Accessibility links

Биліктің журналиске сыйлық беруі дұрыс па? Журналистер сөйлейді


Журналистер күні (Карикатура авторы - Ғалым Смағұл)
Журналистер күні (Карикатура авторы - Ғалым Смағұл)

Қазақстан 28 маусым күні журналистер күнін атап өтеді. Жыл сайын осы күндері баспасөз қызметкерлері сыйлыққа қарық болады. Жекеменшік компаниялар медиа ұжымдарға тәттілер жіберіп, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар алғыс хат арнап жатады. Сонымен қатар комиссия құрып, үздік журналистік жұмыстарға ақшалай сыйлық беретін премиялар да бар. Үш жыл бұрын мұндай премиялардың қатары “Үркер” және “Тұмар” дейтін республикалық сыйлықтармен толыға түсті. Осы ретте журналистердің мемлекет қолынан сыйлық алуы дұрыс па деген сұрақ туындайды. Азаттық осы сұрақты журналистердің өзіне қойдық.

Әлемдік тәжірибеде тілшінің негізі міндеті – әлсіздің үнін жеткізіп, әлдінің жауаптылығын қадағалау. Бұл міндетті орындау үшін журналист мейлінше тәуелсіз болуы тиіс деген түсінік бар. Абсолют тәуелсіздік бола қоймас, дегенмен мемлекетке байланбау – сапалы журналистиканың маңызды шарттарының бірі.

Қазақстанда билік журналистерге әртүрлі атауы бар сыйлықтар береді. “Нұр Отан” партиясының “Нұр Сұңқары”, мәжілістің “Парламент сөзі” премиясы, сенаттың “Аманат” және “Туған ел” байқаулары, “Тіл-Қазына” ұлттық орталығының “Мемлекеттік тіл және БАҚ” дейтін сыйлығы бар.

Журналистер күні қарсаңында “ақпарат саласының үздігі” медалін табыстайтын ақпарат министрлігі 2017 жылы халықаралық “Пулитцер” және “Эмми” премияларына еліктеп, баспасөзге арналған “Үркер” және телевизияға арналған “Тұмар” сыйлықтарының негізін қалады. Министрлік мамыр айында дүниеден озған журналист Бейсен Құранбектің құрметіне “Жігер” дейтін тағы бір сыйлықты тағайындады.

Аталмыш премиялардың кейбірінде 1 миллион теңгеге дейін ақшалай сыйлық бар. Осы себепті болар, журналистер байқауларға жарыса қатысып, жеңген жағдайда жария етуден тартынбайды.

“ДҰРЫС ҰЙЫМДАСТЫРЫЛСА, ҚАРСЫ ЕМЕСПІН”

“Үркер” сыйлығының алғашқы жылында комиссия құрамында болған журналист Мейрамхан Жәпек (ханым) мемлекет премиясының әділ берілетініне күмәнмен қарайды.

Журналист Мейрамхан Жәпек
Журналист Мейрамхан Жәпек

– Әрине, комиссияның мүшесінде журналистер болады ғой. Бірақ айналып келгенде биліктің ығына жығылатыны жасырын емес. Мысалы “Нұр Отан” партиясының сыйлығын алғанның көбі – мемлекеттік БАҚ өкілдері. [Премия] партияның жұмысын тек жақсы қырынан көрсететін еңбектерге беріледі. Сын материалдарға сыйлық беріп жатқаны некен-саяқ, – деді Мейрамхан Жәпек.

Маман “Үркерге” қазылық еткенде тікелей қысым жасалмағанын, бірақ ұйымдастырушы әріптестерінің тұспалдап өтініш жасағанын айтты.

– Менің қарағаным интернет сайттарға қатысты дүниелер еді. Сол кезде шешіміме аздап әсер еткісі келгендер болды. Бұл бұйрық болған жоқ, комиссия төрағасының қысымы да емес. Сол жұмыстың басы-қасында жүрген өзге әріптестер “мынау күштірек сияқты, осыны қарап көріңізші” деген сияқты ұсыныстарын айтты. Мен оларды тыңдамай, өзім дұрыс деп тапқан жұмысты таңдадым. Одан кейінгі жылдары әділ қазылық жасаңыз деп айтқан адам болған жоқ, оның себебі түсінікті, – деді Жәпек.

Журналист мұндай марапатты “Журналистер одағы” секілді мемлекеттен тәуелсіз ұйымдардың бергенін құп көреді.

Телевизия тілшілеріне арналған “Тұмар” сыйлығының салтанатты шарасын жүргізген “Хабар” арнасының журналисі Нұрсұлтан Құрман премия үкіметке қарым-қатынасы жақсы арналарға берілетіндей әсер қалдырады дейді.

– Жаңалықтарға келгенде [“Тұмар” сыйлығын] әртүрлі арналарға кезек-кезегімен беретін сияқты. Ол жерде бір мықтылығын, сол жылғы актуалдығын бақыламайтын сияқты. Кейде фаворит деп отырғандардың орнына халық білмейтін, мүлдем көрмейтін, рейтингісі төмен бағдарламаларға беріп жібереді. Министрлікпен дұрыс тұратындарға бере ме, білмеймін, – деді Құрман.

Төрт жыл ұйымдастырылған “Тұмарды” төрт рет жеңіп алған “31 арнаның” ақпараттық бағдарламалар директоры Болат Мүрсәлім мемлекеттің сыйлығына қарсы емесін айтты.

– Журналистер күнінде осындай сыйлықтардың болғаны қате емес. “Тұмар” сыйлығын “31 арнадағы” “Информбюро” ақпараттық бағдарлама ретінде екі рет, Аида Боранбай есімді журналисіміз тележүргізуші ретінде бір рет жеңіп алды. Сондай-ақ “Анашым, біз үйдеміз” бағдарламасы үздік жоба номинациясын алды. Ал Нұр-Cұлтандағы редакциямыздың жетекшісі Гүлбану Әниятқызы “Нұр Сұңқар” сыйлығына ие болды. Бірақ бұдан арнаның билікке көзқарасы, ұстанымы өзгерген жоқ, – деді Мүрсәлім.

Азаттықтың “Ел арасында беделі бар журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарының бұл сыйлықтарды қабыл алуы билік ұйымдастырған премиялардың легитимдігін күшейтпей ме?” деген сұрағына журналист “Ол биліктің проблемасы” деп жауап берді.

– Билік осы арқылы өзін және сыйлықты заңдастырғысы келсе, бұл – биліктің өз ойы. Мүмкін біз заңдастыруға қатыссақ қатысып жатқан шығармыз. Жоқ деп айта алмаймын, – деді Мүрсәлім.

“ТҮБЕГЕЙЛІ ҚАРСЫМЫН”

Vlast.kz сайтының журналисі Данияр Молдабеков БАҚ мемлекеттен мүлдем ақша алмауы тиіс дейді.

Идеал әлемде ешкімнен ақша алмағанға не жетсін. Әсіресе демократиялық емес мемлекетке күнің қарамасын.

– Идеал әлемде, әрине, ешкімнен ақша алмағанға не жетсін. Әсіресе демократиялық емес мемлекетке күнің қарамасын. Менің түсінігімде, журналистиканың негізгі міндеті мемлекетке қателігін тұрақты көрсетіп отыру, мейлі ол біздегі секілді автократия болсын, мейлі біз ұмтылған демократия болсын. Журналистер зерттеу жүргізеді, сыни пікір жазады. Ал президент пен биліктің өзге тармақтары сынға дайын болуы тиіс. Сол себепті мемлекеттен қандай түрде болмасын ақша алмаған жөн, – дейді Молдабеков.

Сөйте тұра ол сыйлықты қабыл алған әріптестеріне түсіністікпен қарайтынын айтты.

– Мен сыйлықты алып жүргендерді сөкпеймін. Өмір біреу, әркім өзі таңдау жасайды. Мені осы премиялардың біріне ұсынатынына күмәнім бар. Бірақ беріп жатса, мен сізге ақшадан бас тартуға уәде беремін, – деді ол.

ШЕТЕЛ ТӘЖІРИБЕСІ ҚАНДАЙ?

Қазақстанда тұратын британиялық журналист Джоанна Лиллис (ханым) тілшілердің үкімет қолынан сыйлық алуын құптамайтынын айтты.

Британия журналисі Джоанна Лиллис
Британия журналисі Джоанна Лиллис

– Журналистер төртінші билік ретінде үкіметтің жауаптылығын қамтамасыз етуі керек. Мемлекеттің журналиске сыйлық беру тәжірибесі қоғам үшін пайдалы осы журналистиканы емес, билікке үшін пайдалы жағымды ақпарат таратушы журналистиканы ынталандырады. Ал нағыз журналист қоғам үшін жұмыс істеуі тиіс. Халықаралық журналистиканың үздік тәжірибесінде журналистік сыйлықтар мемлекет үшін әрдайым жағымды бола бермейтін сапалы әрі табанды ізденіске, зерттеуге беріледі, – деді Лиллис Азаттыққа.

Лиллистің сөзінше, Ұлыбритания немесе АҚШ билігі журналистерге ақшасы бар сыйлық берер болса, беделі бар журналистер мұны кемі жағымды жаңалық жазуға итермелеу деп бағалайды, болмаса пара беру деп те қабылдауы мүмкін. Ал қоғам мүшелері үкіметінен сыйлық алатын журналистің жазғанына үлкен күдікпен қарайды.

АҚШ-тың Беркли қаласындағы Калифорния университеті журналистика факультетінің биылғы түлегі Ақсәуле Әлжан мемлекеттің тілшіге сыйлық беруі журналистика қағидасына қайшы дейді.

– Журналистік этикада достарың, туыстарың не жақын адамдарың туралы репортаж жасауға тыйым салынады. Өйткені, қанша дегенімен жақыныңа бүйрегің бұрып тұрады. Сол сияқты журналист баспасөз қызметтерінен, үкімет мүшелерінен, басқа да “бастықтардан” алыстау болса, тәуелсіз болса, ол журналистикаға да, аудиторияға да үлкен плюс, – деді қазақ журналистикасында 13 жыл жұмыс істеген Әлжан.

Әлжанның айтуынша, өкіметтен марапат алған журналистің өткір сұрақ қоюы қиын.

– Баспасөз қызметтері жыл сайын тарататын ұсақ-түйек сый, гүл, сувенир, блокнот, торт сияқты сыйлықтарды да алып, әлеуметтік желіде оларға алғыс жазып отыратын әдетімізден де арылу керек. Ол блокнот пен қаламсаптан редакция байып қалмас. Бірақ саған сыйлық берген, қарым-қатынасың жақсы адамға өткір сұрақ қоюға қымсынуың мүмкін ғой? – дейді ол.

Батыста білім алған Әлжан биліктің сыйлық алатындармен қатар, журналистикада тәжірибе жинап, мансабын билік құрылымында жалғастыратын адамдарды сынға алды.

– Қазақ журналистикасында шенге, шекпенге деген бір ерекше құрмет бар. Мемлекеттік марапаттардың “беделі” де осыған байланысты болуы мүмкін. Көп журналистің арманы – бір “дөкей” қызметке орналасып, бір “дөкей” кеңсенің баспасөз қызметін басқару. Бұл кей журналист үшін шың болып есептеледі. Кешегі журналист бүгін бір әкімнің орынбасары, не баспасөз хатшысы қылып тағайындап жатса, әлеуметтік желіде, мессенджерлерде құттықтап жатамыз. Ол да біздегі журналистика ауруының белгісі, – деді Әлжан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG