Accessibility links

Вашингтон мен Тегеран татуласуы мүмкін бе?


АҚШ президенті Барак Обама және Иран президенті Хассан Роухани.
АҚШ президенті Барак Обама және Иран президенті Хассан Роухани.

Иранның ядролық бағдарламасы бойынша уақытша келісім жасалды, енді Тегеранды Сирия дағдарысы туралы келіссөздерге қатыстыру мүмкіндігі талқылана бастады.

Сирия, Ирак, Ауғанстан, ядролық қаруды таратпау мәселелері - Иран мен Батыстың ортасына түскен жарықшақ іспетті проблемалар.

ТҮСІНІСУ БАР

Екі тарап, әсіресе Вашингтон мен Тегеран ғаламдық бейбітшілікті нығайту жолында әріптестікке қол жеткізе ала ма?

Осы аптада Иран мен әлемнің алты державасы қаңтардың 20-сынан бастап жүзеге асырылатын алты айлық ядролық шартты орындау үшін ынтымақтаса жұмыс істейтіндерін мәлімдеді.

Екі жақтың қайсысы да өз міндеттемелерін орындай алмаса, Иранның ядролық мәселесі төңірегіндегі даулы мәселе қайта ушығады. Әзірге Вашингтон мен Тегерандағы сарапшылар ядролық мәселелерден өзге де шаруалар бойынша болашақ әріптестікке жол ашатын түсіністік орнап келеді деп қуанып отыр.

АҚШ президенті Барак Обаманың Иран президенті Хассан Роуханимен сөйлесіп отырған сәті. АҚШ, Вашингтон, 27 қыркүйек 2013 жыл. Бұл екі ел арасындағы 35 жылдан кейінгі тұңғыш байланыс.
АҚШ президенті Барак Обаманың Иран президенті Хассан Роуханимен сөйлесіп отырған сәті. АҚШ, Вашингтон, 27 қыркүйек 2013 жыл. Бұл екі ел арасындағы 35 жылдан кейінгі тұңғыш байланыс.
Лондонда орналасқан Cornerstone Global Associates саяси қауіптерді талдау тобының құрылтайшысы Ганем Нусейбех:

"Қазір АҚШ пен Иран осыдан 35 жыл бұрынғы ислам революциясынан соң жойылған өзара сенімді қайта қалпына келтірудің ұзақ процесін бастан кешіріп жатыр. Сондықтан жағдай бір түнде өзгере қалмайды. Дегенмен олар біртіндеп сенім қалыптастыру бағытында жылжып бара жатыр және ол тек Иранның ядролық мәселесіне ғана қатысты емес. Ол тек екі жақтың да мүддесіне сәйкес келетін басқа да мәселелер бойынша мәміле жасауға жол ашатын қақпа болмақ" дейді.

ИРАН СИРИЯ МӘСЕЛЕСІНЕ АРАЛАСА МА?

Әріптестікті біртіндеп күшейтуге себеп болуы мүмкін тағы бір мәселе – Сирия дағдарысы. АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров қаңтардың 22-сі күні Швейцарияда өтетін Сирия жөніндегі бейбітшілік конференциясына Иранды қатыстыру мәселесін талқылады.

Кездесуде екі жақ бір байлам жасай алмады. Себебі Керри «Иран Сирияда уақытша үкімет құруды қолдаса ғана конференцияға ресми тарап ретінде қатыса алады» деген талап қойған. Иран бұл ұсыныспен келіспей, Башар Асадтың биліктен кетуіне қарсылық білдіріп келеді.

Бірақ Иран кездесуге бейресми тарап ретінде қатысуы ықтимал. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен БҰҰ-ның Сириядағы өкілі Лахдар Брахими дүйсенбіде болған кездесу кезінде осындай ұсыныс айтқан.

Сарапшылар «Иран мен Батыс қарым-қатынастары жақсара бастағанына қарамастан, Вашингтон мен Тегеран өзара ымыраға келуге дайын емес» дейді.

Нусейбехтің айтуынша, Иранның ынтымақтастыққа ұмтылуы бірнеше факторға байланысты болып отыр. Экономикалық санкциялар арқылы туған қысым Тегеранды ядролық бағдарлама бойынша келіссөзге отыруға мәжбүрлесе, президент Роуханидің «қарсыласқаннан гөрі ымыраласқаннан көп ұтамыз» деген позициясы да әсер етті.

ТАТУЛАСУҒА НЕ КЕДЕРГІ?

Алайда Роухани ешқашан Вашингтонмен ара-қатынасты жақсарту туралы ашық айтқан емес, әрі ондай батыл мәлімдеме жасауға оның құзыры жетпейді. Иранның рухани көсемі – Аятолла Әли Хаменеиге ғана ондай құзырет берілген.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Иран президенті Хассан Роухани. Тегеран, 11 желтоқсан 2013 жыл.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Иран президенті Хассан Роухани. Тегеран, 11 желтоқсан 2013 жыл.
Дәл сол сияқты АҚШ Президенті Барак Обама да бірде-бір рет татуласу туралы айтқан емес, ол тек Конгресте «Тегеранға қарсы санкцияларды күшейту керек» деген пікірдегі оппоненттерімен айтысып келеді.

Вашингтон мен Тегеранның татуласуына кедергі келтіретін жайттар көп-ақ.

Иран мен Таяу Шығыс мәселелерін сараптайтын EA Worldview веб-сайтының редакторы Скотт Лукастың айтуынша, «кейбір мәселелерді АҚШ пен Иран екеуара шеше алады. Ал аймақтағы қалған мәселелер бойынша тек екеуі ғана шешім қабылдай алмайды, жағдайды күрделендіріп жіберетін басқа ойыншылар көп».

Бұл ретте Сирия дағдарысын мысалға келтіруге болады. Сирия мәселесі бойынша Сауд Арабиясының позициясы Иранға қолайсыз. Ал Сауд Арабиясы - АҚШ-тың одақтасы.

БАСТЫ ТҮЙТКІЛ – САУД АРАБИЯСЫ

"Былтыр жазда билікке келгенде Роухани үкіметі Сауд Арабиясымен арадағы жағдайды жақсартуға тырысты. Үкімет Эр-Риядпен ынтымақтастық туралы сөйлесе бастаған еді. Алайда Сирия мәселесі жөнінде Иран рухани көсемінің (Хаменеи – ред.), көпшілік депутаттардың, басты діни тұлғалардың, бұған қоса ақпарат құралдарының Сауд Арабиясына деген көзқарасы нашар. Олар Сауд Арабиясын «Сирия мен Ливандағы террористік шабуылдарды қолдап отыр» деп айыптайды. Мұндай жағдайда Иранның Сауд Арабиясымен ымыраласуға ешқандай саяси мүмкіндігі жоқ. Бұл мүмкіндік тумайынша, жағдай ушыққан қалпында қала береді" дейді Лукас.

Лукастың айтуынша, Ирак пен Ауғанстан мәселелерінде Вашингтон мен Тегеранның айтқаны бір жерден шығып отыр, екі тарап та бұл елдердің үкіметтеріне қолдау білдіріп келеді. Соған қарамастан, кедергілер де жеткілікті.

"Бірақ Ирак пен Ауғанстан үкіметтері Тегеранның, не Вашингтонның айтқанын істей қояды, Иран Нури әл-Маликиге (Ирак премьер-министрі – ред.) ықпал етудің тәсілдерін тапқан деуге де келмейді. Ирактағы қиындықтар әл-Малики үкіметінің ішкі мәселесіне байланысты және сүннит азшылық тобымен қалай бітімге келетініне қарай шешіледі. Меніңше, дәл осындай жағдай Ауғанстанда да қайталанып отыр - мұнда Карзай үкіметі өз халқына қатысты ішкі мәселелерін өз бетімен шешуге тырысып отыр. Иран мен Вашингтон Ауғанстанға қатысты бірдей позиция ұстанып қалмас үшін Карзаймен қалай қарым-қатынас орнату керектігіне байланысты ұқсас қиындықтармен ұшырасып отыр" дейді сарапшы.

Кейбір сарапшылар Вашингтон мен Тегеран арасындағы әріптестік ядролық дағдарысты шешуге мүмкіндік беретіндей жағдайға жетті деп санаса, кейбірі олардың бұл жақындауынан іс жүзінде еш нәтиже шыға қоймас деп күмәнданады.

(Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG