Accessibility links

"Ресей тұрақтылық кепілі болудан қалды". Орталық Азия Пригожин "бүлігінен" қандай сабақ алуы керек?


Көшеде "Вагнер" жеке меншік әскер тобының танкісі алдынан ит жетектеп өтіп бара жатқан адам. Ресейдің Ростов қаласы, 24 маусым, 2023 жыл.
Көшеде "Вагнер" жеке меншік әскер тобының танкісі алдынан ит жетектеп өтіп бара жатқан адам. Ресейдің Ростов қаласы, 24 маусым, 2023 жыл.

"Орталық Азия елдерінің басшылары жақында Ресейде болған, Кремль "әскери бүлік" деп атаған оқиға кезінде абдырап қалды" дейді Берлиндегі Ресей мен Еуразияны зерттеуге арналған Карнеги орталығының ғылыми қызметкері Темур Умаров. Бұл оқиға Мәскеу мен Орталық Азия мемлекеттерінің қарым-қатынасына қалай әсер етеді? Аймақ елдері одан қандай сабақ алуы керек? Ресейдегі тағы қандай оқиғаларға дайын болуы керек? Сарапшыға сұрақ қойып, жауабын тыңдадық.

"ПУТИННІҢ БЕДЕЛІНЕ СОҚҚЫ"

– Кей сарапшылар мен Батыстағы ақпарат құралдары "Вагнер" әскери тобының негізін қалаушы Евгений Пригожин бастаған "әскери бүлік" Кремльдің әлсіздігін көрсетіп, Ресей президенті Владимир Путинді қорлады дейді. Сіздің ойыңызша, кейінгі оқиғалардан не түюге болады?

– Өзім оқып-көрген ақпараттарға сүйеніп, бұл Путиннің беделіне үлкен соққы болды деп айта аламын. Оқиға шынымен мемлекеттік билік қаншалық әлсіз бола алатынын көрсетті. Ондаған жыл бойы қалыптасқан режим мен Ресей Федерациясының тұрақтылығы туралы иллюзия, "Путин болмаса Ресей құриды" деген пропаганда жалған екені аймандай болды: Ресей билігі тұрақты емес, Путин режимі әлжуаз, ресейлік элита арасында да ауыр салдарларға апарып соғатын алауыздық болып тұрады.

Берлиндегі Ресей мен Еуразияны зерттеуге арналған Карнеги орталығының ғылыми қызметкері Темур Умаров.
Берлиндегі Ресей мен Еуразияны зерттеуге арналған Карнеги орталығының ғылыми қызметкері Темур Умаров.

Кейінгі оқиғалар иллюзия астарында қандай қорқынышты шынайылық жасырынып жатқанын ашық көрсетті: бәрі бір адамның ғана қолында емес. Бұл Ресей Федерациясының да, Ресейге тәуелді болып, одан қатты қорыққан елдердің де беделіне нұқсан келтіреді.

– Ресейде дүрбелең болып жатқанда Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хабарласты. Ресми ақпаратқа қарағанда, Путин көршісін елдегі жағдайдан хабардар еткен. Қос президент не туралы сөйлесті деп ойлайсыз? Тоқаевтан көмек сұрады ма? Қазақстан президентінің жауабы қандай болды?

– Қос тарапқа да хабарласу маңызды болды деп ойлаймын. Путин өзін қолдайтын одақтастары барына көз жеткізгісі келді. Александр Лукашенко (бірқатар мемлекет, оның ішінде Еуропа елдері мен АҚШ Лукашенконы Беларусьтің заңды президенті деп мойындамайды – ред.) Путинге бірінші болып хабарласты. Екінші Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлесті.

Бұл жерде тұлғалық факторды да ескеру керек. Путин мен Тоқаев, Путин мен Лукашенко жиі сөйлеседі. Әсіресе, 2022 жылдың қаңтарынан кейін (Қазақстандағы Қаңтар қырғынынан соң – ред.). Екеуі де – Путин тұрақты хабарласып тұратын адамдар. Басына бұлт төнген кезде Ресей президенті бұрыннан жиі сөйлесіп жүрген әріптестеріне хабарласты.

Тоқаев Ресейдің ішінде не болып жатқанын, ашық дереккөздерде жоқ, ақпарат құралдарына шықпаған тың деректерді білгісі келді. Жағдай тұрақты ма, оқиғаның аяғы қорқынышты сценарийлерге ұласып кетпей ме дегенді түсінуге тырысты. Ал Путинге өзін тыңдайтын, қажет болса, шара қолданатын адам бары маңызды болды.

Бірақ әскери көмек туралы сөз болды деп ойламаймын. Көбі 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Путин Қазақстанға Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының (ҰҚШҰ) әскерін жіберді, енді Тоқаев та дәл сондай көмек беруі керек дейді.

Бірақ бұл тақырыпта сөйлеспеуге бірнеше себеп бар. Біріншіден, 2022 жылы қаңтарда Тоқаев елдегі дүрбелеңді басынан "сыртқы қауіп", билікті басып алу үшін жасалған террористік шабуыл ретінде көрсетуге тырысты. Заң бойынша, ҰҚШҰ мұндай жағдайда мемлекеттің ішкі ісіне араласа алады.

Ал қазіргі Ресейдегі жағдай елдің ішкі саяси мәселесі екені әу бастан белгілі болды. Оған Ресейдің одақтастары араласа алмайды.

Үшінші фактор: Қазақстанның қарулы күштері Путинге жағдайды тұрақтандыруға көмектесе алар еді деп ойламаймын. Қазақстан әскері мықты демес едім. Ресейлік элита өкілдері екіге бөлініп, бірі Путинді, екіншісі Пригожинді қолдады делік. Ресей президенті жағында Қазақстан әскері болса, бұл таразының басын өзгерте қоймайды.

Беларусь билеушісі Лукашенко Путинге көмектесіп, Пригожинмен келіссөздерде делдал қызметін атқарды. 2020 жылы тамызда президент сайлауынан кейін болған жаппай наразылық кезінде Лукашенко Путинге борышкер болып қалды деген пікір бар. Ол кезде Путин Лукашенкоға билігін сақтап қалуға көмектесіп еді. Енді Лукашенко сол "борышын" өтеп жатыр ма?

– Бүлікті Лукашенко тоқтатты деуге асықпас едім. Ол жерде әртүрлі келіссөз жүрді деп ойлаймын, Лукашенконың маңызын жоққа шығара алмаймыз, бірақ ол шешуші рөлге ие болған жоқ.

Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта), Александр Лукашенко (ортада) және Владимир Путин.
Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта), Александр Лукашенко (ортада) және Владимир Путин.

– Келіссөздер басқа адамдар арқылы жүрген бе?

– Дәл солай. Лукашенко келіссөздерде маңызды рөл атқарды деп ойламаймын. Оның да өз рөлі болды, бірақ ресейлік элита арасындағы дауға араласқан жоқ.

НАЗАРБАЕВТЫҢ "ШЕБЕРЛІК ДӘРІСІ"

– Орталық Азия елдерінің билігі Ресейдегі жағдайды қалай қабылдады?

– Орталық Азия елдері абдырап қалды. Өйткені өңірде Ресеймен қарым-қатынасқа қатысты шешімдер талдау, сараптама нәтижесінде емес, саяси элитаның түйсігі мен болып жатқан оқиғаларға көзқарасы негізінде қабылданады. Ал бұл көзқарас Ресейдің саяси элитасымен, Путинмен сөйлесу арқылы қалыптасады. Олар да бұлай болады деп ойлаған жоқ. Әйтпесе Пригожиннің беделін көтеріп, кәсібін заңдастырып, Украинада қару-жарақпен қамтамасыз етпес еді.

Сондықтан Ресейдегі оқиға Орталық Азия елдерін есеңгіретіп тастады деп ойлаймын. Кей мемлекеттер онысын жасыруға тырысты. Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің жедел отырысын өткізіп, әртүрлі сценарийлерді, олардың елге қалай әсер ететінін, Ресейдегі жағдайға байланысты дағдарыстарға дайын болу керегін талқылады.

Орталық Азияның басқа елдері де Ресей біз ойлағандай тұрақты емес екен деген ойға қалған шығар деп үміттенемін.

Бұл оқиғадан алар басты сабақ: шынайы, объективті, тәуелсіз, білікті сарапшылармен сөйлеспейтін саяси режим болашақты болжай алмайды, өйткені олардың көзқарас аясы тар. Қандай мәселе шығуы мүмкін екенін алдын-ала болжап, сыртқы саясатты дұрыс жүргізу үшін пропаганда емес, шынайы ақпаратқа сүйеніп қорытынды жасай алатын сарапшылар керек.

"Вагнер" тобы мыңдаған жалдамалы жауынгерден тұрады. Дондағы Ростов халқының әскерді қалай күтіп алғанына қарағанда, халық арасында Пригожинді қолдайтындар бары байқалады. Жақын арада әскери төңкеріс болуы мүмкін бе? Дәл осы сценарий қайталанса, бұл Орталық Азия елдеріне қалай әсер етеді?

– Бәрі мүмкін. Кез келген авторитар мемлекет, оның ішінде Орталық Азия елдері тұрақты саналады. Қауіпті ештеңе жоқ, арасында наразылық шаралары өтіп тұрады, бірақ оларды тез басып тастайды. Ақпараттық машина мемлекеттің қолында, елде болып жатқан оқиғалар газетке немесе телеарнаға шықпайды. Билікке қауіп төне қалса, мемлекет күш қолданады. Экономика да толық бақылауда. "Бизнес-элита" билікке адал. Бәрі тамаша, тұрақты сияқты. Қоғам да бұдан басқа жол көрмей отырғандай.

Бірақ [24 маусымда] Ростов пен Воронеж тұрғындары "Вагнер" тобын қуана қарсы алып, қаһарман көргендей амандасып, балаларымен танкілердің жанында суретке түскеніне бәріміз куә болдық. Бұл "Бәленшеке болмаса, басқа кім?" деген идея иллюзия екенін көрсетті.

Болған оқиға Орталық Азияға зор әсер етеді. Аймақ елдері логистика, экономика, көші-қон бойынша Ресейге тәуелді. Саяси элитаның да жеке және корпоративті мүддесі Ресеймен байланысты. Пригожиннің "әскери бүлігі" осының бәрі әп сәтте күйреуі мүмкін екенін дәлелдеді. Билікке кім келсе, сонымен келісуге тура келеді. Орталық Азия елдері тәуелді болып отырған елдегі биліктің тізгіні кімге тиетіні белгісіз.

Орталық Азия елдерінің басшылары билікке Совет Одағы тарағаннан кейін келіп, Ресеймен тығыз экономикалық және саяси қатынасын сақтап қалды. Өңір мемлекеттері Ресей тұрақты ел, оған арқа сүйеуге болады деп ойлап келді. Ресей бір адамның билігіне құрылған авторитар мемлекет болғандықтан, бар билікті қолына шоғырландырған тұлғалармен келісу керек. Адамдар ауысқан кезде тұлғааралық байланыстар негізделген қарым-қатынас та күйрейді. Бұл қауіпті.

Орталық Азияда билікте отырған автократтың ойы қандай? "Өз режимім тұрақты болса, Путин бәрін уысында ұстап отырған шығар. Қажет болса, Мәскеудің көмегіне жүгінуге болады" дегенге саятын. Және 2022 жылы Қазақстан солай істеді де. Енді соның бәрі өзгеріп, "Б жоспары" деген ізім-қайым болды. Қазір тек өзіңе ғана сенуге тура келеді.

– Александр Лукашенконың қызметкерлері жүргізетін "Пул Первого" telegram-арнасы Беларусь басшысының Ресейдегі оқиғалардан кейін Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен сөйлескенін жазды. Лукашенко қазір қолында билік жоқ Назарбаевқа не үшін хабарласты деп ойлайсыз?

– Бұл жерде тұлғалық фактор маңызды сияқты. Назарбаев, Лукашенко, Путин, [Тәжікстан президенті Эмомали] Рахмон және кезінде Өзбекстан президенті болған, марқұм [Ислам] Каримов – Совет Одағынан кейін құрылған тәуелсіз мемлекеттің алғашқы басшылары. Олар ұзақ уақыт билікте болып, бір-бірімен жақсы араласып кетті. Қаңтар оқиғасынан кейін Путин мен Назарбаев бұрынғыдай жақсы араласады деп ойламаймын. Бірақ Лукашенкомен сөйлесуі мүмкін.

Назарбаев – көп жыл бойы осы ақпараттық кеңістікте болған қарапайым тұлға ғана емес. Ол Совет Одағында да, одан кейінгі кезде де айналада не болып жатқанын біліп отырды. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан да аман қалды. Қазір көбі оны әлсіз, қарапайым зейнеткер деп ойлауы мүмкін. Бірақ тісқақты саясаткер болмаса, тосыннан келген, қауіпті жағдайда өзін қалай ұстауды білмесе Қаңтар қырғынынан кейін бұлайша қалу мүмкін болмас еді.

Қазір салыстырмалы түрде алғанда, оның жағдайы тұрақты. Тірі, дені сау, түрмеге түскен жоқ, мүлкінен де айырылмады. Қазақстанның саяси өмірінен біржола қол үзген жоқ. Сайлауға дауыс беруге, мешіттегі намаз сияқты шараларға барып тұрады. Жеке баспасөз қызметі де бар. Тоқаев оны жамандамайды, еңбегін мойындап, "мемлекеттің негізін қалаушы" деп атайды. Назарбаевтың тәжірибесі мол. Лукашенко Назарбаевтан "шеберлік сағатын" алу үшін хабарласқан шығар деп ойлаймын.

"ПУТИН АҚЫРЫНА ДЕЙІН КҮРЕСЕДІ"

– Болашақта Путин режимі құласа, Орталық Азия елдері неге дайын болуы керек?

– Бұл қиын сұрақ. Жауабын ешкім білмейді. Владимир Путин немесе элита өкілдерінің өзі не болатынын елестете алмайды. Путин режимінің құлау ықтималдығын қарастырсақ, бұл қауіпті сценарий болады. Ресей президенті қызметінен тыныш әрі қауіпсіз кете салмайды. Сондықтан билігін сақтап қалу үшін ақырына дейін күреседі.

Осы тұста Қырғызстанның бұрынғы президенттері Алмазбек Атамбаев пен Сооронбай Жээнбеков арасындағы текетіресті мысалға келтіруге болады. Екеуі саяси серіктес болған, бірақ 2017 жылы Жээнбеков билікке келгеннен кейін Атамбаевты қудалай бастады. 2019 жылы екеуінің арасында қарулы қақтығыс болды. Ресейдегі жағдай басқа болғанымен, кезінде жеке қаруымен қарсылық көрсетуге дайын болған Атамбаев сияқты Путин де керек болса қасық қаны қалғанша жанталасады.

Ресей өңірдегі тұрақтылық кепілі болудан қалды. Орталық Азия елдері Ресейде төңкеріс болса, қалай әрекет ететінін әлден ойластырып қоюы тиіс. Не істеу керек? Ең алдымен, өңір мемлекеттерінің ауызбіршілігі керек, өйткені олар Ресей билігіне келген тұлғалармен өз бетінше келіссөз жүргізіп, өз мүддесін қорғап қалатындай мықты емес.

Екіншіден, болып жатқан оқиғаларды теледидардан, саяси элита өкілдерімен әңгімеден емес, объективті ақпарат көздерінен біліп отыру маңызды. Бұл үшін Орталық Азиядағы русистика мектебімен жұмыс істеу керек. Қазір Ресейдегі саяси процестерді зерттеумен айналысатын сарапшыларды оқып, олардың пікірін ескеру қажет.

"Вагнер" жеке меншік әскер тобы танкісі мен оның қасында тұрған адам. Ресейдің Ростов қаласы, 24 маусым, 2023 жыл.
"Вагнер" жеке меншік әскер тобы танкісі мен оның қасында тұрған адам. Ресейдің Ростов қаласы, 24 маусым, 2023 жыл.

Ресейдегі оқиға авторитар билік қысқамерзімді мақсатқа жету үшін белгілі бір топқа қару-жарақ берсе, оның аяғы неге апарып соғатынын көрсетті.

Бұл бірінші кезекте, әлі күнге дейін шекара дауын шеше алмай отырған Қырғызстан мен Тәжікстанға қатысты. Кейінгі кезде шекарадағы жағдай тұрақталып, тараптар демаркация жүргізу туралы келісімге отырды. Бір кезде шекараға жақын маңда тұратын халыққа қару-жарақ таратайық деген ұсыныстар да айтылған еді. Бұл – өте қауіпті, тұрақтылықты қалаған ел ондай жолды таңдамайды.

Ресейдегі оқиғадан шығатын негізгі қорытынды: сыртқы әлемге тәуелділікті диверсификациялап, кез келген жағдайға дайын болу керек. Өйткені бұл – ұлттық мүддеге қатысты мәселе.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG