Accessibility links

Егемендігіне алаңдаған кейбір елдер Қытаймен келісімді бұза бастады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Тамыздың 30-ы күні Қытайда коммунистік партияның тапсырмасымен әзірленген ірі деректі фильм жарық көрді. Фильм Пекиннің барлық елдерге ұсынып жүрген "Бір белдеу - бір жол" жобасының дамуына арналған. Пекин жоба аясын кеңейтуге тырысып жатқан тұста Қытайдың маңызды әріптестері - Оңтүстік-Шығыс Азия, Латын Америкасы, Африканың кейбір елдері бұл ірі жобаға қатысудан бас тартты. Қытайдың әлемдік саясат пен саудаға ықпалының күшеюін қаламайтын мамандардың айтуынша, Қытай инвестицияларының ар жағында ауыр жүк пен егемендікке нұқсан келтіру сияқты мәселелер тұр.

"Жалпы тағдыр" атты фильм түрлі елдерде "Бір белдеу - бір жол" жобасының арқасында арманына қол жеткізген адамдардың оқиғаларын баяндайды. Кейіпкерлер арасында Қытай ақшасына салынған темір жолмен мектепке баруға мүмкіндік алған кениялық қыз немесе Қытайда қағаз шығарудың көне әдісін үйреніп жүрген испаниялық зейнеткер де бар.

Фильм авторларының айтуынша, 300 адамнан құралған түсірілім тобы барлық құрлықтарды аралап, 300 мың шақырым жол жүріп, фильмді әзірлеуге екі жыл уақытын жұмсаған. Олар "Бір белдеу - бір жол" жобасының әлемдегі қарапайым азаматтардың өміріне жағымды әсерін көрсетуге тырысқан.

"Бір белдеу - бір жол" жобасы - бұл "21 ғасырдағы жібек жолы және Теңіздегі жібек жолы экономикалық белдеуі" атты екіжақты концепцияның қысқарған атауы. Бұл жоба жайлы ең алғаш рет Қытай басшысы Си Цзиньпин билікке келген соң 2013 жылы мәлімдеген.

"Жібек жолы экономикалық белдеуінің" үш тармағы бар: Солтүстік тармақ - Қытайдан басталып, Орталық Азия елдері мен Ресей арқылы Солтүстік Еуропаға жетуді көздейтін бағыт, Орталық тармақ - Қытайдан басталып, Орталық Азия арқылы Таяу Шығыс және Жерорта теңізіне барады, Оңтүстік тармақ - Қытайдан басталып, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Үнді мұхиты аумағына жетуді көздейді.

"Теңіздегі жібек жолы" - Қытай портынан басталып, Үнді мұхиты мен Еуропаға жетуді көздейді, бұл бағыт бойынша Тынық мұхит аумағын да қамту көзделген.

Пекин жоспары бойынша, бұл жобаларды жүзеге асыру үшін ескі сауда жолдары жөнделіп, жаңа жолдар, индустриялық парктер, ондаған елдерді бір-бірімен жалғайтын экономикалық-көлік дәліздері салынбақ.

"Бір белдеу - бір жол" жобасы аясында 2019 жылы Пекинмен келісімге қол қойған мемлекеттер.
"Бір белдеу - бір жол" жобасы аясында 2019 жылы Пекинмен келісімге қол қойған мемлекеттер.

Жоба жайлы барған жерінде үнемі айтып жүретін Си Цзиньпин Қытай әлемде саяси-экономикалық үстемдігін орнатуды көздеп отырған жоқ деп жиі қайталайды. Ол кейбір тұста бұл сөзін АҚШ президентінің осыған байланысты айтқан тұжырымына жауап ретінде келтіреді. Президент Дональд Трамп бұған дейін Қытай экономикасы әлемдегі тұрақтылық пен сауда жүйесіне қауіп төндіріп тұр деп айтқан.

"Бір белдеу - бір жол" жобасын сынайтын мамандардың жиі келтіретін негізгі уәждерінің бірі мынадай: қазіргі кезде Батыс елдері дамыған елдерге инвестиция құю жағынан Қытайдан асып түсе алмайды және олардың үкіметтерімен пайдалы келісім-шарттар жасаса қоюы неғайбыл, себебі оларға негізінен демократиялық институттардың дамуы, тәуелсіз заңды жүйелер және адам құқығының сақталу факторлары маңызды.

Ал қытайлық дипломаттар мен бизнесмендерге бұл факторлар аса маңызды емес - тіпті олар авторитарлық басшылар мен жемқор шенеуніктермен келісім жасағанды дұрыс көреді, себебі бұл мақсатқа жетудің оңайырақ және жылдам жолы. Бұған қоса, мұндай кезде жергілікті оппозиция, азаматтық қоғам өкілдері, этникалық топтар мен экологиялық белсенділердің қарсылығына ұшырау қаупі де туындамайды.

2019 жылы жарияланған "Американың жаңа қауіпсіздік орталығы" зерттеу ұйымының баяндамасында "Бір жол - бір белдеу" жобасы аясында жүзеге асырылған он қытайлық инвестициялық жоба зерттелген. Онда Аргентинадағы ғарыштық зерттеу кешені мен Израильдегі Хайф теңіз портын кеңейту бойынша жобалар да қамтылған. Ғалымдар кәсіпорыннан айрылу, қарызға бату және жемқорлықпен байланысты бірқатар проблемаларды анықтаған.

Қытайлық Sinohydro мемлекеттік құрылыс компаниясы Эквадор шығысындағы өзендердің бірінде су электр станциясын салғаннан кейін жаңа станцияда ақау пайда болып, дұрыс жұмыс істемеген. Бөгенде көптеген жарықшақтар пайда болған. Станция салу кезінде қытайлық фирма ешқандай стандарт сақтамаған. Бұған қоса, бөгендегі сапасыз шлюздердің кесірінен шаруа қожалықтары су тасқынынан жиі зардап шеккен. Су электр станциясын салу үшін Қытайдың экспорт-импорттық банкі берген 1 миллиард 700 миллион доллар қаржысын өтеу үшін Эквадор жыл сайын 125 миллион доллар төлеуі тиіс және бұл тек проценттік төлемдер ғана.

Жалпы 2010 жылдан бері Эквадор Пекиннен 20 миллиард доллардан астам несие алған және қазір мемлекет қарызын өтеу үшін халықаралық көмекке жүгінуге мәжбүр. Баяндамаға сәйкес, қытайлық несие шарттарының бірі - Эквадор бес жыл бойы қарыз өтемі ретінде экспорттайтын мұнайының 80 пайыздан астамын Қытайға беріп отыруы тиіс болған.

Қытай басшысы Си Цзиньпин және Аргентинаның бұрынғы президенті Кристина Киршнер. Пекин, 2015 жыл.
Қытай басшысы Си Цзиньпин және Аргентинаның бұрынғы президенті Кристина Киршнер. Пекин, 2015 жыл.

Мамандар "Бір белдеу - бір жол" жобасының теріс әсері ретінде осыған ұқсас тағы бір мысалды да алға тартады. Бұл Қытайдың Аргентина оңтүстігіндегі Патагонияда құны 50 миллион доллар болатын ғарыштық ұшу мен спутниктерді басқару орталығын қаржыландыру және салу жобасы.

"Американың жаңа қауіпсіздік орталығының" баяндамасына сәйкес, Пекин президент Кристина Киршнердің үкіметімен жобаға байланысты жасырын келіссөздер жүргізген, оған жергілікті фирмаларды жолатпаған. Бұл келісімге сәйкес, Қытай несие өтемақысы ретінде Аргентинадан жер телімін елу жылға жалға алмақ. Нысанда құрылыс жұмыстары басталғаннан кейін Қытайдың ұлттық-азат ету армиясы жер телімін тұтас бақылауына алған.

"Бір белдеу - бір жол" жобасы бүкіл әлемге таралған. Алайда Оңтүстік-Шығыс Азия, Латын Америкасы, Африка елдерінде оның ықпалы мен әсері күштірек байқалады. Африка елдері соңғы уақытқа дейін Қытай несиелері мен инвестицияларын "кең құшақпен қарсы алып келді". Ондағы шенеуніктер жемқорлық жолмен жасалған келісімдер мен ақшаның бір бөлігін ұрлауға "ерекше ынтамен" араласты.

China Investment Global Tracker порталының дерегінше, 2005 және 2018 жылдары аралығында Қытай Сахара маңындағы елдерге шамамен 300 миллиард доллар құйған. Алайда көп жағдайда Қытай ақшасына салынған барлық зауыттар, фабрикалар, темір жол және көлік жолдары, әуе және теңіз порттары, электр станциялары және өзге де нысандар жүз пайыз Қытай меншігі ретінде қалып қана қоймай, оларды ұстап тұру үшін жергілікті бюджеттен қаржы жұмсалған. Мұндай нысандарда Қытайдан әкелінген жұмысшылар мен қызметкерлер ғана жұмыс істейді. Тіпті нысандағы кеңсе тауарларына дейін Қытайда жасалған. Қытай жағы жергілікті тұрғындарды ең ауыр әрі аз төленетін жұмыстарға ғана пайдаланған, жұмыс алаңында ең қарапайым қауіпсіздік ережелері сақталмаған.

McKinsey & Company консалтинг фирмасының дерегінше, Африка елдерінде қазір шамамен он мың қытайлық кәсіпорын мен компания бар. Онда миллионға дейін Қытай азаматы жұмыс істейді.

Қытай бизнесмендері Кения, Замбия, Нигерия, Мозамбик, Камерун, Танзания, Уганда және өзге елдердегі ең шұрайлы аумақтан төрт миллион гектар жерді жалға алған. Баяндама авторларының айтуынша, жерді пайдалану туралы келісім-шарттардың көбеюін жергілікті билік әдетте ауыл шаруашылығын дамыту мақсатымен байланыстырған.

Алайда нәтижесінде африкалықтардың ол жаққа кіруіне тыйым салынып, аумақ қоршалған. Оған Қытайдан шаруалар келіп, түрлі дәнді дақылдар егіп, негізінен Қытайға жөнелтеді.

Қытай компаниялары Африкада сонымен бірге алтын, алмаз сияқты пайдалы қазбаны заңсыз игеруге қатысқан. Бұған қоса, қорықтар мен ұлттық парктер аумағында тропикалық ормандарды да отап, экологияға зиян тигізген (2019 жылы Африкадағы ағаш өнімдерінің 80 пайызға жуығы Қытайға импортталған).

Қытайдың коммунистік партиясы қолдауына ие ірі қытайлық бизнесмендер Африкада төмен деңгейде де, жоғары деңгейде де өсімқорлықпен айналысқан. Бұрынғы қарыздарды өтеу үшін азаматтарға қаржы беріп, мемлекеттік активтерді сатып алумен шұғылданған. Кейде бұрынғы қарыздарды өтеп бергені үшін жергілікті үкіметтің активтерін де тартып алған.

Соңғы уақытта кейбір африкалық елдер Пекинмен тең жағдайда жасалмаған келісімдерді бұзған. 2019 жылы жазда Қытай алдындағы қарызы мен жобаның бұлыңғыр болашағына алаңдаған Сьерра-Леоне құны 300 миллион доллар тұратын халықаралық әуежай құрылысына байланысты қытайлық компаниямен жасасқан келісімді бұзды. Жобаны Қытай қаржыландыруы тиіс болған, барлық құрылыс жұмыстарын қытай жұмысшылары атқаруы керек болған.

Бұған қоса, Танзания үкіметі де "ел егемендігіне төнген қауіпке байланысты" Қытай ақшасына салынатын Багамойо теңіз портын салу жоспарын белгісіз мерзімге шегерді. Маусым айында инвесторлар алдында сөйлеген Танзания президенті Джон Магуфулидің айтуынша, Қытай тарабы елден болашақ портты 99 жылға жалға беруді талап еткен.

Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында Жоғары экономика мектебінің бас ғылыми қызметкері Андрей Коротаев Қытайдың Африкаға ықпалы жөнінде былай деген:

Аудиосұхбаттың орыс тіліндегі толық нұсқасын төмендегі подкастан тыңдай аласыз:

- "Бір белдеу - бір жол" жобасына Африкадағы 54 мемлекеттің 39-ы қосылған. Бұл әрине, жоғары көрсеткіш. Бұл мемлекеттер арасында тіпті "белдеуден" географиялық тұрғыда алшақ жатқан кейбір Батыс Африка елдері де бар. Бұл Пекиннің бұл құрлықта қаншалықты ықпалды екенін көрсетеді.

ОАР президенті Сирил Рамафоса (оң жақта) және Қытай басшысы Си Цзиньпин. Пекин, күз айы 2018 жыл.
ОАР президенті Сирил Рамафоса (оң жақта) және Қытай басшысы Си Цзиньпин. Пекин, күз айы 2018 жыл.

Азаттық: – АҚШ, Еуропа және Жапонияда Африка елдері бірінен соң бірі Қытайдың "Бір белдеу - бір жол" жобасынан бас тартып жатыр деп жазды, бұл елдердің басшылары қарызға белшесінен батамыз, жоба түрлі аспекті жағынан қауіпті деп санайды. Осы тұрғыда не айтар едіңіз?

Андрей Коротаев​: - Бұл ішінара шындық, бірақ бұл жерде бояуын сәл қалыңдатып көрсету де бар. Қалай болғанда да 39 ел Қытаймен байланыс орнатуға келісті, тек 15-і ғана бас тартты. Жобаға қосылмаған мемлекеттердің басым бөлігі теңізбен шектеспейді: Олардың қытайлық жобаға қатыспауының себебі де түсінікті сияқты. Бірақ айналасын құрлық қоршаған Чад Қытаймен келісімге қол қойды. Әрине, Африка елдері де Пекин әрекетіне сақтықпен қарай бастады. Бұған айқын мысалдар да бар: Сенегалда жақында көшеде оппозиция жаппай наразылық шараларын өткізіп, осы оқиғадан кейін Дакардағы жылжымайтын мүлікті Қытай азаматтарына сатпайтын болып шешті. Замбияда Қытай экспансиясына қарсы наразылық өршіп тұр. Бірақ соған қарамастан Африка елдері Қытаймен жаппай келісімдерді бұза бастады деп айта алмаймыз.

(Азаттықтың Орыс қызметі жариялаған мақала ықшамдап басылды. Мақаланың түпнұсқасын мына жерде).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG