Accessibility links

Бейбіт жиын өткізу еркіндігі: Билік пен құқық қорғаушылар пікіріндегі қайшылық


Бейбіт жиын өткізу құқығын талап етіп тұрған азаматтар. Алматы, 30 маусым 2019 жыл.
Бейбіт жиын өткізу құқығын талап етіп тұрған азаматтар. Алматы, 30 маусым 2019 жыл.

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі Орталық Азиядағы кеңсесі мен “Адам құқықтары жөніндегі қоғамдық комитет” ұйымдастырған конференцияда Алматы билігі мен азаматтық қоғам өкілдерінің бейбіт жиын өткізу еркіндігі туралы ойы бір жерден шықпады.

Жұма, қазанның 4-і күні Алматыда жергілікті билік органдары мен азаматтық қоғам өкілдері кездесіп, бейбіт жиын өткізу құқығына қатысты маңызды мәселелерді талқылады. Пікір айту құқығы мәселесіне келгенде мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдерінің ойы ұқсас болып шықты, ал бейбіт жиын өткізу мәселесінде екі тараптың позициясы әртүрлі екені байқалды.

РЕСМИ БАҒА

Конференцияда сөйлеген адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың бас сарапшысы Аслан Сапарғали Конституцияға сәйкес, азаматтар бейбіт және қарусыз жиындар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер мен пикеттер өткізуге құқылы екенін еске салды. Ол бейбіт жиын өткізу құқығы халықаралық құқықта бекітілгенін де атап өтті. Қазақстанда бейбіт жиын өткізу құқығы «Бейбіт жиын ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңға сәйкес жүзеге асады.

Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың бас сарапшысы Аслан Сапарғали. Алматы, 4 қазан 2019 жыл.
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың бас сарапшысы Аслан Сапарғали. Алматы, 4 қазан 2019 жыл.

Сапарғали 2005 жылы Қазақстанға келген БҰҰ-ның бейбіт жиын өткізу құқығы және қауымдастық еркіндігі мәселелері бойынша арнаулы өкілі дайындаған есепте бірқатар мәселелер аталып, оларды шешу бойынша ұсыныстар берілгенін айтты.

— Қазақстан президентінің қыркүйектің 2-сі күні жариялаған жолдауына сәйкес, қазір «халық пікіріне құлақ асатын мемлекет» концепциясына көшу қолға алынған. Қоғамдық келісім және сенім жөніндегі ұлттық кеңес жұмыс істеп жатыр. Кеңестің алғашқы отырысында және апта басында кеңес мүшелері митингілер туралы заңнаманы жетілдіру мәселелерін талқылады. Бұл шаралардың барлығы қоғам мен мемлекет арасындағы ықпалдастықты арттыруға, халықаралық сарапшылар мен ұйымдардың ұсыныстарын ескеруге, бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін жетілдіруге бағытталған, - деді Аслан Сапарғали.

Ол адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі түрлі алаңда Қазақстанда бейбіт жиындар өткізу жөніндегі халықаралық құқықты қолданысқа енгізуге күш салып жатқанын айтты.

Алматы қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, подполковник Төрехан Исинн. Алматы, 4 қазан 2019 жыл.
Алматы қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, подполковник Төрехан Исинн. Алматы, 4 қазан 2019 жыл.

Алматы қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, подполковник Төрехан Исин бейбіт жиын өткізу құқығын шектеу мәселесіне тоқталып, әлемдік тәжірибеден мысал келтірді.

— Әртүрлі мемлекеттерде бейбіт жиын өткізу құқығы әртүрлі жүзеге асады. Бірақ барлық жерде оның орындалуын заң қадағалайды. Жекелеген мемлекеттердің заңнамасы мен қолдану тәжірибесі Қазақстаннан да қатаңдау. Сондықтан соңғы екі-үш айда болған оқиғалар мен митингілер кезінде біз ешкімді ұстаған жоқпыз, оны өздеріңіз көрдіңіздер, — деді Исин.

Полковник полицияның Tеngrinews.kz. ақпараттық сайтының тілшісін ұру оқиғасына қатысты да түсініктеме берді. Исиннің сөзінше, онда түсінбестік болған, қазір полиция мұнымен айналысып жатыр.

Бәріміз адамбыз — қателік жібереміз

— Ол жерде адами фактор да бар… Бәріміз адамбыз — қателік жібереміз. Ішкі істер министрі журналистен кешірім сұрады. Қазір қызметтік тергеу жүріп жатыр, — деді Исин.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР ПОЗИЦИЯСЫ

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис бейбіт жиналу құқығы пікір білдіру, қауымдастық құру және діни көзқарас еркіндігі сияқты ұғымдармен тікелей байланысты екенін айтты.

— Бейбіт жиын өткізу құқығы мемлекет ұғымы болмаған кезде пайда болған. Мемлекет бар ма, жоқ па, бәрібір — азаматтар жиналып, пікір білдіріп, біріге алады. Осыдан кейін ғана мемлекет құрылады. Бұл құқықтар мемлекеттен бұрын болған. Сондықтан мемлекет бұл құқықты реттеп, шектей алмайды. Мемлекет оның сақталуын қамтамасыз етіп, қорғауы керек. Ал шектеулер — заңда жазылған сирек жағдайларда ғана қолданылуы керек, — деді Жовтис.

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис. Алматы, 4 қазан 2019 жыл.
Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис. Алматы, 4 қазан 2019 жыл.

Құқық қорғаушының сөзінше, халықаралық құқық пикетке шығу тәртібін реттемейді, ал жалғыз адамдық акциялар бейбіт жиын ұғымына мүлде кірмейді. Оның сөзіне қарағанда Қазақстанда өкінішке қарай бейбіт жиналу құқығын реттеуге қатысты кемшіліктер жетіп артылады. Сондықтан халықаралық құқық қорғау ұйымдарының есебінде бұл мәселе жиі аталып, оны шешу бойынша ұсыныстар беріледі. Бірақ мемлекет бұл кеңестерге құлақ аспайды.

— Мемлекеттің бірінші міндеті — азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын қамтамасыз ету. Мемлекеттің екінші міндеті — бейбіт жиын кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау. Бірақ екі міндеттің орнын ауыстырып алмау керек. Бірінші орында құқықты қамтамасыз ету міндеті тұрады, — деді Жовтис.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов. Алматы, 4 қазан 2019 жыл.
Саясаттанушы Димаш Әлжанов. Алматы, 4 қазан 2019 жыл.

Саясаттанушы Димаш Әлжановтың айтуынша, мемлекет қоғамдағы наразылық көңіл-күйдің ұлғайғанын қаламайды. Бірақ өзі осы көңіл-күйдің қалыптасуына себепші болып отыр. Мемлекет бейбіт жиын өткізу құқығын үздіксіз шектей алмайды. Әлжановтың сөзінше, тәуекелге баратын азаматтар саны артып келеді.

— Сәуір айынан бастап, қоғам 15 тәулікке қамаудың өзі көшеге шығып, бейбіт наразылық білдіру құқығына шектеу жасай алмайтынын түсінді. Яғни, адамдар белгілі бір тәуекелдерге баруға дайын. Сондықтан азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы диалог ашық принциптер негізінде — Алматы қоғамдық кеңесі немесе Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі сияқты басқарылатын құрылымдар арқылы емес, өзара ықпалдастық арқылы жүзеге асуы керек, — дейді Димаш Әлжанов.

Саясаттанушының сөзінше, Қазақстанда билік қоғамды диалогқа шақырып, айтылған барлық пікірлерді қолдап, бірақ соңында бәрібір өз дегенін істейді. Сондықтан азаматтық қоғам осыны ескеріп, мұндай режимді өзгертуге мәжбүрлейтін механизм құрастыруы керек.

Спикерлер сөзінен кейін конференцияға қатысушылардың бірі ықтимал митинг өтетін жерге кездейсоқ тап болған медициналық қызметкердің полиция қудалауына ұшырап, әкімшілік жазаға кесіліп, кейіннен «жұмыстан қуылғанын» айтып, полиция өкіліне:

— Адал, жауапкершілігі мол адамдарға істегендеріңді бағалауға сөзім жетпейді. Сендерді соттау керек, - деді.

Конференция ұйымдастырушылары "даудың" тігісін жатқызуға тырысып, жиын соңында жоғарыда аталған мәселелер бойынша билік пен азаматтық қоғам арасындағы ықпалдастыққа үміт артатынын жеткізді.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҒА

Қыркүйектің ортасында Варшавада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) адамзат өлшемдері жиынында Қазақстанның үкімет және азаматтық қоғам өкілдері елдегі адам құқықтарының жағдайы және бейбіт жиын өткізу еркіндігіне екі түрлі баға берді.

Бейбіт митинг: Биліктің позициясы һәм елдегі жағдай
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:44 0:00

Жиында Қазақстан бас прокуратурасының өкілі Азамат Сарғазин елде азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығы сақталатынын мәлімдеді. Ал азаматтық белсенділер митингі қатысушылары мен наразылыққа қатысуға ниет білдіргендерді елде «экстремист» деп танитынын айтты.

Маусым айында президент сайлауына байланысты наразылық білдіргендерді полиция қудалай бастаған кезде БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңсесі ресми мәлімдеме жасады. БҰҰ өкілдері Қазақстанда маусымның 9-10 күндері өткен бейбіт наразылық кезінде азаматтардың жаппай ұсталып, тұтқындалуына байланысты алаңдаушылық білдіріп, билікті адам құқықтары саласындағы міндеттемелерін орындауға шақырды.

Маусымның 12-сі күні жарияланған мәлімдемеде БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңсесі Қазақстанда «саяси көзқарасы мен наразылығын заңды және бейбіт жолмен білдірген азаматтардың жаппай ұсталуына» алаңдап, билікті азаматтардың «бейбіт жиын өткізу, пікір білдіру және мемлекеттік басқаруға қатысу еркіндігін сақтауға» шақырды.

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңсесінің Орталық Азиядағы директоры Ришард Коменда «Пікір білдіру және бейбіт жиын өткізу еркіндігі - дамыған қоғамның негізі. Бұл құқықтарды негізсіз шектеуге тырысу тұрақтылық пен әлеуметтік бірлікке қауіп төндіреді» деп мәлімдеді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG