Accessibility links

Мұхтар Жәкішевті басқа түрмеге тағы да ауыстырды


"Қазатомпром" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев. 2 сәуір 2009 жыл
"Қазатомпром" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев. 2 сәуір 2009 жыл

Қамаудағы Мұхтар Жәкішевті кезекті мәрте басқа түрмеге ауыстырды. Бұл жайт оның денсаулығы мен оны босату проблемалары мәселесін тағы қозғауға түрткі болды.

"Коррупциялық қылмыс" айыбымен 14 жылға түрмеге кесіліп, 2009 жылғы 21 мамырдан бері жазасын өтеп жатқан "Қазатомпром" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевті Қарағанды облысы Долинка кентінен шілденің 17-сі күні Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияға этаппен апарған. Бұл жайлы Азаттық тілшісінің сұрау салуына орай түрме мекемесінің (ОВ-156/14) қызметкері хабарлады.

Бұл колонияның территориясында жұрт "санқалашық" (санитарлық қалашық) атап кеткен жеке медициналық түрме бар. Бірақ түрме өкілінің сөзінше, мүгедектігіне қарамастан, Мұхтар Жәкішев жазасын санқалашықта да емес, тіпті ОВ-156/14 мекемесінің санитарлық бөлімінде де емес, мекемеде жалпы негіздегі тәртіппен өтеп жатыр.

МҰХТАР ЖӘКІШЕВТІ АУЫСТЫРА БЕРУДІҢ СЫРЫ НЕДЕ?

Мұхтар Жәкішевті басқа түрмеге тағы ауыстырғаны жайлы әуелде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның 24 шілде күні Facebook парақшасында жариялаған постынан мәлім болған. Бұл постында Төреғожина қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) хабарламасын жариялаған. Онда "Қарағанды облысының қылмыстық атқару департаментіне қарасты АК-159/6 мекемесін қайта бейіндеуге (функционалдық мақсатын өзгерту - ред.) байланысты Мұхтар Жәкішев 2018 жылғы 17 шілдеде өзге сотталғандармен бірге Шығыс Қазақстан облысындағы ОВ-156/14 түзеу мекемесіне апарылғаны айтылады.

Жәкішевті түрмеден түрмеге бірінші рет ауыстырып отырған жоқ. Бұрын оны Алматы облысы Заречный кентіндегі түрмеден Қарағанды облысы Долинка кентіндегі колонияға бірнеше мәрте ауыстырып, ол жақтан кері қайтарған болатын.

Мұхтар Жәкішевті 2009 жылғы мамырда Астанада тұтқындаған. 2010 жылғы наурызда оны 14 жылға соттап, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге кескен. Үкім күшіне енгеннен кейін оны Алматы облысының Заречный кентіндегі түрмеге жіберген.

Бірақ 2014 жылғы наурызда Жәкішевті бұл түрмеден Қарағанды облысы Долинка кентіндегі колонияға ауыстырған. Ол кезде туыстары мен құқық қорғаушылар "тұтқын колонияға барған бетте соққыға жығылды" деп хабарлаған. Бұдан бөлек, климаты суық аймақтағы түрмеде Жәкішевтің денсаулығы мүлде нашарлап кетуі мүмкін деген қауіп айтылған.

Туыстары, адвокаттары мен құқық қорғаушылар осыған қатысты жиі шағынғаннан кейін ақыры 2015 жылғы наурызда Жәкішевті Долинкадан Заречныйға қайта ауыстырған. Бірақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевтың ісіне қатысты тергеу амалдарына қатысу үшін 2017 жылғы көктемнің басында оны Астананың тергеу абақтысына этаппен апарған.

Нартай Дүтбаевтың ісіне қатысты тергеу амалдары аяқталғаннан кейін - мамырдың 18-і күні Мұхтар Жәкішевті Алматы облысына емес, Қарағанды облысындағы Долинка кентіндегі түрмеге этаппен жөнелткен.

Жәкішевті түрмеде түрмеге ауыстыра берудің қисыны неде? Неліктен оны "жөні түзу" Заречныйға қайтармай, "өте нашар" Долинкаға жіберді? Әлі күнге дейін бұл сұрақтарға жауап жоқ. Ал түрме басшылығының Заречный түрмесінде "орын жоқ" деген жауабы Жәкішевтің туыстары мен құқық қорғаушыларды иландыра алмаған.

Сол кезде кей бақылаушылар Жәкішевті Долинкаға ауыстыруды оны қамауда ұстау тәртібін күшейту деп бағалап, мұны 2016 жылдың аяғында Франция түрмесінен босағаннан кейін өзінің саяси оппозициялық әрекеттерін жандандыратынын жариялаған "досы" Мұхтар Әблязов пен оны қылмыстық қудалау арқылы Қазақстанға экстрадициялауға қол жеткізуге тырысқан биліктің әрекеттерінен туған кезекті шиеленіспен байланыстырған.

Ал Ішкі істер министрлігі Азаттықтың тұтқын Жәкішевті Қарағанды облысындағы түрмеге ауыстыру себебіне қатысты сауалына "бұл мәліметтер құпия саналады және таратуға болмайды" деп хабарлаған.

Бұрынғы сенат депутаты әрі тәжірибесі мол оппозициялық саясаткер Зәуреш Батталова Мұхтар Жәкішевті климаты қытымыр Шығыс Қазақстан облысындағы түрмеге ауыстырғанын "оны қамауда ұстау тәртібін кезекті мәрте күшейту" ретінде бағалайды. Билік Мұхтар Әблязовті экономикалық қылмыскер әрі экстремист етіп көрсетіп қана қоймай, енді одан 2004 жылы "банкир Ержан Тәтішевті қастандықпен өлтіруді ұйымдастырған" деп күдіктенеді.

Зәуреш Батталованың топшылауынша, билік Жәкішевті Әблязовті экстрадициялауға тырысып отырған билікке тергеуге қажет куәлік бермей отырғаны үшін "кінәлап отыр". Яғни, оның Әблязовқа "жақсы дос болып шыққаны" билікке ұнамай отырған болуы мүмкін.

Ал Қазақстан билігі Жәкішевтің ісінде де, оны бір түрмеден екіншісіне ауыстырып, одан кері қайтарудың да саяси астары бар деген болжамды үзілді-кесілді жоққа шығарады.

Жәкішевті колониядан колонияға тынымсыз ауыстыра берудің "саяси астары жоғын" Азаттық тілшісіне аты-жөнін айтқысы келмеген түрме жүйесінің қызметкері де айтты. Оның сөзінше, Жәкішев бұрын Долинкадағы "құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері мен бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктерге" арналған түрмеде отырған. Бірақ қазір ол түрмені жапқандықтан тұтқындарды Семейдегі "бұрынғы қызметкерлерге" ғана арналған қатаң режимдегі колонияға ауыстырып жатыр.

"Жәкішевті Заречный кентіндегі қатаң режимдегі колонияға неге ауыстырмады?" деген сұраққа мекеме өкілі бұрын ол жақта бірі - жалпы, екіншісі "бұрынғы қызметкерлерге" арналған екі қатаң режимдегі колония болғанын айтты. Соңғысы жабылғандықтан Заречныйда қазір қатаң режимдегі колония ғана қалған.

"Қазатомпром" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев
"Қазатомпром" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев

ТҰТҚЫН ДЕНСАУЛЫҒЫ

Мұхтар Жәкішевтің созылмалы гипертониясы бар. Осы дертіне қатысты өзге сырқаттарға ол қамауға дейін шалдыққан еді. Түрмеде отырғанда Жәкішевтің сырқаттары тіпті асқынған. Оның денсаулығына қатты алаңдап отырған туыстары мен құқық қорғаушылар әсіресе "қан қысымы тағы көтеріліпті" деген хабар тараса, дереу дабыл қағады.

55 жастағы Мұхтар Жәкішевті Шығыс Қазақстандағы түрмеге ауыстыруға байланысты оның денсаулығы туралы мәселе тағы көтеріліп жатыр. Бірақ ҚАЖК басшылығы жағдайды дүрліктіргісі келмейді.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасындағы жоғарыда аталған постында Жәкішевтің денсаулығына қатысты ҚАЖК-дың жауабын былайша келтірген: "Келген бетте мекеменің медициналық қызметкері тексеріп, оның қан қысымы жоғары екенін анықтады. Препарат ішкен соң қан қысымы қалпына келді. Тұтқынға ОВ-156/14 мекемесінің медициналық бөлімі стационарына жатып емделу ұсынылды. Бірақ Жәкішев М. "өзімде қажет дәрілерімнің бәрі бар" деген уәжбен стационарда жатып емделуден жазбаша түрде бас тартты. Мекемеге келгеннен бері тұтқында қан қысымы күрт көтерілген жоқ. Қазір науқас үнемі бақылауда, ем-дом алып жатыр, жағдайы қанағаттанарлық".

Бұрын Мұхтар Жәкішевтің жақтастары кешенді комиссия құрып, оның денсаулығын тексеру қажет деген мәселені талай көтерген. Бұған қоса, оны Заречный кентіндегі түрмеге ауыстырса, тексеру немесе емдеу үшін азаматтық клиникаға апарып тұруға болар еді деген уәж айтқан. Ішкі істер министрлігі мұндай өтініштерге Жәкішевтің "тиісті медициналық көмектің бәрін алып жатқанын, оны денсаулық жағдайы бойынша Алматы облысына ауыстыруға негіз жоғын" айтып келді.

Ол кезде "дәрігерлік құпияны" алға тартқан Ішкі істер министрлігі Жәкішевтің диагнозы туралы ақпарат беруден бас тартқан. Бірақ тұтқынның "жалпы жағдайы қанағаттанарлық" және "тиісті медициналық бақылау мен емдеумен толық көлемде қамтамасыз етілген" деп мәлімдеген.

2018 жылы мамырдың басында қамаудағы Жәкішевке екі жыл мерзімге мүгедектік берілді. Еңбекке жарамдылығын жоғалту дәрежесі туралы анықтамада "жалпы ауру" себебінен мүгедектік берілгені көрсетілген. Бұл түрмеде "жұмыс атқармауына" болады дегенді білдіреді.

Мұхтар Жәкішевтің жақтастары мұны сырт көзге тұтқынға мейірімділік жасағандай кейіп танытқанымен, шын мәнінде бұл билікке Жәкішевті ары қарай да "заңды негізде" түрмеде ұстауға мүмкіндік беретін тактикалық амал деп бағалаған. Жақтастары Жәкішевті бостандыққа шығаруы тиіс деп есептейді.

ЖӘКІШЕВТІ БОСАТУ ШАРТТАРЫ

Заң бойынша, сотталған адам шартты жазамен ерте босап шығу үшін түрме жазасының үштен екі бөлігін өтеуі тиіс. Мұхтар Жәкішев бұл мерзімді 2018 жылы 21 қыркүйекке қарай ғана өтеп болады.

Ал қазір денсаулық жағдайымен оны босату мүмкін емес – үшінші топ мүгедектігі Жәкішевті түрмедегі жұмыстан ғана босатады.

Ол түрмеде отырған тоғыз жыл ішінде тұтқынның туыстары мен жақтастары және халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін "саяси тұтқын" деп танылған Жәкішевті қамаудан босатуға талай шақырған. 15 наурызда "Норвегиялық Хельсинки комитеті" халықаралық құқық қорғау ұйымы мен "Орталық Азиядағы адам құқығы" қауымдастығы адамгершілік танытып, "ауыр науқас саяси тұтқын" Мұхтар Жәкішевке рақымшылық жасауға шақырып, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жолдаған.

Бұған дейін, яғни 15 ақпанда қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook-тегі парақшасында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Мұхтар Жәкішевке рақымшылық жасау туралы жазылған үндеу хатқа қол жинауды ұйымдастырған.

Бақытжан Төреғожина парақшасында Назарбаевқа арналған үндеумен қоса Мұхтар Жәкішевтің 79 жастағы анасы Раиса Жәкішеваның фотосуреті мен оның былтыр қыркүйекте президенттен ұлына рақымшылық жасауды сұраған хаты мен оның президент кеңсесіне жеткені туралы мөр басылған хаттың фотокөшірмесін де салған еді.

Раиса Жәкішеваның 25 қыркүйекте жолдаған хаты президент кеңсесіне 2017 жылы 2 қазан күні жеткен. Жәкішевтің анасы ұлына рақымшылық жасауды сұраған хатында жұбайы Еркін Жәкішевтің ұзақ уақыт гипертониямен ауырып, 2001 жылы инсульттен көз жұмғанын, қазір ұлы Мұхтар Жәкішев те осы дерттен азап шегіп жатқанын жазған.

Жоғарыдағы өтініш, үндеу хаттардың бәріне Қазақстанның бас прокуратурасынан "жоқ" деген жауап келген. Бас прокуратураның 20 наурызда Бақытжан Төреғожина мен "өзгелерге" жолдаған әлгі жауабын Төреғожина Facebook парақшасында жариялаған болатын.

Бас прокуратураның жауабында "Раиса Жәкішеваның баласы Мұхтар Жәкішевтің мүддесіне қатысты өтінішін қолдаған үндеу хат Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінен түсіп, қаралды, бірақ заңға сәйкес, Қазақстан Республикасы президентіне рақымшылық жасау туралы өтінішпен сотталған адамның өзі жүгінуі тиіс" деп жазылған.

"Сотталған адам өтінішті жазаны атқару мекемесі әкімшілігі арқылы береді. Ал мекеме сотталған адамның өтінішіне оған қатысты арыздағы талаптар мен өтелмеген қарызы туралы анықтама сияқты бірқатар құжаттарды тіркейді" делінген бас прокуратураның жауабында.

Наурыз айының басында Азаттық баласына рақымшылық жасауды сұраған Раиса Жәкішеваның өтінішіне қатысты президент Назарбаев әкімшілігіне сауал жолдаған болатын, бірақ жауап келген жоқ.

26 наурызда Қазақстан президенті жанындағы рақымшылық комиссиясының отырысы өтті. Бірақ онда Мұхтар Жәкішевке рақымшылық жасау мәселесі қаралған жоқ.

Наурыз айында құқық қорғаушы әрі осы комиссияның мүшесі Жеміс Тұрмағамбетова Азаттыққа рақымшылық жариялау үшін өтінішті Мұхтар Жәкішевтің өзі жазуы шарт деп түсіндірген. Оның сөзінше, әлеуметтік желілерде Мұхтар Жәкішевке рақымшылық жасауға шақырған үндеулер жұрттың арасында өзі өтініш жазбай-ақ рақымшылық жасауға болады деген қате түсінік тудыруы мүмкін.

Ал құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина ол кезде (Жәкішевке оны сырқатына байланысты түрмеден шығаруға негіз болмайтын үшінші топ мүгедектігін бермей тұрып) Азаттыққа Мұхтар Жәкішевке рақымшылық жасау үшін "өтінішті оның өзі жазуға мүлде міндетті емес, өйткені әңгіме рақымшылық денсаулық жағдайына байланысты жасалуы тиіс дегенге тіреліп тұр" деп мәлімдеген.

Қазақстан президенті жарлығымен бекітілген кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссия туралы ережеде "президент айыптау үкімі заңды күшіне енген сотталған тұлғаның өтініші негізінде рақымшылық жасайды" және президент "сотталған адамға өз ықтиярымен де рақымшылық жасай алады" делінген.

2015 жылғы желтоқсанда БҰҰ-ның адам құқығы комитеті Жәкішевтің әділ әрі ашық сот төрелігіне қатысты құқығы, адвокаттарымен жолығу құқығы және өзге де құқықтары бұзылған деп таныған. БҰҰ комитеті үкімнің күшін жойып, Жәкішевті босатуды талап еткен. Бірақ Қазақтан БҰҰ комитетінің шешімін орындаудан бас тартқан.

Жәкішевке қазақстандық және Freedom House, Human Rights Watch сияқты халықаралық құқық қорғау ұйымдары араша түскен.

2013 жылы қазанда қазақстандық бірқатар құқық қорғау ұйымдары Мұхтар Жәкішевті "саяси тұтқын" деп таныған

2013 жылы қазанда қазақстандық бірқатар құқық қорғау ұйымдары Мұхтар Жәкішевті "саяси тұтқын" деп таныған. Яғни оны оппозициялық саясаткер, бұрынғы олигарх әрі қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовке кепілдік бергені үшін зардап шеккен "саяси тұтқынға қатысы бар тұтқын" санатына жатқызған. Сарапшылар мұндай пікірдің қалыптасуына 2010 жылы ақпан айында Астанада өткен кәсіпкерлер кеңесі жиынында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Астана групп" компаниясының президенті Нұрлан Смағұловқа қарата айтқан сөзі ілік болды деп санайды.

Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев "Оның достары, арасында сен де барсың, маған хат жазып, жемқорлығы үшін түрмеге қамалған Әблязовты босатуды өтініп, кепіл болдыңдар. Отанға қызмет ететін болады деп ант-су ішіп, маған жазбаша сөз бердіңдер. Қазір ол барлық достарының бетіне түкіріп кетті. Аты-жөндеріңді атамай-ақ қояйын. Сондықтан бұған сендер жауаптысыңдар" деген еді.

Биыл сәуірде жергілікті құқық қорғау ұйымдарының шақыруымен Қазақстанға келген шетелдік құқық қорғаушылар Мұхтар Жәкішевтен өзге барлық саяси тұтқындармен кездескендерін айтқан.

Олардың сөзінше, билік "шетелдіктерді кіргізуге болмайтын қатал режимдегі түрмеде отыр" деген уәжбен Жәкішевпен кездестіруден бас тартқан. Олар кеткен соң бас прокуратура "Қазатомпром" компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевпен кездесуге "шектеу жоқ" деп мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG