Accessibility links

"Қылбұрау". Қазақстанның Қытайға "жасырын қарызы" және мемлекет мойнына ілінетін несие


Қытай несиесіне басталып, аяқсыз қалған жеңіл рельсті транспорт жобасы – Astana LRT құрылысы. Нұр-Сұлтан, 10 маусым 2020 ж.
Қытай несиесіне басталып, аяқсыз қалған жеңіл рельсті транспорт жобасы – Astana LRT құрылысы. Нұр-Сұлтан, 10 маусым 2020 ж.

Қазақстан Қытайдан ең көп қарыз алған елдердің ондығына кірді. Нұр-Сұлтанның Пекинге "жасырын қарызы" ІЖӨ-нің 10 пайызынан асып кеткен. Қытай қаржы орындары "жасырын борышты" мемлекет қарызына айналдырудың түрлі тетігін қолданады. Көбіне шикізат сатудан түскен табыс кепілге қойылады. Америкалық сарапшылар жаңа зерттеуінде Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасы аясында оған қарызға кіріп жатқан елдердің жағдайын талдаған.

АҚШ-тағы William and Mary колледжі жанындағы AidData халықаралық зерттеу орталығы Қытайдың 2000-2017 жылдар аралығында шетелдегі жобаларды қаржыландыру бағдарламасын талдаған зерттеу жариялады.

Зерттеуге сүйенсек, Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасы іске асқалы бері 165 елдің Пекинге "жасырын" қарызы 385 миллиард долларға жеткен. Зерттеу авторлары мемлекет балансында көрінбейтін Қытайға "жасырын қарызы" ішкі жалпы өнімнің 10 пайызынан асып кеткен дамушы елдердің қатарына Қазақстанды да қосқан.

AidData зерттеу орталығы баяндамасы әлемнің 165 елінде 2000-2017 жылдар аралығында мақұлданған құны 843 миллиард доллардан асатын 13 427 жобаны қамтиды. Оның 10 849-ы ресми түрде мақұлданып, іске асқан және аяқталған болса, қалған 2577-сі тоқтап қалған немесе жабылған жобалар. Бұл жобаларды Қытайдың 300-ден астам үкіметтік емес ұйымы мен мемлекеттік құрылымы қаржыландырған.

Бұл мәліметтерді AidData зертханасы мемлекеттік реестр мен бюллетеньдерде жарияланған гранттар мен несие келісімдері, Қытайдан көмек пен қарыз алған елдердің ресми есептері, Қытай мемлекеттік банктері, Қытай елшіліктері мен сауда министрлігі сайтындағы мәліметтер, несие алған елдердің парламенттік бақылау институттары жариялаған есептері мен дамушы елдердің қаржы министрлігіне хат жолдау арқылы жинаған.

ҚЫТАЙҒА "ЖАСЫРЫН ҚАРЫЗЫ" КӨП ЕЛДЕР

Қытай кейінгі 20 жылда дамушы елдердің мемлекеттік және жеке секторындағы жобаларға қыруар қаржы бөлді. Зерттеу Қытай басшысы Си Цзиньпиннің "Бір белдеу – бір жол" бастамасы шетелдік жобаларды қаржыландыруда Қытай үстемдігіне әкелгеніне назар аударады. Дамуды халықаралық қаржыландыру міндеттемесі жылына 85 миллиард доллар болса, Қытай бұл ретте АҚШ пен өзге алпауыт елдерді басып озды. Зерттеу авторлары Қытай бұл үстемдікке дамушы елдерге көмек көрсету арқылы емес, жеңілдікпен және жеңілдіксіз несие беру арқылы жетті дейді. "Бір белдеу – бір жол" бастамасы енгізілгелі бері Пекиннің шетелге беретін несиесі мен гранттары арасындағы қатынасы 31:1-ге жетті.

Черногорияның Бар қаласын Сербиямен жалғайтын жатқан күре жолдың Қытай несиесіне салынып жатқан бөлігі. 11 мамыр 2021 жыл.
Черногорияның Бар қаласын Сербиямен жалғайтын жатқан күре жолдың Қытай несиесіне салынып жатқан бөлігі. 11 мамыр 2021 жыл.

Зерттеуге қарағанда, "Бір белдеу – бір жол" бастамасына дейін Қытай шет мемлекеттердің үкімет институттарына қарыз беріп келсе, бастамадан кейін несиенің 70 пайызы мемлекеттік компаниялар, мемлекеттік банктер, бірлескен кәсіпорындар мен жекеменшік кәсіпорындарға бағытталған. Бұл несие алушылар тікелей үкімет институттары болмағандықтан, қарыз мемлекет балансында көрінбейді. Зерттеушілер мұндай несиені "жасырын" қарыз деп атайды.

"Алайда бұл қарыздың көпшілігі үкіметтің міндеттемесімен ашық немесе жасырын түрде қорғалған. Бұл мемлекет пен жеке қарыздың арасындағы айырмашылықты жояды. Осылайша табысы төмен және орташа елдер мемлекет қаржысын басқаруда үлкен проблемаларға тап болады" делінген зерттеуде.

AidData орталығы Қытайдың шын мәнінде шетелге берген несиесі зерттеу институттары, несие рейтинг агенттіктері мен бақылау міндетін атқаратын үкіметаралық ұйымдар топшылаған сомадан әлдеқайда көп деген қорытындыға келген. Авторлардың есептеуінше, 165 елдің Қытайдан 385 миллиард долларға жуық несиесі осылайша есепке енбей, "жасырын қарызға" айналған. Бұл қарызды үкімет тікелей алмағандықтан, Дүниежүзілік банктің борышкерлер туралы есеп беру жүйесінде көрінбейді.

Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин "Батыс Қытай - Батыс Еуропа" бағыты бойынша жүк тасымалының жаңа бағытын іске қосу рәсімінде. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), 8 маусым 2017 жыл.
Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин "Батыс Қытай - Батыс Еуропа" бағыты бойынша жүк тасымалының жаңа бағытын іске қосу рәсімінде. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), 8 маусым 2017 жыл.

Зерттеуге қарағанда, 42 мемлекеттің Қытайға "жасырын" қарызы олардың ішкі жалпы өнімінің 10 пайызынан асып кеткен. Олардың қатарында Қазақстан да бар. AidData есептеуінше, Қазақстанның Қытайға "жасырын" қарызы ішкі жалпы өнімнің 16 пайызына жетті.

AidData мәліметінше, Қазақстан 2000-2017 жылдар аралығында Қытайдан 35 миллиард доллар несие алып, ең көп несие алған елдердің алғашқы ондығына кірген. Қытайдан ең көп несие алған елдер арасында Ресей (151 миллиард доллар), Венесуэла (81 миллиард доллар), Ангола (50 миллиард доллар), Бразилия (38 миллиард доллар), Индонезия (36 миллиард доллар) мен Пәкістан (33 миллиард доллар) бар.

Зерттеу орталығы Қазақстанның Қытайға ресми егемен қарызы ішкі жалпы өнімнің 2 пайызына ғана тең деген дерек келтіреді. Қазақстан ұлттық банкінің дерегінше, 2021 жылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша, Қазақстанның Қытайға жалпы қарызы 9,7 миллиард долларға тең, оның 1,3 миллиард долларына ғана мемлекет кепілдік берген.

Қазақстаннан бөлек Қытайға мемлекеттің ресми қарызы ішкі жалпы өнімнің 10 пайызынан төмен, ал "жасырын" қарызы 10 пайыздан асып кеткен елдер қатарында Түркіменстан, Бруней, Намибия, Конго Демократиялық Республикасы мен Папуа-Жаңа Гвинея бар.

Түркіменстаннан Қытайға тартылған газ құбырының Қазақстан бөлігін іске қосу шарасы кезінде қос елдің туы бейнеленген жарнаманың жанында тұрған Қытай жұмысшысы. 12 желтоқсан 2009 ж. Архивтегі сурет.
Түркіменстаннан Қытайға тартылған газ құбырының Қазақстан бөлігін іске қосу шарасы кезінде қос елдің туы бейнеленген жарнаманың жанында тұрған Қытай жұмысшысы. 12 желтоқсан 2009 ж. Архивтегі сурет.

НЕСИЕ КЕПІЛІ – ШИКІЗАТ ЭКСПОРТЫНЫҢ ТҮСІМІ

Зерттеуде Қытайдың жемқорлық көрсеткіші жоғары, ресурстарға бай елдерді несиелендіруді күрт арттырғаны баяндалады. Басқа кредиторлармен салыстырғанда Пекин тәуекелі жоғары елдердегі жобаларды қаржыландыруға көбірек құлшыныс танытады. Есесіне оның сұрауы да бар: кепілдікті қамтамасыз ету арқылы қарызды өтеу тәртібі қатал. Зерттеуге қарағанда, ең ірі 50 несиенің 40-ына кепілдік берілген, көп ретте шикізат тауары экспортынан түсетін табыс несиеге кепіл ретінде қойылды.

"Ел ішінде жетіспейтін табиғи ресурстар мен энергия тасымалдауышты қамтамасыз етіп, басы артық еуро мен доллардан түсетін инвестициялық табысты арттыру үшін Қытай жемқорлық деңгейі жоғары, табиғи ресурстарға бай елдерге беретін несие көлемін тез арттырды. Бұл несиенің пайыздық ставкасы салыстырмалы түрде көбірек (6 пайыз шамасында), фидуциарлық тәуекелді азайту үшін несие шикізат экспортынан түсетін табыспен қамтамасыз етілген" делінген зерттеуде.

Мәселен, Қытай даму банкі несие алушыдан шикізат тауарының экспортынан түсетін табыстың бір бөлігін банктің өзі бақылайтын шоттарға депозит түрінде салуды талап етеді. Несие алушы қарыз бойынша міндеттемесін орындай алмай қалса, несие беруші оның активтерін сотқа жүгінбей-ақ бұғаттай алады. "Қытай даму банкі Венесуэла, Ангола, Түркіменстан, Экваторлық Гвинея мен Конго-Браззавиль тәрізді ресурстарға бай, бірақ фидуциарлық тәуекелі аса жоғары мемлекеттерге не себепті аса ірі көлемде несие бергенін осыдан-ақ түсінуге болады".

Зерттеуде 2000-2017 жылдары Қытайдан 125 миллиард доллар көлемінде 107 несие алған Ресейді мысалға келтірген. Оның көп бөлігі мұнай-газ секторындағы мемлекеттік кәсіпорындарға бағытталып, олар мұнай мен газ сатудан түскен түсімді кепілге қойған.

Қытайдың мемлекеттік және коммерциялық банктерінен 86 миллиард доллар несие алған Венесуэла да мұнай экспортынан түсетін табысын кепілге қойған.

Қытай басшысы Си Цзиньпин екінші рет өткен "Бір белдеу — бір жол" форумында сөйлеп тұр. 27 сәуір 2019 ж.
Қытай басшысы Си Цзиньпин екінші рет өткен "Бір белдеу — бір жол" форумында сөйлеп тұр. 27 сәуір 2019 ж.

"ЖАСЫРЫН" ҚАРЫЗДЫҢ ТҰЗАҒЫ

Болашақта мемлекет міндеттемесіне айналып, үкімет мойнына артылуы мүмкін "жасырын қарыз" алаңдаушылық тудырады дейді зерттеушілер. AidData-ның жазуынша, Пекин "жасырын қарыз" арқылы кедей елдерді несие тұзағына түсіреді.

Лаосты Қытаймен жалғайтын құны 5,9 миллиард долларға бағаланған теміржол сондай "жасырын қарызға" іске асқан жоба дейді авторлар. Лаос бұл жобаны қаржыландыра алмайтын кедей мемлекет болғандықтан, Қытайдың үш компаниясы мен Лаостың бір мемлекеттік кәсіпорны бірлескен Laos-China Railway Company Limited (LCRC) компаниясын құрды. LCRC акциясының 70 пайызы қытайлық үш компанияға, қалған 30 пайызы Лаос мемлекеттік компаниясына тиесілі.

LCRC жобаға Қытайдың Eximbank-інен 3,54 миллиард доллар несие алды, бұл несиеге мемлекет кепілдігі берілмеген. Бірақ Лаос үкіметі бұл жобаға құятын 780 миллион доллардың 480 миллионын Қытайдың Eximbank-інен несиеге алды. Теміржол жобасының басым бөлігі Қытай компанияларына тиесілі болғанына қарамастан, ақыр аяғында келісімшарттың ашық емес шартына сәйкес, Лаос үкіметі теміржол қарызына жауап беретін тарапқа айналды. 2020 жылдың қыркүйегінде банкрот болуға шақ қалған Лаос Қытайға берешегін өтеу үшін энергия жүйесінің бір бөлігін 600 миллион долларға беруге мәжбүр болды.

Зерттеуге қарағанда, Қытай мемлекеттік банктері несиені "жасырын" қарызға айналдырудың түрлі тетігін қолданған. Қытай банктері жобаны іске асырушыға яки жекеменшік компанияға несие беру үшін мемлекеттің кепілдік беруін талап етеді. Мұндай жағдайда жоба табыс әкелмесе немесе несие алушы банкрот болса, несие мемлекет қарызына айналып, салық төлеушілер есебінен өтеледі.

Пәкістанда Қытай несиесіне салынған жол құрылысы. Жоба құны - 60 млрд доллар. 2017 жылы 11 мамырда түсірілген сурет.
Пәкістанда Қытай несиесіне салынған жол құрылысы. Жоба құны - 60 млрд доллар. 2017 жылы 11 мамырда түсірілген сурет.

Енді бірде банк мемлекеттік кәсіпорынға несие бергенде үкіметтің егемен кепілдігін талап етпейді, бірақ мұнда несие төленбесе немесе қарыз алушы банкрот болса, несиені кім өтейді деген сұрақ жауапсыз қалады. Тағы бір жолы – жобаны іске асырушыға немесе жекеменшік компанияға несиені мемлекеттің егемен кепілдігінсіз береді де, үкімет капиталының кірісін кепілдікке қоюды талап етеді. Былай қарағанда, бұл мемлекеттік сектордың қарызы болып есептелмейді, қарыз алушы тәуелсіз заңды тұлға болғандықтан, дефолт болған жағдайда үкімет несиені өтеуге міндетті емес. Бірақ жоба іске асып жатқан елдің үкіметі капитал кірісін кепілге қойғандықтан, борышкер соның есебінен қарызды өтей алады. Ал бұл үкіметтің несиені өтеу бойынша кепілдік бергенімен тең.

"Әсіресе табысы төмен және орташа мемлекеттердің төлем қабілетін біршама кеміткен пандемия кезінде мемлекет міндеттемесіне айналуы мүмкін "жасырын" қарыз ерекше алаңдатады" делінген зерттеуде.

"Жасырын" қарыздың басты проблемасы – Қытай несиесі есебінен жобаны іске асырып жатқан борышкер ақшаны қайтара алмаса, ол елдің үкіметі мойнына қылбұрау болып түсетін қарыздың нақты көлемін білмейді дейді сарапшылар.

ЖЕМҚОРЛЫҚ ДАУЫ ЖӘНЕ ТОҚТАП ҚАЛҒАН ЖОБАЛАР

Зерттеушілер "Бір белдеу – бір жол" бастамасы инфрақұрылым жобалары портфелінің 35 пайызы жемқорлық даулары, еңбек шарттарын бұзу, экологияға зиян келтіру, Қытай жобаларына қарсылық тәрізді проблемаларға ұшырағанын анықтады.

2019: Қазақстанда Қытайға қарсы акциялар күшейген жыл

Қазақстанда Қытайға қарсы акциялар күшейген жыл
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:26 0:00

"Бір белдеу – бір жол" бастамасына дейінгі кезеңмен салыстырғанда, 2013 жылдан бері Пекин жобаларды тоқтату немесе күшін жою тәрізді проблемаларға жиі тап болған.

Қытай жобалары тоқтап қалған елдердің қатарында Қазақстан да бар. Зерттеушілер Қытай даму банкі 2015 жылы 1,5 миллиард доллар несие берген Нұр-Сұлтан қаласындағы жеңіл рельсті транспорт жүйесі – Astana LRT жобасы тоқтап қалғанын мысалға келтіреді. Бұл несиеге үкімет кепілдік берген. Бірақ екі жылдан кейін президент осы жобаға жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекетін тергеуді тапсырған. "Astana LRT" ЖШС атқарушы директоры қаржы жымқырды деп айыпталып, елден қашты. Тоқтап қалған жоба қоғам наразылығын тудырды.

Қытай несиесіне салып бастаған "Астана LRT" жеңіл рельсті транспорт жобасы құрылысы аяқсыз қалды. Нұр-Сұлтан, 10 маусым 2020 ж.
Қытай несиесіне салып бастаған "Астана LRT" жеңіл рельсті транспорт жобасы құрылысы аяқсыз қалды. Нұр-Сұлтан, 10 маусым 2020 ж.

Малайзия Eximbank қаржыландырған құны 11 миллиард долларға тең Шығыс жағалаумен байланыстыратын теміржол құрылысын тоқтатты. Малайзия премьер-министрі New York Times газетіне берген сұбатында "мәселе тым ірі көлемдегі қарызда, ол қарызды қалтамыз көтермейді және қайтара алмаймыз, сондықтан ондай жобалар бізге қажет емес" деп кескен.

Ал Қазақстан керісінше, тоқтап қалған инфрақұрылым жобасын қайтадан қолға алмақ. Маусымда Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов LRT құрылысы қайта жанданатынын айтып, жобаны аяқтауға 1 миллиард доллардан астам қаражат керегін айтты.

Нұр-Сұлтанда LRT құрылысы қайта басталып, құрбан шалынды. 30 маусым 2021 ж.

"Раббым, шаруаны абыроймен аяқталуын нәсіп ет". LRT құрылысы қайта басталып, құрбан шалынды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:32 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG