Accessibility links

"Таксистер адам емес, дәрі тасып жүр". Елде дәрі тапшылығы күшейіп, басқа қаладан алдыру жиіледі


Алматыдағы дәріхана алдында кезек күтіп тұрған жұрт. 29 маусым 2020 жыл.
Алматыдағы дәріхана алдында кезек күтіп тұрған жұрт. 29 маусым 2020 жыл.

Қазақстанда коронавирус жұққандар көбейіп, пневмония өршіген тұста дәріханалар алдында кезек ұзарды. Жақыны ауырғандар дәріні өзге қалалардан да іздеп жатыр. Бірақ керек препарат табыла бермейді.

ҰШАҚПЕН ДӘРІ ЖІБЕРУ

30 маусым Алматы халықаралық әуежайының ішкі рейстерге арналған бөлігінде Павлодарға жолға шыққандар ұшаққа тіркеу басталғанын күтіп отыр. Қолына дәрі ұстаған әйел немересімен отырған кісіге өтініш қылады:

– Павлодардан мына дәріні екі күн іздеді. Таппады. Алматыдан әрең таптық. Бір апта бұрын жездем қайтыс болып кетті. Әпкемді құтқарып қалар деп тілеп отырмыз... Әрең демалып жатыр. Ала кетіңізші, апай, өтініш, – дейді әйел.

Егде жастағы кісі келіседі. “Сіз үшін дұға етемін. Рақмет сізге!” деп бірнеше рет алғыс айтып, қолына дәрі мен 2 мың теңге ұстатты. Дәріні күтіп алатын інісінің нөмірін беріп, телефоннан басқа бір адамға “беріп жібердім” деп қуана хабарлап жатты.

Басқа қаладағы жақынына дәрі-дәрмек беріп жіберу үшін әуежайға келген тұрғын. 30 маусым 2020 жыл.
Басқа қаладағы жақынына дәрі-дәрмек беріп жіберу үшін әуежайға келген тұрғын. 30 маусым 2020 жыл.

Дәрі жіберген әйел “Уайымнан басым қатып тұр. Сөйлесе алмаймын” деп әуежайдың шыға берісіне асыға кетіп бара жатты. Азаттық тілшісімен жүре әңгімелесті:

– Қазір Павлодарда дәрі жоқ. Туыстарың шетінен өліп жатқанда не істеріңді білмейді екенсің… Алматыдағы қоймалардан да дәрі таппадым. Төрт сағат тұрып, бір ғана препаратты - Левофлоксолды таптым. Дәріні дер кезінде әкелсеңдер, аман алып қалуға болады” деген екен, – деп әйел көлікке отырып кетіп қалды.

Біраз уақыттан соң қолына пакетке салынған дәрі ұстаған жігіт те келіп, астанаға ұшатындар бар-жоғын сұрады. Әуежай қызметкері Алматы – Нұр-Сұлтан ұшағы кетіп қалғанын айтты. Атын құпия қалдырған 29 жастағы жігіт аяғы ауыр жеңгесіне дәрі беріп жібермек.

– Екі жақты пневмония болып жатыр екен. Астанадан осы дәріні - тамифлюді таппады. Осындағы туыстарға өтініш қылыпты. Олар әрең тапқан екен. Іштегі баласына жеті айдан асып қалған. Мына дәрінің бағасы 7000 теңге болған екен, қазір 11500 теңгеге алдық, – дейді ол.

Жиырма минуттай уақыттан соң жігіт астанаға кетіп бара жатқан жолаушының бірімен келісіп, дәріні беріп жіберді.

Басқа қаладағы жақынына дәрі-дәрмек беріп жіберу үшін әуежайға келген тұрғындар. 30 маусым 2020 жыл.
Басқа қаладағы жақынына дәрі-дәрмек беріп жіберу үшін әуежайға келген тұрғындар. 30 маусым 2020 жыл.

Азаматтық авиация комитетінің қаулысы бойынша, дәрі-дәрмек - тасымалдауға тыйым салынған заттар қатарында. Бірақ Қазақстанда коронавирус пен пневмонияға шалдыққандар көбейіп, дәрі тапшылығы күшейген тұста жолаушылар заңды бұзып, жақыны сырқаттардың өтінішін орындайды.

ШЫМКЕНТТЕН ТАПҚАН ДӘРІНІ АҚТӨБЕГЕ АЛМАТЫ АРҚЫЛЫ ЖІБЕРУ

Шымкенттің 24 жастағы тұрғыны Нұрлыбек Ақтөбеде пневмонияға шалдыққан нағашы әжесіне қаланы шарлап жүріп, дәрі іздеген.

– Пульмонологиялық ауруларға қарсы дәрілер керек еді. Шымкентте де дефицит. Қала ішіндегі дәріханадан іздемейміз. Жоқ екенін білемін. Қала шетіндегі дәріханаларға барып іздедім. Леңгір жақтан таптық кейбірін. Парацетамол деген атымен жоқ, – дейді тұрғын.

Шымкенттен Ақтөбеге тікелей ұшақ болмағандықтан Нұрлыбек дәріні әуелі Алматыға жөнелткен. Онда танысы күтіп алып, Ақтөбеге жіберген.

– Шымкенттен Алматыға таксимен салдым. Әдетті жолаушы таситын көлікте төрт қана адам, қалғанының бәрі дәрі-дәрмек екен. Пакет-пакет, қорап-қорап дәрі, укол толып тұр. Мен сөйлескен таксист қала арасында адам таситындардың барлығы соңғы кезде адамнан гөрі дәрі тасып жүр деді, – дейді Нұрлыбек.

Шымкент тұрғындары да басқа қаладан дәрі алдырып, емделіп жатыр. 27 жастағы Маржан пневмония анықталған анасына дәріні әлі таппаған.

– Левоцин, Леволет, Ловозин, Крексан, Дексаметазон (пневмония, жөтелге қажетті медикаменттер – ред.) деген дәрілерді таппай жатырмыз. Алматыны, астананы шарлап шықтық. Левоцин дегенді Алматыдан құрбым тапты. Бірақ ол үш уколға ғана жетті. Оны салып тастады. Тағы іздеп жатырмыз. Бірақ жоқ. Клександы іздеп жатырмыз. Астанадан да іздедік. Дәрігерлер керек препараттың ғана атын жазып береді. Қосымша іздеуге болатындай етіп балама түрін айтпайды, – деп қапаланады Маржан.

Достары Маржанның анасына керек дәріні Өскеменнен тапқан. Бірақ дәріхана қызметкерлері дәрігер мөрінсіз препаратты бермей отыр.

– Анам Шымкентте емделіп жатқанда ол қағазды Өскеменге жібере алмаймыз ғой. Адам қиналып жатса, олар сатпай отыр, - дейді тұрғын.

"ҚАУІПТІ БОЛЖАЙ АЛМАДЫ"

Дәрі тапшылығын Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі “жұрттың жалған хабардан үрейленіп, дәріханалардан артығымен дәрі ала бастауынан” көреді. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой “Қазақстанда жеткілікті дәрі-дәрмек өндіріліп жатыр, өңірлерге жеткізу жолға қойылған” деді. Бірақ “дүрбелең” болып жатқанын айтқан министр дәрі-дәрмек сатып алу мен жеткізу тәртібін өзгертуге мәжбүр болды.

Ауруханада орын, дәріханада парацетамол жоқ. Халық сабылып жүр
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:46 0:00

30 маусымда министр Ингавирин,Терафлю дәрілерінің ондаған мың данасы дәріханаларға жеткізілетінін хабарлады. Ал 1 шілдеде денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бұйрабекова дене қызуына қарсы қолданылатын Парацетамол дәрісіне тапсырыс берілгенін, апта соңына дейін барлық өңірге жеткізілетінін айтты.

Тапшылық күшейген шақта дәрі бағасы да өсті. Мұны реттеу былтырдан бері денсаулық сақтау министрлігінің құзыретінде. Ведомство дәрінің аймақ бойынша бағасын ресми dari.kz сайтынан білуге болатынын айтқанымен, сайт ашылып тұрған жоқ. Жергілікті атқарушы билік өкілдері де дәрі бағасын реттеуге тырысып жатқанымен, препараттардың қымбаттап кеткенін айтатындар көп.

Дәрігер, белсенді Қайырғали Көнеев Азитромицин антибиотигіні пандемия күшейгелі қымбаттап кеткенін айтады.

– Азитромицин бастапқыда 3700-4000 теңге тұратын. Үш аптада бағасы 5000 теңгеге жетті. Оның үстіне таба да алмайсың, – дейді дәрігер.

Маман дәрі тапшылығы елдегі фармацевтикалық қызметтің нашарлығын көрсетті деп санайды. Ол дәріге ділгірліктің бірнеше себебін көреді.

Адамдар ешбір көмексіз, вируспен жалғыз қалып қойды.


– Адамдар алаңдап, жаппай сатып алып жатты. Бір жағынан, оларға дұрыс кеңес берілген жоқ. Министрлікке басшы енді ғана келді. Ол қазіргі ахуалды бағалап, не істейтінін шешуі керек. Бірақ уақыт жоқ. Аз болса да аялдау қазақстандықтардың өліміне әкеп соқтырады. Адамдар ешбір көмексіз, вируспен бетпе бет қалып қойды, – дейді Көнеев.

Әлеуметтанушы Cерік Бейсенбаевтың сөзінше, кейінгі бір-бір жарым ай ішіндегі жағдай – дәрінің жоқтығы, адамдардың ауырғанда жедел жәрдемге қолы жетпеуі жалпы жүйенің коронавируспен күресуге дайын болмағанын көрсетеді.

– Дәрі тапшылығы алдын ала болжам жұмыстарының нашарлығын, билік қауіптің ауқымын болжай алмағанын білдіреді. Мемлекеттік басқарудағы зерттеу жұмыстарының сапасы төмен екені көрінді. Әрине, жүйенің қалай екенін бұрыннан білетінбіз. Бірақ оның қаншалықты тиімсіз екені осындай жағдайда анықталып отыр, – дейді әлеуметтанушы.

Алматыдағы дәріханалардың бірінің алдында кезекте тұрған жұрт. 29 маусым 2020 жыл.
Алматыдағы дәріханалардың бірінің алдында кезекте тұрған жұрт. 29 маусым 2020 жыл.

Бейсенбаев “дәрімен қамтамасыз етуде орталықтандырылған басқару жүйесінің икемсіз екенін айқын көріп отырмыз” дейді. Оның сөзінше, елдегі ахуал мәселені шешуді жоспарлау, жағдайды бақылау, керек кезде көмек көрсету жағынан да орталықтандырылған бас жүйесінің дәрменсіздігі көрінген. Сарапшы билікке ашықтық керек деп санайды.

– Қандай жағдайда “бәрі бақылауда” деген риторика мемлекеттік басқарудың дәстүрі деуге болады. Әлі күнге дейін осылай деп жатыр. Бірақ жағдайдың іс жүзінде қалай екенін көріп отырмыз. Дәрі жоқ деп мойындап, оның шамамен қашан болатынын айтуы керек. Жауапкершілікті мойнына алуы тиіс, – дейді маман.

Елде қызу түсіретін, тұмауға қарсы ішетін дәрі-дәрмек тапшылығы коронавирус пандемиясы кезінде болып жатыр. Қазақстанда 40 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған. Ресми дерек бойынша, 188 адам COVID-19 дертінен, мыңнан астам адам ЖРБИ мен пневмониядан қайтыс болған. Үкімет жағдайды реттеу үшін 5 шілдеден бастап 14 күндік қатаң карантин жариялауды жоспарлап отыр. Бұл карантин екі аптадан ары да ұзартылуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG