Accessibility links

"Алдап-арбап, сендірді". Серікжан Біләшқа "қысым" жасағанын айтады


Серікжан Біләшқа "қысым" жасалғаны айтылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:25 0:00

Серікжан Біләшқа "қысым" жасалғаны айтылды.

Тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің адвокаты "араздық қоздыру" айыбы тағылып үйқамақта отырған белсендіге "қысым" жасалғанын мәлімдеді. Ішкі істер министрінің орынбасары "қысым" жайлы естімегенін айтты. Құқық қорғаушылар Астананы Біләшті босатуға шақырды.

"ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚТАР МӘСЕЛЕСІНЕ АРАЛАСПАЙМЫН ДЕП ЖАЗ"

Қытайдың Шыңжаң аймағындағы этникалық қазақтардың құқығын қорғаумен айналысатын "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің (төлқұжат бойынша Бияш) адвокаты Айман Омарова үйқамақта отырған белсендіге "қысым" жасалғаны туралы мәлімдеді.

Омарова сот шешімі бойынша наурыздың 11-інен бері Астанада үйқамақта отырған Біләшті ҰҚК өкілдері мен полиция қызметкерлері қорқытып, адвокаттан бас тартуға "мәжбүрлегені" туралы Facebook-тегі парақшасында жазды.

Бұған дейін, наурыздың 13-інде әлеуметтік желіде жарияланған видеода Серікжан Біләш "жағдайы жақсы, қысым мен қинаудан аман" екенін мәлімдейді. Видеода ол Қазақстанда сот "экстремистік ұйым" деп танып, тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының шетелде тұратын жетекшісі Мұхтар Әблязовті "арандатушысың" деп атап, оралмандарды "наурыздың 22-інде шеруге шығуға шақырған үндеуге ермеуге" шақырады.

Наурыздың 14-і күні "Атажұрт еріктілері" ұйымының өкілі Ербол Дәулетбекұлы Азаттыққа ұсынған аудиожазбада өзін "Серікжан Біләшпін" деп таныстырған, сөзі үйқамақта отырған белсендінің дауысына ұқсайтын адам бұл мәлімдемесін наурыздың 13-і күні сағат 23:21 кезінде жазғанын айтады.

"Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләш үйқамақта отыр делінген Астанадағы күзет қойылған үй. 14 наурыз 2019 жыл.
"Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләш үйқамақта отыр делінген Астанадағы күзет қойылған үй. 14 наурыз 2019 жыл.

Ол өзін Алматыда ұстағандардың арасында болған екі адамның наурыздың 13-і күні түске дейін қазіргі тұрып жатқан Астана қаласындағы жекеменшік үйге келіп, өзін "алдап-арбап, сендіріп, мәжбүрлеп, видеоға түсіргенін" баяндайды.

"Екі-үш видео түсірді. Біріншісінде Әблязовке қарсы сөйле деді... Екінші видеода "Айман Омаровадан бас тартып, мемлекет тағайындаған адвокатты аламын деп айт" деді. Мен мәжбүрлі түрде "Айман Омаровадан бас тартамын" дедім. Олар "Айман Омарова – Әблязовтің адамы" деді. Мен сол екі видеоға да түсуге мәжбүр болдым" дейді ол.

Бұдан кейін өзімен сөйлескен тағы бір адам оған "қылмысымды мойындап, процестік келісімге келемін, істі қысқартуды және жазамды жеңілдетуді сұраймын" деп өтініш жазуға кеңес бергенін айтады.

"Егер осының бәрін істесeң сотқа жеткізбейміз, ал егер сотқа барсаң 10 жылға сотталып кетесің" деп сендіріп, заң баптарын көрсеткен болды. Мен түк түсінген жоқпын. "Осы айтқанды істесең 31 наурызға дейін босатамыз, құқықтарың шектеледі, бірақ түрмеге отырмайсың. Тек бұдан кейін Қытайдағы қазақ мәселесіне араласпаймын, бұл мәселені көтермейін деп жазып бер" деді. Мәжбүрлі түрде осы қағаздарға қол қойдым. Ол қағаздардың кейбіріне бос орын қалдырып, астыңғы жағына қол қойдырып алды. Оны қандай мақсатқа пайдаланатынын білмеймін" дейді аудиода сөйлеген адам.

Ол Мұхтар Әблязовті танымайтынын, оның көпшілікті шеруге шақырған үндеуімен бұрын да келіспегенін айтады. "Шын мәнінде мен [адвокат] Айман Омаровадан ешқашан бас тартпаймын, тағылған айыпты мойындамаймын, ондай қылмыс жасаған жоқпын. Ешқашан ұлтаралық араздық тудыру ниетім болған жоқ, ешкімді "жиһадқа" шақырған емеспін. Жұртқа көшеге шықпа, ереуліге шықпа деп айтып жүргеніме үш-төрт жыл болды. Мен тек елден Қытайда тұтқындалып жатқан туыстары туралы деректер жинап, ақпарат тараттым" дейді ол.

"Атажұрт еріктілері" ұйымы мүшелері жеті минуттық аудионы желіге өздері жарияланғандарын айтады, "сөйлеген адам - Серікжан Біләштің өзі" дейді.

"ТЕКСЕРЕМІЗ, ШЕШІМ ҚАБЫЛДАП, ХАБАРЛАЙМЫЗ"

Азаттық тілшілері аудиодағы адам айтқан мекен-жай бойынша Астанадағы үйді іздеп тапты. Айналасында биік қоршауы бар екі қабатты үйдің ауласында бетперде тағып, арнайы жасақ тобы қызметкерлерінің формасына ұқсайтын киім киген бірнеше адам жүр екен.

Серікжан Біләш үйқамақта отыр делінген үйдің қасында тұрған автокөлік. Астана, 14 наурыз 2019 жыл.
Серікжан Біләш үйқамақта отыр делінген үйдің қасында тұрған автокөлік. Астана, 14 наурыз 2019 жыл.

Олардың бірі журналистердің қай телеарнадан келгенін сұрады. Одан кейін тілшілердің көзінен тасалау жерге кетіп қалды.

Серікжан Біләштің адвокаты Айман Омарова барлық қажетті құжаттары болса да қорғауындағы белсендіге бірден жолыға алмағанын айтады. Ол үйқамақтағы белсендіні мемлекеттік адвокаттың қызметін пайдалануға және "кінәсін мойындауға" мәжбүрлеуі мүмкін деп санайды.

- Оны Астанада ұстауы және тергеуді сол қалада жүргізуінің өзі заңсыз. Тіпті оған айып ретінде тағып отырған барлық іс-әрекет Алматыда жасалған деп санайтын болса, онда тергеу де Алматыда жүргізілуі керек. Оны ұрлап әкетіп, сонда апарды. Енді келіп қоғамның бұл туралы білгенін қаламай отыр, - деді бейсенбіде Түркістан облысында іссапармен жүрген Айман Омарова Азаттыққа.

Адквокат Серікжан Біләштің ісін жүргізетін тергеушімен телефон арқылы сөйлескенін, оның Біләшті "қағаздарға қол қойып, видеоға түсуге мәжбүрлегені" туралы тараған ақпаратты жоққа шығарғанын айтады.

Наурыздың 14-і күні Астанада Серікжан Біләшқа "қысым" жайлы журналистер сұрағына берген жауабында Қазақстан ішкі істер министрі орынбасары Рашид Жақыпов ол туралы естімегенін, "тексеру жүргізілетінін" айтты.

- Егер шынымен қысым жасалған болса, біз заң аясында шара қабылдаймыз. Ақпарат бүгін ғана тарады ғой. Тексереміз, шешім қабылдап, хабарлаймыз, - деді Жақыпов.

Бұған дейін Астана полициясы Біләштің үстінен "араздық қоздыру" бабы бойынша қылмыстық істі жергілікті тұрғынның арызы негізінде қозғағаны хабарланған. Прокуратура Біләштің "азаматтарды "жиһадқа" - этникалық қытайларға қарсы соғысқа шақырғаны" себепті ұсталғанын айтты.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР БЕЛСЕНДІНІ БОСАТУДЫ ТАЛАП ЕТТІ

Қазақстандық адам құқығы жөніндегі бюро мен норвегиялық Хельсинки комитеті Қазақстан билігін тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшті үйқамақтан босатуға шақырды.

Құқық қорғаушылар мәлімдемесінде "Атажұрт еріктілері" ұйымы мен Серікжан Біләш 2017 жылдан бері Шыңжаңда қамалған жүздеген этникалық қазақ туралы деректерді құжатқа түсіріп, Қытай үкіметінің адам құқығын жаппай бұзып жатқанын жария еткені айтылған. "Шыңжаңда қамалғандардың туыстары басқа ешкімнен көмек сұрауға мүмкіндігі болмаған соң бейресми топтан жәрдем сұрағаннан кейін Қытайдың батыс аймағындағы аз ұлттарға жүргізіп жатқан репрессиялық саясаты халықаралық қауымдастықтың назарына ілінді. Біләш пен "Атажұрт еріктілерінің" жігері арқасында Шыңжаңдағы жағдайдан халықаралық қауымдастық хабардар болды" дейді мәлімдеме авторлары.

"Серікжан Біләш пікір білдіру құқы шектелгендердің сөзін жеткізуге мүмкіндік беріп, аса көп адамның құқығы жаппай бұзылып жатқанын әшкерелеп, зор жұмыс атқарды. Озбырлық танытып, жазалаудың орнына оның ісін құптау керек. Біз Астанадан оны дереу босатуды талап етеміз" деп мәлімдеді норвегиялық Хельсинки комитетінің бас хатшысы Бьёрн Энгесланд.

Серікжан Біләш (ортада) "Атажұрт еріктілері" ұйымы кеңсесіне жиналғандардың алдында сөйлеп тұр. Алматы, қазан, 2018 жыл.
Серікжан Біләш (ортада) "Атажұрт еріктілері" ұйымы кеңсесіне жиналғандардың алдында сөйлеп тұр. Алматы, қазан, 2018 жыл.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, Қазақстанда билікшіл БАҚ Серікжан Біләштің Қытайдағы жағдай туралы ақпаратты Батыс аудиториясына жеткізгенін айыптайтын қаралау науқанын бастап кеткен. Мәлімдеме авторлары қазақстандық қоғам қайраткерлерінің Біләш туралы ашық хатын мысалға келтіреді.

"2019 жылы қаңтарда тараған "зиялылар" хатында Біләшті "іріткі салады" және оралмандарды өзіне "ұпай жинауға" пайдаланады деп кінәлады. Бұл Совет одағы кезіндегі "халық жауын" айыптаған практиканы еске салды" дейді олар.

Ашық хатқа қол қойғандардың бірі жазушы Ғаббас Қабышұлы наурыздың 14-і күні Азаттыққа "хаттың мазмұны өзіне бұрмаланып жеткізілгендіктен байқамай қол қойып жібергенін" айтты. "Кейінірек хатты қарасам, ана жігітке (Серікжан Біләш) қарсы екен. Хатқа байқамай қол қойғанымды, Серікжан Біләш жағында екенімді айтып мақала бастым" дейді ол.

Жазушының пікірінше, Серікжан Біләш жетекшілік ететін ұйым Қытайдағы аз ұлттардың ауыр жағдайын халықаралық қауымдастыққа жеткізіп, Шыңжаңдағы лагерьлерден этникалық қазақтардың босауына болысқан.

ШЫҢЖАҢ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУШЫ

Қытайда дүниеге келіп, кейін атамекеніне қоныс аударған, Қазақстан азаматтығын алған Серікжан Біләш халықаралық қауымдастық Қытай билігінің Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге аз ұлт өкілдеріне жүргізіп отырған саясатын сынап, Пекинге қысымды күшейткен тұста тұтқындалды. Қазақстан билігінің Шыңжаңдағы этникалық қазақтар мәселесін көтерген белсендіні абақтыға қамап, кейін үйқамаққа ауыстырғанын батыстың белгілі басылымдары жазды.

Ақпанның басында Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық соты Серікжан Біләшті "тіркелмеген бірлестік жұмысына жетекшілік етті" деп айыптап, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (252 мың теңге, шамамен 670 доллар) айыппұл салды. Наурыздың 10-ы күні полиция "Атажұрт еріктілері" ұйымының Алматыдағы кеңсесін тінтіп, құжаттарын тәркіледі.

Қытайдың Шыңжаңдағы аз ұлт өкілдерін, негізінен мұсылмандарды жаппай ұстап, "саяси тәрбие лагерьлеріне" мәжбүрлеп жіберіп жатқаны туралы алғашқы деректер 2017 жылдың ортасынан бастап тарай бастады. Пекин басында ондай орталықтар барын жоққа шығарып келгенімен кейін мойындады. Қытай билігі Шыңжаңдағы саясатын "экстремизмге қарсы шара" деп атап, лагерьге қамалғандар "тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығады" деп түсіндіреді.

Былтыр желтоқсанның соңында Пекин бірнеше елдің елшілерін Шыңжаңға апарып, "саяси тәрбиелеу орталықтарын" көрсеткен. Лагерьге барғандардың арасында Қазақстан елшілігінің қызметкері де болды. Ол Шыңжаңдағы саяси тәрбиелеу орталығында "жағдайдың жақсы" екенін айтқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG