Accessibility links

Алтынбектің қазасын қайта тергеу. Әбіқаев, Қасымов, Әбікенов, Жақиянов Азаттыққа не айтты?


Алтынбек Сәрсенбайұлы "Ақ жол" партиясының үшінші съезінде сөйлеп тұр. Алматы, 2004 жыл
Алтынбек Сәрсенбайұлы "Ақ жол" партиясының үшінші съезінде сөйлеп тұр. Алматы, 2004 жыл

Әуелі билікте қызмет атқарып, кейін Қазақстан оппозициясындағы ықпалды тұлғаға айналған Алтынбек Сәрсенбайұлы екі көмекшісімен бірге тура 18 жыл бұрын оққа ұшты. Тергеу жүрді, сот өтті. Бірақ қылмыстың құпиясы әлі толық ашылған жоқ. Азаттық бұған дейін осы тақырыпта бірнеше материал жариялаған. Бұл да көп сұраққа жауап іздеген кезекті ұмтылыс. 2006 жылы сотта аты-жөні аталған билік өкілдері мен тергеуге қатысқан жауапты тұлғалар Азаттық сұрағына не деп жауап берді? Саясаткер Ғалымжан Жақияновқа АҚШ-та ФБР (Федералдық тергеу бюросы) офицерлері тергеу жайлы қандай ақпарат айтты?

НҰРТАЙ ӘБІҚАЕВТЫҢ ОРЫНДАЛМАҒАН УӘДЕСІ

2006 жылдың ақпаны. Мемлекет қайраткері, оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы туралы суыт хабар тарап, ел ішін "Бұл қылмыстың артында кім тұр?" деген сауал кезді.

Саясаткерді оққағары Бауыржан Байбосын және жүргізушісі Василий Журавлевпен бірге "Арыстан" арнайы жасағы ұстағаны анықталған соң президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) төрағасы Нартай Дүтбаевтың отставкасын қабылдады. Кейін қылмысқа тапсырыс беруші ретінде ұсталған сенат аппараты жетекшісі Ержан Өтембаев президентке кінәсін мойындап, "өкініш" хат жазды-мыс. Өтембаев хатта бұл іске өзінің тікелей басшысы, сенат спикері Нұртай Әбіқаевтың еш қатысы жоқ деген. Бірақ қоғам, оппозиция, жәбірленушілер қанша талап етсе де, сот Әбіқаевты жауап алуға шақырмады.

Қастандықпен өлтірілген оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі – Бауыржан Байбосын және Василий Журавлев 2006 жылғы 13 ақпанда Алматы маңындағы сайдан табылған.
Қастандықпен өлтірілген оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі – Бауыржан Байбосын және Василий Журавлев 2006 жылғы 13 ақпанда Алматы маңындағы сайдан табылған.

77 жастағы Нұртай Әбіқаев 30 жылдан астам уақыт бойы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаттағы сенімді серіктерінің бірі болды. Әуелі көмекшісі болды, кейін әкімшілігін басқарды. Елдегі ең ықпалды қызмет – ҰҚК-ні екі рет басқарып, сенатқа төрағалық етті.

Нұртай Әбіқаевқа қоңырау шалып, Алтынбек ісі туралы көп сұрақ қоймақшы болдым. Тұтқаны көтерген соң Азаттықтан хабарласып тұрғанымды, Сәрсенбайұлы туралы материал жасап жатқанымызды айттым.

Нұртай Әбіқаевпен арадағы диалог ары қарай былай өрбіді.

– Қандай сұрақ? Жазып жіберсең.

– Ол жазып жіберетін сұрақ емес қой. Мысалы, Алтынбек ісі әуелі басқаша тергелді. Кейін Рахат Әлиевке телінді. Жалпы осы жағдайға сол кездегі биліктің, сіз де билікте болдыңыз, тергеуге қаншалықты әсері болды? Қаншалық ықпал етті?

– Оны былай, анау-мынау жағын кездесіп айту керек.

– Жақсы, Нұртай аға. Кездесіп айтылуы керек нәрсе екенін жақсы түсінемін. Азаматтық сөзбен кездесуге уақыт табуға, нақты кездесуге уәде бересіз бе?

– Жарайды, уәде беремін. Бүгін сейсенбі, ертең сәрсенбі – сәтті күн, бейсенбіге уақыт болады.

– Бейсенбіге, қай уақытта болады?

– Түске таман.

Бұдан кейін Нұртай мырзамен байланыса алмадық. Көмекшілері оның сұхбат бермейтінін айтты. Бірақ Әбіқаев мырзадан жауап болмады, ол берген уәдесінде тұрмады.

"АРЫСТАН" ОФИЦЕРІНІҢ ҚОРҚЫНЫШЫ

2006 жылы қылмысқа тапсырыс беруші және ұйымдастырушы деп сотталған Ержан Өтембаев 2014 жылы іс қайта қаралып, негізгі айып Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевқа ауысқан соң шартты түрде түрмеден босап шыққан.

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен көмекшілерін өлтіруге "тапсырыс беруші" деп сотталған Ержан Өтембаев. Алматы облысы Қаскелең ауылы, 22 қаңтар, 2014 жыл
Алтынбек Сәрсенбайұлы мен көмекшілерін өлтіруге "тапсырыс беруші" деп сотталған Ержан Өтембаев. Алматы облысы Қаскелең ауылы, 22 қаңтар, 2014 жыл

Бұл оқиғаға үш адамды өлтірді деген айыппен түрмеде отырған Рустам Ибрагимовтің Жоғарғы сот төрағасына 2012 жылы жазған хаты себеп болды.

2013 жылы желтоқсанда Бас прокуратура Ибрагимов қылмысқа тапсырыс берушілердің аты-жөнін атағанын мәлімдеді. Осыдан кейін мемлекеттік айыптау Әлиев пен Мұсаевқа бағытталды. Ол екеуі айып қолдан жасалған, саяси сипаты бар деп жоққа шығарды. Рахат Әлиев 2015 жылы Австрия түрмесінде қаза болды (ресми нұсқа – суицид). 2018 жылы Ержан Өтембаев жүрек талмасынан қайтыс болды.

Рустам Ибрагимовтің куәлік сөзі өзгеріп, Бас прокуратура мәлімдемесінен кейін өткен 2014 жылғы сотқа қайтып оралсақ.

Алматы облысы Қарасай ауданында Алтынбектің қазасына қатысты сотта куәлік еткен Рустам Ибрагимовтың экрандағы фотосы. 27 қаңтар, 2014 жыл
Алматы облысы Қарасай ауданында Алтынбектің қазасына қатысты сотта куәлік еткен Рустам Ибрагимовтың экрандағы фотосы. 27 қаңтар, 2014 жыл

Іс қайта қаралғанда түрмеде отырғандар басқаша сөйледі. Оған дейін айыпты мойындамаған Рустам Ибрагимов үш адамды аттым деді, оның көмекшісі Виталий Мирошников куәлік сөзін өзгертіп, оқиғаның қалай болғанын баян етті. (Ибрагимов пен Мирошников қазір түрмеде отыр). ҰҚК-ге қарасты "Арыстан" жасағының офицері болған Еділ Әбікенов те тапсырманы генерал Әлнұр Мұсаев берді деп жауап берді.

"Арыстан" тобындағы 5 адамға жетекшілік жасаған Еділ Әбікенов 2006 жылғы 31 тамызда оқылған сот үкімі бойынша 14 жыл түрмеге жабылған. 12 жылдай абақтыда отырып, 2017 жылдың аяғында шартты түрде босаған. Айтуынша, қалған уақытта пробациялық бақылауда болған. 7 жыл бұрын абақтыдан шыққан Әбікеновпен сұхбат құрудың сәті түсті. Оқиғаның қалай болғаны туралы көп сұрақ кейде шамына тиді. Бірақ әңгімені үзбеуге тырысып, негізгі сұраққа жеттік.

"Неге 2006 жылғы сотта басқаша, 2014 жылғы сотты басқаша куәлік бердіңіз?" деп сұрадық. Бұған Әбікенов әуелі "тергеуші сияқты жауап алып отырсың, бәрі іс материалдарында тұр ғой" деп ренжи сөйледі.

– 12 жыл түрмеде отырып шыққан соң ақталу, әлдекімді айыптау – ер азаматтың ісі емес. Бұл менің тарабымнан жасалған бұрыс әрекет болады. Өз кінәм бар, жазамды отырып, өтеп шықтым, бастысы. Иә, болды, біреу бұйрық берді, біреу істеді. Қазір анау жаман, мынау маған бұйрық берді деп оның бәрін қайта қазып не керек? Оның үстіне билікте ештеңе өзгерген жоқ, – деп жауап берді ол.

Еділ Әбікенов бір сөз үшін адамдар кездейсоқ оқиғалардан көз жұмып жататынын мысал етті. Ашық жауап берсе, жеке басына қауіп төнетінін айтты. 2006 жылғы сотта генерал Әлнұр Мұсаев Ибрагимовтың айтқанын орында деп тапсырма бергені туралы неге тіс жармағанын қайталай сұрап көргенде сәл басқаша жауап берді.

– Ол кезде билік, уақыт басқа болды. Бізден кейін "Нұрбанк" ісі болды (2007 жылы "Нұрбанктің" екі топ-менеджері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасенов ұрланып, 4 жылдан соң билік екеуінің мәйіті табылғанын хабарлаған. Қылмысқа Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев айыпталды – ред.). Тақырып өзгерді, билік өзгерді. Егер мен сонда түгел ашылып жауап берсем, қазір сенімен сөйлесіп отырмас едім. Таяқтың екі ұшы болды. Не олай, не былай. Содан кейін түрмеде отырдың, бейімделдің, адамдар өзгерді, – деді "Арыстан" жасағының бұрынғы офицері.

Әбікеновке сұхбат барысында 2006 жылы тергеу кезінде ішкі істер министрі болған Бауыржан Мұхамеджановтың, бас прокурор Рашид Түсіпбековтің фотосын көрсеттім. Екеуін де таныды. "Кабинетіне апарып тергеді ғой" деді. "Бұл адамдар сіздерге қысым жасады ма, куәлік беруіңізге олардың әсер, ықпалы болды ма?" деп сұрадым.

– Ол уақытта олар ішкі істер министрі, бас прокурор деген лауазымдарда отырды. Менің ғана емес, қарамағымдағы азаматтардың тағдыры солардың ырқында тұрды. Ол кезде атып тастау немесе түрме жазасы деген екі нұсқа болды. Бәрін мойныңа алсаң, түрме жазасын аласың. Қарсыласып бақсаң, басқа жаза мерзімі беріледі. Сол жерде өзің отырсаң, сен де өзіңді басқаша ұстар едің. Алдыңда министр мен бас прокурор отырғанда кез келген тапсырма орындалады. Органда қызмет атқардым, мен мұны білемін.

– Олардың көздегені не болды?

– Не көздегенін білмеймін. Куәлік бердік. Сол куәлік сөзбен сотталдық.

– Куәлік сөздеріңіз осы адамдардың келісім, ықпалымен жазылды ма?

– Басында қалай болды, солай бердік. Ол жерде ешкімнің қысымы жоқ. Біз тергеуге өзіміз келдік, берілдік. Себебі біз сырттан әлдекім бізді өлтіріп кете ме деп қорықтық.

Бұдан кейін Еділ Әбікеновке сол кезеңде ішкі істер министрінің орынбасары болған Қалмұханбет Қасымовтың суретін көрсеттім. (Қасымов кейін көп жыл осы салада министр болған). "Ол барлық тергеуге қатысты, ішіндегі ең ашушаңы болды" деді бұрынғы офицер. Қандай қысым жасағанын сұрадым.

– Болды ондайы. Егер куәлік бермесе, далаға шығарып, атып тастаңдар деген. Біз онсыз да жауап беріп жатырмыз ғой, неге қорқытасыңдар дедік. Бізге де бәрібір болды. Кіріп келеді де тергеушілерге "неге үндемей отыр, кроссовкасын шеш, саусақ ізін алып қал да атып таста" деп айтып кететін.

ЭКС-МИНИСТР МЕН ТЕРГЕУШІНІҢ ЖАУАБЫ

Еділ Әбікеновтің жауабы тергеу мен сотқа деген әуелгі күдік пен күмәнді күшейтеді. 18 жылға көз жүгіртсек, саяси өлімді тергеу ісі елдегі саяси жағдайға байланысты өзгеріп отырды. 2013 жылы желтоқсанда бас прокуратура мәлімдемесінде "Рустам Ибрагимов қылмысқа тапсырыс берушінің Рахат Әлиев екенін 2006 жылы полиграф тексеруі аяқталған соң ФБР агенттеріне айтқан және Әлиев пен Мұсаевтың тарабынан отбасына қауіп төндіреді деп ресми жауап беруден бас тартқан" деді. Бұл фактіні америкалық тергеу органы растаған. Алайда бұл дерек 7 жылдан кейін, іс қайта қарала бастағанда ғана айтылды. Бұл кезеңде Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы билікке қарсы позицияға ауысып кеткен еді.

Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы. 18 желтоқсан, 2011 жыл
Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы. 18 желтоқсан, 2011 жыл

2006 жылы ішкі істер министрі болған Бауыржан Мұхамеджановпен тілдесу мүмкін болмады. Бірақ оның сол кездегі орынбасары, кейін іс қайта қаралғанда осы салада министр болған Қалмұханбет Қасымовқа телефон шалдық. Тұтқаны өзі көтерді.

– Былай сөйлейік. Мен телефонмен мынандай жағдай туралы мүлде сөйлеспеймін. Бұл бір. Екіншіден, тергеушілерге барып сөйлесіңіз, – деді экс-министр.

Телефонмен талқылауға келмейтін нәрсені бетпе-бет сөйлесу туралы ұсынысты айтып үлгермедік. Тергеушілерге сілтегенде өзі де тергеудің басы-қасында жүргенін неге ескермегені түсініксіз. Басқа тергеушілерді іздедік. Соның бастыларының бірі – 15 жыл бұрын Азаттыққа Алтынбектің қазасына Рахат Әлиевтің қатысы жоқ деп сұхбат берген Гаши Машанло. Машанло Ішкі істер министрлігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі болған. Машанло мырзамен әңгіме де басталмай жатып үзілді.

– Сізбен сөйлескім де келмейді. Бекерге мазамды алып тұрсыз. Ешқандай құлқым жоқ, – деді де тұтқаны тастай салды.

Әбіқаев, Қасымов, Машанлолардың әзір ештеңе айтқысы келмейтінін байқадық. Еділ Әбікеновтен өзге "Арыстан" офицерлері де сөйлесуге құлық танытпады. Алтынбек Сәрсенбайұлы мен көмекшілерінің мәйітін табылған жерде тексеріп, тіркеген сот-медициналық сарапшы Сәбит Жансүгіров те сұхбат бере алмайтынын айтты.

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен екі серігі 11 ақпанда өлтірілді ме? Әлде 12 ақпан ба? Саясаткер Ибрагимовтен басқа әлдекіммен кездесті ме? Оны қастандықпен өлтіру арқылы әлдебіреулер, расымен де, мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылды ма? Жоқ саяси араз адамның кек қайтаруы ма, әлде қауіпті қарсылас, бәсекелестің көзін жою ма? Сұрақ көп. Алтынбекті жоқтағандар күмәнді тергеу де, баспақшыл сот та осы сұрақтардың нақ жауабын берген жоқ деп келеді.

Алтынбек Сәрсенбайұлы оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділовті жерлеу рәсімінде журналистерге сұхбат беріп тұр. Үш айдан соң Алтынбекті екі серігімен бірге ұрлап әкетіп, атып өлтірді. Алматы, 15 қараша, 2005 жыл
Алтынбек Сәрсенбайұлы оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділовті жерлеу рәсімінде журналистерге сұхбат беріп тұр. Үш айдан соң Алтынбекті екі серігімен бірге ұрлап әкетіп, атып өлтірді. Алматы, 15 қараша, 2005 жыл

ФБР АГЕНТТЕРІ МЕН ЖАҚИЯНОВТЫҢ КЕЗДЕСУІ ЖӘНЕ КҮДІКТІ АДАМ

Тергеудің әділдігіне күмәнмен қарайтындардың бірі – саясаткер Ғалымжан Жақиянов. Ол Алтынбек Сәрсенбайұлы қаза болардан бірер күн бұрын жеке кездесіп, ұзақ сұхбат құрған. Соңғы кездесулердің бірінде болған оқиғаны 2013 жылы АҚШ Федералды тергеу бюросының (ФБР) офицерлері еске түсірді дейді. Бұл кезде Жақиянов АҚШ-тағы Бостон қаласында оқып жатқан. Жақияновтың айтып отырғаны – Алтынбек екеуінің 2006 жылы ақпанда Алматының Ботаника бағындағы жүздесуі.

– Алтынбектің ұйғарымымен кездесіп, сыртта біраз жаяу жүрдік. Күн суық, тоңған соң "Рамстордың" (Тимирязев пен Манас көшелерінің қиылысындағы сауда орталығының бұрынғы атауы – ред.) ішіне кіріп, шай ішпек болдық. Кафеге кірсек, 1-2 адам отыр екен. Олармен бетпе-бет кездесіп қалдық. Біреуін таныдым. Ол бұрын менімен Құсмұрын колониясында бірге отырған, сотталған адам болатын. Ал екіншісін танымадым. Оны Алтынбек танығандай болды. Сосын Алтекең "жүр кетейік, мына жер қауіпті екен" дегендей қылды да, шайымызды ішпей тұрып кеттік, – дейді ол.

Ғалымжан Жақияновтың сөзінше, өзін тауып кездескен ФБР офицерлері осы оқиға туралы айтқан. Алтынбек екеуі көрісіп қалған екі адамның суретін көрсеткен. Жақиянов түрмеде бірге отырған адамды жазбай таныған. Ал екінші адамды танымаймын дегенінде офицерлер оның Рустам Ибрагимов екенін айтқан.

– Бұл кісі сізбен кафеде кездесті ғой дейді. Таңғалдым. Өйткені бұрын Ибрагимовті көрген адам емеспін. Оның сол екенін, артымыздан аңдып жүргенін артынан, осы кезде – 2013 жылы ғана ұқтым.

Түрмеден шыққан Ғалымжан Жақияновты Алматы вокзалында қарсы алғандардың арасында Алтынбек Сәрсенбайұлы (ортада) да болды. 15 қаңтар, 2006 жыл
Түрмеден шыққан Ғалымжан Жақияновты Алматы вокзалында қарсы алғандардың арасында Алтынбек Сәрсенбайұлы (ортада) да болды. 15 қаңтар, 2006 жыл

Ал Жақиянов таныған, Ибрагимовтің қасында жүрген екінші адамның аты-жөні – Сапабек Мырзағалиұлы Мұқышев. Қазақстандық басылымдардың жазуынша, ол бұрын істеген қылмысы үшін бірнеше рет түрмеге отырып шыққан. Былтыр да Қостанайда оған қатысты іс қозғалғаны хабарланған. Бокстан еңбек сіңірген бапкер атағы бар.

2012 жылы Guljan.org, "Дат" басылымдары жариялаған хат мәтінінде осы адамның аты-жөні аталады. Авторы белгісіз хатта Мұқышевты "Бек" деген лақап аты бар қылмыс әлемнің өкілі, қостанайлық деп көрсетіп, Алтынбек Сәрсенбайұлы ісі бойынша ұсталып, кейін босатылғаны жазылған. Алтынбектің көлігінен табылған суретте оның саусақ табы қалған-мыс. Бірақ қазірге дейін ресми тергеу Мұқышев деген адамның іске қатысы туралы ештеңе айтпаған. Азаттық Мұқышевтің өзімен сөйлесе алмады. Бас прокуратура оның іске қатысы бар-жоғы туралы сұраққа жауап бермеді.

– Бұл – маңызды мәселе. Бірақ екінші орында тұр. Бастысы – қылмысты ұйымдастырушы, тапсырма берген кім деген сауал. Оған жауап берілген жоқ. Басында Өтембаев айтылды, кейін ол емес деп босатылды. Артынан Рахат Әлиевтердің қатысы бар деп шығарды. Өйткені билікке солай ету саяси тұрғыда ұтымды болған шығар, – дейді Ғалымжан Жақиянов.

Рустам Ибрагимов 2014 жылы қайта өткен сотта Әлнұр Мұсаевтың жұмсауымен "Рамсторға" барғанын, кофе ішетін жерден Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Ғалымжан Жақияновты көргенін айтқан. Ол бұл кезде серіктестеріммен бірге жүрдім деп, қасында кім болғанын атамаған.

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен екі көмекшісінің қазасын тергеу үшін Қазақстан билігі 2006 жылы АҚШ-тың Федералды тергеу бюросын (ФБР) көмекке шақырған. ФБР күдіктілерден жауап алып, полиграфпен тексерген.

АҚШ-тың Қазақстандағы сол кездегі елшісі Джон Ордуейдің Wikileaks жариялап жіберген телеграммаларында да Алтынбек ісіне ФБР-дің тартылуы туралы ақпарат бар. Мұның шынайылығына көз жеткізу мүмкін емес. Дегенмен елшінің ресми есептерінде қылмысқа басқа адамдардың да қатысы бар болуы мүмкін екені жазылып, Өтембаев пен Ибрагимовті қайтадан полиграф тексеруден өткізу туралы вице-министр Қасымовқа ұсыныс жасалғаны айтылады. Бірақ жауап болмаған.

Қазақстан бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко (оң жақта) мен АҚШ-тың Қазақстандағы сенімді өкілі Джон Ордуей (сол жақта) брифингте тұр. Астана, 2013 жылдың желтоқсаны
Қазақстан бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко (оң жақта) мен АҚШ-тың Қазақстандағы сенімді өкілі Джон Ордуей (сол жақта) брифингте тұр. Астана, 2013 жылдың желтоқсаны

Тағы бір есепте Қазақстан ішкі істер министрлігі тергеудің анық-қанығын білетін адам санын 5 лауазымды қызметкерге дейін қысқартқаны айтылады. Елші Ордуей Назарбаев тергеуді соңына дейін апара ма, жоқ па деген ашық сауал тұр деп мәлімдейді. Азаттық экс-дипломат Джон Ордуейдің жеке парақшасына хат жолдаған. Әзірге жауап келмеді.

Алтынбек Сәрсенбайұлының жақындары ФБР тергеуінің қорытындысымен танысуға бірнеше рет талпынып көрді. Қазақстан тарабы оны АҚШ үкіметінің меншігі десе, елдегі АҚШ елшілігі тексеру нәтижесі Қазақстанның тергеу органдарына берілгенін, оған араласу құқы жоғын айтқан. Жақияновтың сөзінше, бұл жайтта америкалықтардың жауабына сенуге тура келеді.

– Тапсырыс беріп отырған – Қазақстан үкіметі. Ақпаратты үшінші тарапқа бермеу туралы келісімге қол қойған шығар. Менің ойымша, ФБР тапқан материалдар Қазақстан тергеу орындарының меншігінде бар. Олар мұны толық пайдалана алады. Мұны пайдаланбай, керісінше, жауып отыр, – дейді Ғалымжан Жақиянов.

Алтынбек Сәрсенбайұлының жесірі Салтанат Атушева жұбайының зираты басында. Алматы, 11 ақпан, 2012 жыл
Алтынбек Сәрсенбайұлының жесірі Салтанат Атушева жұбайының зираты басында. Алматы, 11 ақпан, 2012 жыл

2022 жылдың қыркүйегінде Алтынбек Сәрсенбайұлының туғанына 60 жыл толуына орай өткен іс-шарада марқұмның жесірі Салтанат Атушева "Алтекенің қазасының шындығын ашуға әлі ерте, уақыты келген жоқ" деп жауап берген еді. Атушева бұл сөзін билік бұл істі қайтадан әділ тергеуге мүдделі ме, жоқ па деген ішкі сеніміне сүйеніп айтқандай болды.

Ғалымжан Жақиянов "Алтынбек Сәрсенбайұлының да, Заманбек Нұрқаділовтің те қазасының жұмбағы ашылған жоқ, қайта тергейтін уақыт келді" деп есептейді. Әрі бұл қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билікте отырған, тіпті кеткеннен кейін тарихтағы орнын анықтайтын фактордың бірі деп қарастырады.

БАС ПРОКУРАТУРА НЕ ДЕЙДІ?

Азаттық бас прокуратураға саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты бірнеше сауал жолдаған. Осы материалда аты-жөні аталған Сапабек Мұқышев деген адамның іске қатысы бар ма, жоқ па, тексерілді ме деген сұрақ жауапсыз қалды.

Бас прокуратураның жауабына сәйкес, күдіктілер – Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевқа қатысты тергеу 2018 жылдың наурызында үзілген, тергеу тоқтап тұр. Хат мазмұнына қарағанда, іс толық тоқтап, жабылмаған. Бас прокуратура Рахат Әлиев 2015 жылы Вена қаласында түрмеде қайтыс болды, ал оның серігі, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевты Австрияның құқық қорғау органдары Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартты деген. Ал тергеу қайта жалғаса ма? Заңдылықты қадағалаушы орган ол туралы айтқан жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG