақ. Жетібай мен Мұнайшы ауданында блокпостар сақталады.

ШҚО-да карантин 13 маусымға дейін созылды. Аймақтағы блокпостар сақталмақ. Алматы, Павлодар, Қарағанды облысынан келер жолдардағы блокпостар қала береді. Автобустар тек облыс ішінде қатынайды. Семей қаласынан өзге аймақтарда және Өскеменде рұқсат қағазымен жүру режимі алынды. Өскеменде аумағы 2000 шаршы метрден асатын сауда орындары, сауна, монша, кинотеатрлар, караоке, түнгі клуб, білім орталықтары жабық болады. Тамақтану орындары тек 30 адам қабылдайды. Семей қаласына кіріп-шығуға шектеу сақталады. Семейде аумағы вирус жұқтырғандар көбейгендіктен 500 шаршы метр сауда орындары, шаштараз, автосалон, сұлулық салоны, балабақша, құрылыс материалдары дүкені жұмысын бастайды. Қалада кешкі 9-дан таңғы 5-ке дейін жеке көлікпен жүруге тыйым салынады.​

Қызылорда облысында сауна-моншалар, СПА, жағажайлар, көлік жуу, көлік жөндеу орындары, фитнес клуб, бассейн, спорт орталықтары, компьютер клубтары, бильярд, букмекер 22.00-ге дейін ашық болады. Кір жуу, фотосалон, шаштараз, сұлулық салондары 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Тамақтану орындарының, парктердің жұмыс уақыты 23.00-ге дейін ұзарды. Білім беру орталықтары, шипажайлар ашылды. Облыс ішіндегі автобус қатынасы қайта жалғасты. Спорт жарыстары мен мәдени шаралар көрерменсіз өтеді.

Жамбыл облысындағы блокпостарды алу сәті. 1 маусым 2020 жыл.
Жамбыл облысындағы блокпостарды алу сәті. 1 маусым 2020 жыл.

Жамбыл облысында ХҚКО, білім орталықтары, теміржол вокзалы, автовозкал, парк, сквер, фитнес және СПА орталықтар ашылады. Спорт және мәдени шаралар көрерменсіз өтеді. Ал базарлардың қашан ашылатыны алдағы уақытта белгілі болмақ.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 1 маусымдағы мәліметіне сай, елде 11308 адамға вирус жұқты. 5404 адам дерттен айықты. 41 адам қайтыс болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG