Accessibility links

Сарапшы: КҚК-ға шабуылдан Қазақстан миллиардтаған доллар зиян шегеді


Каспий құбыр консорциумының Новороссийскідегі құрылғысына шабуыл салдарынан Қазақстаннан тасымалданатын мұнай экспортына зиян келді. Сарапшы Астанада бұдан миллиардтаған доллар зиян шегеді деп болжайды. Ал мұнайды балама жолмен экспорттаудың мүмкіндігі шектеулі дейді сарапшы.

Ресей мен Украина арасындағы соғыста Қара теңіздегі шабуылдардың үдеуі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жұмысына тағы да кесірін тигізді. КҚК жұмысының тоқтауы Ресейге белгілі бір көлемде шығын әкелгенімен, оны Қазақстан мен осы жобаға қатысушы халықаралық мұнай-газ компанияларына келетін зиянмен салыстыруға келмейді деп жазды Берлиндегі Карнеги орталығының Ресей мен Еуразияны зерттейтін аға ғылыми қызметкері Сергей Вакуленко.

Каспий теңізінің Қазақстан бөлігінен Новороссийск портына дейін ұзындығы 1,5 мың шақырым құбырымен негізінен Қазақстан мен Ресей мұнайы тасымалданады.

Бұған дейін Украина оның кейбір элементтеріне шабуыл жасаған: мысалы, биыл ақпанда Солтүстік Кавказдағы мұнай айдау станциясына, қыркүйекте Новороссийскідегі КҚК кеңселеріне соққы берді. Алайда 29 қарашада Новороссийск портына жасалған дрон шабуылы теңіздегі мұнай тиейтін құрылғыларды нысанаға алып, мұнай экспортын жалғастыруды күрт қиындатты.

Украинаның әскери көзқарасы тұрғысынан КҚК – Ресейдің мұнай инфрақұрылымының бөлігі ғана, сондықтан сол елге экспорттан түсетін табысты азайту үшін заңды нысана саналады. Алайда іс жүзінде мұндай шабуылдар Ресейге аса елеулі зиян келтірмейді, есесіне Украинаның одақтастарының наразылығын күшейтеді дейді сарапшы.

КҚК жұмысы тоқтаса кім ұтылады?

Сарапшының айтуынша, бұдан ең көп зиян шегетін - Қазақстан және онда мұнай өндіріп жатқан компаниялар. Ал Ресейге келетін зиян мардымсыз.

Оқиғадан соң сарапшылар КҚК-ның экспорт мүмкіндігі екі еседей төмендейді деген болжам айтқан. Бұл консорциум акционерлерінің табысына көп әсер етуі мүмкін делінеді. Қазақстан мұнайының 80 пайыздағы осы құбыр арқылы тасымалданады.

КҚК құбырымен Ресей Солтүстік Кавказда өндірілетін мұнайды әлемдік нарыққа шығарады. Бірақ 2024 жылы құбырмен тасымалданған мұнайдың жалпы көлемнің 15% ғана Ресейге тиесілі. Қалғаны – Каспийдегі Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты аса күрделі әрі қымбат жоба саналатын ірі кен орындарынан шығатын қазақстандық мұнай. Ол кен орындарын ExxonMobil, Chevron, TotalEnergies, Eni, Shell және басқа да ірі әлемдік компаниялар басқаратын консорциумдар игеріп жатыр. Қазақстан мұнай экспортының 80% астамы және елдің барлық экспорт кірісінің шамамен 40% осы жобалардан түсіп отыр.

КҚК акционерлері – Қазақстан (30%), Ресейдің "Транснефть" компаниясы (24%) және Батыстың ірі мұнай компаниялары.

2 желтоқсан консорциум құрамындағы америкалық Chevron компаниясы Қазақстанның Теңіз кенішінен өндірілген мұнай Новороссийскіден әлі де жөнелтіліп жатқанын хабарлады.

КҚК жұмысы толық тоқтаса, Ресей жылына шамамен 0,6-0,65 млрд доллар табыстан қағылады, ал Қазақстан мен халықаралық операторлар жылына шамамен 27 млрд доллар зиян шегеді дейді Вакуленко.

Қазақстан СІМ шабуылдарды айыптап, Украинаға наразылық нотасын жолдаған. Ал Украина СІМ бейбіт халқы мен инфрақұрылымдарына үнемі шабуылдайтын басқыншыға жауап ретіндегі өз іс-әрекетін ақтап, Астана Мәскеудің ондай қылығына келгенде жұмсақтық танытып отыр деп сын айтқан.

Қазақстанның ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Новороссискідегі мұнай тиейтін айлақ құрылғысының істен шығуы бюджетке үлкен зиян тигізбейді деді. Оның айтуынша, 2-ші айлақ құрылғысы (ВПУ-2) жұмыс істемей қалса да, Қазақстан жылдық экономикалық көрсеткіштерін орындайды, ал оны бюджетке әсері әлі есептеліп біткен жоқ.

"Жоқ, [есеп] әлі жүргізілген жоқ. Бірақ менің ойымша жалпы үлкен шығын болмайды. Қазір жөндеу жүргізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз" деді Әмрин Bes.media басылымына.

Әзірге консорциумның өзі де, ондағы компаниялар да, Қазақстан үкіметі де экспорт көлеміне, ықтимал шығындарға қатысты нақты цифрлар айтып, болжам жасаған жоқ, нақтырақ жоспарын да жарияламады.

Тек белгілісі - 2-ші жылжымалы айлақ құрылғысы (ЖАҚ - ВПУ-2) істен шыққанымен, резервтегі 1-ші ЖАҚ іске қосылған. Ал үшінші айлақ құрылғысында біраздан жөндеу жүргізіліп жатыр.

Қазақстанның балама бағыттары бар ма?

29 қарашада Қазақстан энергетика министрлігі мұнайды халықаралық нарыққа балама жолдармен жіберу жағын қарастырып жатқанын мәлімдеген.

“Теріс салдарын азайту және ірі кен орындарындағы өндіріс қарқынын сақтау мақсатында министрлік экспорттық көлемді балама бағыттарға қайта бағыттау бойынша жедел жоспарды іске қосты” деп жазылған ведомствоның хабарламасында.

Жоспардың жай-жапсары белгісіз, бірақ сарапшы транспорт бағыттарын жылдам өзгертуге техникалық мүмкіндік жоқ дейді.

Балама жол деп айтылып отырған негізгі бағыт - Бакуден Түркияға дейінгі Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры. Қазір рның аздаған қуаты бар, бірақ ол да Қазақстан мұнайына жеткіліксіз.

Вакуленконың жазуынша, қазір Каспийде су сыйымдылығы 8 мың тоннаға дейінгі небәрі 20 шақты танкер бар. Қазақстанның негізгі порты Құрық портының өткізу қабілеті жеткіліксіз: күніне 200 мың баррель ғана жөнелте алады. Теңіз табанымен құбыр салу техникалық жағынан қиын және қысқа уақытта мүмкін емес.

Сергей Вакуленконың айтуынша, Қазақстан Каспийдегі кен орындарынан өндірілген мұнайды сыртқа шығаратын бағыттарды жалғыз өзі таңдай алмайды – онда шешімді халықаралық операторлар бірлесіп қабылдайды.

Географиялық тұрғыдан да елдің мүмкіндігі шектеулі: оңтүстік бағыттар саяси және техникалық тұрғыдан тиімсіз. Қазақстан мұнайының бір бөлігі Қытайға экспортталады 2000-жылдары қуаттылығы тәулігіне 400 мың баррель болатын құбыр салынған. Онда негізінен елдің орталық және шығыс бөлігіндегі шағын кен орындарынан жиналған мұнай жеткізіледі, әрі Қытайдың шеткі батысында оған сұраныс та аз.

Ал Қытайға мұнай экспортын ұлғайту аса үлкен шығынға түседі және жалғыз сатып алушыға тәуелді етіп қояды дейді сарапшы.

Кім ұтады?

КҚК құбырының жұмысы 2022 жылдың көктемі мен жазында төрт рет тоқтаған. Бірақ ол кезде Ресейдің әрекеттері себеп болды: ресейлік бақылау органдары құбырдың теңіздегі тиеу жүйелерінен "көптеген техникалық ақау" тапты және маңайда Екінші дүниежүзілік соғыстан қалған жарылмаған снарядтар бар деп хабарлады.

Ол кезде Ресей Батыс санкциялары әсерінен мұнай саудасының көлемін күрт қысқаруы мүмкін деген қауіптеніп, өзгелерге де қысым жасайтын құралы барын көрсеткісі келген еді дейді Вакуленко. Мысалы, егер әлем елдері Ресей мұнайының орнын басқамен толтыруды ойлайтын болса, онда Ресейдікімен қоса күніне миллион баррель көлеміндегі Қазақстан мұнайы да көзден бұл-бұл ұшатынын және де Батыстың ең ірі мұнай компаниялары зиян шегетінін көрсеткісі келген дейді сарапшы.

2025 жылы КҚК жұмысының тоқтауы тағы да Ресейге тиімді болмақ дейді Вакуленко. Ондай жағдайда Үндістан, Қытай және Түркия Ресей мұнайын әлдеқайда белсендірек әрі аз жеңілдікпен сатып алуды ұлғайтуы мүмкін, ал баға өсімі Ресейді санкцияларды айналып өтуге ынталандырады. Оның үстіне кінәлі де өзі емес, Украина болып көрінеді – бұл Мәскеуге тиімді.

XS
SM
MD
LG