Accessibility links

"Шал кетсін!" Саяси өзгеріс талап еткен митингіде Назарбаев пен құрған жүйесін сынады


Билік келісім берген бейбіт жиынға келген адамдар "Репрессия емес, реформа керек!" деген жазу ұстап тұр. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.
Билік келісім берген бейбіт жиынға келген адамдар "Репрессия емес, реформа керек!" деген жазу ұстап тұр. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.

Алматыда биліктен саяси реформалар жасап, саяси қуғынды тоқтатуды талап еткен бейбіт жиынға жүздеген адам қатысты. Құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуов ұйымдастырған шараға билік келісім берген. "Шал, кет!", "Назарбаев, кет!" деген ұрандардан кейін ұйымдастырушылар жиынды мерзімінен жарты сағат бұрын аяқтап, билік өкілі жұрттың тарауын талап етті. Алаңда мобильді интернет ажырап қалған соң, көп ұзамай жұрт тарап кетті. Шараның соңына қарай әйелше киінген ер кісі мен бірнеше адам жанжалдасып қалды.

31 қазанда Алматыдағы Ғылым академиясының ғимараты қасындағы Шоқан Уәлиханов ескерткішінің алдына саяси тұтқындарға бостандық және саяси реформа жасау талабымен ұйымдастырылған наразылық акциясына жүздеген адам жиналды. Алматы әкімдігі құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуовке бейбіт митинг өткізуге тек үшінші мәрте берілген өтініштен соң келісім берген. Митинг ұйымдастырушылар жұртқа 500 адам қатысатын наразылық акциясы жергілікті уақытпен сағат 12:00 - 15:00 аралығында өтетінін хабарлаған.

Алматыда саяси-қуғын сүргінді тоқтатуды талап еткен митингінің шырқы бұзылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:00 0:00

Алматыдағы митинг белгіленген уақытында басталды. Жиынға қатысушылар Қазақстан туы, билікке қарата жазылған үндеулер, құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған адамдардың - 2006 жылы Алматының Шаңырақ ықшамауданында жер дауына байланысты тұрғындар мен полиция күші арасындағы қақтығыстан кейін 18 жылға сотталған Арон Атабетің, 2016 жылы Атырауда үкіметтің жер саясатына қарсы жаппай наразылық митингінен соң 5 жылға сотталған Макс Боқаевтың, билік "экстремистік ұйым" деп танып, тыйым салған тіркелмеген "Көше партиясына" қатысқан деген айыппен жауапқа тартылған белсенділердің суреті мен аты-жөні жазылған плакаттар ұстап тұрды.

2006 жылы Алматының Шаңырақ ықшамауданында болған оқиғадан кейін 18 жылға сотталған, қазақстандық құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған Арон Атабектің суретін ұстап тұрған адам.
2006 жылы Алматының Шаңырақ ықшамауданында болған оқиғадан кейін 18 жылға сотталған, қазақстандық құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған Арон Атабектің суретін ұстап тұрған адам.

Акцияның алғашқы бөлігінде бірнеше белсенді елде биліктің қудалауына ұшыраған ондаған адамның аты-жөнін жеті минут бойы оқыды. Олардың арасында қазір абақтыда отырғандармен бірге полиция ұстап әкетіп қамаған, айыппұл салған, сонымен бірге қамауда отырған кезде жұмбақ жағдайда көз жұмған азаматтардың есімі аталды.

Митингіні ұйымдастырушы Бақытжан Төреғожина қазақстандық құқық қорғаушылар түзген саяси тұтқындар тізімінде 14 адам барын айтып, билік 200-ден астам азаматты саяси астары бар істер бойынша жауапқа тартқан деп мәлімдеді.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина митингіде сөйлкеп тұр. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина митингіде сөйлкеп тұр. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.

Жиын өтетін күннің қарсаңында Алматыда митингіні ұйымдастыруға атсалысып жүрген бірнеше белсендіні полиция қызметкерлері ұстағаны туралы ақпарат тараған еді. Сенбі күні таңертең Төреғожина полиция өткен түні ұстаған белсенділер Даная Калиева мен Әлімжан Ізбасаровты, оған дейін Дәулет Әбіқасымов, Марат Тұрымбетов пен Айжан Әмірованы босатып қоя бергенін Facebook-парақшасында жазды.

Ал 31 қазанда таңертең Алматыда бірнеше белсенді өздерін полиция қызметкерлері митинг өтетін жерге жеткізбей ұстап, бөгет жасағаны туралы шағым айтты.

Кейінгі екі аптада Қазақстанның бірқатар аймағында полиция митинг өткізуді қолдап жүрген белсенділерді ұстап, кейбірінің үйіне тінту жүргізіп, кейбірін әлдебір іс бойынша куәгер ретінде жауапқа тартқаны туралы ақпарат тараған. Алматымен бірге тағы бірнеше қалада белсенділер 31 қазанда митинг өткізбекші болған еді, бірақ жергілікті билік орындары коронавирус індетін алға тартып, акцияға келісім бермеді. Алматыдағы митингіге Нұр-Сұлтан, Шымкент және басқа бірқатар қаладан келген азаматтар қатысты.

САЯСИ РЕФОРМА ЖАСАУ ТУРАЛЫ ТАЛАП

Алматыдағы жиында қоғам қайраткерлері, саясаткерлер мен журналистер сөйледі.

Парламентаризмді дамыту қорының жетекшісі, бұрынғы сенат депутаты Зәуреш Батталова Қазақстанда бір палаталы парламентті, аралас сайлау жүйесін қайтадан қалпына келтіруге үндеп, қазіргідей сайлау партияда жоқ азаматтардың конституциялық құқығын шектейтінін айтты.

– Қазақстан ашық, мөлдір сайлау өткізуі керек. Бір палаталы парламент құру қажет. Сайлауды бүгінгідей партиялық тізіммен ғана емес, сонымен бірге 50 де 50 [принципімен] бір мандатты округтер бойынша да өткізу керек. Парламентте әйелдер мен жастар болуы тиіс. Сотты сайлау керек, елге саяси реформалар қажет, – деді Алматыдағы митингіге астанадан арнайы келген Зәуреш Батталова.

Журналист Ермұрат Бапи митингіде сөйлеп тұр. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.
Журналист Ермұрат Бапи митингіде сөйлеп тұр. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.

"ДАТ" тәуелсіз газеттер жобасының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапи Қазақстанның қауіпсіздік кеңесін толық өзгертіп, саяси реформа жасауға шақырды.

– Соңғы бірнеше күн бойы елде белсенділерді қудалау - ұстау, қамау, тінту жалғасып жатыр. Азаматтық қоғамның талабына биліктің қайтарып отырған жауабы осы, бұл - озбырлық. Қазіргі сайлау жүйесі партияда жоқтардың құқығын таптайтын озбырлық. Біз елде толық саяси модернизация жасауды талап етеміз. Ал ондай саяси реформаны елдегі бүкіл күш құрылымдарын қолына жинап алған Қауіпсіздік кеңесін толықтай өзгертуден бастауымыз керек. Қазір Конституциялық кеңес ел президентіне бағынбайтын Нұрсұлтан Назарбаевтың қолында қалып отыр, осыны өзгертпей елде ешқандай бетбұрысқа ынта да болмайды, – деді Бапи.

Қазақстанды отыз жылға жуық билеп, өткен жылы наурызда президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық кеңесті өмір бойы басқара алады деп заңда бекітілген. Сынаушылар Назарбаевтың президенттіктен кеткенімен, мемлекеттік билікке әлі ықпал жасап отырғанын айтады. Назарбаев басқаратын биліктегі "Нұр Отан" партиясы қос палаталы парламентте көпшілік дауысқа ие.

Шоқан Уәлиханов ескерткіші алдына митингіге жиналғандар. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.
Шоқан Уәлиханов ескерткіші алдына митингіге жиналғандар. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.

Қазақстандық экономист Айман Тұрсынхан ел экономикасының жағдайы мүшкіл екенін айтып, "үкімет дәрменсіздігін көрсетті" деп мәлімдеді.

– Бір жарым айдан соң жер сатылып, шаруалар жерсіз қалатыны баршаңызға белгілі. Неге бұлай болды? Өйткені еліміз толық дефолтқа ұшырады, Ұлттық қор түгесілді – тек отыз пайызы ғана қалды. Ал бұл уақытта 6 млрд доллар әлемнің алты аймағында бұғаттаулы жатыр. Жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшамыздың барлығы 2045 жылға дейін мемлекеттік облигацияға салынған. 2021 жылдың екінші тоқсанында зейнетақы төлейтін ақша болмайды. Сондықтан қазірден шара қабылдамасақ, елден айырыламыз, – деді Айман Тұрсынхан.

Ол азаматтарды келер жылға белгіленген парламент сайлауында дауыс беру барысын белсенді бақылауға шақырды.

Митингіге қатысушы Қытай экспансиясына қарсы жазу ұстап тұр. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.
Митингіге қатысушы Қытай экспансиясына қарсы жазу ұстап тұр. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.

Алматыдағы жиынға Оралдан арнайы келген "Уральская неделя" газетінің редакторы Лұқпан Ахмедияров 1991 жылы тәуелсіздік алған Қазақстанның арада отыз жылдай өткенде көппен бірге күткендегіден мүлде басқа елге айналғанын айтты.

– Қазіргі режим осы жерде аты-жөні аталған, қуғын көріп, қамауда отырған адамдарды пікірін айтқаны үшін қылмыскер санайды. Қазіргі билік басында отырғандар да жауап беретін күн туар деп сенгім келеді, – деді Лұқпан Ахмедияров.

Өзін оппозициялық ұйымбыз деп атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның өкілі Тазабек Сәмбетбай елде саяси реформа өткізуді көздейтін қоғамдағы күштердің бәрін "алауыздықты қойып", бірігуге шақырды. Оның партиялас әріптесі Айдар Әлібаев жұртты алда болатын парламент сайлауына бойкот жарияламай, "өз таңдауын жасауға" үндеді.

Ғылым академиясының алдындағы алаңға билік келісім берген митингіге жиналған адамдар. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.
Ғылым академиясының алдындағы алаңға билік келісім берген митингіге жиналған адамдар. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.

– Саяси реформасыз болашағымыз бұлыңғыр. Ондай реформасыз ешқандай өзгеріс болмайды. Ал өзгеріс жасау үшін барлығыңызды сайлауға қатысып, өзгеріс үшін дауыс беруге шақырамын, – деді Айдар Әлібаев.

Ол сөзін ақтамай жатып алаңда тұрған адамдар "Бойкот, бойкот!" деп айқайлады.

Тарихшы Есенғазы Қуандық жұртты "ескіні жаңаға ауыстыру деген мағына беретін революция деген сөзден қорықпауға" шақырды.

Жиында сөйлегендердің кейбірі Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда қабылдаған тұңғыш Конституциясында парламентке биліктің дербес тармағы ретінде роль берілгенін еске салды. Сонымен бірге қазіргі қолданыстағы заңнан Назарбаевты жауапқа тартуға тыйым салатын баптарды алып тастау қажет деп мәлімдеді.

Маржан Аспандиярова митингіде сөйлеп тұр. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.
Маржан Аспандиярова митингіде сөйлеп тұр. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.

– Осыдан 15 жыл бұрын дәл осы алаңда халық Заманбек Нұрқаділовті ақтық сапарға шығарып салған, билік "ол өзін өзі өлтірді" деп халықты сендірді. Арада тура үш ай өткенде Алтынбек Сәрсенбайұлымен да осы жерде қоштастық. Назарбаев билікте болған 30 жылда талай мықты азаматтардан айырылдық. Сол заманның шындығын жазған журналистер Асхат Шәріпжанов, Нұри Муфтах, Сәкен Таужановтың қазасын да "көлік қағып кетті" деп жылы жауып қойды. Күні кеше белсенді Дулат Ағаділді үйінен әкетіп, тергеу абақтысында өлтірді. Ол да тергелмей қалды. Бұл қашанғы жалғасады? Ал қазір қамауда отырған Арон Атабек, Макс Боқаев, Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағұлов, Санавар Закирова және басқалар шындықты айтқаны үшін жазықты болды, – деді Маржан Аспандиярова.

Ол "бүкіл Қазақстан – заңсыздық пен жүгенсіздік үстемдік құрған үлкен түрмеге айналғанын" айтты.

– Саяси реформалар туралы айтқан кезде біз "Елбасы туралы" заңның күшін жоюды талап етуге тиіспіз. Бүкіл әлем коронвирустан зардап шегіп жатыр, ал Қазақстанның диагнозы – "елбасизм", – деп мәлімдеді құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова.

Митинг өтіп жатқан жерде тұрған полиция. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.
Митинг өтіп жатқан жерде тұрған полиция. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.

Жиынға қатысушылар қабылдаған қарарда елде саяси партияларды тіркеу тәртібін жеңілдету, мажоритарлы-пропорциялық аралас сайлау жүйесіне көшу, сайлау бюллетеніне "бәріне қарсымын" деген жазуды қайта енгізу, бұрынғы президенттің үлкен қызы әрі парламент сенатының бұрынғы төрағасы Дариға Назарбаеваның құдасы Берікті Имашевты Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметінен босату туралы және басқа талаптар айтылған.

Екі сағаттан астам уақытқа жалғасқан жарыссөзден кейін ұйымдастырушылар сөйлегісі келетіндерге "еркін сөз" беріледі деп хабарлады. Осыдан кейін сөз алғандардың бірі елде шынайы өзгеріс болуы үшін экс-президент Назарбаевты биліктен кетіру керек деп мәлімдеген соң жиынға қатысушылардың арасында "Шал, кет!", "Шалдар кетсін!", "Назарбаев, кет!" деп айқайлаған дауыстар естілді. Әдетте мұндай ұрандар елде қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы ұйымдастырған қарсылық акцияларында айтылатын. (2009 жылдан бері Еуропада тұрып жатқан оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ-ны Қазақстан билігі 2018 жылы наурызда "экстремистік ұйым" деп таныған, ал тура бір жыл өткенде Еуропарламент өз қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Бұған дейін Әблязов жақтастарын 31 қазанда Алматыда өтетін митингіге қатысуға үндеген.)

Наразылық митингісіне қатысушылар. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.
Наразылық митингісіне қатысушылар. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.

Дәл осы сәтте әлдекім музыканы қатты қосып, сахнада сөйлемек болғандардың дауысы естілмей қалды. Арада біраз уақыт өткенде жиын өтіп жатқан алаңның шетінде әйелше киінген ер кісінің басынан паригін жұлып алған бірнеше адам оған қол жұмсады. Өзге адамдар алаңнан алысырақ алып кеткен ол адам өзін "цисгендермін" деп таныстырып, "трансгендерлердің құқығы тапталып жатқанына жұрттың назарын аудару үшін осылай киіндім" деп түсіндірді. Ол адамды полиция алып кетті.

Бұдан кейін көп ұзамай ұйымдастырушылар митингінің аяқталғанын жариялап, билік өкілдері жұрттың тарауын талап етті. Кейбіреулер микрофон өшіп қалғанына қарамай өз талаптарын айтып, сөйлеп жатты. Дәл осы сәтте митинг болып жатқан алаңда мобильді интернет байланысы жоғалып, Азаттықтың алаңнан тікелей эфирде таратып тұрған видеотрансляциясы үзіліп қалды. Журналистердің көзінше полицейлер бір адамды ұстап әкетті, кейін бүгінгі шараны ұйымдастырушылар мен полиция әлгі адамның "масаң" екенін айтты. Арада біраз уақыт өткенде алаңдағы жұрт тарады.

Наразылық акциясында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа елде саяси құқықтар мен бостандықтар туралы халықаралық пактінің қағидаттары орындалмайтыны жазылған үндеу ұстап тұрған адамдар. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.
Наразылық акциясында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа елде саяси құқықтар мен бостандықтар туралы халықаралық пактінің қағидаттары орындалмайтыны жазылған үндеу ұстап тұрған адамдар. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.

31 қазанда Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда өткен акция – Қазақстанда биыл маусым айында "Бейбіт жиындар туралы" жаңа заң қабылданғалы бері биліктің келісімімен өткен екінші митинг. Алғашқы мұндай жиын қыркүйек айында, "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамайдың ұйымдастыруымен өткен. Билік "прогрессивті" деп сипаттайтын жаңа заңға сәйкес, азаматтар бейбіт митинг өткізу ниеті жайлы билікке алдын ала ескертуі тиіс. Әкімдік келісім бермеген шара "заңсыз" болып саналып, ұйымдастырушылар әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін. Құқық қорғаушылар бұл заң бейбіт митинг өткізуді қиындатып, Қазақстан азаматтарының Конституцияда жазылған бостандығын пайдалануына тосқауыл қояды деп сынайды.

Қазақстанда әдетте жергілікті әкімдіктер билікті сынайтын белсенділерге митинг өткізуге рұқсат бермейді. Билік елде саяси көзқарасына бола қудалауға ұшырап, саяси астармен жауапқа тартылғандар бар дегенді жоққа шығарады. Мемлекетті отыз жылдай басқарған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан демократияға "өз жолымен жүріп жетеді" деген сөзді жиі айтатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG