Accessibility links

"Қаңтар ісі" бойынша көп жылға сотталғандардың үкімін қоғамнан неге жасырады?


"Қаңтар ісі" бойынша ұзақ мерзімге сотталғандар (төменде солдан оңға): Ғабит Піржанов, Ербол Жұманов, Қазыбек Құдайбергенов, Нұрсұлтан Исаев пен оларға үкім шығарған судьялардың суреттерінен коллаж.
"Қаңтар ісі" бойынша ұзақ мерзімге сотталғандар (төменде солдан оңға): Ғабит Піржанов, Ербол Жұманов, Қазыбек Құдайбергенов, Нұрсұлтан Исаев пен оларға үкім шығарған судьялардың суреттерінен коллаж.

Қазақстан соты Қаңтар оқиғасына байланысты 15-17 жыл мерзімге түрмеге кесілген үш адамның материалдарын жарияламай отыр. Сот әкімшілігі оның себебін "бұл адамдар аса ауыр қылмыс жасаған" деп түсіндірді. Бірақ құқық қорғаушылар мен заңгерлер заңда ондай ереже жоқ дейді.

Қаңтар оқиғасынан кейін Ақтөбе соты 15 жылға түрмеге қамаған Нұрсұлтан Исаевтың, Таразда 16 жылға бас еркіндігінен айырылған Ербол Жұмановтың, Қызылордада 16 жылға түрмеге кесілген Ғабит Піржановтың сот актілері (үкім, қаулылар) Жоғарғы соттың "Сот кабинеті" сервисінен ашылмайды. Сайтта осы адамдардың сот материалдарына іздеу салсаңыз, "бұл іс жариялауға жатпайды" деген жазу шығады.

Бұл үш адамды сот Қылмыстық кодекстің "құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің өміріне қол сұғушылық" деп аталатын 380-1-бабымен айыпты деп танып, үкім шығарған. Азаттық олардың сот материалдары неліктен сайтта жарияланбағанын Жоғарғы соттан сұраған еді.

"Қылмыстық кодекстің 380-1-бабының 2-бөлігінде көрсетілген қылмыстар үшін 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру немесе өмір бойына еркіндігінен айыру түріндегі жаза қолдану көзделген. Қылмыстық-процестік кодекстің 29-бабының талаптарына, сондай-ақ сот актілерінің тізбесіне сәйкес, сол сот актісі Жоғарғы сот интернет-ресурстарында қолжетімді емес", – деп жазылған редакцияға Жоғарғы сот әкімшілігі басшысының орынбасары Болат Жоламановтан келген жауапта.

Қылмыстық-процестік кодекстің 29-бабында сот талқылауының жариялылығын шектеуге ол мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау мүдделеріне қайшы келгенде ғана жол берілетіні айтылған. "Соттың үкімі және іс бойынша қабылданған қаулылар барлық жағдайда көпшілік алдында жарияланады. Соты жабық қаралған істер үкімінің кіріспесі және қарар бөліктері ғана жария етіледі" деп көрсетілген.

Ұзақ жылға сотталған қаңтаршылар ісі қалай тергеліп еді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:56 0:00

Исаев, Жұманов пен Піржановтың істерінде мемлекеттік құпия айтылмады, ол істер кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы немесе жыныстық қылмыстар туралы емес, ешкімнің интим өмірі туралы мәлімет болған жоқ. Үшеуінің де ісі бойынша сот процесі соты ашық өтті.

Ендеше ашық сот өткен іске қатысты актілерді, хаттамаларды жарияламауға не себеп? Азаттықтың бұл сұрағына Жоғарғы сот әкімшілігі былай жауап берді:

"Өмір бойы бас еркіндігінен айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген қылмыстар жөніндегі істердің сот актілерін және хаттамаларын соттың интернет-ресурсында жариялауға жол берілмейтінін хабарлаймыз".

Жоғарғы сот қай заңның қандай бабына сүйеніп отырғанын айтқан жоқ. Ал сотталған үш адам өмір бойына емес, 15-16 жыл мерзімге бостандығынан айырылған.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, заңгер Абзал Құспан
Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, заңгер Абзал Құспан

Заңгер, мәжіліс депутаты Абзал Құспанның сөзінше, Қылмыстық-процестік кодексте Жоғарғы сот мәлімдегендей шектеу жоқ.

– Заңнамада қылмыстық құқықбұзушылықтың ауырлығына байланысты сот актілерін жариялауға жатпайды деген шектеу жоқ, – деді заңгер Азаттыққа.

"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымы Нұрсұлтан Исаевтың, Ербол Жұмановтың, Ғабит Піржановтың сот процестерін бастан-аяқ бақылған. Ұйым жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина да Жоғарғы сот әкімшілігінің аталған адамдардың сот материалдарын жасырып отырғаны заңға қайшы деп санайды.

– Аса ауыр қылмыс жасаған немесе өмір бойына бостандығынан айырылған адамның сот актісін жариялауға болмайды деген тыйым еш жерде жазылмаған, – деді құқық қорғаушы.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина (оң жақта) Қаңтар оқиғасы туралы "Ескертусіз қасақана оқ ату" баяндамасын көпшілікке таныстырып отыр. Алматы, 5 маусым, 2023 жыл.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина (оң жақта) Қаңтар оқиғасы туралы "Ескертусіз қасақана оқ ату" баяндамасын көпшілікке таныстырып отыр. Алматы, 5 маусым, 2023 жыл.

Төреғожина бұл істерді қараған сот айыптау сарынында үкім шығарды деп есептейді.

– Сотталушылардың ешқайсысы кінәсін мойындаған жоқ. Мұндай ауыр айып тағылғаннан кейін, қылмысы да бұлтартпас айғақпен дәлелденуі керек қой. Бірақ бұл істерде ондай болмады. Сот олардың кінәсі толық дәлелденгеніне ешкімнің көзін жеткізе алмады, – деді Төреғожина Азаттыққа.

Жоғарғы сот келтірген уәжге сүйенер болсақ, онда Қаңтар оқиғасы кезінде "әскери қызметшінің өміріне қол сұғу" айыбымен (380-1-баптың 2-бөлігі) 17 жыл 6 айға түрме жазасына кесілген қызылордалық Қазыбек Құдайбергеновтің де сот актісі жария болмауы керек. Бірақ оның ісіне қатысты құжаттарға "Сот кабинетінде" қол жеткізуге болады.

Нұрсұлтан Исаев жаппай тәртіпсіздік кезінде көлікпен қағып кеткен полицияның екі қызметкерінің біреуі жеңіл жарақат алған, екіншісіне еш зиян келмеген. Ақтөбе соты оны "адам өлтіру ниеті болды" деп айыптап үкім шығарды. Исаев тағылған айыпты жоққа шығарып, көлігіне жарылғыш зат түскен кезде сасқанынан көлігінің алдында тұрған адамдарды байқаусызда қаққанын айтты. Оның қорғаушылары Исаевтың кінәсі дәлелденген жоқ деп есептейді.

Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған 18 адамның ісі бойынша сот процесі. Ақтөбе, 19 қазан, 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған 18 адамның ісі бойынша сот процесі. Ақтөбе, 19 қазан, 2022 жыл.

Ербол Жұмановқа "қару жымқырып, оқ-дәріні заңсыз иемденді", "Ұлттық қауіпсіздік комитеті подполковнигін атып өлтірді" деген айып тағылды. Ол қару алып, үйіне апарғанын мойындады, бірақ адам өлтіру айыбына келіспейді.

Оның адвокаты мен туыстары тергеу кезінде де, сотта да Жұмановтың оқ атқанын дәлелдейтін видео немесе фотоайғақ болмағанын айтады. Олар Жамбыл облысының соты куәгерлер сөзіне және болжамдарға сүйеніп үкім шығарды дейді.

"Қаңтар ісі" бойынша 16 жылға сотталған Ербол Жұманов (ортада) сот залында отыр. Тараз, 28 сәуір, 2023 жыл.
"Қаңтар ісі" бойынша 16 жылға сотталған Ербол Жұманов (ортада) сот залында отыр. Тараз, 28 сәуір, 2023 жыл.

Ғабит Піржановқа "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "полиция қызметкерінің өміріне қол сұқты", "қару жымқырды" деген айыптар тағылды. Қызылорда соты оның қылмысы "бес полиция қызметкерінің және екі құпия куәгердің сөзімен дәлелденді" деп тапты. Адвокаты Асылбек Садықов Азаттыққа "бұл айыптардың ешбіріне дәлел жоқ, бәрі жала" деген. Ол заңсыз үкім шықты деп біледі.

Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар қырғыны туралы тәуелсіз баяндама әзірлеген құқық қорғаушылар Альянсы ұзақ мерзімге сотталған азаматтардың ісінде дискриминация көп болғанын жазды. Құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасы кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "ескертусіз оқ ату" туралы берген бұйрығы азаматтардың өмір сүру құқығын бұзды дейді. Бұған қоса Қаңтарға байланысты айып тағылғандардың тергеу және сот ісінде "кінәсіздік презумпциясы принципі бұзылды, прокурорлармен салыстырғанда қорғаушылардың көп өтінішін сот қабылдамады, жауапқа тартылғандардың істері бір жақты тергеліп, айыптау сарынында үкім шықты, судьяға сенімсіздік білдіргендердің өтініші ешқашан орындалған жоқ және судьялар сотталушылардың азапталғанын елеусіз қалдырды" деп сынады. Билік орындары бұл тұжырымға келіспейді.

Белсенділер мен құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасын халықаралық сарапшыларды қатыстыра отырып тәуелсіз зерттеуге, көп адамның өліміне әкеп соққан жайттардың егжей-тегжейін анықтап, құрбан болғандар мен айыпталғандардың (кейбірі қаза болғаннан кейін жауапқа тартылған) билік құпия қылған істерін жариялауға үндеген. Ресми Астана оған көнбеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG