Accessibility links

"Наразылықтың артынан арандатушы іздеу – саяси алаяқтық"


"Қытай экспансиясына" қарсылық акциясында тұрған азаматтар. Ақтөбе, 5 қыркүйек 2019 жыл.
"Қытай экспансиясына" қарсылық акциясында тұрған азаматтар. Ақтөбе, 5 қыркүйек 2019 жыл.

Қазақстан билігі елдегі "Қытай жобаларына қарсылық" акцияларының артында "арандатушылар тұр" деп санайды. Жаңаөзен оқиғасы мен Жер митингілері кезінде де "арандатушылар" жайлы айтылған. Қазақстандағы наразылықтың артында, билік айтқандай, расымен үшінші күш тұр ма? Азаттық сарапшылардан сұрап көрді.

Қыркүйектің басында Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында екі жүзге жуық адам орталық алаңға шығып, "Қазақстандағы Қытай жобаларына" қарсылық білдірді. Олар ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан 11-12 қыркүйекте Пекинге бармауды талап етті. Кейін елдің бірнеше қаласында жаңаөзендіктерді қолдаған акциялар өтті. Бұл шараларға қатысқандар билікке "Қытай Қазақстанда 55 зауыт салмасын" деген талап қойды.

Қыркүйектің 6-сы күні Тоқаев биыл жазда "қоғаммен диалог орнату" үшін өз бастамасымен құрған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында Қытайға қарсы наразылыққа "қаскөйлер" мен "тұрақсыздықты көксейтін геосаясатты" айыптады.

"Соңғы кезде "шетелдіктерге жер сатылады-мыс", "көрші елдің 55 ескі зауыты көшіріледі", "шетелден мыңдаған жұмысшы әкеледі екен" деген тәрізді түрлі қауесет тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза сөздерге ермеуі қажет. Ондай қауесетті елдің патриоттық көңіл-күйін айла-шарғымен өз мақсатына пайдаланғысы келетін қаскөйлер таратып жатыр. Жұртты бұлайша адастыру – халықтың бірлігіне іріткі салып, Қазақстанда тұрақсыздық тудыруды көздейтін геосаясаттың бір бөлігі екенін түсінген жөн" деді ол.

Кейін ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мемлекеттік телеарнадан сөйлегенде "Қытай зауыттарына қарсы наразылық шарасының артында арандату тұр" деді.

Тоқаев та, Абаев та "қаскөйлер мен арандатушылардың" кімдер екенін ашып айтпады.

Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылардың бірі "елдегі наразылық көңіл-күйдің артынан үшінші күшті іздеу Совет заманынан қалған дағды" десе, енді бірі "наразылыққа үшінші күш емес, биліктің ақпаратты ашық жарияламауы себеп" дейді.

"БИЛІК ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ҚАШАДЫ"

Журналист, құқық қорғаушы Сергей Дуванов.
Журналист, құқық қорғаушы Сергей Дуванов.

Сергей Дуванов, Қазақстандық адам құқығын қорғау бюросының өкілі, журналист

Әр істі өз атымен атау керек. Қытайға қарсы бұл көңіл-күйге ешнәрсені ашып айтпайтын, түсіндірмейтін, ақпарат бермейтін, бәрін жасырын істейтін биліктің өзі себеп болды. Ақпараты ашық емес келісімдер жасасады. Жұрт қанша қытай келіп-кететінін, қанша және қандай зауыт салынатынын, оларды кім салатынын білмейді. Бұл ақпараттарды билік жасырады да, содан наразылық пайда болады. Ал мұны билікке қарсылар пайдаланып кетеді. Бұған кім кінәлі? Билік кінәлі. Егер адам барлық ақпаратты білсе, үшінші-төртінші күштің ақпаратына құлақ аспас та еді. Егер ақпарат болмаса, жұрт кез келген өсекке сенеді. Қазір Қазақстанда Қытай экспансиясы жоқ, бірақ қазіргі билік кезінде ондай болуы да мүмкін. Билік бұл ақпараттарды ашсақ, халық түсінбейді деп ойлайтын сияқты. Бұл – бір. Екіншіден, екі ел [үкіметтерінің] арасында келіссөздің шарттарын жұртқа ашпау туралы келісім де бар болуы мүмкін. Бірақ ақпаратты жасыру арқылы халықтың ашуын одан әрі өршітеді. [Билік] кез келген шешімді халыққа түсіндіруі керек. Бұл зауыттардың не үшін керегін, оның билік үшін емес халық үшін жасалып жатқанын түсіндірген жөн. Бірақ билік ауыз ашпай отыр.

Ғалым Ағелеуов, "Либерти" қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы

Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов.
Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов.

Бұл – ыңғайлы тәсіл. Біздің билік мұндай манипуляцияға, жағдайдың ушығуына белгісіз үшінші күштің кінәлі екенін әркез айтады. Мұндай сөздер 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде де, 2016 жылы Жер митингілерінде де, қазір де айтылып отыр. Шын мәнісінде, ешқандай үшінші күш жоқ. Билік бұл наразылыққа өзі себеп болды. Біріншіден, бұл бизнес жобалар жайында жеткілікті ақпарат болмады. Қазақ-қытай арасындағы мәдени, сауда-экономикалық қатынас туралы тым аз ақпарат тарады. Ал бұл қатынастың пайдасы туралы сөз болған жоқ. Себебі ол пайданы тек билеуші элита ғана көріп отырды. Яғни, ақшаны жинайтын да солар, инвестицияны алатын да солар, оны өз еркімен жұмсаған да солар, жеке секторға беріп, байыған да солар болды. Ал халық мұның барлығын көрген жоқ, тек өзі өзгелерден төмен жағдайда екенін сезді. Сондықтан да қазір халықтың ашықтықты, бұл жобалар жайлы толық ақпаратты талап етіп жатқаны дұрыс.

Толғанай Үмбеталиева, Орталық Азияда демократияны дамыту қорының жетекшісі, саясаттанушы

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева.
Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева.

Бұл – конспирология теориясы. Осы күнге дейін билік оның жемісін көріп келді. Біз бәріміз Совет кезеңінен бері осы идеологиялық мәдениетте тәрбиеленгенбіз. Біз сырттағының бәрін жау санадық және "олар бізге тек қастандық жасауды ойлап жүреді" деп қабылдадық. Элита әлі де мұны өте ұтымды қолданады. Дискурс деген түсінік бар. Ол адамдардың өзін ұстауы мен әрекет етуіне өте қатты әсер етеді. Бастысы сондай дискурс тудырып, өте ұтымды пайдалана білсе болғаны. Қазір біздің адамдардың барлығы саяси сауатты емес. Сондықтан манипуляция жасау өте оңай. Мұны мемлекеттік құрылымдар өте ұтымды пайдаланып, дер кезде дискурс қалыптастырады. Біздің қоғамның өзі осындай, қандай жағдай болмасын біреу кінәлі болып шығады. Соңғы наразылықтардың артында үшінші күш тұр деп ойламаймын, наразылық білдіргендер - билікке көңілі толмайтындар. Егер наразылық болса, демек биліктің жұмысында кемшіліктер бар деген сөз. Оны мойындап, жұмыс істеу керек. Ал оның орнына билік бәрін жауып қойып, жауапкершіліктен қашады. Мұндай манипуляцияны террористік, экстремистік, радикалды және саяси күштер пайдаланып кетуі мүмкін. Олар адамның көңіл-күйіне әсер етіп, "айналаның бәрі жаман, біз сендерге жақсылық жасаймыз" деп пайдаланады.

Дастан Қадыржанов, саясаттанушы

Биліктің наразылықтардың артында "сыртқы күш тұр" деуі – саяси алаяқтық. Наразылыққа шыққандар тыңшы я арандатушылар емес, өз ой-пікірі, көзқарасы бар қарапайым азаматтар. Мұндай мәлімдемелер кез келген авторитарлық, диктаторлық билік жүйесі бар елге тән. Олар елде өзгеше қоғамдық пікірдің қалыптасқанын, наразылық болғанын қаламайды.

БИЛІКТІҢ "АРАНДАТУШЫЛАР" ЖАЙЛЫ РИТОРИКАСЫ

Қазақстан билігі бұған дейін де елдегі наразылық шараларының артынан арандатушылар іздеген.

2011 жылы Жаңаөзенде еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға созылған ереуілін полиция оқ атып таратқаннан кейін сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер кезінде жастарға 20 мың теңгеден ақша мен арақ берген, полиция өзіне бағынбаған топты жуасыту мақсатында әуелі аспанға, кейін жерге қарата оқ атқан" деп мәлімдеген. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен оқиғасы кезінде 17 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Мұнайшылар шеруіне мүлде қатысы жоқ бірнеше жергілікті тұрғын да оққа ұшқан.

2016 жылы Қазақстанда жер кодексіне ауыл шаруашылығына арналған жерлерді шетелдіктермен бірлескен компанияларға жеке меншікке сату немесе 25 жылға жалға беру мүмкіндігі қарастырылған өзгерістер енгізуге қарсы жаппай наразылық шерулері өткен. Сол кезде де Назарбаев қарсылық акцияларының артында "арандатушылар" бар деп мәлімдеген, билікті қолдайтын баспасөз құралдары "Батыстан ақша алып отырғандар" туралы айтып, жазды. Кейін Назарбаев даулы заңға бес жылға мораторий жариялаған болатын.

Биыл наурыз және мамырда өткен билікке наразылық шарасынан кейін де Нұр-Сұлтан "арандатушылар" туралы тағы айтқан. Бас прокуратура "арандатушылардың" "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болғаны" туралы мәлімдеген.

Прокуратура хабарламасында жекелеген адамдардың тұрғындарды "елдегі қоғамдық-саяси жағдайды шайқалтып, ұлтаралық алауыздық тудыру және билікті басып алу" мақсатымен рұқсат етілмеген митингілерге шығаруға тырысқаны айтылған.

Қазақстан билігі осы кезге дейін әлгіндей "арандатушылар", "қоғамдық-саяси жағдайды шайқалтып, билікті басып алғысы келетіндер" кімдер екенін нақты атаған жоқ.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG