Accessibility links

"Тоқаевтан Зеленский жасауға тырысу". Қаңтар туралы кітаптағы "президентке мадақ" пен "саяси аңыз"


Полиция наразылық шеруіне шыққандарды күшпен таратқан күннің ертеңіне Республика алаңына жапсарлас жатқан Назарбаев даңғылы бойымен кетіп бара жатқан адам. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл
Полиция наразылық шеруіне шыққандарды күшпен таратқан күннің ертеңіне Республика алаңына жапсарлас жатқан Назарбаев даңғылы бойымен кетіп бара жатқан адам. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл

Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев Азаттыққа сұхбатында Қаңтар оқиғасы туралы кітапты неге ресейлік автор жазғаны, бұрынғы президенттің ендігі тағдыры жайлы ой бөлісті. Сарапшы "Трагический январь. Президент Токаев и извлечение уроков" кітабының мазмұны Ақорданың Қаңтар оқиғасы туралы ресми ақпаратына сай келеді деп топшылайды.

Өткен аптада ресейлік журналист әрі жазушы Леонид Млечин "Қаңтар қасіреті. Президент Тоқаев және сабақ алу" ("Трагический январь. Президент Токаев и извлечение уроков") атты кітабын көпшілікке таныстырды. Шара Мәскеуде, Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде өтті. Автор оқиға куәлерімен, Қаңтар оқиғасына қатысқан адамдармен сөйлесіп, тиісті құжаттарды қарап шыққанын айтады.

Млечиннің YouTube-арнасында Қаңтар туралы деректі фильмнің алты сериясы шықты. Қазақстанда қаңтардың басында болған наразылық акциялары жаппай тәртіпсіздікке ұласқан. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 238 адам қаза тапқан. Жабық зерттеу қорытындысы әлі күнге дейін жарияланған жоқ, билік Қаңтарда не болғаны жайлы ресми түсініктеме бермей отыр.

Қазақстандық ақпарат агенттіктері кітаптан алынған сөздерді жарыса жариялады. Онда президенттің тыныштық сақтауға күш салғаны, сын сағатында Тоқаевтың елден қашпай, жаппай тәртіпсіздікті басуға басшылық еткені жазылған.

Ресейлік жазушы Леонид Млечин Астанада. Қаңтар оқиғасы туралы деректі фильмнен скриншот.
Ресейлік жазушы Леонид Млечин Астанада. Қаңтар оқиғасы туралы деректі фильмнен скриншот.

Ақпарат құралдарында кітаптан мынадай үзінді берілген: "Тоқаев әскери адам емес, дипломат, зиялы тұлға, интеллектуал. Ол шешуші сәтте қол астындағылар өзіне: "Жағдай қауіпті, сізді аман алып қалуымыз керек. Арнайы ұшақ дайын тұр. Қасыңызда жеке күзетіңіз болады… Ұшақта 25 миллион доллар бар. Қайда барғыңыз келеді?" дегенін маған айтты. Олар президент елде қалады деп ойлаған жоқ".

Леонид Млечин кітабында Нұрсұлтан Назарбаевқа да тоқталып, бұрынғы президенттің билікті қайтарып алмақ болғаны жайлы жазған. Тоқаев "олай жасасақ, бүкіл әлем күледі" деп, Назарбаевты райынан қайтарған дейді автор.

Журналист қазір қамауда отырған, Қаңтар оқиғасына дейін Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Кәрім Мәсімовке "Тоқаевты орнынан алып тастасаң, қолында шексіз құзыреті бар премьер-министр боласың" деген ұсыныс жасалған деп топшылайды.

Қазақстанда бұл кітап саудада жоқ. Автордың денсаулығына байланысты, 24 желтоқсанға жоспарланған тұсаукесер (осыдан бір күн бұрын Тоқаев Алматыда Қаңтар құрбандарына арнап мемориал ашып, қоғам сынына қалған – ред.) қаңтарға ауысқан.

Қазақстандық саясаттанушы, "Қауіп-қатерді бағалау тобының" директоры Досым Сәтпаев "кей мәселелерді кітапты оқымай-ақ пайымдауға болады" дейді.

"АВТОРДЫҢ ТАҢДАУЫН КРЕМЛЬ ҚҰПТАҒАН БОЛУЫ МҮМКІН"

Азаттық: Кітапты оқыдыңыз ба?

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Досым Сәтпаев: Оқып үлгермедім, мұндай кітап шыққанын бір-екі күн бұрын ғана естідім. Бірақ көзім шалған ақпаратқа, кітаптан үзінділерді белсенді таратып жатқанына қарап, онда не жазылғанын шамалап біліп отырмын.

Бұл кітап Тоқаевты жүйені құтқарып қалған тұлға ретінде көрсетіп, Қаңтар оқиғасын президенттің легитимдігін арттыратын сипатта баяндау үшін жазылған болса керек деп ойлаймын.

Азаттық: "Тоқаевқа мадаққа" келсек. Млечиннің Қаңтар оқиғасы туралы көпсериалы деректі фильмінде "Мемлекет тағдыры бір адамның – президенттің ғана қолында болды. Ұйымдастырушылар президент шешім қабылдай алмайды, әлсіздік танытып, зәресі ұшып, тіпті елден қашады деп ойлады" деген сөз бар. Фильмді көріп отырып, автор Украина президенті Владимир Зеленский туралы айтып жатыр ма деп қалдым. Кітаптан алынған үзінділерге қарағанда, Тоқаевтың мақтауын асырған сияқты.

Досым Сәтпаев: Жақында Қаңтар оқиғасына бір жыл толады. Билік Тоқаевты елді қиын-қыстаудан алып шығып, ылаң мен бейберекеттен құтқарып қалған тұлға етіп көрсеткісі келеді.

Қазір жаңа саяси аңыз жазып жатыр. Қазақстанда саяси аңыздар Назарбаев дәуірінен бері жиі қолданылады. 1986 жылы [Желтоқсан оқиғасы кезінде] Назарбаев та шеруге шыққан наразыларды бастап кете барған деп айтылған еді.

Қазір де соған ұқсас жағдайға куә болып отырмыз. Тоқаевтың беделі тым жұтаң тартып тұр, соны түрлі саяси технология құралдарының көмегімен көтергісі келеді. Сондықтан Тоқаевты Зеленский сияқты етіп сипаттап, қиын-қыстау сәтте халықты жалғыз қалдырмай, елді мемлекеттік төңкерістен аман алып қалған қаһарман етіп көрсетуге тыраштанып жатыр.

Бірақ мұндағы негізгі мәселе саяси аңыз құрастыру ісіне басқа мемлекеттің өкілін тартқанында. Қазақстан қоғамы соған наразы болды. Бұл жұмысты Кремльдің шашбауын көтеретін журналистер тізіміндегі, үнемі Ресейдің ресми саясатын қолдауға жұмыс істейтініне және түрлі тақырыптағы туындыларының көптігіне қарағанда көр-жерді жаза беретін адамға тапсырған.

Қазақстандықтар үшін маңызды тақырыпты құр тапсырысты орындап шыққан журналиске берген. Әрине, бұл көптің шамына тиді. Қазақстанның өз ішінде бұл тақырып жан-жақты ашылып, зерттеліп, зерделенуі керек еді. Бірақ олай болмады.

Азаттық: Млечин тақырыпты кездейсоқ алмаған сияқты. Ол бұрын Назарбаев туралы кітап жазып, одан сұхбат алып жүруші еді. Тоқаевпен де сұхбаты шықты. Қарашада президент сайлағанда бақылаушы болып қатысып, "бәрі ашық әрі әділ өтті" деді.

Досым Сәтпаев: Автордың таңдауын Кремль құптаған болуы мүмкін. Млечин "шетелдік агент" не [Ресей президенті Владимир] Путиннің қарсыласы емес, Ресей билігіне жақын медиа-сарапшылар тобына кіреді.

Млечин қаңтарда Тоқаевқа қолдау көрсеткен Путиннің (ол Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан әскер жіберген - ред.) де қатысы болған Қаңтар оқиғасы туралы кітап жазуға кіріскенде, Кремльдің де мүддесі ескерілсін деп, жазушының кандидатурасын Ресей де қараған болуы мүмкін.

Екіншіден, Млечин ресейлік пропагандистер Соловьев пен Киселев сияқты жұртқа сүйкімі жоқ адам емес. Жазушы ретінде тәжірибесі де бар. Оның үстіне Назарбаевпен де, Тоқаевпен де кездескен. 2021 жылы Тоқаевтан сұхбат алған. Сондықтан Қазақстан президенті оны жақсы таниды.

Ресейлік жазушы Леонид Млечин (сол жақта) мен Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев. Қазақстанның Ресейдегі елшілігі сайтындағы фото.
Ресейлік жазушы Леонид Млечин (сол жақта) мен Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев. Қазақстанның Ресейдегі елшілігі сайтындағы фото.

Бұған қоса, Тоқаев та Назарбаев сияқты санасы деколонизациядан өтпеген, Кремльді Қазақстанның ішкі саяси өмірінің маңызды ойыншысы деп білетін совет адамы қалпына қалғандай әсер қалдырады. Және Қаңтар оқиғасы туралы кітаптың Мәскеуде шығуын публицистика мен журналистік зерттеу тұрғысынан зор жетістік етіп көрсеткісі келетін тәрізді.

Млечин Қаңтар оқиғасын жалғыз өзі тыңғылықты зерттеп, түрлі куәмен сөйлескендей, қаңтардан бері жергілікті журналистер мен сарапшылар бұл тақырыпты мүлде қозғамағандай сөйлейді.

"МЛЕЧИНДІ МИКРОФОН ЕСЕБІНДЕ ҚОЛДАНҒАН БОЛУЫ МҮМКІН"

Азаттық: Млечин бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан, Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Алмасбековтен, арнаулы жасақ басшысы Сергей Афанасенкодан сұхбат алған. Бұл адамдар менімен я әріптестеріммен сөйлеспейді де. Ақордаға тәуелсіз қазақстандық журналистерге мұндай ақпарат бермейді.

Досым Сәтпаев: Бұл осы кітаптың жобасы Ақорданың Қаңтар оқиғасы туралы саяси аңыз құрастырып, Тоқаевтың беделін көтеру саясатының бір бөлігі екенін тағы бір дәлелдейді. Сұхбатқа қатысқан адамдар арнайы бекітілген.

Әлеуметтік желіде жүрген кітап үзінділерін талдасақ, Млечин Кәрім Мәсімовің үстінен қозғалған құпия істің материалдарымен танысқанға ұқсайды. Қазақстандық журналистер мұндай ақпаратқа қол жеткізе алмас еді. Ал мында жерде шетел азаматы бұл ақпаратты өз кітабына пайдаланып отыр.

Бұл да ресейлік журналиске берілген құжаттар мен онымен сөйлескен адамдар Қаңтар оқиғасы туралы Тоқаев пен оның маңайындағылардың қолайына жағатын нұсқаға сай таңдалғанына тағы бір дәлел.

Қаңтар оқиғасы қалай тергелді? HRW мен бас прокуратураның ұстанымы қайшы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:56 0:00

Азаттық: Журналистер арасында "микрофон тұғыры" деген сөз бар. Өзінен талап етілген ақпаратты ғана жинап беретін әріптесті солай атаймыз.

Досым Сәтпаев: Тоқаевқа не керек болды? Ол кітаптың Қазақстанда емес, шетелде шығып, халықаралық сипатқа ие болғанын қалады. Оны жергілікті журналист емес, сырттан келген, елдегі элита мен олигархиялық топтарға қатысы жоқ, бірақ постсоветтік елдерге аты-жөні таныс автор болса деді.

Сайып келгенде, шынымен де Млечинді Қазақстан билігінің ресми позициясын жеткізетін "микрофон" есебінде пайдаланған болуы мүмкін. Оны тікелей айтпай, кітап арқылы жеткізуді жөн көрген. Солайша, жағдайды сырттай бақылаған, оқиғаға қатысы жоқ жазушы "тәуелсіз зерттеу" жүргізді деп айтуға ыңғайлы болу үшін.

Билік саяси аңыз құрастырумен айналысқанда бұған арнайы адамдар мен мемлекеттік құрылымдарды тартады.

Кітап тұсаукесерінің Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде өтуі де кездейсоқ емес. Бұл алдын-ала келісілген нәрсе. Олар ақпараттық резонанс болғанын қалады, дегеніне жетті. Билікшіл ақпарат құралдарының дереу кітаптан үзінділерді жарыса жариялағанын көрдік.

Кітаптан үзінділерді де алдын-ала таңдап алған сияқты. Билік Млечиннің кітабындағы деректерге сай позиция білдіруге дайындалған шығар. Ол үшін ақпарат құралдарының көмегімен қоғам пікіріне ықпал етуге тырысып, Қаңтар оқиғасы, қазір қолдан қаһарман жасап жатқан Тоқаевтың рөлі туралы месседж жолдады.

Назарбаев Мәсімовтің көмегімен билікті тартып алғысы келді, ҰҚК басшысының да көздеген саяси мақсаты болған деген ой салуға тырысып жатыр. Сондықтан Млечиннің кітабы – әлденеге алдын-ала дайындық.

"НАЗАРБАЕВТЫҢ ЕНДІГІ ТАҒДЫРЫ НЕ БОЛМАҚ?"

Азаттық: Осының бәрі Тоқаев бұрынғы басшысы Назарбаевтың "абыройы айрандай төгілгенін" қалайтындай көрінеді.

Досым Сатпаев: Иә, көкте екі күн қатар тұрмайды. Бұл авторитар жүйеге тән құбылыс: жаңа президент ескі биліктен өзіне саяси, экономикалық қауіп-қатер төніп, беделіне нұқсан келмес үшін оны тыпыр еткізбейтіндей шара қолданады.

Тоқаев Млечин арқылы бірінші президенттің рөлі туралы месседж таратып жатыр деп ойлаймын. [Кейінгі кезде] Тоқаевтың Путинмен жиі кездесуі де Назарбаевтың ендігі тағдырын шешумен байланысты болуы мүмкін. Өйткені Путин Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың қауіпсіздігіне кепіл болғандардың бірі болуы әбден мүмкін, өйткені екеуі тонның ішкі бауындай араласып келген еді.

Бірақ осы кітаптағы Назарбаевтың Қаңтар оқиғасындағы рөлі жайлы әңгімелер де Кремльдің мақұлдауынан өткен болуы мүмкін. Осы тұста "Ары қарай не болады? Қаңтар оқиғасына бірінші президенттің саяси амбициясы себеп болған деген сөз расталып, басты нұсқалардың біріне айналар болса, Назарбаевтың тағдыры не болмақ?" деген сұрақ туындайды.

Азаттық: Бұрынғы президенттің ендігі тағдыры қалай болады?

Досым Сәтпаев: Таңдау көп емес. Назарбаев пен оның отбасына қарсы қатаң шара қолданылады немесе бәрі ақпарат құралдарында "қаралаумен", саясаттан аластаумен аяқталады, бірақ ажалы жетіп өлгенше тимейді.

Назарбаевқа табынудан бас тарту процесі басталып кетті. Бірақ бұл процесс 2023 жылы тың қарқын алуы мүмкін. Биліктің қырына ілінуі мүмкін адамдар мен топтардың қолында, өздеріне Тоқаев тарапынан қатаң іс-қимыл бола қалған жағдайда қорғану үшін пайдалана алатын қандай көлемде "компроматтар" бары да маңызды деген ойдамын. Қазақстан элитасы ішіндегі тепе-теңдік баяғыдан компроматтар теңдігімен реттелетіні құпия емес. Кәрім Мәсімовтің де қолында Назарбаев туралы да, Тоқаевқа қатысты да компромат болуы мүмкін.

Жақында Назарбаев Мәсімовті Иса пайғамбарды сатып кеткен Иудаға теңеді. Ал Млечиннің сөзіне сенсек, ҰҚК бұрынғы басшысы осының [Қаңтар оқиғасының] артында билігін қайтарып алғысы келген Назарбаев тұрғанын мойындаған-мыс.

Бірінші президенттің тағдырын Путинмен келісіп, Тоқаевтың өзі шешеді: не оны саяси сахнадан біржола кеткен қарапайым зейнеткер күйінде қалдырады, не "Қаңтар оқиғасына бірінші президент кінәлі" деп қатаң саясат жүргізеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG