Accessibility links

Адам папилломасы вирусы екпесінен қауіп бар ма?


Екпе егу. Көрнекі сурет.
Екпе егу. Көрнекі сурет.

Жатыр мойнының қатерлі ісігіне душар ететін адам папилломасы вирусынан Қазақстанда күніне екі әйел көз жұмады. Бірақ кейбір ата-ана "рактың алдын алу мүмкін емес, демек екпенің де пайдасы жоқ" деп санайды.

Лаура Байтоқинаның қызы биыл екінші курста оқиды. 2013 жылдың қазан айында қызына алғашқылардың бірі болып жатыр мойны рагына қарсы екпе салдырған. Ол бүгін сол ісіне өкінетінін айтады.

АТА-АНА УАЙЫМЫ

- Мектептерге дәрігер-гинекологтар келіп, жарнамалап, "болашақта рак болмайды" деген соң екпе жасатуға келістік. Қолхат жаздық. Дәрігерге барып, екпені салып жатқан кезде қызым "аяғым жансызданып жатыр" деді, әп-сәтте көгеріп кетті де, есінен танып қалды. Кейін жансақтау бөліміне түстік. Дәрігерлер препаратты көтере алмай анафилактикалық шок алғанын айтты, - деп еске алады Лаура.

Қызы бір аптадан кейін ауруханадан шығып, жазылып кеткенімен біраз уақыт өткеннен кейін "жүрегі ауыратынын айтып, шағымданатын болған, шашы ағарып кеткен".

- Шашының ағарғаны дәрумен жетіспеуінен я өзге себептен болуы мүмкін шығар. Жүрегіміз ауырып, дәрігерге барғанда "екпе салдырып, иммунитетін қатты әлсіретіп алғансыздар" деді. Қазір сол екпені салдырғаным үшін өкінемін, - деді Лаура Байтоқина.

Дәрігер алдында отырған адам. Көрнекі сурет.
Дәрігер алдында отырған адам. Көрнекі сурет.

Алматы тұрғыны Мәдина да қызына алты жылдай бұрын екпе салдырған. Ол мұндай аурудың алдын алу шарасының қажет екеніне сенімді.

- Емханада дәрігерлермен кеңесіп екпені салдық. Қазір кез келген ауру жас пен жағдайға қарамайды, сондықтан мүмкіндігінше алдын алуды жөн деп білемін. "Қатерлі ісік" деген атының өзі қорқынышты ғой. Қызымның жағдайы жақсы, қандай да бір кері реакция байқаған емеспін, - деді Мәдина.

ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ УӘЖІ

Қазақстанда адам папилломасы вирусының кесірінен жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдыққан 13 мыңға жуық әйел бар. Елде жыл сайын екі мыңға жуық әйел осы дертке ұшырайды.

- Қазақстанда күніне бес әйел ауырады, екі әйел қайтыс болады. Өлімді азайтуға болады. Дер кезінде скринингтен өтіп тұру керек. 30-70 жас аралығындағы әйелдер жергілікті емханаларында тегін өте алады. Жатыр мойнының қатерлі ісігін тудыратын – адам папилломасының вирусы. Ол ғылыми түрде де, тәжірибеде де дәлелденген. Бұл вирустың жүзге тарта түрі бар. Осы вирус салдарынан адам ағзасында түрлі қатерлі ісік пайда болады. Соның ішіндегі он алтыншы және он сегізінші түрлері өте қауіпті, жатыр мойнының қатерлі ісігін тудырады, - дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онкогинеколог дәрігері Толқын Садықова.

Жатыр мойны қатерлі ісігі – Қазақстандағы әйелдер арасында, омырау безі қатерлі ісігінен кейін ең көп адамның ажалына себеп болатын онкологиялық аурулардың бірі.

Осыған дейін Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты бас дәрігерінің сөзіне сілтеме жасап кейбір жергілікті БАҚ бұл екпенің "2020 жылдан бастап барлығына бірдей міндетті болатыны" жайлы ақпарат таратқан. Алайда Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты бұл ақпараттың бұрмаланғанын айтады.

- Вакцинация жасау әзірге тек жоспар ғана. Оны Қазақстандағы екпе күнтізбесіне енгізген күннің өзінде барлығына бірдей міндетті болмайды. Оған ата-аның рұқсаты мен келісімі керек. Қазір дүрлігетіндей ештеңе жоқ. Бізге түсіп жатқан әйелдер асқынып кеткен сатыда келеді, біз емдей алмай жатырмыз. Алғашқы сатыларында келсе, жатырды сақтап қала аламыз. Ісікті күйдіріп, ағзаны қалдырамыз, одан кейін бала туып жатқандар бар. Сондықтан жатыр мойны ісігінің алдын алып, оны емдеп, әйелді аман алып қалуға болады, - дейді онкогинеколог маман.

Әлемде 86 мемлекет бұл екпені ұлттық иммунизация бағдарламасына енгізген. 16 елде қыздармен бірге ұлдарға да екпе жасайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жасөспірімдерге бұл екпені 9-13 жас аралығында арасына 6-12 ай салып екі мәрте салдыруға кеңес береді.

"ДӘРІГЕРГЕ БАРМАСАҢЫЗ, КІМ КӨРЕДІ?"

"Аман-саулық" қоғамдық қорының жетекшісі Бақыт Түменова, ақпараттың жетіспеушілігіне байланысты вакцинаға күдікпен қараушылар көп екенін айтады.

Бақыт Түменова.
Бақыт Түменова.

– Жатыр мойнындағы қатерлі ісікті көзбен де көруге болады, бірақ дәрігерге бармасаңыз, оны кім көреді? Ал жалпы бұл рактың түрі үшінші, төртінші кезеңіне дейін симптомсыз жүреді. Біздің әйелдердің арасында гинекологқа барып қаралу деген мәдениет әзірге қалыптаспаған. Жатыр мойнының қатерлі ісігі инфекциялық, жұқпалы ауру емес, сондықтан бұл міндетті екпелер тізіміне кірмейді. Дегенмен оның алдын алатын екпе бар және оны салдыртуға қатысты әркім өзі шешім қабылдауы тиіс, - дейді Бақыт Түменова.

Бұл вирус жыныстық қарым-қатынас кезінде жұғады. Дәрігерлер бұл дерттің вирусы кейде монша мен бассейнге түскенде, қырынғанда немесе эпиляция жасағанда, ал сәбиге де анасынан жұғуы мүмкін екенін айтады.

Қазақстанда адам папилломасы вирусына қарсы вакцинаның екі түрі – Cervarix (вирустың жатыр мойыны ісігіне жиі душар ететін 16 және 18 номерлі штамдарына арналған) пен Gardasil (вирустың 6, 11, 16 және 18 номерлі штамдарына арналған) тіркелген.

Бірақ Азаттық тілшісі хабарласқан Алматыдағы жиырмаға жуық медициналық клиника мен емханада қазір бұл вакцина жоқ болып шықты. Тек бір ғана клиника "екпенің екі айдан кейін келетінін", бұған дейін вакцинаны "тек күзде ғана салғандарын" айтады. Мәліметке қарағанда, вакцинаны бір адамға егу бағасы 35 мың теңге болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG