Сонымен Қаңтар оқиғасы кезінде "бүлікшілерді тоқтатуға" жіберген арнаулы жасақтар өзара атысып, әскери қызметкерлердің өлгенін жақында Азаттыққа оқиға куәгері - Алматыдағы Шекара академиясының подполковнигі Ғалымжан Сәдуақасов айтып берді.
Ғалымжан Сәдуақасов – 2022 жылы Алматыдағы Қаңтар оқиғасының ішінде болған және автомат ұстап атысқандардың бірі. Айта кетейік, осыған дейін миллион адам көріп, айран-асыр қалған сұқбаттың ұзын ырғасы Азаттықтың YouTube-парақшасында тұр.
Ал енді бұл не деген сөз? Бұл – "бақсақ бақа екен" деген сөз.
Бұған дейін өкімет не деді? "Қаңтар оқиғасы кезінде қандықол бүлікшілер арнаулы қызмет пен әскерге оқ атты, кеудесін оққа төсеген ел қорғандары қапияда қаза тапты" деді. Кінәнің бәрін "бүлікшілерден" көрді. Сөйтсек өз-өзімен атысқандар да бар болып шықты.
Рас, бүлікті тоқтатамыз деп жүргендер өзара атысып қапты деген қауесет Қаңтар оқиғасынан кейін-ақ тараған.
Таразда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерін атып өлтірді деп айыпталып, көп жылға сотталған азамат та есімізде. Оның туыстары атылған оқтың құқық қорғау органдарына тиесілі екенін айтып, қанша шырылдаса да ештеңе шығара алған жоқ.
Бұл мәселеге өкімет қандай баға беретінін уақыт көрсетеді.
Ал оқиғаның ішінде болмаған, бәріне "қандықол қарақшылар мен шетелден келген террористер" айыпты деп сотсыз, тергеусіз "үкім" шығара салғандар енді қандай уәж айтады? Асыра сілтеу болған жоқ па?
Мәселен, Қаңтар оқиғасына байланысты қазақ баспасөзінің, соның ішінде ақын-жазушы және өнер адамдарының не дегеніне тоқталайық.
2022 жылы қаңтардың 14-іне, яғни дүрбелең енді басылғанда "Қазақ әдебиеті" газеті Жазушылар одағының халыққа үндеуін басты.
"Сырттан мұздай қаруланған экстремистік топтар бейбіт шеруге шыққан жұртты арамза пиғылмен арандатып, ел ішін алатайдай бүлдіріп, тыныш өмірімізге ойран салып, бассыздықпен, қаныпезерлікпен жазықсыз жандардың қанын төкті" дейді үндеуде. Одақ үндеуді 6 қаңтарда жариялаған.
Осы үндеуден кейін "Қазақ әдебиеті" Қаңтар туралы түрлі пікірді бірінен кейін бірін берген.
Ақын Ақұштап Бақтыгереева былай дейді: "Елдегі соңғы жағдайлар жай ғана Жаңаөзен газын арзандату үшін шыққан бейбіт шеруден гөрі тереңде жатқанын көріп отырмыз. Оның арғы жағында ұлтқа қастандық, болашағымызға қасырет, егемендікке қатер төндірген саяси сұм жоспар жатқаны жасырын емес. Бұл – дайындалып келген арандатушылардың арам пиғылы екені анықталды. Қиын сәтте батыл қадам жасаған Тоқаевты қолдайық, бірігейік, оған қастандық жасамасын деп тілейік".
Әртіс Тұңғышбай Жаманқұлов та тыныш жата алмаған.
"Бейбіт шеруге шыққан бауырларымыздың адал пейілін таптап, араға кірген бұзақылар мен содырлардың қара ниет қадамдары елдің тыныштығын бұзды" деген.
Содан кейін Жаманқұлов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа біраз мадақ айтқан.
"Қолы мен ісі таза, қаржылық құйтырқылықтардан ада президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы осындай күрделі кезеңде табандылық пен ұлтжандылық танытып, мемлекетшіл мінез көрсетті. Халықаралық деңгейдегі дипломат, ұлтжанды ұлан, елін есепсіз сүйетін ер екенін көрсетті. Ақордадан аттап баспай, Күлтегіннің "Күндіз отырмадым, түндей ұйықтамадым" деген аманатын орындады" дейді Тұңғышбай Жаманқұлов.
Жалпы, президентті қолдайтын мұндай пікірлер көп басылған. Ақыр аяғы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы, жазушы Сәбит Досанов та "Біз президентпен біргеміз, сызат түсіп, сөгілмейді іргеміз" депті.
Әлқисса, сонан жазушы Сәуле Досжан шығады. "Жат пиғылды топтар ішімізден де, сыртымыздан да шықты, ойларына келгенін істеп ойран салды. Өртеді, өлтірді, тонады. Өрекпіген жастар қаза тапты" дейді.
Композитор Алтынбек Қоразбаев "Бейбіт шеруді өз мақсаттарына пайдаланғысы келген, жастарды от пен оққа айдап салған арандатушылар тезірек әшкере болып, тезірек қатаң жазаға тартуды талап етемін" депті.
Байқасаңыз, кейде мұндай талаптар ұраншылдыққа да қатты ұқсайды. Естеріңізде болса, 1937-38 жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргін кезінде қазақ жазушылары мен өнерпаздары "халық жауларын" дереу, тез әшкерелеу туралы дүркін-дүркін ұран тастаған еді.
Ал жазушы Роза Мұқанова одан да әрі кетеді: "Полицияны жалаңаштап шешіндіріп, қорлау, ұрып-соғу, қарусыз әскерге оқ жаудыру, тірідей басын кесіп алу... – осының астарында халық пен биліктің арасына өшпенділік қоздатып, мемлекеттік төңкеріс жасау, ол ойлары іске аспаған жағдайда шаһарды күлге айналдыру мақсаты тұрды. Жендеттік тәсіл" деп қатты ашынған.
Бірден айта кетейік – "тірідей басын кесіп алыпты" деген ақпаратты кейін биліктің өзі теріске шығарған.
Роза Мұқанованың сөзінше, қақтығыстың негізі Қаңтар оқиғасынан бұрын басталған болуы да мүмкін екен. "Арыстағы, Жамбылдағы әскери қоймалардың кезек-кезек жарылуы, каналдардағы судың ағытылып, елдің топан су астында қалу сыры да – халықты көтеріліске ынталандыру" деп болжайды. Сонау 2019 жылы Арыста болған жарылысты айтып отыр.
Елен Әлімжан деген жазушы: "Жастарға ақша таратқан сықылды" дейді. Ал белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеев одан да тереңге кеткен. "Жастарда білім жоқ, мемлекеттік деңгейде ойлайтын мақсат та жоқ, көбі жұмыссыз. Сондықтан ұйымдастырушылар оларды ақша ұсынып өздеріне тартып алды" деген. Яғни алаңға шыққандардың көбі... ақша үшін жүргендер болып шығады.
Естеріңізде болса, 2016 жылы жер митингісі болып, ірі наразылық тұтанғанда да билікшіл ақпарат құралдары "митингіге келген әр адамға ұйымдастырушылар 100-150 доллардан таратты" деп айды аспанға бір-ақ шығарған болатын. Яғни, нақты дәлелсіз құр "ақша таратты" деп айта салу – бұрыннан келе жатқан айыптау риторикасының бірі.
Жалпы, "Тәртіпсіздікке қатысқаны үшін бір адамға 20 доллардан 100 долларға дейін төленген" деген сөз Жақсыбек Құлекеевтің "Қаңтар оқиғасы: Ақ орда үшін күрес" дейтін кітабында да бар. Кітап авторының сөзінше, ол шығарманы Тоқаевтың өзі де оқып, мақұлдаған.
Айтпақшы, сол кітапта "Мәйітханаға шабуыл жасап, 41 адамның денесін ұрлаған, кейбірі араб тілінде сөйлеген" деген де пікірлер бар. Ол өзі бөлек әңгіме.
Енді "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы Дәурен Қуаттың: "Асауға тұсау" – айтуға ғана оңай" дейтін бас мақаласына тоқталайық.
"Алматы арена" жақтан шыққан шерушілердің алды неге қалалық әкімшілікке жаппай лап қойды? Көшеде бейсауат кетіп бара жатқан жүргіншілерді қорқытып, мылтық кезеп, пышақ көрсетіп, топқа қосып алғандар кімдер? Автокөліктерді өртеп, жедел жәрдем машиналарын тартып алып, отқа орағандар кімдер болды екен?" деп сұрақ қояды автор. Бірақ артынша уәж айтады. Уәжінде президент Тоқаевтың сөзіне сүйенеді.
Тоқаевтың "Лаңкестер гастарбайтер ретінде ұшып келіп, шекаралық өткізу бекетінен кедергісіз өткен. Сөйтіп қалаға кіріп, жоспарлы операцияларын басқарған. Кейін құқық қорғау органдары күш алып, қайта соққы бергенде, тез арада сол Алматы әуежайы арқылы ұшып кеткен" деген сөзін келтірген. Тоқаев оны "Хабар 24" арнасына берген сұқбатында айтқан.
Қаңтар оқиғасында "басы кесілгендер" кім? (28 наурыз 2022 жыл)
Дәурен Қуат лаңкестердің жатжерлік екенін сол кездегі сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің сөзімен де шегендеген. Мұхтар Тілеуберді шетелге барған сапарында "Менің Алматыдағы таныстарым маған лаңкестердің қазақ тілінде мүкіс сөйлейтінін, олардың ешқандай да жергілікті ұлт еместігін айтты" деген екен.
Қазақ тілінде мүкіс сөйлейтіндер өкіметтің өзінде де аз емес қой...
"Қаңтар қырғынын көзімен көргендер де әлі күнге бейтаныс біреулердің мүлде түсініксіз тілде сөйлеп, әрекет жасағанын сөз қылуда. Бірақ әлемжелідегі көр-жерден ақпарат жинап алатын қауым лаңкестердің тілі де, түрі де жат, суық пішінді жандар екенін, өкінішке қарай, ұмытып үлгерді" дейді Дәурен Қуат. Бұл мақала Қазақ әдебиетінің 2022 жылғы 11 ақпандағы нөміріне шыққан.
Біз бұл пікірлер дұрыс, я болмаса дұрыс емес деп баға бермейміз. Бірақ – бірнәрсе анық. Қаңтар қырғынынан бері екі жылдан асса да шетелден келген бірде бір баскесер террорист табылған жоқ.
Естеріңізде болса, шекарадан өтіп бара жатқан қырғыз азаматын ұстап, мынау террорист деп көрсеткен болатын. Ал оның жай ғана музыкант екені артынша мәлім болды. Қырғыз азаматы "Мені көкала қойдай етіп сабап, әбден қорлады" деп кейін арыз түсіріп, көп шапқылады.
Ал Қаңтар қырғыны кезінде "ұшақпен келіп, артынша қайта ұшып кеткен террористер жасағы" туралы уәжін биліктің өзі бұл күнде мүлде есіне де алғысы келмейді.
Енді мынаған қараңыз. Қаңтар оқиғасы кезінде "Бұқаралық ақпарат құралдарының төтенше жағдайдағы жауапкершілігі туралы" Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ескертпе хабар жариялаған. Оны барлық баспасөз басты. Бұл ескертуде "Төтенше жағдайда жалған ақпарат тарататындарға жауапкершілік күшейтілетіні" айрықша ескертілген.
Сонда төтенше жағдай кезінде "шекарадан өтіп кеткен тілі басқа, діні бөлек жатжерлік террористер туралы" ақпарат таратқандар бұған не дейтіні қызық.
Жалпы, ақын-жазушы, өнер адамдарының сөзіне неге мән беріп отырмыз? Оған жазушы Смағұл Елубайдың сөзімен жауап берейік.
Смағұл Елубай "Шекара қызметкерлерінің босаңдығынан ба, жауапсыздығынан ба, арамызға тілі басқа, діні басқа жау топтардың, оның ішінде деструктивті діни топтардың да кіріп кеткені анықталып отыр. Соңғы ақпарат бойынша, ұсталғандардың тең жартысы шекараның арғы жағынан келген өзге елдің азаматтары көрінеді" деп бір тоқтаған.
Содан соң "Бұдан кейін біздің де белсенділігіміз артуы керек. Жақсы жазушының соңында кемі 100 мың оқырман бар. Әр қаламгер өз оқырмандарының қолбасы іспетті. Бұл жағынан келгенде айтқан сөзіміз бен таратқан пікірлеріміз сол жүз мыңдаған әскерге қуат беретіні белгілі" дейді. Міне жауап.
Рас, ақын-жазушының бәрі осыған ұқсас пікірде болды деп айта алмаймыз. Қаңтар оқиғасының ішінде жүрген, көзімен көрген жас ақындар айғайға аттан қосқан жоқ.
Одан өзге "Қазақ әдебиеті" газеті жариялаған ақын, публицист Мейірхан Ақдәулетұлының "Халық ақымақ емес" деген ойтүйініне тоқталайық.
"Сырттан террорист келді" дегенге сенбеймін. Олардың саны 20 мың болды деу тым шектен шыққандық. Олар қайда дайындалды? Басшылары кім? Екі түмен әскердің ошағын анықтай алмайтындай, қай жақтан келіп, қай жаққа кетіп бара жатқанын біле алмайтындай ұлттық қауіпсіздік комитеті соншалық қауқарсыз ба? Содырларды ұстағаны туралы ресми ақпаратты көріп отырмыз, олар қай елдің азаматтары, аты-жөндері кім, осының бәрі неге ашық айтылмайды?" дейді ол.
"Меніңше, 20 мың деген цифрді Ресейден әскер кіргізуі үшін әдейі ойлап табуы ғажап емес. Қарапайым азамат қоғамда болып жатқан келеңсіздіктерді айтып митингіге шыға алмайды. Олай еттің екен, түрмеге тығады, ізіңе түседі. Сонда халық өз өксігіне өзі тұншығып өлуі керек пе? Бір жанұя ғана байып, қалған жұрт қара нанға зәру болып өту керек пе? Міне, бейбіт халық амалсыздан көтерілді. Бірақ тағы да қырып салдық. Аманын азаптап, қылмысын мойындатқымыз келеді. Биліктің басты қателігі – халықты ақымақ деп ойлады".
Қайталап айтайын, бұл Ақтөбеде тұратын белгілі ақын Мейірхан Ақдәулетұлының пікірі. "Қазақ әдебиеті" газетінде мұндай пікірлер сирек болса да кездеседі.
"Қазақ әдебиетінің" тілшісі Тоқтарәлі Таңжарықтың "Біз қаланы өртеген, полицейлерге оқ атқан, талан-таражға салып, тонағандарды айыптаймыз! Олардың тиісті жазасын алуды талап етеміз. Сондай-ақ бейкүнә адамдарды атқан әскери қызметкерлер мен күш құрылымдардың өкілдерін де айыптаймыз" деп жазғаны да назар аудартады.
Жалпы, қазақ зиялыларының сын сәтте саясатқа үн қосқаны бұл ғана емес. 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасын "Хабар" сияқты ресми баспасөздер "сілімтіктер мен құтырған иттерге" теңеген болатын.
Айтпақшы, композитор Алтынбек Қоразбаев Жаңаөзен оқиғасына байланысты да үн қосып, "ел ішіне іріткі салатын бірен-саран жат ойлы қаскөйлердің ісі" деген еді.
1986 жылы Желтоқсан оқиғасы кезінде де кейбір зиялылар көтеріліске шыққан жастарды "адасқандар мен ақымақтар" деді, Мәскеудегі "Правда" газетіне "Нам горько" дейтін үндеу жасап, жастарды айыптады. Қазақ баспасөзі де аянып қалмай, Желтоқсан оқиғасын "бұзақылардың, нашақорлар мен маскүнемдердің ісі" деп көрсетті.
Сөз соңында бір нәрсеге тоқталайын. Өте танымал Нури Муфтах деген журналист болды. Қаламы уытты, сөзі мірдің оғындай журналист еді.
1986 жылы Колбин келіп, Қонаевтың кадрларын әшкерелеуге кіріскенде ол да үлес қосты. Сол кезде Муфтах "Социалистік Қазақстан" газетіне Асанбай Асқаров туралы "Құдыреттің күйреуі"дейтін мақала жазды.
Нури Муфтах араға он жыл салып, 1996 жылы "Колбин кезіндегі "әшкере" мақалаларды бүгін оқысаң жаның түршігеді, "Осыны жазған өзіміз бе, беті бүлк етпестен қазір қатарымызда жүрген қаламгерлер ме?" деген мақала жазып, қатты өкініп қалды. Ол мақаласы "Азапқа толы ақиқат" деп аталады.
ПІКІРЛЕР