Accessibility links

"Құлыбаевтың зауыты", Қытайдың шапағатын көрген қазақ бизнесі және қымбат мұнай дәуірінің "ақыры"


Қазақстанның ең бай адамдарының бірі, елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев.
Қазақстанның ең бай адамдарының бірі, елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев.

Осы аптада әлемдік басылымдар мұнайға сұраныстың күрт құлдырайтыны, Құлыбаевқа тиесілі делінетін зауыттың ауа мен суды ластап жатқаны, Қазақстан халқының Қытай инвестициясынан қауіп ететіні, бірақ басқалардың сол инвестиция үшін Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуына көз жұма қарап отырғаны туралы жазды.

"МҰНАЙҒА СҰРАНЫСТЫҢ ҚҰЛДЫРАУЫ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚИЫНДЫҚ ӘКЕЛЕДІ"

Мұнайға жоғары сұраныс дәуірі аяқталды, шикі мұнай нарығындағы тепе-теңдік бұзылды, бұл өндіретін көмірсутегінің өзіндік құны тым қымбат Алжир, Әзербайжан, Иран және Қазақстан сияқты елдерге қиындық әкелуі мүмкін. Әлемдегі ең ірі энергетикалық компаниялардың бірі British Petroleum осындай болжам жасады. Bloomberg сайтында жарық көрген шолуда ВР-дың осы болжамы талданады.

Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыты. Көрнекі сурет.
Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыты. Көрнекі сурет.

Автордың айтуынша, British Petroleum алдағы 30 жылдағы мұнай бағасына қатысты екі сценарий әзірлеген. Ол сценарийлер расқа айналса, өңделмеген мұнайға деген сұраныс осы аралықта кемінде 50 пайыз төмендейді.

"Мұнайға сұраныс құлдырғанда өндіріс шығыны аз елдер нарықты үндемей басып қалуы мүмкін. Қазір Біріккен Араб Әмірліктері осылай істеп отырған тәрізді. Бұл өндіріс шығыны жоғары елдерді нарықтан жұлқып шығарып тастайды. [Экономикасын] уақытында диверсификацияламаған елдер қазіргі Венесуэланың кебін киіп, экономикасы коллапсқа ұшырайды. Венесуэла баррельдер ағысын тоқтатпау үшін өз инфрақұрылымын өзі құртуға мәжбүр болып жатыр" деп жазады автор.

Венесуэланың қазіргі мүшкіл жағдайын айтқанда "каннибалдау" (cannibalize) деген ерекше сөзді қолданған автор онда үкімет тозығы жеткен мұнай өңдеу зауыттарын жөндеу үшін құбырларды металлоломға өткізіп жатыр дейді.

Мұнай скважинасында жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшы. Қызылорда облысы. Көрнекі сурет.
Мұнай скважинасында жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшы. Қызылорда облысы. Көрнекі сурет.

Мұнай экспорттаушы елдерді құтқарудың бірден-бір амалы – нарықтағы мұнай ұсынысын неғұрлым азайту, сонда ғана қара алтын өндіретін компаниялар (оның өзінде өндіріс шығыны төмен елдер) пайда көре алады. Ал Қазақстан сияқты өндіріс шығыны тым жоғары елдердің болашағы бұлыңғыр дейді автор.

Ұсыныс көлемін азайтуға мүмкіндік бермейтін басты мәселе – мұнай өндіруші елдердің көптігі және олардың даму деңгейінің әркелкі болуы. Сондықтан әлемдегі мұнайдың 42 пайызын өндіретін ОПЕК (Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы) құрылған. Бірақ оның Парсы шығанағы жағалауындағы ауқатты мүшелері мен даму деңгейі төмен, халқы көп мүшелері арасында араздық бар. "Сұраныстың шарықтау шегі төмендегенде бұл араздық өрши түспек" дейді автор.

Оның айтуынша, мұнайға сұраныс ұзақ уақыт төмен болған 1980 жылдар кенге бай елдердің экономикасы мен саясатына үлкен соққы болды. "Бұл Сауд Арабиясынан ұсыныстың аса қатты ұлғаюына, сөйтіп ақыр соңында Совет одағының тарауына, 1990-91 жылдардағы Парсы шығанағындағы соғысқа, Алжирдегі азамат соғысына және "әл-Қаиданың" пайда болуына алып келген. Осы тербелістің бәрі тұтынудың бес жылдай уақыт төмендеуінің кесірінен болды. Мұнай [сұранысы] отыз жыл бойы құлдыраған жағдайда қандай қиындық болатынын елестетудің өзі қиын" дейді автор.

Мұнай бағасының төмендеуі. Карикатура авторы – Ғалым Смағұлұлы.
Мұнай бағасының төмендеуі. Карикатура авторы – Ғалым Смағұлұлы.

Бұл "бюджеті мен ағымдағы шотының тепе-теңдігін сақтап тұру үшін" көп шығынмен өндірілетін мұнайын қымбатқа сататын елдерге ауыр соққы болмақ. Сондықтан Total SA, Exxon Mobil Corporation және Royal Dutch Shell сияқты ірі мұнай компаниялары өнім өндіруді күрт азайтуға көшті. "ВР-дың 2030 жылғы дейін өндірісті 40 пайызға азайту жоспары осы аса ауыр экономикалық ахуалдың жарқын мысалы" деп жазады Bloomberg.

ТИМУР ҚҰЛЫБАЕВ ЖӘНЕ "ҚАЛЫҢ ТҮТІНДЕГІ" ХАЛЫҚ

Ал The Diplomat басылымының авторы Паоло Сорбелло Қазақстан мен Өзбекстандағы "жартылай жекеменшік" (‘quazi-private) мұнай өңдеу зауыттары билік маңындағы адамдарға жақын болғандықтан, оларда корпортивтік басқару ережелері сақталмайды, олар бизнестегі "жыртқыштық" тәртібімен (predatory business behavior) жұмыс істейді деп жазады.

"Транспаренттік процедураларын бұзып, өндіріс құнының қымбаттауына және инфляцияның жоғарылауына жол бергені үшін тамызда Атыраудағы мұнай өңдеу зауытын антимонополистер тергеген" деп жазылған мақалада.

Автордың жазуынша, зауыт төңіректегі ауа мен суды бұрыннан ластап келеді. Жақында ғана мұнда ауаның ластану деңгейін өлшейтін жүйе қойылған. Қазір ауаның құрамын жергілікті билік пен үкіметтік емес ұйымдар қатар бақылап отырады.

Соңғы бірнеше айдың өзінде аймақтағы қара алтын өндірісінде тұрғындарды алаңдатқан бірнеше жағдай болған. Сәуірде Атырау мұнай өңдеу зауытында өрт шықса, қыркүйекте Қарабатан мұнай кенішінде аспанға үлкен көлемде қара түтін тараған. Түтіннің көптігі сондай, оны 60 километр жердегі Атырау қаласының тұрғындары байқаған. Экологтар ауаға тараған зиян қалдық көлемін зерттейміз деген.

"Елдегі ең бай бизнесмендердің бірі, Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың бұл зауыттың басшылығымен байланысы бар екені көп айтылады" дейді Сорбелло.

Тимур Құлыбаев.
Тимур Құлыбаев.

Автордың сөзінше, Атырау мұнай өңдеу зауыты шығыны көп жөндеуден өткеніне қарамастан, табиғатты ластап, жария емес келісімдердің кесірінен бағаны өсіріп келеді.

"Қазақстанда Қасым-Жомарт Тоқаев... сайланған соң таза ауа жұтамыз деп күткен халық қалың түтіннің ішінде отыр" деп қорытады автор.

"ҚЫТАЙ ІРІ ЖОБАЛАРЫН ЫСЫРЫП ҚОЙЫП, КОРОНАВИРУСПЕН КҮРЕСТЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА КӨМЕКТЕСПЕК"

Қытай құны триллион доллар болатын амбициялық инфрақұрылым жобасы – "Бір белдеу – бір жолды" ысырып қойып, коронавирус пандемиясымен күресте Орталық Азия елдеріне көмектесуге ынталы. Қытай сыртқы істер министрі Ван Идің Қазақстан мен Қырғызстанға өткен аптада жасаған сапарын саралаған Eurasianet.org сайты осындай қорытынды жасайды.

Қытай сыртқы істер министрі Ван Иді Қырғызстан сыртқы істер министрі Шыңғыс Айдарбеков Бішкек әуежайында қарсы алып тұр. 13 қыркүйек 2020 жыл.
Қытай сыртқы істер министрі Ван Иді Қырғызстан сыртқы істер министрі Шыңғыс Айдарбеков Бішкек әуежайында қарсы алып тұр. 13 қыркүйек 2020 жыл.

Ван И өткен аптада Нұр-Сұлтанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен және елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Содан кейін ол Бішкекке соғып, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековпен және сыртқы істер министрі Шыңғыс Айдарбековпен жүздесті.

Ресми кездесулердің бәрінде Қытай төрағасы Си Цзиньпин ұсынған "Бір белдеу – бір жол" жобасы туралы айтылғанымен, Пекин "коронавирус бойынша көмекті жалғастырып, болашақта жасалатын вакцинаны екі мемлекетке алдымен беруге ғана нақты кепілдік берген тәрізді" деп жазады автор.

Бішкекте Ван И "пандемия толық қайтқанға дейін Қырғызстанның қасынан табыламыз" деген.

Кездесуде Қырғызстан жағы Қытайдың Эксимбанкі алдындағы берешегін шегеруді сұраған. Оның үстіне, Бішкек жаңа жобаларды қаржыландыру үшін қайта несие алуға мүдделі.

"Қазақстанда Ван И Назарбаевтың екіжақты байланыстардағы тарихи рөлі туралы мақтау сөз айтып, "Қазақстан қоғамының қажеттіліктерін ескеретін саяси және әлеуметтік-экономикалық трансформацияға бағытталған... реформаны қолға алды" деп, оның орнын басқан Тоқаевқа сенім білдірді" деп жазады Eurasianet.org.

Қытай сыртқы істер министрі Ван И (сол жақта) Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге. Нұр-Сұлтан, Қазақстан, 12 қыркүйек 2020 жыл.
Қытай сыртқы істер министрі Ван И (сол жақта) Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге. Нұр-Сұлтан, Қазақстан, 12 қыркүйек 2020 жыл.

Дегенмен, маусым айындағы онлайн кездесуде Қазақстан мен Қытай жағы ұйғарым жасасты деген 600 миллион долларлық жоба туралы бұл жолы ештеңе айтылмады.

"Қазақстандағы режимнің қарсыластары бұл сияқты жобаларды іліп әкетеді. Соның бірі Ван И сапарынан бір күн өткен соң Алматыда болды, демонстранттар "Қытайдың экспансиялық саясатына" наразылық білдіріп, Пекиннің елшісін елден шығарып жіберуге үндеді" деп жазады автор.

"ИНВЕСТИЦИЯ ҮШІН ҚАЗАҚСТАН ШЫҢЖАҢДАҒЫ ЖАҒДАЙҒА КӨЗ ЖҰМА ҚАРАУҒА МӘЖБҮР"

Америкадағы Public Radio International ресурсының интернет сайты Қазақстан мен Қытайдың қайшылыққа толы қарым-қатынасын саралайтын подкаст жариялады. "Құрлықтағы ең үлкен порт" деп бағаланған "Қорғас" арнайы экономикалық аймағына барып, бизнесмендермен, саудагерлермен және қоғам өкілдерімен тілдескен тілші "Қытайдың экономикаға салатын инвестициясы үшін Қазақстан ондағы адам құқықтарының бұзылуына көз жұма қарауға мәжбүр" деген қорытынды жасайды.

"Қытай үкіметі 2013 жылы жариялаған "Бір белдеу – бір жол" жобасы құрлық пен теңіз жолдары арасында белдеу түзіп, Шығыс Азиядан Еуропаға дейінгі аралықты, 70 елді қамтиды" деген автор бұл жобаның ел ішінде Қытайға қарсы наразылықты күшейткенін айтады.

Қазақстаннан Қытай зауыттарының ашылуына қарсылық акциясы. Ақтөбе, 5 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстаннан Қытай зауыттарының ашылуына қарсылық акциясы. Ақтөбе, 5 қыркүйек 2019 жыл.

"Наразылық танытушылар Қазақстан үкіметін Қытай инвестициясы туралы ашық мәлімет беруге мәжбүр етті. 2019 жылы үкімет Қазақстандағы 55 жобаға Қытайдан жалпы көлемі 27,6 миллиард доллардың несиесі бөлінетінін, оның жартысына жуығы мұнай-газға қатысы бар салаларға тиесілі екенін айтты. Кей демонстранттар бұл жобалардың кейбірін тоқтатуды талап етті" деп жазады автор.

Дегенмен, тілшінің жазуынша Қазақстанда Қытай жобасының шапағатын көріп, бизнесін аяғынан тұрғызып жатқандар бар. Солардың бірі – алматылық Алмас Чукин. Ол жел энергиясы саласында жоба жасап, соны жүзеге асыруға тырысып жүргеніме он жылдай уақыт болды дейді. Кәсіпкер АҚШ-тан, Еуропадан ала алмаған инвестицияны Қытайдан алып, енді Қазақстанда жел энергиясы негізіндегі жобасын жасап жатыр.

Автор Қорғаста дүкені бар Ли Синь есімді қытай саудагерімен де тілдескен. "Сауда жақсы жүріп жатыр" деген ол қазақтармен арадағы қарым-қатынастың нашар екенін, екі халық арасындағы мәдени байланысты жақсарту керектігін айтады.

Дегенмен, автордың айтуынша, екі ел арасындағы ең түйткілді мәселелердің бірі – Қытайдың Қазақстанмен көрші жатқан Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданындағы адам құқықтарының ахуалы: "Онда үш жылдан бері Қытай үкіметі жүздеген мың мұсылман ұйғыр мен қазақты "қайта үйрену лагерлеріне" және басқа да жерлерге қамап отыр. Қытай басшылары бұл шаралар экстремизм, терроризм және сепаратизмнің алдын алу үшін керек" деп санайды".

Қамаудағылар азапталғанын, өздеріне шошқа етін жегізгенін және пропаганда материалдарын жаттатқызғанын айтады.

Шыңжаңда 15 ай қамауда болған этникалық қазақ Гүлзира Әуелхан "Күн сайын қытай тілін оқып, Компартияны, төраға Си Цзиньпинді мақтауға 45 минут уақыт жұмсадық" дейді. Бұған қоса оны Германияға жіберілетін қолғаптарды тігуге де мәжбүрлеген.

Гүлзира Әуелхан.
Гүлзира Әуелхан.

"Оның басынан кешкендері Қытайдың "жаңа "Жібек жолы" жобасы барлық жаққа да тиімді болады деген сөзімен мүлде қабыспайды" деп жазады автор.

ДОМБЫРАНЫ INSTAGRAM АРҚЫЛЫ ӘЛЕМГЕ ДӘРІПТЕП ЖҮРГЕН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Сән, сұлулық және өмір салты туралы жазатын америкалық Vogue журналы қазақтың ұлттық киімі мен музыкалық аспабын қарапайым жолмен әлемге жариялап жүрген Маржан Қапсамат есімді Нұр-Сұлтан тұрғынының Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына назар аударған.

23 жастағы Маржан видеоларында Қазақстанның көрікті деген жерлері – Алматы маңындағы Шымбұлақ тауында, Ақмола облысындағы қызғылт түсті Көбейтұз көлінде, және басқа орындарда ұлттық киіммен отырып, ұлттық музыка аспабы – домбырамен күй орындайды.

Маржан Қапсаматтың әсем табиғат аясында ұлттық киім киіп, ұлттық әшекей тағынып отырып күй тартқан сәті "дәстүрлі сәнге деген ностальгияны жаңа дәуір арқылы қайта сезінтеді және домбыраны цифрлық заманға алып кіреді" деп жазады автор.

"Халқымыздың жан дүниесі мен дәстүрін жеткізу үшін видеоға ұлттық киіммен түсуге тырысамын. Тіпті күнделікті киім кисем де ұлттық стильдің элементтерін қосамын" дейді Маржан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG