Accessibility links

Меңдеш Салихов: Билік шетелдік мұнай компанияларына талап қоя алмайды


Меңдеш Салихов: Мұнайдың 80-85 пайызы шетелге кетіп жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:12:30 0:00

Меңдеш Салиховтың Азаттыққа берген сұхбаты. 28 қаңтар 2021 жыл.

Ақтөбе облысында Қытайдың "КМК Мұнай" компаниясы жұмысшыларының жалақыны екі есе көбейтуді талап етіп ереуілдеп жатқанына бесінші күн болды. Олардың талабына компания басшылығы келіспей отыр. Азаттық Қазақстандағы мұнай компанияларында жұмысшылардың наразылыққа жиі шығуының себебін мұнай-газ саласында ұзақ жыл еңбек етіп, басшы қызметтер атқарған Меңдеш Салиховтан сұрады. Мұнай саласының ардагері үкімет пен жергілікті билік шетелдік компанияларға жұмысшылар мүддесін қорғайтын талап қоймайды дейді. Сұхбаттасымыз жергілікті мұнайшыларды жұмыспен қамту, мұнай алаңдарын шетел компанияларына берудің зардабы, саланы басқа мамандық иесінің басқаруы сынды көкейкесті мәселелерді де қозғады.

"ЖЕРГІЛІКТІ ЖҰМЫСШЫЛАРҒА АЗ ЖАЛАҚЫ ТӨЛЕЙДІ"

Азаттық: Меңдеш Халелұлы, кезінде елдегі ең ірі бес мұнай кәсіпорнының бірі "Маңғыстаумұнай" компаниясын басқардыңыз, бұл саланың қыр-сырын білесіз. Қазір Ақтөбеде "КМК Мұнай" компаниясының жүздеген жұмысшысы жалақыны 100 пайызға өсіруді талап етіп ереуілдеп тұр. Компанияға олардың талабын орындауға не кедергі? Егер орындаса, табысы азайып қала ма?

Меңдеш Салихов: Комиссия құрылыпты. Облыс әкімінің орынбасары соған қатысып жүр дейді. Солар не шешіпті? Комиссия бәрін ашу керек. Қытай компаниясы бәрін құпия ұстап жүрген болар. Олардың табысын, ақшаны қай жаққа жіберіп отырғаны коммерциялық құпия дейді де жауып тастайды. Ашсын, комиссияға көрсетсін. Халыққа түсіндіріп айтса, олар сенеді. "КМК Мұнайдың" 50 пайызын Қытайдың CNPC компаниясы басқарып отыр. Компания тиімділігін кішкене төмендетсе ештеңе етпес деп ойлаймын. Бірақ комиссия бәрін ашық түрде қарауы керек. Сонда белгілі болады.

Азаттық: Жұмысшылардың айтуы бойынша, көпшілігінің жалақысы 110-150 мың теңге аралығында. Бұл мұнайшы үшін жеткілікті жалақы ма?

Меңдеш Салихов: Бұл [жалақы] мұнайшы үшін көп емес. Жұмысы лас, далада істейді. 140-150 мың [теңге] дегенді қазір қалада жүріп те табады. 250 мың [теңгеге] дейін көтеруге болар. Мұнайшылардың ортасында ең қиын жұмысты ұңғыманы жөндейтін бригадалар атқарады. Жер астын жөндеу деп аталады олардың жұмысы. Соларға жақсы жалақы төлеу керек. Ұңғыманы бақылау оған қарағанда жеңілдеу.

Қызылорда облысындағы мұнай ұңғымасында жұмыс істеп жүрген адамдар. Көрнекі сурет.
Қызылорда облысындағы мұнай ұңғымасында жұмыс істеп жүрген адамдар. Көрнекі сурет.

Орта есеппен алсақ, 250 мың теңге өндіру операторына, 300 мың теңге бұрғылаушыға, 320 мың теңге жөндеу бригадаларына төленуі керек. Шамамен аралық осындай болуы тиіс.

Азаттық: Қазақстанда жұмыс істейтін мұнай компанияларындағы шетелдік және жергілікті жұмысшылардың жалақысындағы, оларға берілетін әлеуметтік төлемдердегі теңдік мәселесі дұрыс сақталып отыр ма?

Меңдеш Салихов: Жергілікті адамға аздау төлейді. Шетелдікке көбірек төлейді. Ол солай қалыптасқан. Біз мұнай саласында еңбек етіп, игере бастағалы 120 жылдан асты. Шетелдіктер қажет емес. Оларды жіберу-жібермеу үкіметке байланысты. Ал бізде шетелдіктер сатып алды дейді де 50 пайызға дейін жұмысшы кіргізуге рұқсат береді. Ол дұрыс емес. Мүлде рұқсат берілмеу керек. Бізде мұнайшылар арасында жұмыссыз жүргендер жеткілікті. Әр саласында маман жеткілікті.

"КМК Мұнай" компаниясы басшылығына бірнеше талап қойып, өндірісті тоқтатып, ереуілде тұрған жұмысшылар. Көкжиде, Темір ауданы, Ақтөбе облысы. 27 қаңтар 2021 жыл.
"КМК Мұнай" компаниясы басшылығына бірнеше талап қойып, өндірісті тоқтатып, ереуілде тұрған жұмысшылар. Көкжиде, Темір ауданы, Ақтөбе облысы. 27 қаңтар 2021 жыл.

Азаттық: Елде мұнайшылардың жиі ереуілге шығуы әдетке айналып барады. Мұның себебі неде?

Меңдеш Салихов: Себебі біздің үкімет талап етпейді. Кейбір компаниялар [кеніштерді] 90-100 пайызға дейін иелік етеді ғой деймін. Сосын олар кімді тыңдайды? Оларға көбірек төлейді, мыналарға азырақ төлейді. Оның бәрін халық көріп отыр ғой. Мәселе дұрыс көтеріліп жүр. Оны түзетуге қазіргі басшылар жұмыс істеуі қажет. Ауыр жұмыстағы шахтер, мұнайшылардың айлығы орташа жалақыдан жоғары болуы керек.

"МҰНАЙ КЕНІШТЕРІНІҢ КӨБІ САТЫЛЫП КЕТТІ"

Азаттық: Бұл Жаңаөзенге дейін де, кейін де болып жатқан проблема. Мұны қалай шешу керек? (2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзенде еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, 17 адам көз жұмған).

Меңдеш Салихов: Бізде министрлік (Энергетика министрлігі – ред.), "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы, үкімет басшысы бар ғой. Солар есептеп, бір жобаға келтіруі керек. Әр кезде ұжыммен жұмыс жасалуы керек. Басшылар жағдайды түсіндіре білуі тиіс. Қазір көп жерде басшылары мұнайшы емес. Отырған адамдар мұнайдың исін білмейді. Біреудің құдасы, біреудің баласы, біреудің тағы бірдеңесі. Жұмысшылар келсе, онымен сөйлесе алмайды. Мәселе осында.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының Нұр-Сұлтандағы ғимараты.
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының Нұр-Сұлтандағы ғимараты.

"ҚазМұнайГаз", министрлік, "Самұрық-Қазына" – жоғарыдағылар үлкен жалақы алып отыр. Қысқарту керек. Ол жерде мұнай департаменті бар. Ал төмендегілерге тиімділік үшін аз төлейді. Бұған күрделі өзгерістер жасалуы қажет.

Қазір көп жерде басшылары мұнайшы емес. Отырған адамдар мұнайдың исін білмейді. Біреудің құдасы, біреудің баласы, біреудің тағы бірдеңесі.

Азаттық: Жұмысшылардың әлеуметтік мәселесі наразылық, митингімен ғана шешілгені қаншалықты дұрыс? Мәселен, бір жерде бар проблема басқа жерде жоқ дегенді білдірмейді ғой.

Меңдеш Салихов: Әрине, мұндай жағдайға жеткізу дұрыс емес. Әр жердегі әкімнің жұмысы – жағдайды бақылау, талдау, мәселені көтеру. [Әкім] шетелдік компаниялармен сөйлесіп, министрлікпен ақылдасу қажет. Тәртіпке келтіру керек. Дұрыс талап қоятын болсаң, олар қарсы болмайды. Халық неге шықты? Жағдай төмен болған соң шықты. Олар қай жерде не болып жатқанын, кімнің қанша айлық алатынын біліп отыр.

Министрліктің өзінде аздаған мұнайшы ғана отыр. Басқасы білмейді. Шетелде "Болашақпен" оқып келді. Бірақ өндірісті көрмеген адамдар. Мұнайдың айналасында білімсіз адам көп. Бәрі мұнайшы болғысы келеді немесе мұнай саласында жұмыс істегісі келеді, бірақ мұнайшы емес.

2011 жылы Жаңаөзенде мұнайшылар ереуіліне полиция оқ атқанда жараланып, қатты зардап шеккен Қайрат Досмағамбетов Ақорда маңында наразылық акциясын өткізіп тұр. Нұр-Сұлтан, 25 маусым 2020 жыл.
2011 жылы Жаңаөзенде мұнайшылар ереуіліне полиция оқ атқанда жараланып, қатты зардап шеккен Қайрат Досмағамбетов Ақорда маңында наразылық акциясын өткізіп тұр. Нұр-Сұлтан, 25 маусым 2020 жыл.

Азаттық: Бір сұхбатыңызда "мұнай – қазақтікі, пайдасы – басқанікі" депсіз. Қазақстанның мұнайдан алатын үлесі қазір де 1990 жылдардағыдай төмен бе, әлде өсті ме? Сандармен дәйек келтіруге бола ма?

Меңдеш Салихов: Жобамен алғанда жылына 90 миллион тонна мұнай өндіріп отырмыз. Соның 80-85 пайызы шетелге – Қытай, АҚШ, Италия және басқаларына кетіп жатыр. Бізге қалатыны 15-20 пайызы. Бізде "ҚазМұнайГаздың" тиімділігі үлкен деп көрсетеді. Бірақ оған "Теңізшевройл", "Қарашығанақтан" Қазақстанға келетін үлесті қосып есептейді.

Азаттық: Мұнайдан түсетін табыстың аз болуына не себеп?

Меңдеш Салихов: Себебі [мұнай кеніштері] сатылып кетті ғой. Мұнай саласын жекешелендіру, оны шетелдіктерге сатуға қарсы болған едім. Ол кезде Әкежан Қажыгелдин үкімет басшысы еді. Соған қарсы тұрып, жұмыстан босап кеткен адаммын. Жер астындағы елдің байлығын сатып жіберіп, қазір енді шетелдіктер деп қарап отыр. Табыстың бәрі шетелге кетіп жатыр. Біз одан тек салық аламыз. Көп пайда көре алмай отырмыз. Жұмыс орны ретінде қазақтар жұмыс істейді. Алайда ие болып отырған басқалар. Қазақстанның имиджін көтереміз деп анда-мында ақша шашып жатырмыз. Қаржыны олай шашпай, осыны қайтарып алуға жұмсасақ, көбірек пайда көреміз.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

"Ұсақ-түйек мәселенің бәрін парламентте көтеру жөнсіз". Сенаторлар мұнайшылар талабы жайлы не айтты? Нұр-Сұлтан, 28 қаңтар 2021 ж.

"Ұсақ-түйек мәселенің бәрін парламентте көтеру жөнсіз". Сенаторлар мұнайшылар талабы жайлы не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:31 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG