Accessibility links

Kaspi асыра сілтеді ме? TikTok видео үшін аккаунты бұғатталған адамның дауы


Айдос Еділ TikTok-та видео жариялап, Kaspi Bank оның есепшотын бұғаттап қойды.
Айдос Еділ TikTok-та видео жариялап, Kaspi Bank оның есепшотын бұғаттап қойды.

Kaspi Bank несие туралы видео жариялаған клиентінің есепшотын бұғаттап, арты дауға ұласқан соң, кері шегінді. Сот шешімінсіз шара қабылдаған банк өз құзыретін асыра пайдаланған жоқ па? Жаппай цифрлануға бет бұрған Қазақстанда мұның салдары қандай болмақ?

"БАР ӨМІРІҢ СОЛ БІР ҚОСЫМШАДА"

Режиссура бойынша білім алып, қазір фотограф болып жұмыс істейтін астаналық Айдос Еділ жасанды интеллект мүмкіндіктерін жиі тестілеп тұрады. Жақында ол OpenAI компаниясының Sora дейтін құралын пайдаланып, несие алмауға үгіттейтін видео жариялаған. Видеода көне гректер заманынан бері танымал киім үлгісін киген шашы ұзын кейіпкер азаматтарды несие алмауға шақырады. Банк бөлімшесіне ұқсайтын мекемеде kaspi деген жазу мен қызыл домалақ логотип көрінеді. Жасанды видеоның жасанды кейіпкері Kaspi.kz компаниясының басшысы Михаил Ломтадзенің атын атайды.

"Қазақтар, несие мен бөліп төлеуді қояйық. Мұның бәрі күнә, Құдайдан қорқыңдар. Бәрің Миша Ломтадзенің қармағына іліндіңдер, тым кеш болмай тұрып ояныңдар", – дейді ол.

Қазанның ортасында TikTok желісінде жарияланған бұл видео төрт күнде 600 мыңға жуық көрілім жинап, қызу талқыға түскен. Көп өтпей, Айдосқа өзін Kaspi Bank өкілімін деп таныстырған азамат хабарласып, видеоны өшіріп тастауды талап еткен. Айдос телефондағы диалогтың бір бөлігін жазып алып, өз аккаунтында жариялады. Айдос ол адамнан телефон нөмірін қайдан алғанын, не себепті TikTok-тағы контент жөнінде Kaspi Bank хабарласып тұрғанын сұрайды. Қоңырау шалушы Айдосқа "Сіз TikTok-қа видео жүктедіңіз ғой?" деп сұрақ қояды.

– Мен [бейнероликті] өшірмеймін деп өз айтқанымнан қайтпадым, менің нөмірімді қайдан алғанын сұрадым және неге TikTok жөнінде маған қоңырау шалып отырғанын сұрадым, – деді Айдос Азаттыққа. – Жалпы, екеуіміз де өз дегенімізден қайтпадық. Мен "егер кім екеніңізді таныстырмасаңыз және менің нөмірімді қайдан алғаныңызды айтпасаңыз, әңгіме бітті. Онда сөйлесетін ештеңе жоқ.

Осы диалогтан кейін Айдос Kaspi Bank-тегі есепшотының бұғатталғанын анықтаған. Ал банк бұғаттау себебін түсіндірмеген. Сөйтіп Айдос осы банктегі ақшасын ала алмай қалған.

Kaspi – Қазақстандағы ең танымал банктердің бірі. Елде бар-жоғы 20 млн халық болса, банк 13,5 млн клиенті барын айтып мақтанады. Банктің мобильді қосымшасын орнатпаған адам кемде-кем. Өйткені онымен кез келген жерде ақы төлеп, азық-түлік және өзге де тауар алдырып, телефон нөмірі арқылы ақша аударып, түрлі мемлекеттік қызметтік қызметті алуға болады.

– Қалыпты сүре алмай қаласың, өйткені көп жерде Kaspi керек екен қазір, – дейді Айдос.

"Кек алған" Kaspi. Банк адам құқығын шектеді ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:20 0:00

Айдос TikTok желісінде тағы бір мәлімдеме жасап, Kaspi-дегі есепшотының бұғатталу себебін және қоңыраудың не үшін шалынғанын сұраған. Бірақ банктен ешқандай реакция болмаған. Сосын ол өз жағдайын Threads әлеуметтік желісінде түсіндіргеннен кейін желі қолданушылары оқиғаны резонансқа айналдырды. Пікір білдірушілер арасында "бұл – құзыретін асыра пайдалану" екенін, "сотсыз бұғаттау шешімін шығару заңсыз" екенін жазғандар болды. Осыдан соң Kaspi жауап беруге мәжбүр болған.

Банк өкілі алдымен Айдос жариялаған мәлімдеменің астына тексеру жүріп жатқанын, бұғаттау шешімі қате болғанын жазған.

"Шынымен, жарияланған [бейнероликке] қатысты біздің қызметкерлер сізге хабарласты. Алдын ала бағалау бойынша оның мазмұны ҚР заңнамасына қайшы келуі ықтимал болды. Біз Kaspi тарапынан да, клиенттеріміз жағынан да әрдайым заңның сақталғанын қалаймыз. Бұғаттау туралы шешімді қабылдау қате болған және қазір ол күшін жойды. Қосымшаны пайдалану мүмкіндігі қайта қалпына келтірілді. Біз қосымша тексеру бастамасын көтердік және мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін міндетті түрде шаралар қабылдаймыз. Түсіністік танытқаныңызға рақмет", – деп жазды Kaspi өкілі.

Айдос несие алмайтынын, табысын үнемдеп, керегін есептеуге үйренгенін айтады. Бұған дейін ол жасанды интеллектінің көмегімен түрлі әзіл аралас видеоларды жариялаған. Осы жолы ол қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық мәселені көтергісі келгенін айтады. Ал банктің әрекеті мұндай болады еш күтпеген.

– Бар өмірің сол бір қосымшада. Бұл қытайдың WeChat-ы сияқты болады. Жақында [Қытайдағыдай азаматтарға арналған] рейтингтер бізде де пайда болады. Сосын бірдеңені дұрыс айтпасаң, сенің барлық цифрлық құжаттарың, есептегі ақшаң [сол жерде бұғатталып] қалады. Қала ішінде қозғала алмайсың, тамақ іше алмайсың, үйсіз біреуге айналасың, – дейді ол Азаттыққа.

САРАПШЫ ПІКІРІ

Республикалық адвокаттар алқасының мүшесі Қасымхан Ұлықбеков банкте сот қаулысы болмай есепшотты бұғаттауға құзырет жоқ еді дейді. Ол бұл істе Қазақстан заңнамасындағы "тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заң, құзыретін асыра пайдалануды болдырмайтын азаматтық кодекс ережелері мен "табиғи монополиялар туралы" заң бұзылған дейді.

– [Қазақстанда] құзыретті асыра пайдалануға заңмен тыйым салынған. Нарықтағы үлесің жоғары, әрі басымдыққа ие болсаң, соған сай тиісті түрде әрекет етуің керек. Қарапайым тілмен айтқанда, осы бейнероликке Kaspi-дің жауабы компания беделіне бастапқы роликтің әсерінен де үлкен нұқсан келтіруі ықтимал, – дейді заңгер.

Айдостың өзі мұны сөз бостандығын цифрлық құралмен шектеуге талпыну деп бағалап отыр. Оның сөзінше, оған бейнероликті өшіруді талап етіп хабарласқан азамат жеке нөмірден қоңырау шалған.

– Бұл өрескел қате, – дейді ол. – Өздерінің хабарламасында қоңырау шалынғанын мойындап отыр. Жеке нөмірден адамға қоңырау шалып, банк ісі туралы емес, сол адамның TikTok-тағы жеке видеосы жөнінде хабарлау да заңсыз. Екіншіден, олар бұғаттауды да мойындап, мұның бәрін қалыпты нәрседей жазып отыр. "Міне, осылай жасадық, енді не?" дегендей. Дәл осылай болды деп отыр.

Kaspi Bank көп өтпей тағы бір мәлімдеме жасаған. Атап айтқанда, бейнероликтегі "діни образ" қоғамда қайшылық тудыруы мүмкін деген. Сондай-ақ, "Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы" және "Тауар белгілері туралы" заңдарына қайшы келуі мүмкін екенін жазған.

"Біз пікір білдіру еркіндігін құрметтейміз және көзқарастардың ашықтығын құптаймыз, алайда кез келген жария ақпараттың заңға сай болуы, фактілерді дұрыс көрсетуі және өзге тұлғалардың құқықтарын бұзбауы маңызды деп білеміз. Сосын телефон арқылы сөйлесулердің құпиясы заңмен қорғалатынын және Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілденетінін атап өткен жөн. Әңгіме жазбасын екінші тараптың келісімінсіз жариялау заңға қайшы келеді және жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Мұндай тақырыптар қызығушылық пен талқылау туғызатынын түсінеміз және әрдайым конструктивті диалогқа ашықпыз", – деп жазылған компания мәлімдемесінде.

Адвокат Қасымхан Ұлықбековтың сөзінше, банктің үшінші мәлімдемесі компанияның тап болған қиын жағдайдан шығудың әрекетіне ұқсайды. Ол банк мұндай мәлімдеме жасағанда ашық кешірім сұрағаны беделін қорғауға тиімдірек болар еді дейді.

– Мына уәждерді егжей-тегжейлі талдауға болады, – дейді ол. – Мысалы, тауар белгісін қолдану жайына келсек: мен Kaspi-дің тауар белгісін көрмедім. Онда "Kaspi" деген жазу ғана тұрған, жай бір күту залы сияқты. Иә, қызыл маңдайша бар. Бірақ онда Kaspi-дің белгісі немесе логотипі болмаған. Егер құқықтық тұрғыдан, былайша айтқанда, ұсақ-түйегіне дейін "қазбалайтын" болсақ, солай. Екіншіден, діни нормалардың қандай да бір бұзылуын да мен мұнда байқамадым. Контекстегі діни образға келсек, ол жерде, құқықтық тілмен айтқанда, жасанды интеллект арқылы генерацияланған сақалды ер адам тұр. Біз қазір тұрмыстық деңгейде Иса меңзелгенін түсініп отырмыз. Кез келген уәжге қарсы уәж табуға болады, сондықтан бұл дәйектерге негіз бар деп санамаймын. Дұрысы – ірі банк осындай ұсақ-түйекпен ақталуға тырыспай, кешірім сұрап, сонымен тоқтатуы керек еді.

Айдос осы жағдайға тап болғалы Kaspi Bank өзіне тікелей хабарласпағанын айтып отыр. Ал банктің соңғы мәлімдемесінде қысым көрсету пиғылы бар деп санайды.

– Қалай түсіндірерімді білмеймін, олар құқықтық тұрғыда түрлі күрделі мәлімдемелермен бәрібір мені кінәлі деп айтқысы келеді. Маған үшінші мәлімдемесіндегі тек соңғы бөлігі ұнады. Олар Threads-те болып жатқанның бәріне түсіністікпен қарайтынын, бірақ мұндай тақырыпты талқылауды ұнататындар өз орнын білуі керек дегендей сарында жазған, – дейді Айдос.

Азаттық Kaspi Bank атқарушы директоры Маржан Елшібаеваға және баспасөз қызметінің өкілі Ербол Азанбекке осы жағдай бойынша сауалдар жолдады. Атап айтқанда, ішкі тексеру нәтижесін, жасаған мәлімдемесі мен бұл шешімнің астарындағы мақсатын түсіндіруді сұрады. Әзірге банк қызметкерлерінен жауап келген жоқ.

XS
SM
MD
LG