Accessibility links

Тоқаев тұсындағы "екіұшты көзқарас" пен "әлсіз тұрақтылық". Тазабектің "тренді"


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин. Пекин, 11 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин. Пекин, 11 қыркүйек 2019 жыл.

Ұзақ уақыт Қазақстан басшылығының мақтанышы болған "ішкі саяси тұрақтылық" қазір "бұрынғыдай берік емес", ал Шыңжаңдағыдай сыртқы жағдай Нұр-Сұлтанды тығырыққа тіреп отыр деп жазады батыс баспасөзі. Бұған қоса Forbes нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең бай адамның компаниясы Ұлыбританияда жемқорлық күдігімен тексеру басталған істе назарға ілінген соң, жария компания мәртебесінен бас тартуға талпынып жатқанын айтады. Шетелдік басылымдар қазақстандық ұлттық компанияның елге турист тарту үшін атышулы "Борат" фильміндегі сөзді пайдаланғанын жазады.

НҰР-СҰЛТАНДЫ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕГЕН ШЫҢЖАҢДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Америкалық ғалым Шон Роберт ішкі және сыртқы саяси-экономикалық, әлеуметтік ахуал Нұр-Сұлтанды Шыңжаң мәселесі бойынша тығырыққа тіреді деп санайды. Оның айтуынша, қазір "Қазақстан – Ұйғыр ауданында (Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы – ред.) болып жатқан оқиғалардың ең көп әсері тиіп отырған ел".

Ұйғырларды зерттейтін антрополог Asian Forum сараптамалық платформасындағы мақаласында Қытайдың Шыңжаң ауданындағы ұйғыр, қазақ, қырғыз сынды мұсылман халықтарын "қайта тәрбиелеу" лагеріне қамап жатқанын "мәдени геноцид" деп атап, Қазақстанның қазір осы мәселеге байланысты үлкен жолайрықта тұрғанын айтады.

"Қазақстан үкіметі Қытайдың Шыңжаң ауданындағы әрекетін қолдаса, бұл ішкі саясатты жылдам ушықтырып, көп сайлаушының ашуын туғызады, ал сынаса, халықаралық саяси, экономикалық байланыстардың нашарлауына апарып соғады. Бұл тұрғыда мемлекет Шыңжаңдағы мәдени геноцид бойынша тым екіұшты көзқарас ұстанып, екі оттың ортасындағы осы жіңішке жолмен жүруге тырысып келеді" деген автор Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екі жақты тең ұстай алғанын айтады. Автордың пікірінше, жаңа басшылыққа бұл тепе-теңдікті ұстап тұру қиынға соғады.

Шон Робертстің сөзіне қарағанда, үкімет халықтың бұл мәселеге көп назар аудармауына күш салып келген. Ол үшін Шыңжаңдағы этникалық қазақтардың құқығын қорғауда ерекше белсенді болған "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшілерін қысымға алды. Ұйым жұмысын істеп, құқығы бұзылғандардың құжатын жинап жатқанымен, бұрынғыдай үлкен саяси ұран көтермейді дейді автор.

"Бұл маневр Қытайдың ішіндегі оқиғаларға халық наразылығын біраз басып отырғанымен, бұл ұзаққа созыла қоймас. Оның үстіне, мемлекет бұл мәселе бойынша үндемеген сайын мұны Қытайды қолдау деп түсінетіндер арта түседі" дейді Робертс.

Бұған қоса, жиырма жылдай үздіксіз дамыған Қазақстан мұнай бағасының құлдырауы мен коронавирус пандемиясы кесірінен экономикалық тұрғыда қиын күнге тап болды дейді автор. "Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ішкі саясатты [экс-президент] Назарбаев сияқты бақылауда ұстау қиынға соғып жатыр, оның үстіне алдыңғы басшы сахна сыртында өз билігін орнатып, қалаған кезінде араласып отыр. Соның кесірінен Қазақстанның тұрақтылығы өткен жиырма жылдағыдай мығым емес" деп жазады Шон Робертс.

Сонда да бұл өзгерістердің ешқайсысы Қазақстанды Қытайдағы "адам құқықтарының бұзылуын" сынауға мәжбүр ете алмайды дейді автор. Нұр-Cұлтанды бұған мәжбүрлейтін жалғыз ғана күш – "макроэкономикалық өсімді ұлттық бірегейлік пен өз азаматтарының әл-ауқатынан жоғары қоятын үкіметтің әрекеттеріне ішкі қарсылық" деп санайды Шон Робертс.

ЖЕМҚОРЛЫҚ КҮДІГІ ЖӘНЕ АШЫҚ КОМПАНИЯ БОЛУДАН АЙНУ

Британдық Financial Times басылымы Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші KAZ Minerals компаниясының екі ірі акционері компания акцияларын кері сатып алуға талпынып жатқаны туралы жазады. Forbes тізімінде Қазақстандағы ең бай адам ретінде аталған Владимир Ким (америкалық журналдың бағалауынша, 4,2 млрд доллар) иелік ететін KAZ Minerals жария компания мәртебесінен бас тартқысы келеді деп жазады Financial Times.

Бұл жаңалық Ұлыбританияда жемқорлық фактісі болуы мүмкін деген күдікпен қозғалған іс бойынша тергеу жалғасып жатқанда тарады. Бұл істе қазақстандық жоғарғы лауазымды шенеунік – елдің бұрынғы премьер-министрі, ал қазір Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқаратын Кәрім Мәсімовтің аты-жөні аталады.

Осы аптада Владимир Ким мен компанияның тағы бір ірі акционері Олег Новачук (оған KAZ Minerals акцияларының 39,39 пайызы тиесілі) Лондон биржасы арқылы миноритар акционерлердің қолындағы акцияның әрбіріне 6,4 фунт стерллингтен төлеп, олардың үлесін түгелдей сатып алуды жоспарлап отырғанын жариялады. Акцияларды Ким мен Новачуктың Nova Resources деп аталатын жеке меншік компаниясы арқылы сатып алмақ.

Мұның себебін Олег Новачук "нарықтың қазіргідей тұрлаусыздығы мен игеріліп жатқан жобаларға байланысты корпоративтік жағдайларды ескеріп, біз KAZ Minerals ұзақ мерзімді мүддесін жекеменшік компания ретінде көздегені жөн деп санаймыз" деп түсіндірген.

KAZ Minerals компаниясының ірі акционері, Forbes тізімінде Қазақстандағы ең бай адам ретінде аталған Владимир Ким.
KAZ Minerals компаниясының ірі акционері, Forbes тізімінде Қазақстандағы ең бай адам ретінде аталған Владимир Ким.

Басылым жазған "игеріліп жатқан жобалардың" бірі – Ресейдің Чукотка аймағындағы Баимское кен орнын сатып алғаннан кейін компания акцияларының құны түсіп кеткен еді. Ресейдің қиыр шығысындағы мүлде игерілмеген Баимское кен орнын игеру жеті млрд долларға бағаланған, оны игеруге жеті жыл кетуі мүмкін. Инвесторлардың спектицизміне қарамастан, компания бұл жобаны "әлемдегі игерілмеген ең ірі мыс кенішінің бірі" деп атаған.

1990 жылдардан бері "Қазақмыс" деп аталған компания 2005 жылы Лондон биржасына акцияларын саудаға шығарған. Ал 2014 жылы KAZ Minerals PLC ашық компаниясы және қоғамдық емес "Қазақмыс корпорациясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып екіге бөлінген.

2020 жылы Ұлыбританияның ірі көлемдегі алаяқтыққа қарсы күрес жөніндегі басқармасы (Serious Fraud Office, SFO) 2011 жылы болған оқиғаны жемқорлыққа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен тексеріп жатқаны мәлім болды. Бұл әңгіме сол кезде Қазақстанның премьер-министрі болған, ал қазір ықпалды ұлттық қауіпсіздік қызметін басқаратын Кәрім Мәсімовтің отбасының Парижге саяхатынан шыққан.

Отбасы мүшелеріне жеке ұшақ жалдап, Диснейлендті аралатқан, құны 100 мың долларға жуықтайтын осы саяхатты KAZ Minerals қаржыландырған деген болжам айтылады. Лондон биржасында листингтен өткен компанияға Ұлыбританияның пара алу туралы заңы жүретіндіктен және заңға сәйкес, іскерлік мүддені көздеп, шет мемлекеттің өкілетті тұлғасына кез келген артықшылық пен пайда ұсыну қылмыс саналатындықтан, SFO бұл істі зерттеп жатыр. Мәсімов отбасының Парижге саяхаты британдық SFO-ның назарына ілінгені туралы алғашқы ақпарат биыл қыркүйекте батыс баспасөзінде жарияланған. Мәсімовтің өзі бұл ақпаратқа байланысты ешқандай пікір білдірген жоқ.

"ПОЛИЦИЯҒА ҚАРСЫ ШЫҚПАУҒА ҮНДЕЙТІН ИСЛАМШЫЛ СЕЛЕБРИТИ"

АҚШ-та шығатын Diplomat журналы Қазақстан интернетінде көп әңгіме болған "Қазақстан" мемлекеттік телеарнасындағы "Тәлім-тренд" бағдарламасына және оның жүргізушісі Мұхамеджан Тазабекке мақала арнаған. "Пандемия өзгеріс енгізген өмір салты, отбасы құндылықтары, ескі және жаңа дәстүрлер, тұрмыстағы зорлық-зомбылық пен тәрбие, балалар қауіпсіздігі мен құқықтары сияқты маңызды әлеуметтік мәселелерді көтеретін" 40 минуттық хабар эфирге шығардан біраз бұрын оны "даулы мәлімдемелерімен, билікке тым жақындығымен белгілі, исламшыл тақуа селебрити" жүргізетіні жарияланған соң әлеуметтік желіде қарсылық көп болды" деп жазады автор.

"Асыл арна" телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабек полиция қызметкерлері алдында лекция оқып отыр. Видеодан алынған скриншот.
"Асыл арна" телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабек полиция қызметкерлері алдында лекция оқып отыр. Видеодан алынған скриншот.

Автордың сөзінше, Мұхамеджан Тазабектің бұл хабарды жүргізуіне наразылықтың шығуына оның "күмәнді репутациясы мен күдікті идеологияны мемлекеттік телеарна арқылы таратуға мүмкіндік алғаны" түрткі болған. Елдегі "Асыл арна" атты жалғыз діни телеарнаны басқаратын ол Қазақстанда кең тараған дәстүрлі исламнан бөлек ағымды қолдайды деген пікірлер бар.

Журналистердің, әлеуметтік желі қолданушылардың жаңа хабарға қарсылығын байқаған Тазабек Instagram-дағы парақшасында жауап берді. "Зайырлы қоғамға, дәстүрлі құндылықтарды паш етсек, әлемге кеңінен танымал консерваторлық көзқарас пен либералдық ұстанымдардың ықпалын талқылап, қызық деректерді келтірсек, кімге не зиян?" деп жазды ол.

Мұхамеджан Тазабек 1990 жылдары айтыскер ақын ретінде жұртқа танылған. Кейін "айтысты ұзақ жыл бойы биліктегі "Нұр Отан" партиясы қаржыландырып, сол арқылы өз саясатын насихаттады. Тазабек партиядан пана тауып, соның арқасында саяси элитамен байланыс орнатты" деп жазады Diplomat.

Шолушы Тазабектің діни бэкграундымен қоса, ел ішінде көп әңгіме тудырған пікірлерін де еске салған. Әлеуметтік желідегі видеоларының бірінде Тазабек Қазақстанды 30 жылдай билеген Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаев келген 2019 жылы елде болған наразылықтарды сөз етіп, полицияның наразыларды басып тастағанын қолдап сөйлейді. Ол "қазақтар мен митинг бір-бірімен қабыспайтын ұғымдар" дейді. Тазабектің айтуынша, мәселелерді қазақша шешудің жолы – "бұл іспен тек ерлер ғана айналысуы керек, ол үшін көшеге шығудың, әйел-баланы араластырудың қажеті жоқ".

"Алла бізге дана басшы берді, біз оны құрметтеуіміз керек" дейді бір сөзінде Тазабек Қазақстанның экс-президенті Назарбаев туралы.

Қазақстан полициясының беделіне арналған алғашқы хабарда студия қонақтары мен жүргізушілер "қазақ полициясының бейбітшілік пен тәртіпті сақтаудағы рөлі, халықтың оны демонизациялауы және келемеждеуі төңірегінде" пікір таластырды. Тазабек мұнда да "митинг ұлт философиясына қайшы" деген ойын қайталап айтты.

"Жүргізушілер метафора техникасын қолданды, уәжі сенімді шығуы үшін тарихи тұлғалардан дәйексөз келтірді" дейді автор.

Бір сөзінде Тазабек "Шерулетіп, билікке талап қойып шығардан бұрын әр отбасы өз мәселесін өз шешетін ұлтқа айналуымыз керек. Мемлекет бізді естісін десек, біз соған лайық болуымыз керек" дейді.

"Хабардың кульминациясы Тазабектің Лениннен келтірген дәйексөзі болды" деп жазады автор. "Күшті мемлекетте жеке адамның құқықтары шектеледі, бірақ адамдарға көп еркіндік берілсе, ұлт құрдымға кетуі мүмкін" дейді Мұхамеджан Тазабек.

"БОРАТ-2: VERY NICE!

Әлемнің белді ақпарат құралдары Қазақстаннан Америкаға барған журналистің бастан кешкенін баяндайтын "Борат-2: Қазақстан ұлтының пайдасы үшін америкалық режимге пара беру" фильміне реакция туралы көп жазып жатыр. Басты рөлде британ актері Саша Барон Коэн ойнайтын бұл сатиралық жалған деректі фильм (mockumentary) өткен аптада Amazon Prime-да көрсетілген.

Америкалық New York Times басылымы Қазақстан туризм мекемесінің шетелдік фильм кейіпкерінің сөзін өз жарнамасына пайдалана қойғанын жазды. 2006 жылы "Бораттың" алғашқы нұсқасы шыққанда "Қазақстанның авторитар үкіметі фильмге тыйым салып, Коэн мырзаны сотқа береміз деп қорқытқан және елдің беделін қорғайтын жарнама шығару үшін осы газеттің төрт бетін сатып алған" деп жазады New York Times.

Қазақстанда тұратын америкалық Деннис Кин досы Ержан Өтемісовпен бірге Борат жиі айтатын "Very nice!" ("Тамаша!") деген сөзді қолданып түсірген төрт жарнамалық роликті мемлекеттік Kazakh Tourism компаниясының басшылығына көрсетеді. Олар жобаны бірден қабылдайды. Жарнамада шетелден келген туристер Қазақстанның түрлі жерін аралап, ас-суынан дәм татып, соңынан "Very nice!" дейді.

Өтемісов қазіргі Қазақстан осыдан 14 жыл бұрынғы ел емес, халық күллі әлеммен бір ақпарат кеңістігінде өмір сүреді, сондықтан сол комедия мен әзіл-оспақ тілінде жауап беру керек деп түсіндіреді. Туристік компания басшылығы осы фильмнің арқасында пандемия басылған соң Қазақстанға келетін турист көбейеді деп үміттенеді.

Британдық Guardian Қазақстанның ресми өкілінің "Саша Барон Коэннің кейіпкері жиі қайталайтын бұл фраза елдің шексіз туристік әлеуетін есте қаларлық қысқа жолмен түйіндейді" деген сөзін келтірген.

Бір топ алматылық "Бораттың" "кешірім сұрауын" талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:34 0:00

Бірақ бұл фильмге қарсы шығып жатқандар да жетерлік. ВВС-дің жазуынша, Америкадағы қазақ қауымдастығы "Борат-2" "нәсілшілдікті, мәдени кемсітуді, ксенофобияны насихаттайды" деп сынап, фильмді тарату құқығына ие Amazon компаниясына хат жазған. "Неге біздің шағын еліміз қоғамдық келемеждің ойыншығына айналуы керек?" деп налиды хат авторлары.

Шетелде тұратын қазақстандық Айзада Арыстанбек Open Democracy платформасында жарық көрген материалында бұл фильм қазақ мигранттарын нәсілдік тұрғыдан кемсітуге алып келеді, себебі ол "бізге қарсы қолдануға ыңғайлы құрал жасап берді" деп жазады. Автордың сөзінше, жалпы Голливудта дамушы елдер туралы осындай фильм шыққанда барлық пікірді айтуға мүмкіндік беру саясаты қолданылады.

"Қазір адамдар Қазақстаннан бұрынғыдан да көп кетіп жатыр, көбі елде мүмкіндік пен еркіндіктің аздығынан шетке көшеді. Солардың бірі – менмін. Көкірек көзі ояу деген адамдарды іздеп жүргенімізде ксенофобия мен нәсілшілдікке кез боламыз" дейді ол. Айзада Арыстанбектің жазуынша, "түрлі ұлттан құралатын әлемде адамдарды танып, бағалауымызда ұлттық бірегейліктің алар орны ерекше", сондықтан бұл фильмде Қазақстан туын пайдалану дұрыс емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG