Accessibility links

Қаламқас кенішінің құбыр жөндеушілері жұмыстарын тоқтатты


Наразылыққа шыққан Қаламқас кенішінің жұмысшылары. 7 мамыр 2018 жыл.
Наразылыққа шыққан Қаламқас кенішінің жұмысшылары. 7 мамыр 2018 жыл.

"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясына тиесілі Қаламқас кенішіндегі мұнай құбырын жөндеушілер жалақыны көтеруді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етеді. Наразылар өздері жұмыс істейтін "КазПромЛогистик" компаниясының басшылары талаптарын орындамайынша жұмысқа шықпайтындарын айтады.

"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының мердігері "КазПромЛогистик" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мұнай ұңғымаларын жөндеумен айналысатын бір топ жұмысшы мамырдың 7-cі күні таңғы жетіден бері жұмысты тоқтатып, жалақыны көтеруді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп отыр.

Қайрат есімді (толық аты-жөнін айтудан бас тартты) жұмысшы Азаттыққа талаптары орындалса ғана Қаламқас кенішіндегі жұмыс орындарына баратындарын айтты.

- Бізде проблема өте көп. Ең бастысы жалақымызды 200 мың теңгеге өсіруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етеміз. Бізде тіпті еңбек шарты да жоқ. Үстімізге арнайы жұмыс киімін де бермейді. Өзіміз киіп келген жұмыс киімін жуатын су да жоқ, - деді ол телефон арқылы.

Қаламқас кеніші жұмысшыларының айтқаны. 7 мамыр 2018 жыл.

Жиналған жұмысшылардың сөзінше, олар "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының өндірістік басқармасының бірі "Қаламқасмұнайгазда" 15 күндік ауысыммен жұмыс істейді. Екі вахтада екі жүзден астам адам еңбек етеді. Олардың дені Маңғыстау облысының тұрғындары және бірен-саран Ақтөбе облысынан келіп жұмыс істеп жатқандар бар. Жұмысшылардың айтуынша, олар "КазПромЛогистик" компаниясындағы жұмысты интернеттегі жарнама арқылы тапқан.

- Интернеттегі хабарламаны көріп, резюме жолдадым. Бір аптадан соң маған хабарласып, "қаласаңыз жұмысқа шығуыңызға болады. Жақында вахта Қаламқасқа кетеді. Жалақы жақсы. Қалғанын кейін айтамыз" деп шақырды,- дейді Қайрат.

Ол өзінің алты баласы бар екенін, оларды асыру үшін тәуекелге бел буып жұмысқа кірісіп кеткенін айтады. Оның сөзінше, үш вахталық ауысым өтсе жағдай өзгермеген.

"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы кеңсесі. Ақтау, 5 мамыр 2018 жыл.
"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы кеңсесі. Ақтау, 5 мамыр 2018 жыл.

Жұмысшылар қазір қолдарына 90-120 мың теңге алатынын, бірақ оның отбасын асырау үшін мүлде жеткілікісіз екенін айтады.

Міне, ыстық басталды. Біз болсақ түк жағдайы жоқ контейнерде тұрамыз. Күнде таңғы алтыдан бізді жүк машинаға тиеп, бірнеше шақырымдағы кеніш басына апарады.

- Кей жұмысшылар екі жылға жуық уақыт еңбек етіп жатыр. Оларға бастық "жалақы көтеріледі, шыдаңдар" деген. Міне, ыстық басталды. Біз болсақ түк жағдайы жоқ контейнерде тұрамыз. Күнде таңғы алтыдан бізді жүк машинаға тиеп, бірнеше шақырымдағы кеніш басына апарады. Аймақтағы экология бөлек әңгіме, - деп шағымданады жұмысшылар.

Наразылар жұмыс берушінің талаптарынан хабардар екенін, олар басшылықтың кеніш басына келуін күтіп отырғандарын айтты.

Азаттық тілшісі "КазПромЛогистик" мекемесінің басшысы Ғарифулла Таимовты іздеп көрген еді. Бірақ мереке күндеріне байланысты офис телефонына ешкім жауап бермеді. Маңғыстау облыстық прокуратурасынан да жұмысшылар наразылығы туралы анықтау мүмкін болмады. Қазақстанда Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай мамырдың 7-9-ы күндері ресми демалыс деп жарияланған.

"КазПромЛогистик" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі - 2011 жылы құрылған "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясына мұнай және газ өндіруде техникалық қызмет көрсететін жеке меншік мекеме.

Маңғыстау облысындағы Бозащы түбегіндегі Қаламқас кенішін игерумен аймақтағы аса ірі мұнайгаз өндіруші компания "Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамы айналысады.

Мамырдың 5-сі күні "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының Ақтаудағы кеңсесі алдына биылғы сәуірге дейін осы компаниядағы әкімшілік департаментіне қарасты цехта бөлме тазалаушы, кір жуушы, құбыр жөндеуші болып еңбек еткен бір топ жұмысшы жиналған. Олар өздерін "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясынан шығаруға наразы екендерін айтып, кәсіпорын әкімшілігінен өздеріне 5/50 тәсілімен, яғни бес жылдық жалақының елу пайызын алдын ала төлеуді талап еткен.

XS
SM
MD
LG