Accessibility links

Мәскеулік студент лагерьдегі жақындарының бостандығы үшін күресіп жүр


Бота Құсайын. Фото Бота Құсайынның Facebook-тағы парақшасынан алынған
Бота Құсайын. Фото Бота Құсайынның Facebook-тағы парақшасынан алынған

Мәскеу мемлекеттік университетінде оқитын қазақ студенті Бота Құсайын Қытайда саяси лагерьде қамауда отырған әкесі мен әжесінің жағдайы туралы Twitter-де жиі жазып, халықаралық басылымдар мен ұйымдардың назарын аудартты. Құқық қорғау ұйымдарынан көмек сұраған студент БҰҰ-нан жауап күтіп жүр.

Мәскеу мемлекеттік университетінде магистратурада оқып жатқан қазақ студенті 26 жастағы Бота Құсайын Қытайда саяси лагерьде қамауда отырған әкесі Құсайын Сағымбай мен 81 жастағы әжесі Бақаш Мұса жайлы бірнеше айдан бері Twitter-де бірнеше тілде ақпарат таратып, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған. Қыркүйек айында халықаралық Amnesty International адам құқығын қорғау ұйымы Бота жайлы видеосюжет жариялады. Онда Бота қамаудағы әкесінің жағдайы туралы баяндаған.

Amnesty International ұйымының Бота Құсайын жайлы видеосюжеті

Көп ұзамай Бота Құсайынға британдық Guardian басылымы да хабарласып, жақындарының жағдайы туралы айтып беруді өтінген.

- Әкем Сағымбай Құсайынды Қытай 2017 жылы желтоқсан айында еш себепсіз қамады. Ондағы туыстарымыз басында 10-15 күнге қамап, шығаратын шығар деп ойлаған. Бірақ босатпапты. Әкем Тарбағатай аймағындағы Дүрбілжің ауданындағы лагерьлердің бірінде. Нақты қай лагерьде екенін білмедім. Маған хабарласқан ұйымдар мен басылымдарға әкемнің жағдайын айтып бердім, - дейді Бота Құсайын Азаттық тілшісіне.

Бота Құсайынның Twitter-дегі жазбасы

Бота Құсайынның айтуынша, Amnesty International ұйымы әкесі жайлы мақала жариялаған соң Қытайдың Дөрбілжің ауданынан белгісіз біреу хабарласып, “ақпарат таратпауға” кеңес берген.

- Жартылай қытайша, жартылай қазақша сөйлеген адам “арызыңды тоқтат, папаң жақын арада шығады. Бұлайша ақпарат таратуға болмайды” деп айтты. “Қалайша болмайды?” деп олар үшін қатты алаңдап отырғанымды жеткіздім. Дөрбілжің ауданында жауапты қызмет атқаратын адамдардың бірі болса керек. Бұдан соң хабар үзіліп қалды. Кейінірек телефон нөміріне хабарлассам, істемей тұрды, - дейді Бота Құсайын.

ЖЕНЕВАҒА САПАР

Бота Құсайын 2018 жылы маусым айында Женевадағы БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесіне барып, жақындарының жағдайы туралы шағым өткізбек болған. Бірақ оларға “шағымданудың ретін сол жаққа барғанда ғана бір-ақ білдім” дейді.

- Женеваға барған кезде кеңес өкілдерімен тікелей кездесе алам деп ойлағам. Бірақ олай болмады. Барған кезде маған “бір ай немесе кемінде 15 күн бұрын хабарласып, белгілі бір уақытқа жазылу қажеттігін” айтты. Осылайша қабылдаған жоқ. “Өтініш арыздарыңызды электронды түрде поштаға жібере беріңіз” деп айтты. Жазбаша шағымды Мәскеу қаласынан жібердім, - дейді Бота Құсайын.

Бота Құсайынның Twitter-дегі жазбасы

Ол ұйымның сайтында шағымның тіркелгенін көрген. Бірақ әлі күнге дейін жауаптың түспегенін, күтіп жүргенін де айтты.

Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасында екінші курс оқып жүрген Бота Құсайын мәскеулік достарына отбасылық жағдайы туралы тіс жармаған. “Айтқан сайын қиналамын. Сондықтан бұл жайлы көп айтпаймын. Тек жақын достарым ғана біледі” дейді ол.

- Меніңше, бұл мәселені әр елдің елшілері, дипломаттары бас қосып, бірігіп шешуге күш салуы керек. Жеке-жеке қимылдаған өте қиын. Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне көп үміт артамыз, - дейді Бота Құсайын.

Қытайдың Тарбағатай аймағында туылған Бота Құсайын Қазақстанға 2008 жылы келген. Алматыдағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне түскен. 2015 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Ботаның ата-анасы 2013 жылы Қазақстанға көшіп келген. Анасы мен сіңлісі азаматтық алып үлгергенмен әкесі құжат қиындықтарына байланысты ықтияр хатпен жүріп қалған. 2017 жылы әжесі Бақаш Мұсамен бірге Қытайға кетіп, содан қамалғандары туралы бір-ақ белгілі болған.

Аудармашы мамандығын оқып жатқан Бота Құсайын әкесі елде болмағандықтан Мәскеудегі оқу арасында қосымша жұмыс істеуге мәжбүр екенін де айтады. “Кейде аудармашы болып, кейде турфирмаларға барып, оператор болып жұмыс істеймін” дейді Бота Құсайын.

Бота Құсайын
Бота Құсайын

Ол ағылшын, қытай, орыс, қазақ тілдерінде еркін сөйлейді. Неміс, түрік тілдерін үйреніп жүр.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне Қытайдағы қысымға қатысты көмек сұрап, 618 адамнан арыз түскен. Министрліктің дерегінше, 117 арызды Қытайдың бұрынғы азаматтары, қазір Қазақстан азаматтығын алғандар жазған. Олар Қытай азаматтығынан шығаруға көмек сұраған. Министрлік өкілі арыздар бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Шыңжаңдағы мұсылмандардың қысымға ұшырауы және ондағы саяси лагерьлер туралы ақпарат 2017 жылдың басынан бастап шыға бастады. БҰҰ дерегінше, мұндай лагерьлерде миллионға дейін мұсылман отыруы мүмкін. Қытай мұндай қамау орталықтарының барын мойындағанмен оларды "кәсіпке баулитын мекеме" ретінде көрсеткісі келеді. Олар қамау орталықтарында "батыс құқық қорғаушылары айтқандай, қысым мен азаптаудың жоқ екенін" айтады. Қытай билігінің түсіндіруінше, мұндай амалдар Шыңжаң аймағында терроризм мен экстремизм қаупін сейілтіп, азаматтарды "радикалды діни ағымдар" жетегінде кетуден сақтайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG