Accessibility links

"Құрдымға кеткен партияны құтқару амалы". "Нұр Отан" праймеризіне күдіктенетіндер бар


"Нұр Отан" партиясының лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың суретінің алдында тұрған партия мүшелері. 16 января 2012 года.
"Нұр Отан" партиясының лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың суретінің алдында тұрған партия мүшелері. 16 января 2012 года.

Бүгін, 17 тамызда Қазақстанның биліктегі "Нұр Отан" партиясы ең жоғары өкілдік орган – парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттарда депутат болуға лайықтыларды таңдайтын ішкі іріктеу – праймериз бастайды. Партия осылайша 2021 жылы өтетін парламент сайлауына қатысатын кандидаттарын жасақтамақ. Бұл науқанды "бедел көтеру үшін жасалған көзбояушылық" деп санайтындар да, оны "партиядағы жақсы өзгерістің нышаны" дейтіндер де бар.

Праймериз өткізу қаулысына партияның төрағасы, қызметінен кетсе де, биліктегі басқару тетіктерінің едәуір бөлігін қолында ұстап отырған Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған. Шара 3 қазанға дейін жалғасады.

Алғашында науқан наурыз-мамыр арасында өтеді деп жоспарланған, коронавирус инфекциясының таралуына байланысты шара кейінге қалдырылған. Партия басшылығы осы жағдайға байланысты кандидаттарға дауыс берудің бір бөлігі онлайн түрде өтеді деп, оның ережесін әзірледі. Дегенмен ел ішінде праймериздің не екенін түсінбейтін, түсінсе де оның әділ өтетініне сенбейтін адамдар бар.

Бес кезеңнен тұрады деген доданың төртінші кезеңінде партияның бастауыш ұйымдары ұсынған немесе өзін-өзі ұсынған кандидаттарға партия мүшелері дауыс береді. Соның нәтижесінде үздік үміткерлер мәжіліс не жергілікті мәслихат депутаттығына кандидаттар тізіміне енеді.

Қазақстанды отыз жылға жуық билеген Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) ел президенттігінен кеткенде осы қызметте қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаевпен (сол жақта) бірге "Нұр Отан" партиясы съезінде. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.
Қазақстанды отыз жылға жуық билеген Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) ел президенттігінен кеткенде осы қызметте қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаевпен (сол жақта) бірге "Нұр Отан" партиясы съезінде. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.

Праймериз – Қазақстанның саясатындағы жаңа сөз. АҚШ сияқты демократиялық елдерде праймериз – партия ішінде демократиялық жолмен шешім қабылдаудың үлгісі. Партия атынан кандидат болып тіркелу үшін үміткерлер аймақтарды аралап, бәсекелі додаға түседі, ол дода тіпті президент сайлауынан да қызу өтеді. Партия мүшелері лайықты деген үміткерлерге дауыс беріп, олардың жалпыұлттық сайлауға қатысуына жол ашады.

"ПАРТИЯНЫҢ СӨЗІ МЕН ІСІН БАЙҚАП КӨРЕЙІН"

Қаңтарда "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек праймеризде "партия атынан алдағы сайлауларға ұсынылатын адал, іскер, ел сенетін тұлғалар іріктелетінін" айтып, бұл науқанды ел ішінен таланттарды саясатқа алып келетін "әлеуметтік лифт" деп сипаттаған.

"Әлеуметтік лифтінің" шын мәнінде бар-жоғын сынап көргісі келетіндер бар. Соның бірі – Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының Диқан орта мектебінде сабақ беретін Айбек Молдасапар. Билік партиясы құрамына өткеніне бірнеше жыл болған мұғалім бұған дейін саяси ұйым жұмысына белсене араласпаған.

Айбек Молдасапардың айтуынша, ауылда бұл науқанның әділ өтетініне сенбейтіндер көп. "Партияның жергілікті басшылығы өз адамдарын ғана өткізеді, әуре болма дегендер де, қатысып көр, ауыл проблемасын көтеретін өзің секілді жастар керек деушілер де болды" дейді ол.

– Парламенттің, мәслихаттың депутаты болуың да мүмкін, неге байқап көрмеске? "Нұр Отан" партиясы жайлы сын көп. Праймеризге қатысып, партияның сөзі мен ісі қаншалық сай келетінін байқап көрейін, – дейді Молдасапар.

"Нұр Отан" партиясы ұйымдастырған митинг. Алматы, 6 шілде 2019 жыл.
"Нұр Отан" партиясы ұйымдастырған митинг. Алматы, 6 шілде 2019 жыл.

"CАЯСИ АЛАЯҚТЫҚ"

Журналист Гүлжан Ерғалиева Facebook парақшасындағы постында "бірде-бір әділ сайлауда жеңбеген" билік партиясы "праймериздің және азаматтық қоғам өкілдерінің арқасында тап-таза, бейкүнә сәбиге айналып шыға келгісі келеді" деді.

Журналист Гүлжан Ерғалиева.
Журналист Гүлжан Ерғалиева.

"Құрдымға кетіп бара жатқан "Нұр Отан" сайлау қарсаңында партияға идеялық қарсыластарын, биліктің әрекеттеріне қатысы жоқ таза азаматтарды және саясатта тәжірибесі жоқ жастарды тартудан басқа ештеңе ойлап таппады. Партияға әйгілі әртістер мен спортшыларды қуып тығу тәсілі енді іске аспай қалған сияқты..." деп жазды Ерғалиева.

"Өз еңбегімен, принциптерімен қоғамда белгілі бір бедел жинаған адамдар осы саяси алаяқтықтың қатысушысы болатыны өкінішті" деген Ерғалиева билік партиясы оларды "сайлауда пайдаланып, ысырып тастайды, аттандаушыларын [партия қатарынан] шығарып тастайды не карьерамен сатып алады" деп санайды.

Журналистің айтуынша, праймеризге қатысқысы келетіндердің арасында "Нұр Отанның шынайы халықтық, демократиялық партияға ешқашан айнала алмайтынын өте жақсы түсінетін саяси сауатты" адамдар да бар.

Былтырдан бері саяси партия құруға талпынып жүрген белсенді Тоғжан Қожалиева "Нұр Отанның" праймеризін "бедел көтеру үшін жасалатын көзбояушылық" деп бағалайды.

– "Нұр Отан" елдегі демократиялық өзгерістерді тежей отырып, өзі халықтық партия болғысы келеді. Праймеризді қалай өткізсе де партияны кім басқаратыны белгілі. Партия мүшелері өз басшыларын сайлай алмайды. "Нұр Отан" басшылары партия ішіндегі праймеризден жеңіп шыққан жоқ. Ал қазіргісі тек қарапайым адамдар арасындағы праймериз. Олардың депутат бола қоюы да екіталай. Өйткені партия тізімі жоғарыдан жасалады, – дейді ол.

"ДЕМОКРАТИЯШЫЛ ӘҢГІМЕ АЙТПАС БҰРЫН САЯСИ БӘСЕКЕ ОРНАТУЫ КЕРЕК"

Тоғжан Қожалиеваның сөзінше, келесі жылы өтеді деп жоспарланған парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс сайлауына "Нұр Отан" партиясымен бірге жаңа саяси күштер қатыса алмайды, өйткені белсенділер құрғалы жүрген саяси ұйымдарды билік түрлі желеумен тіркемей отыр.

Белсенді Тоғжан Қожалиева.
Белсенді Тоғжан Қожалиева.

– "HAQ (Халыққа адал қызмет) партиясын тіркете алмай жүрміз. Әділет министрлігі құжатымызды қайтарып жіберді. Праймериз туралы "демократияшыл әңгіме" айтпас бұрын "Нұр Отан" еркін бәсеке орнатуы керек, – дейді ол.

Саясаттанушы Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, билік партиясы праймериз идеясын ойлап табу арқылы экономикалық-саяси жағдайға көңілі толмайтын электоратты алдарқатқысы келеді.

Оның сөзінше, алдағы парламент сайлауында 2019 жылғы президент сайлауындағы жағдай қайталануы мүмкін. Ол сайлауда "Нұр Отан" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев әкімшілік ресурстар қолданылса да айқын басымдықпен жеңе алмаған деп санайды сарапшы.

Бейсебаевтың пікірі бойынша, сайлауда халық "Нұр Отаннан" басқа кез келген партияны таңдаймыз" деген принципке сүйенуі мүмкін.

"НҰР ОТАН" ПАРТИЯСЫ НЕ ДЕЙДІ?

Саяси додаға қатысуға кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым басшылары, белсенділер, журналистер, сарапшылар ынта білдірген. Олардың арасында "Нұр Отанға" мүшелікке өтпегендер де бар.

Партияның орталық аппаратының қызметкері Асқар Құмарбайдың Азаттыққа айтуынша, праймеризге қатысуға кез келген азамат өтініш бере алады, бірақ ол тіркеу аяқталғанға дейін "Нұр Отан" партиясына өтуі тиіс.

"Нұр Отан" жариялаған ережеде "партияның құндылықтарын ұстанатын және сайлау құқығы бар кез келген қазақстандық үміткер бола алады. Егер кандидат партия мүшесі болмаса, ол праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін партия қатарына қосыла алады" деп көрсетілген.

Биыл маусым айында "Нұр Отан" жақтастарының лигасын құрған саясаттанушы Ерлан Сайыров праймериз Қазақстандағы "қоғамдық-саяси процестерді эволюциялық жолмен дамытатын" шара болады деп үміттенеді.

– Парламент пен мәслихаттың әлсіздігі қоғамдық-саяси процестерге кері әсер етеді. Праймеризде жеңген азаматтарды қоғам сеніміне ие болған, артында халқы бар азаматтар деп есептеу керек. Сондықтан парламентте де, мәслихаттарда да праймеризден өткен азаматтардың үлесі басым болуы тиіс. Праймериздің әділ өтуіне "Нұр Отанның" өзі де мүдделі, – дейді ол.

Сайыров партиялардың тіркелуіне "Нұр Отан" тарапынан ешқандай да кедергі жоқ деп санайды.

"Нұр Отан" жақтастары лигасының мүшесі Ерлан Сайыров.
"Нұр Отан" жақтастары лигасының мүшесі Ерлан Сайыров.

– Біріншіден, саяси партияларды тіркейтін "Нұр Отан" партиясы емес, әділет министрлігі. Қазіргі жағдайда құжаттары талапқа сай болса тіркеуге соншалық тосқауыл қойылады деп айта алмаймын. Заң жүзінде жұмыс істеуге ұмтылатын ұйымдарға саяси кеңістік ашық. "Нұр Отан" партиясы да уақытпен бірге өзгереді, қазіргі праймериз де соның бір көрінісі. Партия ішінде жасалған демократиялық процестер барлық демократиялық өзгеріске әсер ететін болады. Бірақ бізде қазір билік транзиті жүріп жатыр, сондықтан ол біртіндеп жүзеге асады, бірден бола салмайды, – дейді "Нұр Отан" жақтастары лигасының мүшесі.

1 миллионнан астам мүшесі бар делінетін "Нұр Отан" – 1999 жылы мерзімінен бұрын өткен президент сайлауынан кейін кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау штабының негізінде құрылған. Өзін халықтық, демократиялық партия ретінде дәріптейді, заң үстемдігі, орта таптың ұлғаюы және әділдік принциптерін ұстанады. Алғашында "Отан" партиясы деп аталған ол 2006 жылы Назарбаевтың есімінің алғашқы буынын қосып, "Нұр Отан" атанды. Қазақстанды отыз жылға жуық билеп, 2019 жылы 19 наурызда республика президенттігінен кеткен 80 жастағы Назарбаев елдегі барлық деңгейдегі өкілдік органдарда басым көпшілік орынды иеленіп отырған партияның төрағасы қызметін әлі атқарып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, сенат пен мәжіліс төрағалары, үкімет мүшелерінің басым көпшілігі және жергілікті әкімдерінің барлығы дерлік "Нұр Отан" партиясының мүшесі. Халықаралық сарапшылар "Нұр Отанды" қолында бар әкімшілік, ақпараттық ресурстарды пайдаланып, сайлауда әділетсіз жеңіске жетеді деп жиі сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG