Accessibility links

Любовь Чубукова: "Есірткіге тәуелділер жүктілігі - ешкімге қажет емес тақырып"


"ВИЧ-пен өмір сүретін қазақстандық адамдар одағы" өкілі Любовь Чубукова.
"ВИЧ-пен өмір сүретін қазақстандық адамдар одағы" өкілі Любовь Чубукова.

Қарашаның 25-і – әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылыққа қарсы халықаралық күрес күні. "ВИЧ-пен өмір сүретін қазақстандық адамдар одағы" өкілі Любовь Чубукова Азаттық тілшісімен талқылаған зорлық-зомбылық түрін "ешкімге қажет емес тақырып" деп атайды.

Алайда ол қоғамда болып жатқан жайттар адамды азаптаумен барабар деп санайды. "Сорос-Қазақстан қоры" ұсынған "Құқық қорғаушылардың жаңа буыны" стипендиялық жобасы аясында Любовь Чубукова "Жүктілік пен босану кезінде азаптау мен қатыгез қарым-қатынас еркіндігіне есірткіге тәуелді әйелдер құқығы" тақырыбын таңдаған. Любовь Чубукова - Азаттықтың Қазақстандағы жас құқыққорғаушылар туралы "Мен болмасам, басқа кім?" атты арнайы жобасына қатысушы.

Азаттық: Любовь, неліктен мұндай зерттеу жасауды ұйғардыңыз және осындай тақырыпты таңдадыңыз?

Любовь Чубукова: Бір жыл бұрын Қазақстан тарихында бірінші рет ВИЧ-инфекция саласында CEDAW конвенциясын (Әйелдерге қатысты дискриминацияның барлық түрін жою туралы БҰҰ конвенциясы) орындау бойынша тақырыптық есеп жаза бастадық. Белсенділерден, есірткі тұтынатын, ВИЧ-пен өмір сүретін әйелдерден, секс қызметін көрсетушілерден құралған үлкен жұмыс тобы болды. Сол кезде негізгі бағыттарды анықтадық.

Осы топтың үйлестірушісі болдым, кейстердің бәрі маған түсті. Оқиғаларды қарай отырып, медициналық қызметке қол жеткізу туралы ғана айтылмағанын түсіндім. Жүктілігіне қатысты көмек сұраған соң жарты жыл бойы ұйықтай алмаған әйелдің оқиғасы болды, соншалықты жаны ауырған. Қазақстанда бұл тақырып мүлдем зерттелмегенін білдім. Ол бөтен, ешкімге керек емес. Ол жақта болатын жағдайды азаптау деп атаса болады.

Азаттық: Жұмыстан қандай қорытынды жасадыңыз?

Любовь Чубукова: Зерттеуім құқықтық мәселелерді, мемлекеттің міндетін қамтиды. Негізгі қорытынды ешкімді таң қалдырмайды – есірткі қабылдайтын немесе қабылдаған әйелдерге медициналық қызметкерлер стигматизация жасайды. Оның үстіне Қазақстанда мұндай әйелдерге жүктілік пен босану кезінде қандай ем тағайындау, көмек көрсету керектігі нақты жазылған хаттама жоқ болып шықты. Сондықтан дәрігерлер мұндай жағдайда не істеу керектігін білмейді. Оның соңы үлкен қиналыс пен азапқа әкеледі.

Қазақстанда мұндай әйелдерге жүктілік пен босану кезінде қандай ем тағайындау, көмек көрсету керектігі нақты жазылған хаттама жоқ. Сондықтан дәрігерлер мұндай жағдайда не істеу керектігін білмейді. Оның соңы үлкен қиналыс пен азапқа әкеледі.

Азаттық: Қандай да бір құқықтық негіз бар шығар?

Любовь Чубукова: Жүктілік пен босануға қатысты жүктілікті бақылаудың бірегей стандарты ғана бар. Ол 2018 жылы жаңадан шыққан, жалпы жаман емес, бірақ онда есірткіге тәуелділерге көмек көрсету туралы ештеңе айтылмаған. Ал осындай әйелдер мен медицина қызметкерлеріне қатысты нормалар жазалауға бағытталған. Онда жүз пайыз жүктіліктен сақтану туралы айтылады.

Мысалы, есірткіге тәуелді әйел дәрігерге келсе, дәрігер оны жатырына спираль қойдыруға көндіруі керек. Жүкті болып қалса түсік жасатуы керек. Заң бойынша, есірткіге тәуелді әйелдің жүктілігін кез келген мерзімде үзуге болады. Мен бұл ережелер, соның ішінде түсік жасату жаман демеймін. Мәселе оны қалай қолдануға келіп тіреледі.

Азаттық: Стигматизация тақырыбын тағы қозғаймыз ба?

Любовь Чубукова: Иә, әйелдерге кеңес беру бөліміне хабарласқаннан бастап, стигматизация басты рөл атқарады. Мен сөйлескен әйелдердің жартысы медицина қызметкерлерінің салқын қарайтынын айтты. Мысалы, бір әйел түн ішінде түсік тастап, қан кеткен. Ол гепатит және ВИЧ-пен ауыратынын айтқанда гинеколог еш реакция танытпаған, ал көптен бері есірткіге тәуелді екенін айтқанда оның қарым-қатынасы дереу өзгерген. Ол әйелге ауруды басатын дәрі сала алмайды. Ол өте қиын, кейде нашақорлардың күретамыры көрінбейді. Ақыры түсік тастаған әйелді дәрісіз "тазалайды". Оны бес адам ұстап тұрған және "Сен нашақорсың ғой. Есірткі тұтынғанда шыдадың ғой, бұл жолы да шыда" деген. Яғни оны сондай ауруға лайық санаған. Мұны азаптау демеске бола ма? Кейін дәрігер келіп: "Бұл жерде жатпайтыныңды біліп тұрмын. Дәріңді ал да, кете бер" депті.

Сен нашақорсың ғой. Есірткі тұтынғанда шыдадың ғой, бұл жолы да шыда" деген. Яғни оны сондай ауруға лайық санаған. Мұны азаптау демеске бола ма?

Азаттық: Ондай стигматизация неден туындайды?

Любовь Чубукова: Оның екі себебі бар. Маған бір психотерапевт: "Бізде ана бейнесі мен есірткі қабылдайтын әйел бейнесі үйлеспейтіні соншалықты, дәрігер оған басқаша қарай алмайды" деп жақсы түсіндірді. Ал ол жүкті әйел ауыр созылмалы сырқатқа шалдыққан, оның есірткіге тәуелділігі заң жүзінде мойындалған.

Кез келген осындай сырқатқа шалдыққан әйелге қолдау көрсетіліп, ана мен балаға келетін зиянды азайту керек. Бұл жерде екі еселенген стигма бар. Біздің қоғамда жалпы әйелдерге қатысты дискриминация деңгейі өте жоғары. Бәрі қабаттаса береді. Оның негізі әйелдің қоғам таңған басты функциясы – ұрпақ әкелу міндетін атқармауына келіп тіреледі. Өзін ана болуға "сақтаудың" орнына есірткі қабылдап жүр деп қарайды. Ал есірткіге тәуелді ер адамға қарым-қатынас басқаша. Ол жерде де стигматизация бар, бірақ әйелге қатысты жағдайда ол айқын байқалады.

Азаттық: Есірткіге тәуелді әйел мен ер адамға қатысты тағы қандай айырмашылық бар?

Любовь Чубукова: Олардың арасында айырма көп. Әйелдердің көбі есірткіні серіктес ер адамның кесірінен тұтына бастайды. Әдетте есірткі алуға, таза шприц алуға, ВИЧ-ке тест тапсыруға ерлер барады. Әйелдерді ондай заттарға жібермейді немесе үйде баламен отырады. Ол есірткі қабылдайды, бірақ ВИЧ-ке тест тапсырып, ем қабылдамайды, себебі үйде кішкентай баласы бар, оны қалдыратын адамы жоқ. Көбіне жағдай осылай қалыптасады.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Азаттық: Қазақстандағы есірткіге тәуелді әйел санын айта аласыз ба?

Любовь Чубукова: Есепте екі мыңға жуық әйел тұр. Бірақ есепке тұрудың машақаты көп екенін білесіз, сондықтан нақты көрсеткіш бұл саннан бірнеше есе көп. Жалпы бағалау бар, онда жынысқа бөліп қарамайды. Жалпы тұрғындар санының 17 пайызын алатын статистикалық формула бар, оған салсақ 21726 әйел болып шығады. Есепте тұрғандардың 90 пайызы бала тууға қабілетті әйелдер болғандықтан жалпы есеппен бұл пайыз сақталады деп ойлаймын. Яғни, қазіргі таңда Қазақстанда 19 мыңға жуық есірткіге тәуелді әйел сексуалды денсаулық сақтау қызметіне зәру.

Азаттық: Есірткіге тәуелді әйелдерге көмектесу туралы айтсақ…

Любовь Чубукова: Қазіргі кезде елімізде ерлер де, әйелдер де толыққанды сауығуға қажетті кешенді ем-шаралар мен есірткі тұтынудың зиянын азайту көмегін ала алмай отыр. Метадонмен емдеу 10 аймақтың 13 жерінде ғана бар, қазір олар жаңа емделушіні қабылдамайды. Алмастырғыш терапия қазақстандық денсаулық сақтау жүйесіне кірген жоқ.

Ол туралы әрдайым дау болып жатады, оған қарсы шығушылар бар, Ішкі істер министрлігі де соларды қолдайды. Қазір онжылдық пилоттық бағдарлама қолданыстан өтіп жатыр. Былтыр желтоқсанның 20-сы күні осы мәселеге қатысты соңғы құжат қабылданған, бұрыннан бар жерлерде қолдана беретін болды, бірақ ары қарай ауқымын кеңейтпейді.

Азаттық: Неге соншалықты қарсылық туды? Препараттың өзі зиянды ма?

Любовь Чубукова: Мүмкін көрші елдердің ықпалы шығар. Қазір кейбірі бұл салада өте қатаң әрі репрессияшыл саясат ұстанып отыр. Препаратқа келсек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының клиникалық базасы бар, онда метадонды қолдану керектігі айтылған. Бұған алып-қосарым жоқ, Қазақстанның бұл мәселеде әлі ойланып отырғаны түсініксіз.

Мемлекет адамның қажеттілігін өтегісі келе ме? Метадонның денсаулыққа апарар жол екені дәлелденген. Заң бойынша созылмалы сырқаты бар адамның барлығы инновациялық әдіспен емделуге құқылы.

Азаттық: Есірткіге тәуелділік пен жүктілік тақырыбына оралайық. Мұндай жағдайда әйелдер баласын сақтап қалуға қаншалықты тырысады?

Любовь Чубукова: Көп жағдайда сақтай алмайды. Есірткі қолданған әйелдің етеккір циклі бұзылады. Оны реттеу өте қиын. Бірақ әйелдер ол туралы ойланады, жүкті болмауға тырысады. Есірткі қолданған кезде зорлық-зомбылық артады, серігі, полиция немесе басқа адамдар зорлауы мүмкін. Сондықтан кездейсоқ жүкті болу қаупі көбейеді.

Бір айда 34 әйелден сауалнама алдым. Олардың көбі жүктілікті үзуге тырысқан, 25 пайызы дәрігердің кеңесімен сондай қадамға барған. 20 пайызы түсік тастаған немесе баласы өлі туған. Тек 15 пайызы баласын өмірге әкелген.

Азаттық: Медицина қызметкерлері оларға қандай қарым-қатынас жасағанын қалайсыз?

Любовь Чубукова: Есірткіге тәуелді әйелдердің жағдайында айрықша жағдайлар көп – түсік тастау, жасанды түсік жасату, босану кезінде дәрігерлер қалай көмектесуді білуі керек. "Тазалау" кезінде ондай әйелге ауруды басатын дәріні жіберу әдісін табуға тиіс, мысалы бұлшық етке салса болады. Мөлшерін анықтай алу керек, көп жыл героин тұтынған әйелдің ауырсыну шегі қатты төмендейді.

Психотерапевт-наркологтардың айтуынша, жүкті әйел түскен кезде олардың өзі көбіне не істерін, қандай дәрі беретінін білмей абдырап қалады. Мысалы, қатты ауыртатын абстинентті синдромды жою үшін ем табу қиынға түседі.

Есірткіге тәуелді жүкті әйелдердің мәселесін реттейтін тағы бір құжат бар. Метадонды алмастырғыш терапиямен емдеуге қатысты ережемізді айтамын. Онда ең алдымен метадонды қолдану керектігі айтылған, героин мен өзге де синтетикалық заттарға қарағанда оның ұрыққа кері әсері аз. Сондықтан хаттама керектігі айқын байқалады.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Азаттық: Тағы қандай эталон немесе стандарттар бар?

Любовь Чубукова: Көршіміз Қырғызстанға қарасақ, олар медициналық хаттама енгізген, онда есірткіге тәуелді жүкті әйел медициналық мекемеге келгенде не істеу керектігі нақты жазылған. Оны енгізуге БҰҰ, ЮНИСЕФ сияқты халықаралық ұйымдар белсенді араласты. Үкіметтік емес ұйымдар мен есірткі тұтынушы әйелдер қауымдастығы да үлес қосты.

Азаттық: Қазақстанда ондай процеске өтуге не кедергі?

Любовь Чубукова: Бірнеше жыл бұрын хаттама жазу үшін жұмыс тобы құрылды, бірақ олар кездесуден арыға бармады. Бізде бәрі саяси ерік-жігерге байланысты, мәселені түсініп, оны сүйрейтін адам керек. Сол кезде "сүйрейтін паровоз" табылмай қалған сияқты.

Қазақстанда бәрін жазуға дайын мықты мамандар бар. Тек Денсаулық сақтау министрлігі рұқсат етсе болғаны. Бірақ әлі еш өзгеріс жоқ, мемлекет өз міндетін атқармай отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG