Accessibility links

Иран консерваторларының Роуханиге қарсы акциясы


Иран президенті Хассан Роуханиге қарсы жиын.
Иран президенті Хассан Роуханиге қарсы жиын.

Иранның Хассан Роухани басқарған үкіметі ядролық бағдарлама бойынша әлемдік державалармен мәмілеге келуге таяу. Алайда, консерватор топтар үкіметтің бұл жоспарына қарсы.

Иран консерваторлары елдің ядролық бағдарламасы бойынша өтіп жатқан келіссөздерге баса назар аудара бастады.

«САЯСИ МАҚСАТ КӨЗДЕМЕЙТІН ЖИЫН»

Ойларын үкіметке ашық жеткізу үшін наразылар осы апта «Алаңдаймыз» деген ұранмен жиын өткізді. Олардың айтуынша, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша өтіп жатқан келіссөздерде үкімет әлемдік державалардың ығына жығылып отыр.

Осы аптада Иранға БҰҰ инспекторлары келеді. Бұған қоса, Нью-Йоркте Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келісімнің техникалық жақтары талқыланады. Осы жауапты оқиғалар қарсаңында «көңілі алаң» топ Тегерандағы «тыңшылар ордасы» деп аталып кеткен бұрынғы АҚШ елшілігі ғимаратында жиын өткізді.

Жиынға келген жұрт былтыр қараша айында Женевада қабылданған уақытша келісімнің шарттарын және Хассан Роухани үкіметінің «P5+1» тобымен (АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Қытай, Франция және Германия) ұзақмерзімді келісімге келмек жоспарын сынады.

Иран ядролық келіссөздеріне қатысушылар. Женева, 24 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Иран ядролық келіссөздеріне қатысушылар. Женева, 24 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл жиынды қатаң саясатты қолдайтындардың «Басидж» милициясының студенттер жасағы ұйымдастырған. Ал қатысушылар «біз ешқандай саяси топқа кірмейміз» дейді.

Ұйымдастырушылардың бірі, «Әділет іздеген студенттер» тобының жетекшісі Фарши Жаафари жартылай мемлекеттік Fars агенттігіне берген сұхбатында жиынның мақсаты туралы:

- Бұл басқосуды ұйымдастырғанда саяси мақсат көздеген жоқпыз. Біз ұлтымыздың құқықтары бар екенін, ұлттық мүдделерді қорғайтынымызды, артқа шегінбейтінімізді айту үшін жиналдық, - деді.

«РОУХАНИ МАҢАЙЫНДАҒЫЛАР – БІЛІКСІЗ АДАМДАР»

Жиынға Хамид Расаи, Фатимех Алия, Есмаил Коусари және Рухолла Хосейнян сияқты бұрынғы президент Махмұд Ахмадинежад тұсында лауазымды қызмет атқарған тұлғалар мен консерватор депутаттар қатысты.

Жиында Иранның ядролық қауіпсіздік ұйымының бұрынғы басшысы Ферейдоун Аббаси да болды. Иран ядролық ғылымының өкілі саналатын Аббасиге бірнеше рет қастандық жасалған. Иран бұл қастандықтарды Израиль мен АҚШ ұйымдастырды деп санайды.

Жиында сөйлеген Аббаси «сайлау кезінде Роухани тек ядролық центрифугалар ғана емес, халықтың тұрмысы мен ел экономикасы да ұршықша зырылдап тұрады деп уәде берген» деп қазіргі президентті түйреп өтті. Ол «Халықтың тұрмысын центрифугаларға тәуелді етіп қою – стратегиялық қателік» деді.

Иранның ядролық нысанында жүрген МАГАТЭ мамандары. 20 қаңтар 2014 жыл.
Иранның ядролық нысанында жүрген МАГАТЭ мамандары. 20 қаңтар 2014 жыл.
Жиында сөйлеген басқа адамдар де президент Хассан Роуханиді және ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерді жүргізіп отырған сыртқы істер министрі Жавад Зариф бастаған топты сынады.

Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздер тобының бұрынғы мүшесі Мехди Мохаммади қазіргі келіссөзшілерді «біліксіз адамдар» деп айыптады.

- Біздің уайымдайтынымыз – бұл достарымыз өз мақсаттарын біле ме екен? Сол мақсаттарына қандай құралдарды пайдалану арқылы жетпек ойлары бар? – деді ол.

Имам Хусейн университетінің профессоры Садех Коушкидің айтуынша, «Женева келісімі - бахаи дінін мойындаумен парапар әрекет». Иранда бұл дінге тыйым салынған.

- Ертең хиджабқа тыйым салатын күн тууы мүмкін. Үнсіз отыра берсек, «Америкаға өлім келсін!» деп ұрандаудың өзі қылмысқа теңестірілуі ғажап емес, - деді ол.

«АХМАДИНЕЖАД ПЕН ОНЫҢ АШКӨЗ ЖАҚТАСТАРЫ»

Консерваторлардың веб-сайттарында жарияланған суреттерден жиынға келген жұрттың Женева келісіміне наразылық білдірген транспаранттар ұстағаны байқалады. Женева келісімі бойынша, Иран ядролық бағдарламасының кейбір бөлімдерін тоқтатады, есесіне Батыс елдері Иранға салынған санкцияларды босаңдатады.

Жас жігіт ұстап отырған бір транспарантта «Иранның ұлттық мүдделеріне алаңдаймыз» деп жазылған. Қара шәлі жамылған әйел «Ядролық [бағдарламаны жүзеге асыру] құқығымыз сатылмауы тиіс» деген жазуы бар қағаз ұстап отыр.

Батыспен ядролық бағдарлама бойынша мәмілеге келуге қарсы акция. Тегеран, 3 мамыр 2014 жыл.
Батыспен ядролық бағдарлама бойынша мәмілеге келуге қарсы акция. Тегеран, 3 мамыр 2014 жыл.
Жиынға қатысушылар «Иранның ядролық отынды байыту құқығы болашақ келісімде анық жазылсын, барлық санкциялар алынып тасталсын» деген петиция қабылдап, оған қол қойды.

Реформашыл Shargh газеті бұл жиынды қатты сынап, оған «негізінен Ахмадинежадтың адамдары мен оның ашкөз жақтастары қатысты» деп жазды.

Басылым «Ирандықтардың құқықтары мен елдің ұлттық мүдделеріне алаңдаймыз дейтіндер Ахмадинежадтың тұсындағы ұрда-жық саясатты неге талқыламаған?» деп кекетеді. Ахмадинежад елді дұрыс басқара алмағаны үшін көп сыналған еді.

«Алдыңғы үкіметтен «мұраға» қалған ірілі-ұсақты проблемалардың арасында олар неге Роуханидің санкцияларды босаңдату, сол санкциялардың арқасында байып отырғандарды тәубесіне түсіру мақсатын көздеген ядролық дипломатиясын ғана сынаған?» деп жазады Shargh.

«Алаңдаймыз» деген ұранмен өткен отырысқа қатысқандар «артымызда қалың қолдаушы тұр» дегенімен, көп деректерге қарағанда, елдің басым бөлігі санкцияларды алып тастап, халықтың тұрмысын жеңілдетуге саясатын қолдайды.

(Гүлназ Есфандияридің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG